Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Торайғыров университеті журалистика факультетінің студенті Дәурен Бақытқажыұлының «Арқандағы арғымақ» жыр жинағы жарық көрді.

Ақын 1989 жылы 10 сәуірде ҚХР, Тарбағатай аймағы Толы ауданының Ақбелдеу ауылы Жамбылқора қыстағында дүниеге келген. Бұған дейін ол «Он сегіз», «Махаббат шыңы» жыр жинақтары мен «Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қалжыңдары», «Қытайдағы танымал қазақ әндерінің тарихы» кітаптары шыққан. Әлем қазақтарының үздік спортшылары туралы «Саңлақ» атты энциклопедиялық еңбек жазып шыққан.

Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханады жаңа жинақтың тұсаукесері өтті. Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер – Серік Елікбай, Сайлау Байбосын, Ғабит Сапаров және автордың замандастары қатысты. Оқырман назарына ақынның жаңа жинағынан әзірленген «Білмеймін болады екен қайыр неден?» жыр топтамасын ұсынамыз.

 

Ақтөс

Түсіп кетті-ау құлазыған шақта есіме,

Басымнан тайғанда бақ-несібе.

Жаныма жақын көрген кейбір жандар,

Жетпейді-ау менің сол бір Ақтөсіме.

 

Кей пендеден, расында, сүйкімді едің,

Үрумен бұзсаң-дағы ұйқысын елдің.

Адамдарды көргенде бүйрегі без,

Сағындым сені, ей, Ақтөс, итім менің.

 

Іздедім сені қарап жер, қарап көктен,

Қараңдаршы құлазыған алап неткен?!

Менің адамдар жаралап жүрегімді,

Сені ақсақ қып қалың ит талап кеткен.

 

Емес ем баяғы Дәурен, баяғы мен,

Сені де өзімді де аядым мен.

Мен бір жаққа аттансам сен артымнан,

Қалмаушы едің ақсаңдаған аяғыңмен.

 

Бақытымды әкетті жыл, тонап ай, күн,

Көретіндей мені мәңгі оңалмайтын.

Сенен басқа Ақтөсім көп пенделер,

Қасыма онша көп те жоламайтын.

 

Көңілім әлденеден жүдеу көрген,

Жүдегенде жаныма оларды тіреу көргем.

Әй, бірақ Ақтөсім боқ жесең де,

Артық екенсің бал жаласқан біреулерден.

 

Көшкен тау

Көшкен тау» – Қытайдағы Баркөл ауданында, бір көлдің бойындағы жалғыз таудың атауы)

О, Көшкен тау, қасиетті тауым менің,

Қасіретім таудан да ауыр менің.

Қимастықпен қоштасып кеттім жырақ,

Артымда қалғаны – бір қауым елім.

 

Білмеймін болады екен қайыр неден?

Тауым қалды артымда Жәйір деген.

Туған таудан айырды мені тағдыр,

Сені қандай тылсым күш айырды екен?

 

О, Көшкен тау, кең жазира, асыл мекен,

Сенде өткен күндерім ғасырға тең.

Тұрған анау қасыңда айнадай көл,

Көл боп аққан сенің көз жасың ба екен?

 

Өтер талай самалын есіп көктем,

Мен жүрермін сағынышты бесік еткен.

О, Көшкентау мұңлық ем менде сендей,

Туған таудан бөлініп көшіп кеткен.

 

Қайда жүрсем, Қазақпын

 Көкке қарап көз тіккен,

Көк түріктің ұлымын.

Жатқан Орхон бойында,

Күлтегіннің жырымын.

 

Қанжардай боп қадалып,

Жаумен қанша алыстым.

Құл боп барып Мысырға,

Хан болған Бибарыспын.

 

Парасаты нұр шашқан,

Адамзатқа, ғаламға.

Жатыр Шамның елінде,

Әл-Фараби бабам да.

 

Ташкенттің төрінде,

Жатқан Төле биімін.

Астраханға жерленген,

Құрманғазы күйімін.

 

Көшкен бұлттай басымнан,

Көшті талай ғасырым.

Қалған Ресей жерінде,

Хан Кененің басымын.

 

Елім деген ерлерім,

Жырға сені қосайын.

Қалып қойған Берлинде,

Мен Мұстафа Шоқаймын.

 

Қара тасты қақ жарып,

Көктеп шыққан дәнімін.

Аспандаған дауысы,

Мен – Әсеттің әнімін.

 

Тас түрмеге тасталған,

Мен – Таңжарық ақынмын.

Жанын қиған ел үшін,

Мен – Оспанмын, батырмын.

 

«Елім-айлап» ел көшіп,

Гималайдан ары астым.

Армандаған бұл күнді,

Әлиханмын, Алашпын.

 

Бір Аллаға сиынып,

Хақ жолында қартайдың.

Құранды алғаш аударған,

Мен – Халифа Алтаймын.

 

Егемендік алғанда,

Еліме кеп біріктім.

Аңсап жеткен алыстан,

Мұстафа Өз-Түрікпін.

 

Көк туға көз жаутаңдар,

Қандасымның зарымын.

Тарпаң тағдыр қолымен,

Шашып кеткен тарымын.

 

Мен – асқақпын биікпін,

Әне сондай ғажаппын.

Ұмытпаған өз тегін,

Қайда жүрсем, Қазақпын!

 

Мен келемін…

Мен келемін…

Кетсе де бастан бақ ұшып,

Өзіммен-өзім алысып.

Жалған дүние жағасында,

Екі қолым қарысып.

 

Мен келемін…

Келер күнге талпынып,

Шағаладай шарқ ұрып.

Қос өкпем қос қолымда,

Келемін мен алқынып.

 

Мен келемін…

Келемін мен егіліп,

Қос қабырғамнан сөгіліп.

Қара бұлт боп үйіріліп,

Ақ жауын боп төгіліп.

 

Мен келемін…

Мал өсіріп жан бақпай,

Шағылмайтын жаңғақтай.

Белгісіз боп мекенім,

Жел ұшырған қаңбақтай.

 

Мен келемін…

Емеспін әсте қорыққан,

Қайғыдан небір жолыққан.

Сырдың суы сирақтан,

Топан су келмей тобықтан.

 

Мен келемін…

Жасқа толып етегім,

Арманға, бәлкім, жетермін.

Осылай жүріп өмірден,

Бір күні мен де өтермін.

 

Мен келемін…

Тәңірдің шығар жарлығы,

Көз жастың соңғы қалдығы.

Мен келемін үмітпен,

Болады деп барлығы…

 

Ақсақ бөрі

Тұрды кеудем аһ ұрып,

Тіс-тырнағын батырып.

Бет қаратпай өзіне,

Ақпан келді ақырып.

 

Мұз боп қатты бұлағы,

Сыз боп батты тұрағы.

Ақпандағы ақ боран,

Көрінбес аттың құлағы.

 

Ақ бұрқағы ақпанның,

Басына түсті батпан мұң.

Қапты көкжал аяғын,

Қанды ауызы қақпанның.

 

Таудың көкжал тағысы,

Оянып іштен намысы.

Көкке қарап ұлиды,

Құдайға жетіп дауысы.

 

Батырлыққа бай далам,

Рухынан еш таймаған.

Нағыз көкжал тұр әне,

Өз аяғын шайнаған.

 

Сол көкжалдық баяғы,

Жоқ еді оның аяры.

Көкжал кетті құтылып,

Қақпанда қалды аяғы.

 

Күнім қашан ашылар?

Шуағым қашан шашылар?

Ақсақ бөрі барады,

Ақ бұрқақ қашан басылар?!

 

Екі бүйрек

Беймаза сондай күйдемін,

Қапаландым күйредім.

Қайсысын сүйем білмеймін,

Бар менің екі бүйіргім.

 

Не түрлі күн де кешем ой,

Бір күні мен де өшем-ғой.

Бір бүйрегім әкем де,

Бір бүйрегім шешем ғой.

 

Бірі – ән, бірі жырым ғой,

Бірі – бал, бірі шырын ғой.

Ал біреуі ағам да,

Ал біреуі інім ғой.

 

Екеуі екі гүлдей ғой,

Бірі – ай, бірі күндей ғой.

Теріскей бірі болғанда,

Ал біреуі күнгей ғой.

 

Екеуі екі қауым ғой,

Екеуі екі ауыл ғой.

Бірі Жәйір болғанда,

Біреуі Алатауым ғой.

 

Екеуі екі елім ғой,

Екеуі екі жерім ғой.

Бірі Қасқабұлақ та,

Біреуі Алакөлім ғой.

 

Екеуін екі бөлмегем,

Ойласам болды, шерленем.

Бірісіз бірі күні жоқ,

Екеуінде тең көрем.

 

Туған жер алтын тұғырым,

Түледі сенен бір ұлың.

Атажұртта өтсінші,

Қалған жарты ғұмырым.

 

Өз өзіммен…

Өз өзіме кінә арттым,

Өз өзімді жылаттым.

Жылатып ап өзімді,

Өзімді өзім жұбаттым.

 

Өз өзіме өкпем мың,

Өзіме өзім кектендім.

Өзімді өзім жазалап,

Өзімді өзім жек көрдім.

 

Барасың қайда, есіл күн?

Басылғанын-ай десімнің.

Өзіме өзім өкпелеп,

Өзімді өзім кешірдім.

 

Бәріне келем төзумен,

Арманым қанша көз ілген.

Оңашада сырласып,

Отырмын өзім өзіммен…

 

Мен жиырма бес сен ол кезде он бесте едің

Көнер ме едің білмедім, көнбес пе едің?!

Сенер ме едің білмедім, сенбес пе едің?!

Алып қашып алар едім бірақ әттең,

Мен жиырма бес, сен ол кезде он бесте едің.

 

Сонан бері көзіме көрінбедің,

Шуақ шаштың, көңілімнің төрінде мың.

Бір сүйгенде кеткені бетің от боп,

Дір-дір етіп шиедей еріндерің.

 

Аунай кеттік маңайымыз шалғын еді,

Балауса қыз жанып тұрды бал-бұл өңі.

Өне бойды шымырлатып бара жатыр,

Балғын қыздың алған әлсін балғын демі.

 

Тастап мені өткел бермес бір ағынға,

Кете бердің көнбей тағдыр сынағына.

Жарқ етіп жай отындай жоқ болдың сен,

Бір-ақ рет құшағыма құладың да.

 

Білмеймін көркін гүлдің тойламақ кім?

Сені аңсап қаншама түн ойға баттым.

Бойжетсін деп ішімнен жүргенімде,

Қолым жетпей қаларын ойламаппын!

 

Мас болдым сол түні мен махаббатқа

Жүр әлі кетпей сол бір есімнен қыз,

Неге ғана жүрек отын өшіргенбіз?

Есіңде ме екеуміз қауышқан сәт,

Мерейлі бір туған күн кешінде біз.

 

Недеген сүйкімді едің шырайлы едің,

Сен маған көрген сәттен ұнай бердің.

Биледім сосын қарғам өзіңменен,

Қолымда нәп-нәзік қынай белің.

 

Бақытыма жүрдім сені балап қанша,

Іштім сол күн ішпеуші ем шарапты онша.

Саған арнап жыр оқыдым сол түні мен,

Саған арнап ән салдым таң атқанша.

 

Қарап тұрсаң бұл өмір қатал-ақ та,

Жаным мұқтаж сендегі шапағатқа.

Мас болдым сол түні мен шарапқа да,

Мас болдым сол түні мен махаббатқа.

 

Өшпейікші жаным-ау жанбай жатып,

Кетейік бір-бірімізге балдай батып.

Туған күн кешінде емес екеуміздің,

Тойымызда билеп жүрсек, қандай бақыт!?

 

Ақ қанатты періштем

Сәттерімде бұл тірліктен торыққан,

Сенсің, еркем, ғайыптан кеп жолыққан.

Мың пәлелі мұң бар еді жанымда,

Айналайын жүрегіңнен соны ұққан.

 

Аласұрған көңілімде толғаныс,

Жанды ауыртар басымдағы болған іс.

Сен сөзіңмен дем бересің әрдайым,

Ұзақ-ұзақ жүргенім де жолда алыс.

 

Бір жан едім жалғындықпен жаным қас,

Өзіңдей жан, сірә, маған табылмас.

Мен мұңайсам,е сен тұрасың жұбатып,

Қанатымен су сепкендей қарлығаш.

 

Бұл өмірдің у мен балын тең ішкен,

Махаббаттың құдыреті ең үстем.

Қай қашанда қорғап мені жүретін,

Сен аман бол, ақ қанатты періштем.

Добавить комментарий