Бағаналы ордам бай-бақты,

Шаңырағына ай сүйінген айбатты,

Керегесі алтыннан,

Уығында үр тасының буы бар.

Бозбаласы байрақты,

Бойжеткені бозбиенің сүтіменен жуынар.

Ханзадасы күлік мініп күн түбіне жортатын,

Теріскейі тебінінен қорқатын.

Тақ  қасында тағылымы теңіздей би-сұлтандар жүретін.

Бұрһы мінез ұзаны тау тағысын мінетін.

Ей, бұл ұлыстың даңқына

Еміреніп төрт мұхит, алты құрлық сүйінген.

Жасауылдар күннің көзін ұялтып алтын сауыт киінген.

Даласының кеңдігіне ұшқан құстың қос қанаты талатын,

Тәңірінің дәргейіне

«Ұлысымды сыртқы жаудан,

ішкі даудан сақта!» деп

Ақсарбас атап сойдырып,

Құнан бұқа шалатын.

Қобызының үніне күллі ғалам байланып,

Аспанында ақсұңқары самғайтын,

Домбырасының тіліне жеті қат көк айланып,

Жер астының елін де желмая мініп шарлайтын.

Үрімді уысында ұстаған,

Қырымды қырық батыры қорғаған.

Баһадүрлерін Ғайып- Ерен Қырық Шілтен  қолдаған.

Шығысында шүршітті ықтырып, дәргейіне бағынтқан.

Батысында Қара теңіздің жағасында арғымақтарын сабылтқан.

Қос өзендердің түйілісінде ірге жайып, өркениеті гүлдеген,

Рухы көкке қанат жайып бәйтерек болып бүрлеген.

Бұлбұлдары қолға түспеген,

Тотылары торға түспеген еркін ел,

Сол ертегі заманның күйі енді қашан шертілер?…

Күңіреніп күн түбінде жортқанда аспандағы бұлттың өзі ығатын,

Күркедегі қарашасы келешектің жазымшын ұғатын.

Қаһарланса жарты әлемді сыйдыратын қауызға,

Қайран  күндер мәңгілікке айналдың ба аңызға?

Қайта оралшы, қайта оралшы, о, көктем,

Сол құдірет қайта қонса кенеттен,

Арқыраған арыны бар сел өткен,

Аңыратып жел өткен

іргемізді бүтіндеп,

Көкке ұшқан қасиетім, құтым кеп.

Көтерсе бір еңсемді,

Әй, армансыз елмін деп,

Осы күнді көзімменен көрдім деп,

Сарқып ішсем кесемдегі несібемді ең соңғы!

Арман бар ма, па, шіркін!?

Ерлан АМАНҚОЖА,

айтыскер ақын, Көктөбе ауылының тұрғыны.

Добавить комментарий