Майдангердің майдангерді жан-жүрегімен ұғып, түсінуі – өзге ешбір адам баласы бастан кешіре алмайтын алапат сезім. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте, үміт пен күдік қақтығысқан мезетте жан серігіне ғана арқа сүйеген, өрлік пен ерлікке ғана табан тіреген ерлердің қайсар рухы мәңгі жасайды. Бүгінгі Жеңіс күнінде павлодарлық майдангер-қаламгерлердің қарулас-қатарларыстарына арнаған өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз. Бұл жырлардан замандасқа деген заңғар сағыныш, қаруласқа деген мызғымас құрмет аңғарылады.
Дихан Әбілев (1907-2003)
Жұмағали Саинға
Біреудің шырағына күл төгетін –
Кір жоқ ед жүрегінде бүркенетін.
Жүзіндей ақ семсердің тайсалмаушы ед,
Туралық қажет етсе сілтенетін.
Кешегі қу соғыста қанды қырғын,
Жазықсыз жауынгері ед жалын жырдың!
Жау атқан жауыз оқтан жараланып,
Бірі еді жарымжан боп қайтқан ұлдың.
Сонда да ол он сегіз жыл мойымады,
Сөнбеді арман оты ойындағы.
Жырлады жүрегінің қаныменен,
Ерлікті қаһармандар бойындағы.
«Қатал! Қатал! Партизан» – қаталдығын,
Өртке оранып дұшпанның батар күнін,
Ақиқатшыл ақ семсер қайсар ақын
Жырлады жорық түнін, сапар күнін!
От бұрқанған отаншыл жүректі өлең,
Досымнан бізге қалған түлек көрем.
Домна пеш жалынымен жазылғандай –
Партизандардың өзіндей жүректі өлең!
Иненің жасуындай менен бүккен
Жан сыры болған емес оның тіптен.
Адалдық деген – ақ сүт
Тәңірінен
Басқаға жан емес ед тізе бүккен.
Қалижан Бекхожин (1913-1990)
Бауыржан Момышұлына
Жүректе оты жанған жігіт едің,
Атаның алып қалған үміт-кегін,
Жөнелдің қарсы бастап қалың жауға,
Қазақтың қайсар ноян жігіттерін.
Еріндей ертегінің қайта туған,
Ашуың атқан толқын айбатыңнан;
Кегінен қалың қазақ қайнап жігер,
Тасыған қайратыңмен жауға атылған.
Қаһармен қар бораған қабағыңнан,
Қанқор жау қалтыраған қамалыңнан.
Тапталған дүлей дұшпан табаныңа,
Тәйірі, қазақ деп пе ең таба қылған.
Бастаған қалың қолын тасқын еді,
Бәрі де таудың ұшқан тас түлегі.
Қазақтың мұзды балақ қыранындай,
Сен едің гвардия бас түлегі.
Қас батыр жігіттерің қасыңдағы,
Қалың жау қаптағанда басынғалы,
Қаһарлы дауысыңмен жауға ақырған,
Қарсы ұшқан қардай борап ашулары.
Жеңіске жорығыңды жолдау үшін,
Жайпаған жаудың талай жолдағысын.
Жалындай аспанға ұшқан атағымен,
Мәліктей жойқын күшті жолбарысың.
Өзіңнің арта берсін ер атағың,
Айбынды сүйген ұлы бол атаның!
Мақтансын туған елің дабысыңа,
Қорғаған батырым, деп ұлы Отанын.
Жарқылдап жау үстінде қаруларың,
Көтерсін қазағыңның аруағын,
Білсін жау бір ел барын қазақ деген,
Ашынса, көрсетпейтін жауына күн!
Бастай бер жасағыңды алдан-алға,
Дауылды тоқтататын қамал бар ма?
Сондай-ақ азаттықты алып жөнел,
Туысқан тұтқындағы адамдарға!
Мұзафар Әлімбаев (1923-2017)
Бұрынғы 101-ұлттық дербес атқыштар Бригадасының ержүрек жауынгерлеріне – қарулас достарыма арнаймын!
Жауындардың телегейі біз кешкен –
Оқ жауыны кешегі.
Дауылдардың дүлегейі біз кешкен –
От дауылы кешегі.
Ақ теңіз бен Қара теңіз арасы –
Лапылдады тамұқтай.
Жарқырады Отанның әр баласы,
Қасиетін анықтай.
Танк балқып, құрысқанда қайытай,
Болат бу боп ұшқанда.
Шайқастарда шыдап бақтық қайыспай,
Жай түсіріп дұшпанға.
Бір пенде емес, бір елге емес еркіндік,
Халықтарға сый тарттық.
Жеңіс туын әукелете серпілдік,
Ғасырларға сыйлаттық.
«Отан үшін отқа түссең, құлшын нық, –
Күймесіңе біз кепіл!».
Солай деуге қақымыз бар. Бұл – шындық!
Тағдыр кілті бізде тұр.
Біздің жеңіс шұғыласымен нұрланған,
Жолдарымыз алдағы…
Берекелі бейбітшілік – ұлы арман
Адамзаттың арманы.
Әзірлеген, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.