Тәуелсіздік

«Тағдыр өзі бізге ұсынған сыбаға,

Тәуелсіз боп желпінеді қыр ана.

Тәңір берген осынау бір ырыс-бақ,

Тойламасақ болмайды енді дұрыстап.

Себебі бұл түсінгенге – ұлы ұғым!» –

деп желпінді әкімсымақ бір інім.

«Біздер күткен осы еді ғой күн құтты,

тойлау керек!» – деп қостады бір мықты.

 

Секілденген қозы қарын үрлеген,

Әлгі ініме бірде мен

шаруамды айтып кірген ем…

Отыратын жау қуғандай боп кейде,

Інім мені әлгі арада сөкпей ме:

«Егеменді ел болдық қой, ағасы,

Сізге сол да жетпей ме?!».

 

«Ел де бүгін, жер де бүгін жетілді,

сұрамасты сұрайсыздар не түрлі!» –

деп шіренді әлгі інім,

егемендікті өзі ап берген секілді.

 

Тәуелсізбіз дегенменен,

ал, мұным –

айтатұғын бір азырақ бар мұңым.

Тәуелсіздік – түсінгенге мәнді ұғым.

Көп айтумен кір жұқтырып алдық па,

Көп киілген көйлегіндей жарлының?!

…Мысал етсем ал, бірін:

«Тәуелсізбін!» – деп отырған қоқайып,

Мансабына тәуелді ғой әлгі інім.

 

Тақытынан төмен қояр ар атын,

Тоқалына тәуелдірек – ана әкім.

Құлқынының құлы болып қалатын,

Шенеунік-шекпен киген ана… кім.

Баспана үшін баз кешіп,

Байшыкешке бәйіт арнаған ана ақын…

Нардай жігіт шиша терген қоқыстан,

Нарық заман жаздырмаған қанатын…

 

Жарайды,

Жынды қылмай мына отырған сау елді,

жасамайын айналаны жау енді.

Айтыңдаршы, кім тәуелсіз бірақ та?

…Ана мықты – ақшасына тәуелді,

Мына мықты – басқасына тәуелді!

 

Жалақ ерні жазылмаған жарадан,

Ей, жамағат,

дау айтарсың, жә, маған.

Алашың ба, дардай қылып қараған,

Арылмаған әлі құлдық санадан!

Қоғам осы  «тәуелсіз» –

табанынан бір құлдың,

бір құл келіп жалаған!

 

Кеңес құрып төрт қабырға-іргемен,

Жазып қоям кейде осылай мұңды өлең.

Өмір мынау – өгіз-аяң, ілбіген,

Көңіл мынау – сәл-сәл ғана кірлеген.

Бай да емеспін – киген үлде-бүлдемен,

Бастық та емен – сөйлейтұғын мінбеден.

Бәйбішеме қарап алып кей кезде,

Деп ойлаймын: «Тәуелді екем кімге мен?!».

 

Желтоқсан

Жан-ордамның ашып тастап түндігін,

Желпінетін, серпілетін күн бүгін.

Желтоқсаным – жасымаған жігерім,

Желтоқсаным – шырылдаған шындығым!

 

Шырылдаған шындық іздеп қызың мен

Ұлдарыңды өшірмегін тізімнен.

Желтоқсаным – менің Қазақ-төзімім,

Талай ғасыр шыдап келіп… үзілген!

 

Елең етпей ет кессе де санымнан,

Сандалумен соқпағымнан жаңылғам.

Желтоқсаным – менің Қазақ-ашуым,

Жүріп-жүріп, ақыры кеп жарылған!

 

Ұрандайтын ұлың кетсе ұлтыңнан,

«Ұлы жолда» ұлтанымыз жыртылған.

Желтоқсаным – менің Қазақ-жүрегім,

Тоқтап барып… сосын қайта бұлқынған!

 

Алтын ноқта арманымды басқа ұрған,

«Анаулардың» менмендігі асқынған.

Желтоқсаным – менің Қазақ-жанарым,

Шарсыздан шеңберінде жас тұнған!

 

Тұщы етіме ащы таяқ тигенмен,

Өлуге де, көнуге де үйренгем.

Желтоқсаным – менің Қазақ-аруым,

Бейуақта бұрымынан сүйрелген!

 

Қара шашы қара қанға малшынған,

Көз жаздық біз қаншама қыз, қанша ұлдан…

Желтоқсаным – менің Қазақ қандасым,

Керзі етіктің табанына жаншылған!

 

Атой салып кеудесінде бүлік-ән,

Бүліне алмай дымы сосын құрыған.

Желтоқсаным – менің Бөрі бауырым,

Айдалада Айға қарап ұлыған!

 

Күнің күлсе арай шашқан асқардан,

Керек емес басқа тірлік, басқа арман.

Желтоқсаным – менің Тәуелсіздігім,

Желтоқсанда желді күні басталған!

Сайлау БАЙБОСЫН,

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий