
I
– Өз тағдырың өзіңе берілмеген,
Басқаның да қолымен өрілмеген.
Бірақ сенсіз бір дән де себілмеген
Неткен жұмбақ осынау өмір деген, –
Деді маған бір ауру, әлсіз адам,
Күні біткен, жартылай жансыз адам.
Көзқарасы дұрыс па,
Бұрыс па әлде
Кейуім де ол жерде заңсыз оған.
Мен өмірді басқаша сезінемін,
Тағдырыммен күн сайын кезігемін.
–«Өз өмірім өзімде емес» – деді-ау
«Келістім» де қойдым мен сөзіне оның…
–Өз қызығым өзімде емес менің,
Жанбай тұрып білмеймін неге өшпедім.
Ынтықтық пен сүюдің мазмұны жоқ.
Өттім жалған ғашықтық белестерін, –
Деді маған жас жігіт мұңын шағып,
Келе жатқан өмірі құлынша ағып.
Бұл сөзіне өзі де сенімді емес
Түк көрмеген өмірден тұлым шабыт.
Бақыт жалғыз сағатта жасалмайды,
Оның өзі емес-ау осал қайғы.
Ол жігіттің сұлуы жеңіл ойлы
Махаббаттың тағдырын шеше алмайды.
Төзімдінің көңілі ортаймайды,
Шаңырағы шалқайып, шайқалмайды
Кейде жарты ғұмыр да төреші боп.
Бақыт жайлы пәлен деп айта алмайды.
Дем беретін шаршаса түңілме деп,
Сәл жеңіске масайрап бүлінбе деп
Бақыт жайлы дәл пікір айта алатын
Бір адамға бүтін бір ғұмыр керек.
Салмағы жоқ сөздерге сенемін бе,
Қиқар басым шынымен көнемін бе.
Бір үйлену тойында бір перизат
–Мендей бақытты әйел жоқ, – деді өмірде.
Шындығында дауым жоқ жамалына,
Бұғағы да,
Мойыны,
Тамағы да,
Өлгенді де тірілтіп алатындай
Және өзінің бар екен амалы да.
Болмаса да менің бір жоғалғаным,
Қылықты әйел бойынан сол арманым
Ізгілікті және де
Жанарынан
Өмір отын лаулаған көре алмадым.
Шарапқа да жақсы екен,
Көңілді екен,
Дейді: – Барлық сыннан да сенімді өтем.
Күйеуім бар,
Байлық бар,
Волгамыз бар,
Ал, байлықсыз өмірің өмір ме екен.
Меншік үй бар,
Бар ғажап алма бағы
Біздегіні ел қызғанып,
Таңданады.
Соның бәрін құраған одан-бұдан
Күйеуімнің бақытты әр қадамы.
Өзім болсам сырқатпын жүрегімнен,
Оны әркім көреді күйеуімнен
Көре алмаған жұртыңыз не демейді
Күйеуімді сонда да сүйемін мен.
Көтерілем кей кезде тауға да әрең.
Ол түгілі түсемін ойға да әрең.
Өзім болсам айттым ғой үйдемін деп
Ал, күйеуім аздаған саудаменен…
….Әлі ертерек не дейміз,
Сақтанамыз,
Қанатын кең жайсын деп бақ-панамыз.
Өзімізді өзіміз ұстап жүрміз…
Сондықтан да әзірше жоқ боламыз.
Өмір бізді осылай жетектейді,
(Өмір біздің киімді өтектейді)
Менің алтын күйеуім,
Арыстаным,
Сөзімді бір құдай-ау екі етпейді!
Өтірік айтып өмірден безінбеймін,
Мен де пенде тұп-тура өзіңдеймін.
Бақыт өзі арзандап тұрған кезде
Қалай ғана бақытты сезінбеймін, –
Деді тура бетіме қарап тұрып,
(Қалдым мен де сыр бермей қабақ түйіп)
Жүрегінің қарамай сырқатына
Алды өзіне содан соң шарап құйып.
Адамның да ішінде көп аласы,
Бола алмайды пәктіктің ол анасы.
Кеткен ондай пақырлар арманы арам
Тұяғынан бақыттың садағасы.
Айтқанына сенбесім,
Сенерімді
Біле алмадым
Мен оған не дерімді,
Өзі арзан ойлайтын болғандықтан
Арзандатып жіберді ол өмірді.
Тыңда ақиқат өмірдің өз баласы,
Адамдардың ішінде аз ба аласы.
Әр пенденің болмысы жаратылыс –
Сол адамның өмірге көзқарасы.
Кірді өзіне ешкім де жолатпайды,
Айтуды да ол жайлы жаратпайды.
Даттап жатса біреулер бұл өмірді
Біреулері асыра мадақтайды.
Сөйлегім де келмейді оспақтатып,
Жібергім де келмейді тас қаптатып.
Бұл өмірді біреулер құнсыз етіп,
Біреулері жіберді асқақтатып.
Көргенімен,
Түйгені,
Көңілімен,
Ащысымен,
Ауыры,
Жеңілімен,
Кезекті сөз келеді ақиқатқа
Жұмысы жоқ басқа да
Соны білем.
Тыңда, оқушым, айтайын аз ғана шын,
Тағдыр айтып ең соңғы көзқарасын,
Таразысына өзінің салып тұрып,
Әркімге өмір береді өз бағасын.
II
Ажыратып салмақтың аражігін,
Қалтылдайды бастары таразының.
Өлшеуіштер үнсіз-ақ дауыстайды
Аттама деп біреудің ала жібін.
Қашып тұрып дүниенің қиынынан,
Күлер біреу өзінше миығынан.
Неше түрлі салмақты көтереді,
Өлшеуіштер дем алып иығынан.
Ар-ожданды аяққа төсеп тұрып,
Жатқанды да көресің есеп қылып.
Машинадан біреулер түсіп жатыр
Келіп жатыр біреулер есек мініп.
Бұлдыраған алдыңда сағым дермін,
Сатып жатыр біреулер жанын жердің…
Болмайды екен ешнәрсе сатылмайтын
Дүниенің ол жерден бәрін көрдім.
Жүрек сенер,
Көргенде көңіл ұғар,
Тазасын ал,
Таңда да ең іріні ал.
Өлімі бар тиын мен ақшаңыздың
Жемістердің базарда өмірі бар.
Іздемейсің жәндік пен құс терісін,
Өрік, жаңғақ аласың тістеу үшін.
Алаулаған алмалар сатылады,
Бұтағынан домалап түскені үшін.
Үркек үміт ұшсаң да ұш мен үшін,
Базардағы сен дәмді пістемісің.
Бүлдіргендер ешнәрсе бүлдірмей-ақ
Сатылады шағында піскені үшін.
Шайқап тұрып бастарын таразылар,
Өз иесін сынап бір алары бар.
Ал, саудагер, сақ болғай,
Байқамасаң
Ожданың мен арыңның ажалы бар.
Артқа – мұра,
Осы ма алдағы үміт,
Жатқан жандар үміт үшін сауда қылып.
Таразының басында қалт-құлт етіп,
Бара жатыр ақиқат аударылып.
Жер тұрғанда қайтеміз ерке қылып,
Жер тұрғанда кішкентай өлкені ұмыт,
Тіршіліктің анасы жұп-жұмыр жер,
Кетпесе – деп тілейін төңкеріліп…
Өзін-өзі тұқым мен қинады дән,
Ұзаған соң бөлініп үй маңынан,
Пәлен тиын болды да шыға келді
Әңгелектің бағасы килограмм.
Құлақ түріп иесінің жарлығына,
Бүтіні де,
Жартысы,
Қалдығы да,
Салмақтарын саралап,
Өлшеттіріп,
Алып жатыр бағасын барлығы да.
Үлкені де,
Орташа,
Титтейі де,
Шикісі де,
Піскені,
Үйткені де.
Үйрек болып,
Ет болып өтіп жатыр –
Баға мықты сатылып біткеніне.
Толып жатыр дүниенің басқасы да,
Алып жатыр ел біткен ақшасына
Алып жатыр бағасын саудагердің.
Ешкісі де,
Иті де,
Шошқасы да.
Әйелдер де
Бояйтын тырнақтарын,
Бояулардың құндысын,
Қымбаттарын,
Алып жатыр.
Еркектер сатып жатыр
Ит тұқымы – Балонка,
Бульдоктарын.
Алақаның қышыса алағандай,
Ешнәрсе де қалмайды сараланбай.
Ал, бағасыз қалғандар бақытсыздар
Қалуға да болмайды бағаланбай.
Болар бәрі,
Бәрін де уақыт сынар.
Жүніңді де саудагер жақұт қылар.
Базарыңда түскен соң таразыңа
Бағалы боп кетеді бақыттылар.
Итім үшін қызықтым үйшікке де,
Қамшыға да, жүгенге,
Бишікке де
Әсіресе бақытты сезінеді
Сатылғаны үшін де қисық шеге.
Қаны сұйық тым үйір жанжалыңа,
Жете алмайтын бәрібір арманына
Сәл бақытсыз,
Әйткенмен тым қаһарлы
Бір ингуштың қызықтым қанжарына.
Тауларынан Кавказдың өркештенген,
Келген екен.
Жасты екен ертектермен,
Аңыздармен түйедей құрдас екен
Бір заманда қалыпты черкестерден.
Рас болса, Пушкин де ұстапты оны,
Рас болса, Лермонтов ұштапты оны,
Қиылады алыңыз, дегендей-ақ
Көргісі де келеді қыстап мені.
Жүрегімде Кавказ бен дала менің
Егер ақсам Терек боп ағар едім
Бәрінен де Пушкин мен Лермонтовтың
Қаламсабы болғанда алар едім.
Әркімдер жүр өз жоғын қарастырып,
Біреулер жүр біреуді адастырып,
–Бал ашам деп сыған қыз жалынған соң
Көрдім оған ерігіп,
Бал аштырып.
Тік қараймын мен оның жанарына,
Ол қарайды жасқанып қабағыма.
Тым әдемі көздері,
Кірпіктері,
Дауымыз жоқ дидары,
Жамалына.
–Көріп тұрмын жігітсің жолың ауыр,
Жуытпаған жансың сен арыңа кір.
Әділ болғың келеді шамаң келсе
Бақ та қонбай жүр екен басыңа бір.
Жат білекке, жігітім,
Жат ерінге,
Қызықпағай,
Қызықсаң – қатерім де.
Тұрмысыңды алғаның жақсы түзеп
Нашар екен жалдаған пәтерің де.
Тиді сөйтіп әдемім намысыма,
Сөйлегісі келмеді әрі сірә.
Шошып қалды түрімнен тез өзгерген
Балады ма даланың тағысына.
–Әділсің сен.
Тым адал қара басың.
Бақыт сені қаласын,
Қаламасын.
Мінезің бар қайтпайтын алған беттен
Түбі, -деді – Бақытты бола аласың.
Ел-жұрты көп базарда қарақұрым
Аттамай-ақ пенденің ала жібін.
Таразысы секілді саудагердің
Өлшеу керек мезгілдің ара жігін.
Бола аласың.
Боласың.
Бақыттысың.
Өлшей алмай жүрсің тек уақыт күшін.
Тәжірибе,
Аздаған тәсіл керек
Бақыттысың бауырым,
Бақыттысың.
Адам ғой ол, келмеді алалағым,
Адам ғой ол, келмеді табалағым.
Емес шығар балгер де,
Көріпкел де
Психолог екен деп жобаладым.
Бірақ, бірақ қайнады зығырданым,
Шығарам ба деп едім шыбын жанын.
Жетіп келді жаныма бір сұлу қыз
Төгілдіріп жіберген бұрымдарын.
– Сәлеметсіз бе, ағай,
Амансыз ба?
Бағаңыз бар онсыз да,
Оларсыз да.
Кейімеңіз мазмұнсыз сөзіне оның
Не айтпақсыз пікірі табансызға.
Қызықтырды мені оның көзіндегі ой,
Қызықтырды пікірі,
Сөзіндегі ой.
–Өмірі де,
Бақытты,
Болашағы,
Таразысы әркімнің өзінде ғой, –
Деген сөзі жаныма жетті менің,
Тым жақыннан сезіндім отты лебін.
Дәл осындай көп болса ойлы жандар
Одан басқа өмірден жоқ тілегім.
Одан басқа өмірде жоқ арманым,
Табылғандай кеткенім,
Жоғалғаным.
Жаман оймен ұшырып қоқсықты
Үрлеп тұрса адамның самал жанын.
Әрбір адам өзінше әуен дермін.
Әуен емес, керемет әлем дермін.
Әділеттің алдында тұрғандай-ақ
Қызға мен де иіліп сәлем бердім.
Өзін сосын Бақыт – деп таныстырды,
Көзінде от,
Сөзінде намыс тұрды.
– Студентпін,
Болашақ мұғаліммін
Жүрген жай бар армандап алыс қырды.
Алда, ағай, мақсатпен бір тауымыз,
Алда әлі шарықтау,
Шырқауымыз.
Бақыттымыз.
Бізден де бақыттырақ
Болады әлі біздердің ұрпағымыз.
Деп ойлаймын.
Ұстанам заман жырын,
Заман жыры алдында табандымын.
Адам жасау адамнан қандай бақыт
Сондықтан да ұнайды мамандығым.
Дихан,
Шахтер,
Ер етіп,
Батыр етіп,
Космонавт,
Дәрігер,
Ақын етіп,
Және, және үкімет басшылары
Мұғалімнің алдынан жатыр өтіп, –
Деді маған жалт етіп жанарымен,
Жайлап алды жанымды қалауымен
Адамдар мен ұрпақты сүйетінін
Аңғартады ап-ашық қабағымен.
Жырлаймын мен енді оны ашық тілмен,
Сыр пернесін сыңсытып басып бірден,
Ұрпақ үшін жанымен ауыратын
Студент қыз,
Өзіңе ғашықпын мен.
Ажыратып салмақтың аражігін,
Қалтылдайды бастары таразының.
Өлшеуіштер үнсіз-ақ дауыстайды
Аттама деп адамның ала жібін.
Былай тұрып қара бас амандығы,
Адал, ойлы жандарды аға қылды.
Қасқағым мен сәт сайын таразыға
Түседі екен адамның адамдығы.
Мән беріліп ісіне,
Сөздеріне,
Білгеніне,
Көргені,
Сезгеніне,
Бергеніне,
Еккені,
Тергені де
Түседі екен әділдік безбеніне.
Мақсаты бар әркімнің,
Арманы бар,
Сапары бар,
Шарлаған жолдары бар.
Сол арқылы басамын таразыны
Әр тағдырдың өзіндік салмағы бар.
Салмағы бар шөптің де,
Шөңгенің де,
Қаңбақтың да қаңғыған ең кемінде…
Салмағы бар.
Салмағың сенің, адам,
Әр ісіңде,
Ақылың, еңбегіңде.
Самғат,
Самғат биікке дала құсын,
Келсін саған күннің де қарағысы.
Бар дүние сенеді тек өзіңе,
Тек өзіңде әділет таразысы.
Д.Стамбековтың «Бір тамшы ғұмыр» (Алматы, «Сөздік-Словарь», 2014 жыл) кітабынан алынды.
