Бір өлең – бір әлім

«Ішейін деп ішпейсің ғой нәлетті»,

Басымыздан жақсы-жаман – бәрі өтті.

Бақыт дейтін үркек құсым төбемнен

қанат қағып бері де өтті, ары өтті.

 

Қауырсыны қанатының тым нәзік,

Сусылдайды отырғанда жыр жазып.

Бір айналып соққаны оның байқасам,

Бір күнге емес,

Бір айға емес,

Жылға азық.

 

Жарым түнде Тәңіріммен тілдескен

кездерімде,

Ол да күйді бір кешкен.

Үркек құсым,

Мен жылыстап кеткем жоқ,

Шарқ ұрғанда кезің қайда үндескен?

 

Сен – үркексің,

Мен – жуаспын,

Сөзім – аз,

Жарқ-жұрқ еткен, жарығым-ау, кезім аз.

Жалғыз өзім жар жағалап шаршаймын,

Тау асар ем берсе Тәңір төзім аз.

 

Үркек құсым,

Былғанбаған төрім ең,

Кейде саған сәл салқындау көрінем.

Жұдырығы жүректегі пендеңмін,

Ал, білегім?..

Қойшы соны, ерінем…

 

Басынғысы келетінін басқаның,

Тастағысы келетінін аспанын,

Байқадым ғой,

Шайқадым ғой басымды,

Шарт кеттім де,

Шалқалаған қасқамын.

 

Үркек құсым,

Сен сол кезде «пыр» еттің,

Қу жүрегім қуысында дір етті.

Бір жуас пен бір үркектің мекені –

Енді қайтіп жұбатармын жүректі?!

 

…біз алыста емеспіз…

 

Жарас СӘРСЕК.

Добавить комментарий