Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі Рахат Қосбармақтың Баянауыл сапарынан туған жырларын оқырман назарына ұсынамыз:

Баянауыл дейтін ел көрдім

(Сапар саздары)

Таулары – шөккен үлектей,
Баулары – төккен жүйектей.
Құрағы – қаққан қазықтай,
Бұлағы – аққан шүмектей;
Қарағайлы орманы –
Қарауытқан түнектей;
Қалыңдығы – қара ну,
Қаттылығы – сүректей;
Бетегелі белдері –
Бөлеп бір қойған бөбектей;
Ақ селеулі адыры
Алдыңнан шығар үбектей;
Ақсүйрігі – сүйектей,
Ақ сазаны – білектей;
Ақ шабағы – күректей,
Ақ табаны – жүректей;
Алабұғасы ауланған –
Аузыңа салсаң – сүр еттей;
«Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған»;
Көлдерінің көлемі –
Көкжиегіне көз талдырмай кете алмайсың
Көңілің бір дір етпей;
Батқан балық көрінбес,
Түбі – бір жатқан түбектей;
Желпуіші – жез бидай,
Желі бір соққан – жібектей;
Көлденеңіне көз жетпес,
Көркемдігіне сөз жетпес,
Ажары – асыққан адамның өзі аттан түсіп қарайтын,
Базары – түн жарымында ғана зорға тарайтын;
Сұлулығы сұқтантып,
Бір жібермес түнетпей;
Қайран қалдырар Көркемдік
Қалай тұрғанына тіл өтпей;

Баянауыл деген ел көрдім,
Байтақ жатқан бел көрдім.
Тораңғылы жер көрдім,
Торайғырдай көл көрдім.
Сабындыкөл, мен сені
Сары алтынға теңгердім.
Көкірегіме сөз құйдың,
Көңіліме жел бердің.
Қобызыма саз құйдың,
Қолқама тыныс, дем бердің.
Айдыныңда тербелдім,
Аруанадай емірендім.
Желмаясын тіздеген,
Жеті жыл кезіп іздеген;
Жеті айналып жер жүзін,
Жетуден күдер үзбеген
Жерұйығы Асанның,
Сегіз ұжмақ сен болдың.

Арасынан аттылы кісі көрінбес
Аршалары – ару қыздың бұрымымен өрімдес;
Шың басына шығып кеткен қалың қол –
Шыршалары – шерік сынды берілмес;
Тандыры бөлек жер екен,
Тағдыры бөлек жер екен.
Тал-құрағы жайқалған,
Тау бұлағы шайқалған;
Тайталасқан дұшпанды,
Талқан қылып қайтарған;
Талтаңдап келген талайды
Тарс еткізіп маңдайынан ұрып тойтарған
Ерлерді де көп туғызған ел екен,
Екпіні – таудан тасып аққан сел екен.
Ақ шалғынының басы да – қатқан,
«Алашым» десе ашына шапқан,
Азаттық үшін алысқан,
Алты қырлы ақ сүңгісін салысқан;
Алатүлейде адаспайтын батылдар жүрген,
Әруақтап шапқан батырлар мінген
Ат бауырынан аққан тұзды тер екен.
Күнінде өткен көп сыншы
Таңдайын қағып: «Берекең
Тасыған жер» деп айта алған;
«Елмін» дегенге ақ құшағын айқарған,
Ержүректері қара сауырлы пілдей найқалған;
Қазыналы төр екен,
Қайқайып тұрып қарасаң,
Қалпағың түсер өр екен.
«Қайырлы қоныс болғай да
Қазағыма» дер екен.

Уа, Жасыбай, Жасыбай!
Жаралған артық басың-ай!
Арғыннан асқан бағаңыз,
Алаштан биік бәсің-ай!
Жатырмысың, жампозым,
Жарты тауды құшақтап,
Бауырыңа басып-ай?!
Тау ішінде тас үйік
Мүсініңе бас иіп;
Арғы таудың ішінде,
Арқарлы биік үстінде
Асуда жатқан ақберен,
Асығыс болдым, әттеген,
Бара алмай кеттім басыңа-ай!

Уа, Торайғыр, Торайғыр,
Айдаболыңа – арай-нұр.
Орысқа шапқан оғыланым,
Арналар саған талай жыр.
Не жүйрік өткен Арғында
Саған жетпеді-ау сан айғыр.
Көл болып, жер боп жатырсың,
Өзіңнен қалған маңай бұл.
Сұлтанмахмұтты туғызған
Сұңғыла едің зор-ай бір!
Арманымды қалай жеткізем,
Арызымды айтам қалай бұл?!.
…Абызым, айтқыр атекем,
Артыңдағы елге қарай жүр!
Әулиелігіңмен қорғай жүр,
Әруағыңмен орай жүр!

Сабындыкөлім – саумалым,
Сапырған шапшып аумағын.
Салбырап қайтқан кезі жоқ
Салғандар саған қармағын.
Көкала шортан қабады
Көкталға салған ауларын.
Екінді түсе еңкейер
Ақбеттей асқар тауларың.
Қодардың қазған құдығы,
Аңызыңменен арбадың.
Ақ Баян шашын жуған көл,
Абылай қуып жауларын.
Аққайыңдарың күзеткен
Ата-бабаның әруағын.
Айбыны жалды айдарлым,
Айдыны сырлы ардағым.
Қаймана елдің қазынасы,
Қасиетіңмен баурадың.
Ақындар ардақ жырын арнаған,
Жағаңда жарты Қазақстан аунаған,
Айдын көл, жоқ-ау арманың!

Уа, мен бір сондай жер көрдім,
Алтын жіппен әдіптелген зер көрдім.
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақ Жәнібек, Олжабай,
Шұбыртпалы Ағыбай,
Малайсары, Ағынтай,
Міржақып, Ахмет, Шәкәрім,
Мағжаны – бөлек мақамы,
Арыстар өткен аталы,
Алысқа жеткен атағы;
«Азуы – кере қарыстай,
Өгіз терісі талыстай»,
«Жеті Момын», «Бес Мейрам»,
Арғын дейтін ел көрдім.

Қабанбай мен Қазымбет,
Қазы батыр, Еспенбет,
Ақын Дулат, Ақтайлақ,
Ақтамберді – алтын жебе
Жауға атылған ұшына қызыл от байлап;
Алыпты талай дүниеге әкелген,
Алтын құрсақ аналар
Әрқайсысы бір-бір арлан көтерген;
Қастасар жерге келгенде,
Қанқұйлы жауын көргенде
«Қаптағайлап» шабатын,
Қара бөрідей қабатын,
Қанды кегін алатын
Қалың Найман – қара жон,
Қабырғалы төр көрдім.

Толыбай сыншы, Тоқсан би,
Біржан сал ән мен шашқан күй,
Төлектің ұлы Жәнібек,
Оспан батыр отжүрек,
Толағайларды туғызған,
Толғамалы тоғыз буынды найзасын,
Алдаспанын алтын балдағына дейін қанмен жуғызған
Ашамайлы, Абақты
Керей дейтін кең көрдім.

Ұраны – «Бармақ», «Жаубасар»,
Шағырай шешен шарға сал,
Тәтіқара туған таубасар
Уақ деген руды
Ұлтанды елге тең көрдім.

Алпамыстай алыпты,
Одан да басқа алпыс ер туған халықты –
Қоңырат деген ауылдың
Көктің ұлы, Көтенші
Шежіресін меңгердім.

Қобыландыдай ері бар,
Қошқарбаевтай шері бар,
Қайырхандай бегі бар,
Қажымұқандай белі бар,
Тоқсан екі баулы Қыпшақтың
Торы, Құланын мен көрдім.

Байғозыдай батыры,
Тұяқтай шешен ақыны
Тарақтыны да тауып ап,
Тарихына енгенмін.

Орта жүздің он мың сан
Ордасын биік бел көрдім.
Алақанында әлдилеп,
Айдынында тербелдім.
Арқа тұтып арысын,
Ерлеріне ергенмін.
Телегейдей қайғысын
Теңіздей кешіп көргенмін.

Уа, мен не көрдім, не көрдім?!
Уатылған ұрпақ мен көрдім.
Ортасында орыстың
Отырған мұңлы шер көрдім.
Отарланып, от басқан
Кекілін өрт шалған кер көрдім.
Керегесінен безінген,
Керемет өзін сезінген
Кепкі киген қазақты
Кері қайтара алмай тер болдым.

Су жағалай жар көрдім,
Жар жағалай тал көрдім.
Шекірейген шегіркөз
Керекудей шәр көрдім.
«Павлодар» деп қасқитып,
Патшаның тісін ақситып,
Әлі күнге арыстандай алысып,
Жағада қолы қарысып,
Ала алмаған атағын
Әлсіздігін ар көрдім.
Өзгенің тілін зор тұтқан,
Өзінің тілін қор тұтқан
Өз халқына жау көрдім.
Қара Ертістің жағасын
Қаптаған қалың мал көрдім,
Қара шыбын жан көрдім.
Құртша үймелеп құйылған
Құжынаған сан көрдім.
Қараша үйлі қазаққа
Жазирасын тар көрдім.
Жалына қолды апартпас
Жалды арыстандай тау көрдім.
Құшағына құласаң шыға алмайтын
Құрулы құрдым ау көрдім.
Көшесінде шәһардың
Көсіліп тұрып сөйлесер
Бір қазаққа зар болдым.
Алдымнан шығып аңқылдап,
«Армысың!» деп айтатын
Ақынын таппай таң болдым.
Аласұрып үш күндей,
Алаяқты іздеп дал болдым.
Қонақты сыйлап білмеген,
Мейман күтіп көрмеген,
Мейманасы тасыған,
Меймілдеп толып, мелдектеп тойып, сасыған
Қасиетсізге қор болдым.
Қадірімді ұққан қазаққа –
Қарадан шыққан хан болдым.
Ақынды ардақ тұтқанға –
Айырдан туған нар болдым.
Жомарт жүрек жігітке –
Жоқтан шыққан бар болдым.
Сондай да-сондай сор көрдім,
Соқтықпалы жол көрдім.
Қайда жүрсем, қамшылап,
Әруақты туған бабалар,
Жаныма сая, жар болдың…

 

Баянауыл

Армысың, алтын бесік Баянауыл!
Атағы Алты Алашқа аян ауыл.
Киелі, қара нұлық кең мекенім,
Кім келіп, кім кетпеген саяңа бұл?!

Атыңнан айналайын Баянауыл,
Көркіңе көз бен көңіл тоя ма бір?!
Ақбоз үй алты қанат тігіп тастап,
Шалқайып жатар ма еді саяңа бір?!

Басында қалған бабам өлең сөзі,
Баянтау басқалардан ерекше өзі.
Атақты Асан Қайғы бабам айтқан
«Ат ерін алмайтын жер» деген сөзі.

Бауырына құзар шыңды қысып алған,
Басына құстың да тек құсы барған.
Арғында Олжабайдың «Ала туы»,
Бөрідей Бөгенбайдың сұсы қалған.

«Шойынкөл» жағалауын жалғап тұрған
Асудан ата жауды әрі лақтырған.
Қайтарып Қалдан-Серен қалың қолын,
Қанын да судай шашқан «Қалмаққырған».

Алқаға түсер болсаң, алымды бол,
Шаршыда шабар болсаң, шалымды бол.
Төсіңнен талай тұйғын түлеп ұшты,
Тудырдың тарпаң мінез дарынды мол.
Жеңістің туын талай желбіретті,
Жел беріп Абылайға арынды қол.
Үш жүз жыл бұрын сонау жағасында
Үш жүздің басын қосқан «Сабындыкөл».

Шоң биің – кемел ойдың кененіндей,
Бұхарың – бұлқып аққан тереңіңдей.
Қазақты қай зарлығың тербеп еді
Жарықтық Жаяу Мұса өлеңіндей?!

Мәшһүрің – қазыналы ой қариясы,
Жүсіпбек – жүлгелі ойдың дариясы.
Садықтың сазындай боп қалды мәңгі
Суаттың сусындатқан ариясы.

Алмастың Сұлтанмахмұт жүзі сынды,
Шешен тіл, шебер ойдың бізі сынды.
Ақ жұлдыз – аспаныңнан ағып түскен
Ақтұйғын Аймановтың ізі сынды.

Ар туын асқақ ұстап арман жолда,
Бұрынғы бұландарым салған жолда
Шаниннің салған ізі сайрап жатыр
Қошкенің қолтаңбасы қалған жонда.

Қанышың – қазағымның нары сынды,
Әлкейің – Алашымның ары сынды.
Қазақта Бекмаханов қайта тумас,
Шөкинің – сөнбес шырақ шамы сынды.

Диханның мүсін болып өзі қалды,
Қалмұқан қазған арна көзі қалды.
Кәукеннің «Қыз Жібекте» Базарбайы,
Зейін мен Зейтіндердің сөзі қалды.

Сан мың тау сән-салтанат құрғанын-ай,
Қақшиып қара шоқы тұрғанын-ай!
Жасыбай, Жанбақы мен Торайғыр тау,
Жақсыаула, Жаманаула шыңдарын-ай!

Ақбет тау арман болған әр адамға,
Басыңа бабалардай бара алам ба?!
Мыш болып көрінеді мына дүние
Мың метр биіктіктен қарағанда.

Қыран бар Қызылтаудың ұшарында,
Жылан бар Жылантаудың құшағында.
Желтаудан соққан желдің қайғысынан
Бабалы батады екен құса-мұңға.

Күңгірлеп Күркелінің шоқылары,
Көкдомбақ ойға батып отырады.
Сардиып Сарымсақтау, Сарышоқы,
Қайдауыл, Қарашаттың атырабы.
Ақсан тау, Ақтопырақ, Қарақуыс
Бағзының тереңіне батырады.
Бабалар қаны сіңген қасиетті
Батырды көп туғызған топырағы.

Сауырында орғып аққан тау бұлағы,
Бауырында толқып жатқан бал-құрағы;
Аң-таң қып алуан түрлі алып жартас,
Қараған көз құмарын қандырады.
Паң биік сұқтандырып сұлулығы,
Тамсантып, талайларды таң қылады.
Шыңына Торайғырдың шыққан кезде
Кісінер көңіліңнің арғымағы.

«Найзатас» шаншылып кеп қарағандай,
«Жас батыр» жалын аттың тарағандай.
«Бүйректас» – бөлек тұрған қос ару қыз,
«Жұмбақтас» орман-ойға орағандай.
Куәсі көп қырғынның «Көгершінтас»,
«Атбасы» бауырынан жарағандай.
Мүлгиді әудем жерде «Әулиетас»,
«Кемпіртас» өткен күнін санағандай.
«Құмыра», «Қырғыншы» мен «Қос батырдың»
Әрқайсы – бір әлемге балағандай.
«Жылантас», «Саңырауқұлақ», «Кәрі батыр»
Адамзат қолдан үйіп қалағандай.
Балқытып Баянауыл мүсіндері,
Жаныңа жайлы бір у тарағандай.
Жасыбай мазарының жанындағы
Жарықтық, дауа қандай, ауа қандай!

Құздары күңіренген зары қандай,
Ызғары көне күннің қарығандай.
Жасыбай ескерткіші жанындағы ой
Жасыған жігеріңді жанығандай.

Мауыты, мақпал сынды түні қандай,
Масаты кілемдейін гүлі қандай!
Алыстан қонақ келсе арсалаңдап
Алдыңнан шығатұғын бірі қалмай;
Айғыр жал, асқар таудай аға қандай,
Аңқылдақ, ілтипатты іні қандай!
Қабақтың қатқан мұзын қарша ерітіп,
Уайымын жүрегіңнің сылығандай.
Қызығып қыздарының қылығына,
Толықсып көлге қонған тұнық айдай;
Жүздері жарқылдаған жігітінің
Жүрегің ықыласына жылығандай.

Аршалы, шыршалы орман – ажарыңдай,
Аққайың, балқарағай – базарыңдай.
Қаптаған қарағайлы ну орманы –
Қалың қол – сап түзеген қазағымдай.

Бозталдың бұратылған сәні қандай,
Қарақат, таңқурайдың дәмі қандай!
Жидекті, бүлдіргенді тоғайыңның
Хош исі жанға шипа, дәрі балдай.

Көлдері түбіне Күн бататұғын,
Айдыны ақ толқынын ататұғын.
Шоршыған шортан, түрпі, алабұға,
Табаны тайдай тулап жататұғын.

Басында өткен талай күнде кеңес,
Баянтау – Темірқазық, Үркер емес.
Асқарды аспанменен салыстырған
Астамдық кімге керек, құр келемеш?!
Ақбеттің асқарына кім шығыпты,
Көкшетау Баянтаудай үлкен емес.
Көкшенің көркін де сан көрдік талай,
Екеуі бір-біріне бір тең емес.
Баянның сұлулығын барған білер,
Көкшетау Баянтаудан көркем емес.
Бурабай Жасыбайдан артық емес,
Көкшеден Баянауыл бір кем емес…

Ақтау қаласы.

Добавить комментарий