Арал апат аймағы құрбандарының –

әкемнің, анамның, апамның,

қарындасымның, қызымның, туған-туыс,

аға-іні-бауырларымның рухына бағыштаймын.

Автор

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

сыртым шуақ болғанмен,

ілгім – боран..

Қабағыңды орынсыз шыта бермей,

жанарыңның жарығын түсір маған.

 

Түсін, балам, мені де түсін, балам,

Сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран..

Көптен бері түс көрмей кетіп едім,

кеше түнде көрген бір түсім жаман.

1

Алшақтығын бір аттап аралықтың,

туған үйге қайта бір оралыппын.

Ауыл-аймақ түгелдей мәз болуда

базарында жүргендей балалықтың.

 

Келгеніндей немесе елге жаздың,

қонғанындай тобымен көлге қаздың.

Қоңыраулатқан қиқулы дүние бір,

арасында солардын мен де мәзбін!

 

Анам байғұс иіскеп мандайымнан,

әлденелер сұрауда мән-жайынан:

«Жиі-жиі осылай келіп тұрсаң,

кетпеймін бе айналып сендей ұлдан».

 

Сабасына түсті ме «тентек келін»

Мінезім де бар еді әнтек менің,

Жүрген жоқ па жазғырып.

Ал, өзіңнің

азайды ма, әйтеуір «ертектерін»?..

 

Немеремді келмедің неғып ала,

атанады-ау, күні ертең «тағы бала».

Біздердікі – тек қана желеп-жебеу,

атасы мен әжесін сағына ма? –

 

дейді дағы көзіне жас тұнады,

жас тұнғаны – жанымды пас қылады.

Сонадайда апам тұр аңтарылып,

тарам-тарам көзінің қос бұлағы…

 

Сыпайы бар, сыйлы бар, сынағыш бар –

сирек қонақ секілді қуаныштар,

Онсыз әсте өтпейтін… Неге екенін,

реңінде аздаған реніш бар…

 

«Болайын» деп бола ма адам бөтен,

Қателеспес тірлікте қадам да кем.

Азасына бара алмай қалып едім,

бәлкім, суық сыңайы содан ба екен?

 

Ездігіме сондағы енді өкініп,

көрісейін десем де сәл бекініп.

Бірімізге біріміз жете алмаймыз,

жете алмаймыз…

…қолсозым жерде тұрып.

 

Жамыраса жиналған мың сан үйден,

көрінбейді кең аула кіл сәбиден…

Бәрінің де үстінде ақ жамылғы –

сыбағасы бұйырған бұл фәниден.

 

Бірі келіп мойныма асылады,

бірі, сірә, білмейді жасын әлі

Енді бірі уілдеп ақ бесікте,

енді бірі дидарын жасырады…

 

Күтпегендей қуана бұл тойды анық,

енді бірі кетеді сырт айналып…

«Жана ғана шадыман сияқты еді,

Неге бұлай?» дегенше күрт ойланып,

 

сескенбей де, саспай да, сақтанбай да,

секірмей де, күлмей де, шаттанбай да,

қарсы алдыма бір сәби ұшып келді,

жалғыз көзі жарқырап қақ маңдайда!

 

Қалғаныммен есімнен адасып бір,

Жасытпайын деймін мен жан ашып құр.

Екі көзге үйреніп қалғанбыз ғой,

Жалғыз көзі әйтпесе жарасып тұр.

 

Әлгі сәби шот маңдай, бүйрек бетті,

тергеушідей төселген билеп көпті.

Жауабымды күтпестен жаңылдырып,

үсті-үстіне сауалды түйдектетті:

 

– Келдініз бе мәңгіге мұнда, аға, сіз?

Дерт алды ма сізді де шын дауасыз?

Көптікіндей көзіңіз екеу екен…

Қай елденсіз?

Қай жақтан?

Кім боласыз?

 

«Әке» деген бар дейді – көрген жоқпын,

«Ана» деген бар дейді – емген жоқпын..

«Қызық» деген бар дейді – қуған жоқпын,

туған жоқпын…

Демек, мен өлген жоқпын!

 

«Жүрегі» бар жандармен бірдеймін мен,

«Тілегі» бар жандармен бірдеймін мен.

Қанатым бар – періште қанатындай,

Жүрген жоқпын…

…ешқашан жүрмеймін мен!

 

«Фәни» деген не нәрсе – білмеймін мен,

«сәби» деген не нәрсе – білмеймін мен.

Бір-ақ рет жыладым жыласам да,

күлген жоқпын…

…ешқашан күлмеймін мен!

 

Көз, қол, аяқ, ағзасы бүтін жандар –

«Өмір» атты сарайда құтырғандар…

Онсыз «Өмір» адамға Азап дейді,

ал, мыналар – Азаптан құтылғандар!

 

…Осыменен бітті ме сыры мәнді,

Кеңістікке ілініп тұрып алды!

көз алдымда күнәсіз көзі менен

ықтиярсыз, ызалы түрі қалды.

 

Суық ине суырып жүрегімнен –

соқырлықтың пердесін түре білген.

Жалқы жанар жасқанып ақиқаттан –

түпсіз көкке телміріп тұр едім мен,

 

Көңілімнің қақ тіліп көк боранын,

арманымның лақтырып ақ парағын.

Көкжиекте жарқ еткен найзағайдай,

«Кеке» деген дауысқа жалт қарадым!

 

Көрсетпеген келбетін бұрын сағым,

желбіретіп карсы жел тұлымшағын.

Маған қарай құлдырап келеді ұшып,

беймезгілде мерт болған құлыншағым.

 

2

Түсін, балам,

Мені де түсін, балам,

Сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран..

Кабағыңды орынсыз шыта бермей,

Жанарыңның жарығын түсір маған!

 

Түсін, балам,

Мені де түсін, балам,

сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Көптен бері түс көрмей кетіп едім,

кеше түнде көрген бір түсім жаман!

 

…Алшақтығын бір аттап аралықтың,

туған үйге қайтадан оралыппын…

Көрші-қолаң түгелдей мәз болып жүр,

базарында жүргендей балалықтың.

 

Болып отыр әкем де арқа-жарқа,

Айналасы – кәдімгі алқалы орта.

Барлығы да бақилық ақсақалдар,

амандасып жатырмын қорқа-қорқа.

 

Қорқатындай олардан себебім бар,

– Біздің үйге соқпайсың неге, мұндар,

Шіренетін кім едің? – дейтін еді, –

сыбағаң бар – сақтаулы тамағың бар!

 

Енді бірі өктемсіп: – Өй, әкенді…

Адам болып калыпсың, бәрекелді!

Жасасаңдар қайтеді бір амалын,

дей бергенше: «Аралға пәле төнді!»

 

Сәтін таппай жүр едім ұрысатын,

емессің-ау, сірә, сен дұрыс ақын.

Дұрыс ақын қор жинап жатыр, әне –

деп жетеліп… шекесі тырысатын…

 

Осы жолы ортаға тағы да алды

– Тайғаны ма Аралдың бағы мәңгі,

Жүз ойланып жүргенде, мың толғанып,

табанында тек қана қағы қалды.

 

Саган айтып жатырмыз мұны, балам,

дер шағың ғой, басың сау, дінің аман.

Бізді қойшы, біздерді кім тыңдайды,

түскендердің тұғырдан – күні қараң, –

 

деп бастады қарттардың ең үлкені…

– Құп-қу болып кетіпті өңің, тегі,

кінәрат бар, байқаймын, бір жеріңде,

топырақ же, – дейді әкем, – семіртеді.

 

Неменеге шошисың, тәңір атқан,

аштықта да ағарып таңым атқан…

Әгәрәкім, топырақ жегенімде

өлмейтін ем қылғынып кылтамақтан.

 

– Топырақ же! – деп бәрі жатыр қостап, –

тыңдамайды бұл жастар ақыл қоссақ.

Жай топырақ емес тек, сор қосып же,

шығарасың және де атыңды асқақ!..

 

Иә, солай, шырағым, ерегеспе,

Сор дегенің мың да бір ем емес пе?

Сорлап қалған жандардың білсін бәрі

Өмір үшін тайталас-төбелесте!

 

3

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

Сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран.

Қабағыңды орынсыз шыта бермей,

Жанарыңның жарығын түсір маған.

 

Түсін, балам,

мені де, түсін, балам,

сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Тулап туған құлынын шыңғыртуда,

тулақ қылған тұлпарын қысыр заман!

 

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Тіл қата алмай мақаулық етсем екен,

тыңдата алмай шындықты – күшім қараң!

 

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

Сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран.

Көктем өтті, жаз да өтті, күзім келді,

қарсы алам ба, білмеймін, қысымды аман.

Жарасқан Әбдіраштың «Құлпытас» жинағынан (Алматы, 2017 жыл)

Добавить комментарий