Бір өлең – бір әлем
Бақ іздеудің орнына бар әлемнен,
Жаралы елмен мұң құшып, даланы емгем.
Сен менен гүл сұрама, мен онсыз да
Бұл көктемді сен үшін ала келгем!
Бұл көктем – саған мендей ғашық көктем,
Күркіресе бұлттары тасып көктен.
Айды әпер деп сұрама, саған бола
Жұлдыздарын жанымның шашып кеткем…
Ешкімге емес, өзіңе,
Иә, саған!
Шын махаббат, әр көңіл-күй аш оған.
Жомарттығым ұстаса түк қалдырмай,
Жалғанды да, жанды да қия салам.
Түптің түбі мен саған қайтам, дала!
Оған дейін жоқтатпа, жайқал дара.
Бар білетін дұғамды оқып тұрып,
Жіберемін бағыштап сайтанға да!
Серт сермесе өліспей беріспеуге,
Ғұмыр – майдан, ар менде, жеңіс сенде.
Қателессем жазғырма, мен болмасам
Сабақ болар өзгеге,
Періштеге…
Маған сені мұңдас қып Хақ қолдаған,
Хақ қолдаса кезім жоқ бақ қонбаған.
Мәңгі жау жоқ, дұшпан да өлсе – әруақ,
Ал әруақ алашқа жат болмаған.
Қатал, суық һәм мендік арман асқар,
Жібітпейтін жанардан тамған жастар.
Құдай мені жаратқан Қаратаудан,
Бала күннен достарым – балбал тастар!
Ме(ні)мен бірге қалғымас уақыт көші,
Се(ні)мен бірге таңы ыстық, жарық кеші,
Бүршік жарып,
Көктем боп шыға келер –
Саған жазған өлеңнің әр нүктесі.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.