Бір өлең – бір әлем
Сен қандай суық ғимарат едің?
Сызданып тұрған қабырғаң,
Талайды мұнда қинап әкелдің
Тартып алғандай тағдырдан.
Қанды жасыңмен жылап алыпсың
Қаймықпадың ба өткеннен?
Мұражай болып тұра қалыпсың
Мұң шертіп, өткен-кеткеннен.
Ақиқат үшін қашан да заң бір,
Әзәзіл жатпай ойнайды.
Адам қолымен жасалған тағдыр
Әділдік таппай қоймайды.
Ақ көйлек киген мүсінді көрдім,
Қоршалған тормен аймағы.
Ақ кебін сынды ішінде көрдің,
Ақтықтың сол бір айғағы.
Сұстанып тұрған қарауыл мүсін,
Шын сөзді теріс десіңдей.
Бұйырса болды атқарған ісің
Тозақтың періштесіңдей.
Қараңғы, суық, ылғалды бөлме,
Өтердей ызғар аяқтан.
Аштықтан, яки суықтан өлген,
Немесе тағы таяқтан.
Атылған талай жазықсыз жандар,
Кінәсін қайтып ұғасың?
Жасырын жатып атқызған таңдар
Күбірлеп оқып дұғасын.
Зынданды көрдім қараңғы суық,
Адам бойынан аспаған.
Қаусаған қартты, әйелді мейлі,
Сол жерге қамап тастаған.
Ол жердің болған мән-жайы бәлкім,
Қалмас ешкімге байқалмай.
Тілсіздігінен бөлмелер салқын,
Өткенді тұр-ау, айта алмай…
Шынжыр кісенге шырмалған қолдар,
Шындықты айтқан үшін бе?
Соңғы сапарға апарған жолдар
Қып-қызыл қанның түсінде.
Зиялылардың іздері мұнда,
Жоқтаған кеше бар елі.
Қоршалған қанды тікенек сымға,
Қарағандының лагері.
Ұлыларымды ұлықтасың деп,
Ұтымды ойды өлшеттім.
Ұлтымның жауын ұмытпасың деп,
Ұлымды әкеп көрсеттім.
Ұрпағыңды әкеп көрсеткін!