Абай – 180 жыл
Санама берік тұтпай Абай сөзін,
Адам болам деп жүрмін қалайша өзім?
Қарашығым ғаламға тік қарайды –
Нәр жинаса тұнықтан жан, ой, сезім.
Талабымның тұлпарын тақымдар ем,
Болмасам, қайратқа бос, ақылға кем.
«Жүрегім – дос» десем де,
неге екенін
біле алмадым,
құлқынға жақын дәмем.
Адамдықтың үлгісін үйрене алмай,
Түсерім де белгісіз күйге қандай?!
Жанталасып келемін тәннің ғана
қалауының отына күйген ардай.
Жанарымда жалт етіп, сағым күліп,
Қойды елестің соңынан сабылдырып.
Күнде құрық көрмеген шу асаудай
тізгін бермей жасайды қарын бүлік.
Артамын осындайда кімге өкпемді?!
Біреудің мені ойлауы міндет пе енді?!
Не істесе де өзгелер тазарта алмас
пенде өзінің пейілімен кірлеткенді.
Жаныма жарық тұтпай Абай жырын,
Ғұлама салған жолдан тағы айныдым.
Жүгенсіз кеткен лағып жарым естің,
себебі – ойсыздығы бар айыбының.
Адамдықтан алыстап безе берсем,
Еңсемді ессіздіктер езеді өңшең.
Адамның жақсы-жаман тірлігіне
өзі өмір сүріп өткен кезең – өлшем.
Білмеймін неде екенін ғұмыр мәні?
Көңіл-ай, суынбалы, құбылмалы.
Жиі-жиі ішкі әлем әуезінің
Бұзылады кем соғып бір ырғағы.
Қалайша ойлылардың күнін кешем,
Өзімнің жүрегіме үңілмесем?!
Ертеңнен не сыбаға бұйырады
кетсе егер көз алдымда бүгінге есем?!
Сығалап «тереземнен» қарайды кім?
«Көз түскен» сәтте ғана арайлымын.
Ар-айдынын тулатып жан шаяр ем,
титтей де сезіне алсам, Абай мұңын.
Ғұмыр кешіп келемін құр дәмемен,
Мен бұлдандым, бағасын бұлдады әлем.
Биігіне ақылдың жету үшін,
Жетеді екен Адамға бір ғана өлең:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста!…»
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.