«Бір ел – бір кітап»
«Бір ел – бір кітап» рсепубликалық акциясы аясында жазушы Тәкен Әлімқұлов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармалары таңдалғаны баршамызға мәлім. «Aiqara.kz» ақпараттық порталы акция аясында қос қаламгердің шығармаларын тұрақты түрдле жариялап тұрмақ. Бүгін назарларыңызға Жұмекен Нәжімеденовтың «Сыбызғы сыры» кітабынан топтама ұсынамыз. Ақынның алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» атпен 1961 жылы жарық көрді. Ал, «Сыбызғы сыры» жинағы 1962 жылы, «Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасында» басылды.
Төбемде бұлттар жарысты…
Төбемде бұлттар жарысты,
Төменде оттар жанады.
Онан ұшқан әр ұшқын
Көкірегіме қонады.
Бұлақ-мезгіл сырғыса,
Мен тамырға тараймын.
Сынып түссе бір бұта,
Қабырғама қараймын.
Уа, туған жер, шүкірсің!
Топырағыңа киелі
Бір есуас түкірсе,
Ол – бетіме тиеді…
1961 жыл.
Суыртпақ
…Маңдайы оның өткен өмір қолжазбасы – бәрі мұң,
Сол жазуға жетілік шам түсіретін жарығын.
Сөнер сәуле қалтылдайтын, қалтылдайтын әжем де,
Қалтылдаумен өткізіпті ол өмірінің жарымын.
Қатқан шерін жібітуге қоятын ол су ұрттап,
Су ұрттап ап әлсін-әлсін суыратын суыртпақ.
Ала шыттың жыртындысы ала жіптер туатын,
Бүкірейген саусақтардың сарқып барып қуатын.
Кәрі қабақ бір жадырап, бір жадырап бір сынып,
Кәрі кеуде тыныстайтын бір басылып, бір шығып.
Ала жіптер көбейетін, сол ала шыт шетінде
Отырғандай сезілетін тістескен бір тіршілік.
О, тіршілік… сол адамдар жүріп өткен жолдармен
Жүрем мен де бетімде әзір әжімім аз болғанмен.
Көңілімнен сол бір шыттай суыртпақтап тартам жыр,
Қарттық емес, сараңдықтан қалтыраған қолдармен!..
1961 жыл.
Сезімдер ғажабы…
Сезімдер ғажабы
Қиялда құбылып;
Ашудың азабы
Алқымға тығылып.
Сүрініп, жығылып,
Қайтасың таси кеп.
Ақыры ұғынып
Көнесің бас изеп.
Жаның – мас, ой – жалын
Әлі де түңілме.
Үндемей койғаның
Жөн болар түбінде.
Тіл жомарт, өлең бай
Жоқ-барды амалдай;
Алам деп бере алмай,
Берем деп ала алмай;
Қызық қой бұл адам –
Көрінбей құтылды.
Күн бата құлаған
Көлеңке сықылды.
Жо, жо, жоқ достарым,
Бұл емес айтарым.
Келмейді қостағың? –
Мұны да байқадым.
Тұрғам жоқ шағынып,
Шағыну – бойға мін.
Келеді ағылып
Өзімнің ойларым.
Ол ойым бүй дейді:
«Барлық гәп намыста!»
Шындықты сүйрейді
Қиялдан да алысқа.
Ол ойым былай дер:
«Өрмеле! Өрмелеп
Құласаң – құлай бер,
Құлауға да ер керек! »..
Мезгіл де бір керім,
Сусиды сынаптай.
Түк қылмай жүргенім
Барады шыдатпай.
1961 жыл.
Оңашада
Жалғызбын, кетті үй ысып,
Кеудемді ойлар кернейді.
Ақыл мен сезім сүйісіп
Жүрекке маза бермейді.
Өршиді көңіл, жан қызып,
Артықтау кетсем – ұялма.
Қанатын отқа малғызып,
Өртеніп ұшты қиял да.
Отырмын жанып өзім де,
Жалыннан ұшқын тарады.
Сол қиялдың көзінде
Үмітім кетіп барады.
Бержағы жарық әйнектің,
Аржағында түн жүзді.
Шалқая тартып ай кетті,
Шаңына тастап жұлдызды.
Жалғызбын, тыныш маңайым –
Әр бұрыш мүлгіп тұр үнсіз.
Серікті іздеп табайын
Тыныштығыма тынымсыз.
Жалғыздық деген – сын нағыз,
Жалғыз да болған жан емен.
Тұрамыз үшеу мұнда біз:
Тыныштық, арман және мен.
1961 жыл.
Осы жерде, осы жерде, өткен жыл…
Осы жерде, осы жерде, өткен жыл
Көріп едім тұңғыш күнін көктемнің –
Осы жерде үйі бар-ды досымның,
Мезгіл, мезгіл, оны қайда көшірдің?
Кім қуды екен бөлме толы күлкіні,
Сол күлкінің тиген маған бір түні.
Сол орында – көк шөптер тұр, оянған
Мына жерде – көктеменің шуағы,
Қара жерде толқынды жел қуады.
Шөптен ұшып үлгермепті бу әлі,
Сол будай боп ой да бұлдыр туады.
Ойлар, ойлар, бұлдырама – күн ашық,
Дала жатыр көкжиекпен ұласып.
Одан әрі…
жақын дейді келешек,
(Келешекке беріп жатыр ел есеп),
Келешекке қараймын мен бас изеп!
Шеп сылдырап – қайтты толқын таси кеп.
Кенет…
Міне қарсы алдымда тұр досым,
Сонау сайға аударыпты ол іргесін.
Өз қолымен бұзыпты да ескі үйін,
Слыпты әкеп миллиардтың эскизін:
Басым тұрса жаңалықтың салмағы
«Бір ләззат табады екен жан-дағы!» –
Дос пікірін қостай бердім бас изеп,
Жасыл толқын қайтып жатты таси кеп.
Сол толқынға бір батамын бір шығып,
Нағыз егін – екен ғой деп тіршілік!
1961 жыл.
О, ғажайып!…
О, ғажайып!
Мына күннің қызуына жылынып,
Көкірегімде көбейеді күннен-күнге бұл үміт.
Сол бір үміт Отаныма сүйене кеп туады,
Жылытқанда жердің төсін махаббаттың шуағы.
Әрбір күні мезгілімнің туып жатса ту ала,
Әрбір көңіл күй тумас па, жыр тумас па қуана.
Сол қуаныш – бұл ғасырдың жүзіндегі алауы,
Сол қуаныш – біздің қолдың көтеретін жалауы.
Сол жалауды алып ұшты, ұшты кеме – жас арман,
Біздің данқ-мұқитына көмілді жау күңкілі,
Ол – Көкірек түкпірінде махаббаттан жасалған…
Кремльдің оттарының қадалғанда кірпігі!..
1961 жыл.