Желтоқсан

Шындықты шыңғыртып,

Шымырлатқан Желтоқсан.

Шындық қуған жастарды,

Сыбырлатқан Желтоқсан.

 

Азаттықтың жалауын,

Желбіреткен Желтоқсан,

Қаракөзді түрмеде,

Мөлдіреткен Желтоқсан.

 

Азаттықтың жалауын,

Алау еткен Желтоқсан,

Бостандықтың тарауын,

Қараң еткен Желтоқсан.

 

Қайрат сынды ерлерім,

Қыршын болған Желтоқсан,

Ерлік, ездік қатар кеп,

Тым сын болған Желтоқсан.

 

Қазақ, орыс бөлініп,

Ауыр болған Желтоқсан.

Аяғы жақсы тәуір боп,

Бауыр болған Желтоқсан.

 

Желтоқсан ісің өлмейді.

Алла да мұны жөн дейді.

Қазақ деген ер халық,

Құл болуға көнбейді.

 

Тайғақ мұздағы тайталас

(Болған оқиға ізімен)

…86. Желтоқсанның аяғы.

Көше көк мұз

Жиі аяғым таяды.

Серең етіп құлағанша

Бір мезет,

Такси ұстап мінгім келді баяғы.

 

Бос тұрған бір машинаға таядым,

Тәлтіректеп, жас бұзаудай таямын.

Аяқтағы армян етік табаны

Май жаққандай

Сырғанайды аяғым.

 

Қапелімде

Жалбаң еткен ителгі,

Өзге тілді дәл кеудемнен итерді:

– Колбит казах, менен кейін мінесің,

Әйтпесе,

Мен бас сүйекті үйтеді.

 

Итерген соң сырғанадым

О, тоба-ай,

Самбошыға жығылудың обалы-ай.

Тебуге де, бұрауға да мұршам жоқ

Дәрменсізбін қанаты жоқ сонадай…

 

Атып тұрдым

Берейін деп жауабын,

Мас адамдай оңды-солды ауамын.

Мен жеткенше мұжық мініп жөнелді,

Енді оны қайдан іздеп табамын?

 

Тайғақ табан,

Тайғанақ жол

Қап, бәлем!

Болдыртпады төбелесті,

Әттеген!

Басын жарып, қанатқанда мұрынын,

Бұзақыны жасаушы еді дәп менен.

 

Болмағанда

Тайғанақ жол,

Тайғақ мұз,

Темір торда отырар ма ем айғақсыз?!

Бір қазағым шешім оқып тұрар ед:

– Мына ұлтшылды итжеккенге айдатқыз!

 

Жайды айттым

Жиырма жылғы жаймалап,

Желтоқсанның тарихы әлі тайғанақ.

Желтоқсанның  іздеумен шындығын,

Келем мен де әлі күнге тайғанап.

Жұмағали ҚОҒАБАЙ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий