Мен

Жұмыр жер жүдеу – жүрегім,

Тағдырым ауыр – зілзала.

Өзекті жанға бір өлім,

Жанымды жеме мұң-нала.

 

Үйренген ноқта-жүгенге,

Пендемін пәлек басты мен.

Періште болсам жүрем бе,

Пақыр боп жердің астымен?

 

Пендемін көп қой менде мін,

Қайтемін босқа ақталып.

Желігіп жиі желдедім,

Сезімді сүзіп ақ мамық.

 

Періште емес пендемін,

Өмірді жүрген малданып.

Жандарға адал сенбедім,

Аярға арам алданып.

 

Тағдырым ауыр – зілзала,

Жұмыр жер – жүдеу жүрегім.

Жанымды жеме мұң-нала,

Өзекті жанға бір өлім.

 

Білемін…

 

Өтініш

Шығарып әптер-тәптерін,

Көшіріп ғайып сәттерін.

Жүрмісің тізіп, толтырып,

Періштем амал дәптерін.

 

Аңқаны алып шөл іштен,

Заһар у көп қой, мен ішкен.

Күнәммен кешіп кінәмді,

Өшіре салшы періштем.

 

Өшіре салшы кінәмді.

Кешіре салшы күнәмді.

Қылмысым жоқ періштем,

Аса ауыр күмәнді.

 

Жылап алам

Аспан да жылайды,

Жүзін кеп бұлт басқанда,

Тастар да жылайды,

Мүктерін шық басқанда.

 

Мұңайып табанда,

Жүзінен шуақ ұшқан.

Жылайды адам да,

Қайғыдан, Қуаныштан.

 

Жас тұнып көзінде,

Кім бар ей, жыламаған?

Жеңілдеп өзім де,

Баз базда жылап алам.

 

Шарбы бұлт

Желегі желдің желкілдеп,

Серілік құрды қыр асып.

Жансебіл жантақ желпілдеп,

Өліммен жатыр ырғасып.

 

Ұшарын қаңбақ жел біліп,

Секіріп түсті, бір ыршып.

Сым шегін шертті шер іліп,

Жылауық желі ыңырсып.

 

Шарбы бұлт сынды шарана,

Шарасыз көкте шұбайды.

Бегазы байсал шал ана,

Шау тартып қалған сыңайлы.

 

Толқынды толқын қуалап,

Тебісіп жатыр жағада.

Бақсы-жел тағы дуалап,

Зікірін салды далада.

 

Шегелеп жаздың табытын,

Күз жылап, көміп жерледі.

Шақырар базда шабытын,

Тәңірдің мезгіл – ермегі.

 

Сағым

Шайланып шымқай шағылды бел-қыр,

Айналып сұлу сағымды жел жүр.

Шығарды шаңын сайын даланың,

Шалдуар құйын, қағынды келгір.

 

Ұшында көздің жырақтау қалған,

Аумайды шөккен қырат-тау нардан.

Тербеген жанды әсем бір әуен,

Сылдыр да сыбдыр бұлақ-бау салған.

 

Далиып дала бусаған дел-сал,

Шағырмақ шуақ жусаған ен сал.

Қайдасың, өлең, асау, арынды,

Арғымақ, ақ боз музаға ер сал.

 

Музаға ер сал, арынды өлең,

Аяма бүгін барыңды менен.

Құлазып көңіл, жабырқап жаным,

Тірліктен керең тарылды өрем,

тарылды өрем.

 

Қынатас

Алқара көк, сұлу сеңсең бөрікті,

Пай-пай, неткен қыз-табиғат көрікті.

Сыңғыр-сыңғыр бала-бұлақ асыр сап,

Оятады бойда бұла желікті.

 

Қыз-табиғат неткен сұлу келісті,

Уылжыған жұпар аңқып жер үсті.

Қайың-терек, өрге өрлеп қарағай,

Жасыл арша қымтап апты еңісті.

 

Қызыл-жасыл қына тасты көмкеріп,

Бүлдіргені алау-от боп өртеніп.

Қолаттарда қияқ пен ши ұйысып,

Көк шалғынмен жайқалып тұр өлкелік.

Өртеніп!

 

Шағыл

Белес белең бұлтиған бөтегелі,

Боз бойымен басады бетегені.

Бұйраланған баурайда боз баялыш,

Бауыр басқан бұлдырық бөденені.

 

Жаздың жүзі жайдары жылдағыдан,

Жылдағыдан жүгірген жылға жылдам.

Жасарыпты жыңғыл да желек жайып,

Жапырағын жоқтамай жылдар жұлған.

 

Шайыр-шымшық шарықтап шырылдайды,

Шабдар-шағыр шыбжыңдап шыбындайды.

Шырайланып шағыл да, шұрайланып,

Шуақты жыр шабытың шыжымдайды.

 

Шық

Дөдеге тасты дестелеп,

Құдірет қалай тау етті.

Бөдене көңіл кестелеп,

Көбелек өлең сау етті.

 

Бетеге белге жабысып,

Сағыммен сұлу ойнайды.

Қыр-дала көкпен қабысып,

Шағылды шуақ бойлайды.

 

Ебіл де себіл еңіреп,

Шалғынға шашақ шық тамды.

Көгілдір көйлек төңірек,

Шарайна көлге сұқтанды.

 

Тобылғы түлеп, түрленіп,

Тусырап жатты сайын қыр.

Бүлдірген белдер бүрленіп,

Бозторғай төкті қайым жыр.

 

Көк пүліш салып астарға,

Ызылған беткей сырмақтай.

Шарықтап көңіл аспанға,

Қағады қанат тұрлатпай.

Добавить комментарий