
Саяқ болып, саяңа сыйып өтем
Тәңірі мен табиғат мақұлдаған,
Беріп тұр бір өнерін уақыт маған.
Өлеңмен өрнек салып, шындықты айтып,
Шабыттан шамырқанып бақыт табам.
Досым да көп осы күн, дұшпаным да,
Қарамаймын қастың мен қыспағына,
Елім үшін елпеңдеп жүгіремін,
Жету үшін тағы бір пұшпағына.
Өктемдік көп өмірде қысқа мына,
Дабыра қып қайтеміз тыстағыға.
Өгіз мінген күнде де өнер қудым,
Дос қуанар аспандап ұшқаныма.
Сыя алмай аймағына нақ бөтен бір,
Жөңкіліп сар далада ақбөкен жүр.
Жан жағы қаумалаған қалың аңшы,
Жануар туған жерде жат, бөтен боп жүр.
Пенделер тықсырғанда нақ бөтен бір,
Жанымен жағаласар ақбөкен жыр.
Сансыз ой толғағынан туар сонда,
Бейкүнә, ақ періште ақбөпе жыр.
Өмір деген өзгеше жиын екен,
Қас пен досты айыру қиын екен.
Сан ақына сандалған Сарыарқада,
Саяқ болып саяңа сыйып өтем.
Ақбөкендей құйғытып маң далада,
Жетесізге жол бермей қиып өтем.

Қаныш ескерткіші
Мәрт тұлғасы мәрмәр тасқа айналып,
Көрген кезде көзіңе жас байланып,
Ғұламаға келесің тағзым етіп,
Еңбегіне ересен жастай қанық.
Қаныш аға қажырлы ед, қарымды еді,
Қазына іздеп жұртының жанын деді.
Алтын іздеп Арқадан, күміс іздеп,
Жезін іздеп Жезқазған барып еді.
Қорын іздеп көмірдің
Өндіру жолын іздеп,
Жан жүрегі халқы үшін жүрегі жалын еді.
Кеңестер одағында дара ғалым,
Қазақ үшін Толағай алып еді.
Бүгін міне, тұлғасы тасқа айналып,
Ғылымның қасиетін мәлімдейді.
Ойлы көзбен отаншыл ұрпағына,
Білімнің қатарынан табыл дейді.
Шіркін-ай қай қазақтың бір баласы,
Қанағаңша халқының қамын жейді.

Керекуде – Абайым
Ленин тұрған тұғырда –
Абайдың ескерткіші,
Бұл Тәуелсіздіктің
Ерек ескен ескерткіші.
Деп біл бұл күнді,
Дұшпанның кеткен күші.
Бұл ескерткіш
Дұшпанын тұқыртып,
Досты қуаныштан жылатқандай.
Ескерткіштен Ертіске,
Есіліп жыр аққандай.
Ал мен тұғыр астында
тұрып күй кештім,
Қызылдар үкіметін
Дәл бүгін құлатқандай.
Жарқырап кетті маңайым,
Аспан да ашық
Ұнатқандай.
Тұғырда тұр тұлғалы Абайым.

Туған жер – түймедағым
Ауылым, Шұға, алыста емессің,
Мен кеттім жазу, сөз қуып.
Алды-артыма қарамай жүрмін,
Аумалы заманда жезкиік.
Құрғап қалыпты қоғалы көлің,
Шалғынды шөбің атырап.
Еске алып сені сағынған кезде,
Шалғайдан тұрамын бақылап.
Қонысы болған құт мекенім,
Елқонған деген жотаның
Үстіне шығып
Көрсем бір деймін,
Сең тоқтар кезін Мұздықопаның.
Көліңді сенің көлдетуге,
Болмай тұр менің амалым.
Су жайылар өлкеңді сенің,
Толтыра алар ма Сәтбаев каналы?
Жадымнан шықпас жатаған үйлер,
Малға толған қотаны.
Ісімнен шықса, түсімнен шықпас,
Аспандағы Темірқазығым,
Жердегі түймедақ – Отаным.

Ұстазым академик Ебіней Бөкетовке арнау
Ел жұртына тусаң ту дегізген,
Ебіней аты
Ерен ер деген сөзбен егіз бе ең?!
Сыйып кетер тұлғасына барша қазақ жүрегі,
Ебіней аға тұла бойы сәуле қонған нұр еді.
Өнебойы өнер қонған жыр еді.
Химияның хикметін біле қояр дүр еді.
Жас кезінде Сәтбаев боп тірегі,
Емін еркін, шат-шадыман жүр еді.
Заңғар көкке жойқын жайып қанатын,
Мұзарт шыңға мұзбалақ боп қонатын
самғауы ерен,
Көктегі бұлттан тапқан Селен
Талабы тау ер еді.
Тас көмірді сұйытып,
Сұйығыңды айрандайын ұйытып,
Жаңалығы тау селінде тасқан,
Даналығы мұхит асқан адам заманынан ілгері,
Күндердің бір күнінде
Айтуға ауыз ұялады,
Үстем болып күншілдік пен қиянат.
Дара тұлға даламызға сыя алмай,
Өтіп кетті дүниеден
Көрген түсте қиялдай.
Есті жиып, шындыққа қанықтық,
Кімдер отыр екен ұялмай?…

Көк күмбезіндегі көгілдір ту
Еркін елдің мерекесі нақ бүгін,
Тебіреніп сөйлейтұғын шақ бүгін.
Еміренетін тәуелсіздік алғышартына,
Республика күні халқым үшін тәтті ұғым.
Желбіреді аспанымда көк туым,
Елжіредім еске түсіп езгі көрген көп күнім.
Енді еркінмін, терезем тең басқамен,
Енді биік қазағымның шоқтығы.
Желбіреді көк аспанда байрағым,
Тәу еттім де өз тілімде сайрадым.
Қуарып ед жапырағым жайнадым,
Бостандығын алғаннан соң аймағым.
Бостандығым – бабалардың арманы,
Сол арманды ел-жұртымыз жалғады.
Аспан түсті көк туымды көтеріп,
Арғымаққа міну – өмірімнің бар мәні.
Арғымаққа мініп алып зауладым,
Жатсынбадым өзге ұлтты баурадым.
Күмбезіне кеңістіктің осы сәт,
Тіледім мен дүз қыраны самғауын.
Бейбіт елде, бірлік – басты ұстаным,
Маған керек қыран болып ұшқаның.
Маған керек жыр-ән болған тұстарың,
Жерұйығым, желмая жер, Қазақстаным!

