
Бұл шығарма Ауған соғысының тозақ отында қан кешкен интернационалист жауынгерлердің жан күйзелісінің жиынтығы.
Қасіретті Ауған тақырыбын қамтитын бұл дүниемді екі ұлы держава мен империяның өзімшіл өктемдігінің құрбаны болған қыршын боздақтар мен бүгінде арамызда жүрген тәндері жаралы, жандары налалы ардагерлерге арнаймын.
Автор.
І-бөлім
БАСТАУ
Шіренеді Шатырша, Токырауын толқиды,
Ой-жолаушы бұралаң, шақырады жол қилы.
Үміт ала қашады, бір белестен белеске,
Күдік ала қашады, бір елестен елеске.
Ой-жолаушы кезеді, белестерді кешегі,
Ой-жолаушы кешегі елестерді кешеді.
Аңыз емес әпсана, елес емес ертегі,
Жылдар асып, жырау-жыр өмір шерін шертеді.
Акпарында сананың, соғыс деген дүлей бар,
Қатпарында сананың соғыс деген үрей бар.
Ей, адамзат, заманның сарынына құлақ түр,
Жаралы тән қансырап, налалы жан жылап тұр.
ҚАРҒЫС
Әлқисса, бұл жерде Ауған соғысына кеткен боздақтың анасының заманды жазғыруы баяндалады.
Қарғыс атқыр қатыгез, о, сұм заман,
Көкіректі күйретті тосын налаң.
Жүрегіме қадалды қанжар неден,
Түрілмейді көңілім таңдарменен.
Жас қысады жанымды алқымға алып,
Күнім неге батады жалқынданып?
Арман ойым неліктен үгітілді,
Неге үздің, сұм заман, үмітімді?..
Омырауда ақ сүтім семді неден,
Семді неден, сезімім сөнді неден?
Серпілмейді қу жаным қабарып ап,
Зауалдың бір, әй, сені, табары хақ.
Көкіректі торлады тұман қалың,
Сарқылмай ма сорларың, ылаңдарың?
Неге дамыл таппайсың, неге тыным,
Қасірет пен қайғы-шер егетінің.
Тыйылмай ма қақтығыс, бүліктерің,
Қанды сорған тойымсыз сүлік пе едің?
Хабарлардан қаралы ел құсалы,
Қара аспанды қабарған шер қысады.
Қызығымның ұрлап ап қызғалдағын,
Шәлі салдың басыма сыздан қалың.
Қарғыс атқыр қатыгез, о, сұм заман,
Көкіректі күйретті тосын налаң.
Өзегінен кұрт түсіп дарақ талға,
Зар жетпейді таскерең Жаратқанға…
Тынысымды тарылтты кең ғаламын,
Қара жердей көктеген мен де анамын!
Мен де анамын жайқалған жапырағы,
Жапырағым неліктен қақырады?..
Қара таппай жүрмісің ұрынарға,
Менде атаңның алашақ құны бар ма?
Кезе маған қасірет садағыңды,
Қайтар кері бозөкпе карағымды.
ҚАРСЫЛЫҚ
Әлқисса, бұл жерде Ана зарына қайтарған заманның жауабы баяндалады.
Ей, адамзат, жазғырдың несін мені,
Рас, заман мезгілдің есілгені.
Тырысқанмен санадан өшіргелі,
Бұра алмайсың уақыттың көшін кері.
Сендер мені жасайтын, өзгертетін,
Өзгертетін, не түрлі сөзді ертетін.
Ойлап тауып, сұмдықты, қасіретті,
Заман етті дейсіңдер, ғасыр етті.
Естіп зәбір, қиянат тілдеріңді,
Сүйреп келем қаусаған сүлдерімді.
Жаратылыс, дүние – егіз ғалам,
Мен солардан нәр алам, негіз алам.
Көкіректе не қилы шөккен елес,
Өткен тартыс не талай, өткен егес.
Жәндік, аң, құс заманға өкпелі емес,
Жаратылыс өзге де сөккен емес.
Өзен, көлдің, бұлақтың тартылғаны,
Тірлігінің бастауы сарқылғаны.
Ал сол үшін жатады мені сынап,
Мен жатқандай өмірдің өрісін ап.
Адам Ата-Һауа Ана жаралғалы,
Алаңдады тіршілік ғаламдағы.
Жалмап-жайпап тойымсыз құлқындары,
Мезі етті жалғанды ырқындағы.
Адамзат па қолдағы барға қанар,
Қанталаған көздері қанға кұмар.
Жақсылық пен жамандық арпалысып,
Бірін-бірі келеді тарпа қысып.
Қатыгездік санадан үстем шығып,
Ақыл-ойды келесің күштеп жығып.
Дүниенің тұтқасы қолдарыңда,
Қолдарыңда бақтарың, сорларың да.
Бар ғаламды адамзат иеленді,
Несін маған жағасың күйе енді?..
Түзететін өздерің, бүлдіретін,
Жылататын өздерің, күлдіретін.
Өздеріңнен-өздерің тос пәлені,
Ей, Кейуана, жазғырма босқа мені.
САМҒАУ
Бірінші шегініс
Шатыршаның шатқал тасы шаттанып,
Шұғылалы, тұрды ғажап шақ тамып.
Мамыр айы, мамыражай уақыт,
Лағыл арай, жерді жатты уатып.
Нұр сәулеге сорғалаған малшынып,
Бүрін жайды қайың, терек, тал-шілік.
Самал ырғап тіршілікті тербетті,
Тербетті де бір бозбала ержетті.
Сезіміне шомылдырып тауларды,
Балалықтың соңғы бетін аударды.
Қызғалдақтың жауып мөлдір шық төсін,
Бал қылықтың соңғы қойды нүктесін.
Мезгіл мекер қанағатсыз обыр-ау,
Сыңғыр-сыңғыр соқты соңғы қоңырау.
Бір боз жусан бүршік атып көктеді,
Бір бозбала өмір өрге беттеді.
Ерттеп мініп сәйгүлікті қиялдан,
Көкіректе күмбірледі күй-арман.
Құштар сезім кеңістікке кетті өтіп,
Көңілінің көк өзегін көктетіп.
Бұғалықтап арманының құр атын,
Іздеп кетті сол бозбала мұратын.
Айқара ашты кең кұшағын боз дала,
Шаттық құшты, шуақ құшты бозбала.
КЕЛЕҢСІЗ КЕЗЕҢ
Екінші шегініс
Ғалам өңсіз, заман өңсіз, жер өңсіз,
Кеңес деген кезең еді келеңсіз.
Келеңсізде ғұмыр кешіп ел өңсіз,
Жүректерге түскен еді терең сыз.
Озық ойы аз емес-ті Кеңестің,
Тозық ойы аз емес-ті Кеңестің.
Қақ жарылса көзқарасым екіге,
Сөге коймас тұрақсыз деп мені ешкім.
Жақсылығы бар Кеңестің құптайтын,
Лас қылығы бар Кеңестің ұқпайтын.
Не десек те ел, әйтеуір, Кенестің,
Құлдық ұрып дегенінен шықпайтын.
Ісі болмай Тәңірменен, Хақпенен,
Қақ жарылған нәсіл деген, тап деген.
Дүниені арман ойлар қақ бөлген,
Қызыл түспен, қара түспен, ақпенен.
Саналарға сеуіп «изм» ұрығын,
Тыныштықтың бұзды тұма тұнығын.
Отап кетті талай қыршын боздақты,
Отан атты отарлаушы ұлы ұғым.
Өмір деген өткелектен жәй аңдап,
Тоқталайын сол бір жайға аялдап.
Тозақ отын кешкен боздақ ілкіде,
Шерткен еді шер-шеменін баяндап.
Оқиғаны тізіп шығу міндет пе,
Керек пе еді, ал ол үшін тіл де, еп те.
Оқырманым, тек санада зерделеп,
Құлақ түрсең жетіп жатыр дүрмекке.
ҚОШТАСУ
Үшінші шегініс
«Қош аяулым, Шатыршаның етегі,
Қош, Ақтоғай, ата-баба мекені.
Ұлың бүгін бір сапарға кетеді,
Ұлы мақсат, мұраттарға жетеді.
Ұлың бүгін бір сапарға кетеді,
Ертең өшпес ұлы ерлік етеді.
Қош, ауылым, Шатыршаның етегі,
Қош, Ақтоғай, ата-баба мекені…»
Бақұлдасып осылайша елменен,
Бақұлдасып осылайша жерменен.
Кете барды сол жүгірмек шығыска,
Көкірегін ерлік-елес кернеген.
Асау-өмір, аусар-көңіл бүр атқан,
Іздеп кетті қиял-арман жырақтан.
Қала берді сылдыр қағып бұлақтар,
Қала берді сыбдыр етіп құрақтар.
Қала берді таулар көкке шаншылып,
Қала берді қолын бұлғап тал-шілік.
Құлшынады нұрға қырлар малшынып,
Тұншығады қара жолдан шаң шығып.
Ойламады өлім барын төнетін,
Ойламады өмір барын сөнетін.
Кете барды бетке алып жел өтін,
Сойқан бала сайтанға да сенетін…
ІІ бөлім
ШОЛУ
Міне, Ауған, ерлік аңсап көксеген,
Құшақ ашқан ызғарменен, сеспенен.
Қарбаласқан, абыржыған еспенен,
Бөлек сезім бұрын-соңды кешпеген.
Анталасып таулар төніп сұстанған,
Жанталасып шыңдар көкке ұшталған.
Құз-шатқалға сыз перделер ұсталған,
Сұр шатырлар күн жеп әбден ысталған.
Қысқа ғұмыр, қысқа өмір, қысқа арман,
Аспан аяр аумай қалған мыстаннан.
Шаттық күлкі сынды мүлде тыс қалған,
Жат өлкеге көрінбейді құштар жан.
Ысқырған оқ, ышқынған жан қиналып,
Ысылдаған мина өтер ми қарып,
Аянышты міскін-кескін, күй ғаріп,
Тозақ оты Тәңір қойган ұйғарып
ӘСЕР
Немесе кейіпкердің тізгін сөзі
Дабыл қағып жорыққа аттанамыз,
Айнала шың, оқ сепкен қап-қара кұз.
Түсініксіз от жалын ақ-караңыз,
Қылт еткеннен қылп етіп сақтанамыз.
Қаралы мен жаралы тылға асады,
Құлын дауыс шұрқырап шыңға асады.
Екі ұдай сезімдер ырғасады,
Жігеріңді жалынды құм басады.
Тұтқиылдан дұшпандар састырады,
Күпті ойды, қорқыныш қос қылады.
Қарауытып жанарда жас тұнады,
Жан ауыртып, көмейде тас тұрады.
Өмір-өлім екі дай аңдысулы,
Кештік бастан алапат қанды шуды.
Талай-талай шырылдап жан қысылды,
Белге түйген намысты, арды, сынды.
Желбіреген жалаудай кеше күні,
Үлбіреген алаудай кеше гүлі.
Ауыр екен азапты дос өлімі,
Бауырымдап алдыңда өшеді үні.
Жағаласу, жұлқысу, өмір-өлім,
Өшті қанша өмірдің көгінде күн?..
Жан беріссін, алыспай тегінге кім,
Жолбарыстай қорғаған өмірлерін.
Тағдыр-қамшы аяусыз, ұшы қатты,
Қилы жайға қанқұйлы ұшыратты.
Жалын орап, жайраған қышылақты,
Жазықсыз ел қасірет құшып жатты
Балаларды көресің нан сұраған,
Аналарды көресің кансыраған.
Баса алмай тағдырға қарсы қадам,
Сары уайым санамыз сансыраған.
Қырғын соғыс қасапшы іреп жатыр,
Бір жерде аяқ, бір жерде білек жатыр.
Әне, өшіп лүпілі жүрек жатыр,
Әне, өшіп үкілі тілек жатыр.
Жаның жүдеп, түңіліп, торығасың,
Торығасың, қайран жоқ, қорынасың.
Біздің ұрпақ – бақытсыз соры басым,
Қорынасың, торығып, соны ұғасың…
ТҮҢІЛУ
Немесе кейіпкердің белдеу сөзі
Ыстық аптап, кепкен таңдай, кепкен көн,
Демаласың ауыр екі өкпеңмен.
Атыс, ұрыс қақ бөлініп, шеп керген,
Бір-біріне қаны қатып кектенген.
Ажал төніп, қас-қағымда сәтте мың,
Үлгермейді айтып кей жан «әттеңін».
Сүйеу болар қысылғанда дәтке кім,
Өмір, өмір, шіркін, неткен, тәтті едің?!
Сақ-сақ күліп ажал созып шеңгелін,
Тарылтады құрған торын, шеңберін.
Сан кұладым, қансырадым, өлмедім,
Өміршең боп менің тағдыр-шөлмегім.
Ажал оғы заулап өтіп үстімнен,
Мұз-қарды да, ызғарды да құштым мен.
Бетпе-бет кеп, опасызбен, міскінмен,
Жекпе-жекте жеңіп үстем түстім мен.
Атыс-ұрыс мағынасыз, мақсатсыз,
Кейде дұшпан, кейде біздер асқақпыз.
Талай боздақ қыршын кетті жанкешті,
Талай боздақ қылшылдаған қан кешті.
Біз асырдық Қызыл әскер айбынын,
Айбынымыз қасіреттің жайды уын.
Оққа айдап, ажал сепкен ұңғыдан,
Опа тапты, пайда тапты кім бұдан?
Ауған деген тозақ оты, қыл көпір,
Кімге қажет болды қанды бұл нөпір?
Ауған деген қыршын ғұмыр, жас қабір,
Тапқан ажал жат өлкеде басқа бір.
Кім іштегі өшіреді шаланы,
Кім іштегі түсінеді наланы?
Қалды неге тағдырымыз дерексіз,
Болды неге тағдырымыз керексіз…
Кімдер үшін қыршын боздақ оққа ұшты,
Кімдер үшін қыршын боздақ от құшты?
Сауал-сауал, анталаған сауал көп.
Жауар бұлттай тас түнерген жауап жоқ.
ТҮЙІЛУ
Немесе кейіпкердің байлау сөзі
Дауыл өтті, жауын өтті қақ қалды,
Тән айықты, жан байытты, дақ қалды.
Елес кезіп шың-кұздарды, шатқалды,
Қызыл қанға бояп кетті ақ таңды.
Тағдыр құрып, ажал-аран қақпанды,
Ызғар шалды жасыл желек бақтарды.
Дауыл өтті, жауын өтті – қақ қалды,
Тән айықты, жан байыпты – дақ қалды.
Жалғасады, алға асады тіршілік,
Түн кетеді, таң жетеді, күн шығып.
Тал болады, жалды орамды бір шілік,
Тамыр салып, жанын салып, құлшынып.
Жел еседі, кеңеседі гүл шығып,
Шер-шеменге айналады тұншығып.
Түн өтеді, таң жетеді, күн шығып,
Жалғасады, алға асады тіршілік…
Дүниені нұр сәулеге бояған,
Тыныштықты таңнан тілеп оянам.
Зұлымдықтан, жауыздықтан бой алам,
Ізгіліктен, ізгі үміттен ой алам.
Адам атты шығып кетпе аядан,
Тіршіліктің кұдіреті, ей, адам!
Мен сендерден соны сұрап оянам,
Мен сендерден соны тілеп оянам.
Тіршіліктің кұдіреті, ей, адам,
Тіршіліктің кұдіреті ей, адам!
«Аһ, дариға!» жинағынан алынды.
