Бір ел – бір кітап
Ақын
Қарайды ол алыс түйіліп –
Барады-ау, сірә, шалғайға.
Арманшыл ойлар жиылып,
Әжім боп қатты маңдайға.
Махаббат, жастық, мас ақыл,
Дүниені алға жайып сап;
Айдынға желсіз тасатын
Қарайды ол кейде айыптап:
«Сапырып суды құлатты
Жыра мен жартас қолтығы;
Көбігі болса бұлақтың,
Толқыны қайда, толқыны?!
Еркің бар қайда бұрсаң да
Толқынды тапсаң тауды ырғап.
Ақса ғой деймін жыр сонда
Ойларға бөгіп, ауырлап».
Естиді құлақ бір үнді,
Үлгермес ақыл оны екшеп.
Қасықтап жиған жырыңды,
Төгер ме ең, ақын, шелектеп!
Келеді оймен күн кешіп,
Жырына аздап жан кірді.
Үміт пен сезім мінгесіп
Қиялдың белін талдырды…
Ақыным қарап қалыпты,
Қызықты ойлар жыр сала;
Аңсар ма ол биік даңқты,
Өзі одан биік тұрса да…
Жүрек
Білемін: шаттық не, қайғы не,
Шындықты жасаған елестен;
Алқына сыр ашқан Ләйліге
Сен, жүрек, Мәжнүн емес пе ең!
Көңілдің күмбезін көтерген
Өмір ғой, берді о да үзім нан.
Найзағай секілді от өрген
Денемді шарлайды қызыл қан.
Айтайын өмірде бармын деп,
Бұ мезгіл жұқтырсын самайға ақ.
Тірлік-ай! Әр сағат, әр минут
Келеді жаңа бір қан айдап.
Тұрса егер шын бақыт жүзімде
Өмірдің тойына тоям ба.
Тірлігім жүрсе тек тізімде
Ей, жүрек соқпай-ақ қой онда!
Оңашада
Жалғызбын, кетті үй ысып,
Кеудемді ойлар кернейді.
Ақыл мен сезім сүйісіп
Жүрекке маза бермейді.
Өршиді көңіл, жан қызып,
Артықтау кетсем – ұялма.
Қанатын отқа малғызып,
Өртеніп ұшты қиял да.
Отырмын жанып өзім де,
Жалыннан ұшқын тарады.
Сол қиялдың көзінде
Үмітім кетіп барады.
Бержағы жарық әйнектің,
Аржағында түн жүзді.
Шалқая тартып ай кетті,
Шаңына тастап жұлдызды.
Жалғызбын, тыныш маңайым –
Әр бұрыш мүлгіп тұр үнсіз.
Серікті іздеп табайын
Тыныштығыма тынымсыз.
Жалғыздық деген – сын нағыз,
Жалғыз да болған жан емен.
Тұрамыз үшеу мұнда біз:
Тыныштық, арман және мен.
Өмір
Өмір, өмір, өмір деген – бір ғажайып бәйтерек,
Бәйтерекке түн де керек, күн де керек, ай керек.
Сол теректі паналаған балапансың сары ауыз,
Сол теректе өткен тірлік – әрі шындық, әрі аңыз.
Сол Теректің күн жағында – көктеменің шуағы,
Сол теректің көлеңкесі – қарлы боран қояды,
Сол теректің бір басына екі тағдыр ұялап,
Екі тағдыр – мәңгі-бақи адалдық пен қиянат.
Өмір, өмір, өмір деген – толқып жатқан көк теңіз,
Мөлдір теңіз ылайланар – күл әкеліп төкпеңіз!
Тулайды ол, шулайды ол долы кеуде қара көк,
Аспан ғана қылды иелік сол теңізге жаға боп.
Сол теңізде аушылық қып адамдық пен пенделік,
Сол теңізден алып жатыр несібесін тең бөліп.
Ал, егер де ұрлық етсең, бір басыңды қайғылап,
Көп ұзамай көрінесің: қайық – қара, айдын – ақ.
Сол теңізге келем мен де ақылымды сүңгітіп,
Сүңгимін де қайта шығам, қайта шығам су жұтып.
Өмір, өмір, өмір деген – жолаушы ғой шаналы,
Өтер әлі-ақ үлпек қарда ізі ғана қалады.
Күндер өтер, айлар өтер, өшер әлгі із жуылып,
Сонда шындап қарайсың ғой өткеніңе үңіліп.
Өмір, өмір, біздің өмір, біздің өмір – керемет!
Өмір, өмір маған қайғы, маған шаттық бере кет.
Әкел, өмір, бәрін әкел! Тойсын мына көз, көңіл,
Бәрі – бақыт, қасың күліп, дос жылаудан өзгенің!