Алматыда…

(Н…-ға)

 

«Алматыда не бар?», – дейсің, алтыным.

…Алматыда бәрі бар…

Болмысымның бояуы бар, әрі бар.

Естелік бар ескірмейтін, дәмі – бал.

Көшесінде,

Даңғылында,

Бағында

Сал дәуреннің салтанатты шағы бар.

Сол шақтарды мендік жүрек сағынар.

 

Алматыда тағдырлар бар сан қилы,

Шерткен қала ол мың-миллион жан-күйді.

Жанарында адамдардың ар тұнып,

Самалында өмір иісі аңқиды.

 

Іле суы Ертіске кеп құйғандай,

Туласа қан, бойға керек сый қандай?!

Алматыда бір жігер бар.

Жас ақын

Алатауға қарап қайрат жыйғандай.

 

Сабылтатын өзге жерден табылмай,

Алматыда жарастық бар, бағымдай,

Бұл өмірге қатар келіп, бір кеткен,

Тұманбай мен Қадырдай.

 

Алматының әр бұрышы – тәлімді ой,

Ұқсаң болды, алсаң болды қадірлей,

Жаңбырындай ағыл-тегіл шаттығы,

Сағынышы алмасының дәміндей.

 

Алматыда толқын тірлік тынбайды,

Кейде қызық, қуанышын бұлдайды,

Кептелісте жолаушысын сынайды,

Көп керісте жол басшысын шыңдайды.

 

Танымыңа ылайықты төр сайла,

Егілсең де, берілсең де қанша ойға,

Көңіл-кептер Көктөбеде қалықтап,

Өмір-кептер қонақтайды Кеңсайға.

 

Алматыда бір «алау» бар лаулайтын,

Жылытатын,

Ерітетін,

Баурайтын,

Серпілтетін,

Сергітетін…

Сол «алау»

Баянтаудан ескен лептен аумайтын.

 

Алматыда думан да айқын, той да айқын.

Тазалық бар ешкім бұзып, жоймайтын,

Аңғалдық бар көңіліндей Елөштің,

Бар адамды өзіндей деп ойлайтын.

 

Бақыт қонар иесіне шын күткен,

Жанды жайлап алса-дағы мұң тіптен.

Алматыда қимастық бар,

Әлгі ару

Мен кеткенде жас үзгендей кірпіктен…

 

«Алматыда не бар?», – дейсің, алтыным…

…Алматыда жан-дүнием бар өзімнің.

Оны талай сезіндім.

Еркелігім,

Еркіндігім,

Сенімім,

Арасында – ең ыстығы сезімнің,

Алматыға алғаш барған кезім мен

Алматыдан қайтып келген кезімнің…

Ақын үйін іздеу

(баллада)

 

Думан болса, қалай басты бұғармын?!

Қиқуға да, қызыққа да құмармын.

Алматыға алғаш келген кезім ед,

Үйін іздеп шықтым Жәкен жыраудың.

 

«Құлагерге» жеттім зулап заматта,

Құштарлығым қанат қағып қабақта.

Қайта-қайта қарай берем қобалжып,

Мекен жайын жазып алған параққа.

 

Көз алдыма небір сурет келеді,

Шет-шегі жоқ, өлшенбейтін көлемі.

Тек мекен жай емес тілдей қағазда,

Басылғандай болашақтың бедері.

 

Жәркен дедім жігерімнің есімін,

Жәркен дедім Жыр-Елімнің бесігін.

Жәркен деумен…

Жәутеңдеумен көп көзге,

Таптым,

Қақтым аға үйінің есігін.

 

Жәркен мені арман болып қарсы алды,

Аласармас заңғар болып қарсы алды.

Қарсы алды ағам құшағына сыйдырып,

Тазалықты,

Іңкәрлікті,

Аңсарды…

 

Шынардай боп зәу биікке орнаған,

Қырандай боп қос қанатын қомдаған,

Тегеурінін қасқыр шайнап тастаған,

Қыран жайлы аңыз айтты ол маған.

 

Қайрат болса, бар ма одан бақ ұлы?!

Құс патшасы – табиғаттың ақылы.

Қайта жинап мысын, сұсын сол қыран,

Кеткен кегін қайтарыпты ақыры.

 

Жан қайнатқан қызуындай көріктің

бұл әңгіме – бастауы ұлы жорықтың.

Қыран кегін мысал етіп айтқаны –

«Тегеурінді бол!» дегені.

Соны ұқтым.

 

Ойым кетті шарлап ашық аспанды,

Ақын айтты (толқып, көзден жас тамды):

«Әне-міне аяқтайын деп тұрмын,

Айдын ғарышкер туралы дастанды».

 

Ағам үні – шыққан дауыс нық бірден,

Ағам үйі – мызғымайтын құтты іргем.

Ғарыш жайлы айтқан оның сөзінен,

Биік самға деген ойын ұқтым мен.

 

Әр лепесін ойға шырақ тұтамын,

Толысамын, ал, әзірге жұқамын,

«Жұлдызға орын ай бермесін» әйгілеп,

Қоштасарда сыйға берді ол кітабын.

 

Аға үйінен тұнық болып шықтым мен,

Жүрегімді үміт керіп шықтым мен.

Босағадан бозбала боп аттап ем,

Жалындаған жігіт болып шықтым мен.

 

Сол кездегі жан тербеген шақ қандай?!

Естелік бұл бойды желпір мақпалдай.

Табам іздеп ақиқаттың қонысын,

Табам іздеп адамдықтың өрісін,

Табам іздеп ақындықтың кенішін,

Дүр ақынның үйін іздеп тапқандай.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий