Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы

Ділда Уәлибек – 1998 жылы Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, бірнеше республикалық мүшәйраларының жеңімпазы.

ШӘКӘРІМНІҢ СУРЕТІ
(поэма)
І
Әлденені айтпақ боп,
Әлденені ымдайды,
Әлдені нұсқайды шыж-быж болып,
қол сермеп.
Ұқтыра алмай кейиді,
Жеткізе алмай жылайды,
кейде тіпті иегі селкілдейді кемсеңдеп…
Не айтқысы келеді,
Нені ымдайды, –
белгісіз.
«Арам» дейтін сияқты,
кімді екені – беймәлім.
Ұғып қалар дей ме екен түбі әйтеуір бір пенде,
Көршілерге барады күнде айналып үй маңын.
Бәлкім осы жүрісі,
Бәлкім қимыл-ісінен,
«Шәукен келе жатыр деп» бала біткен қашатын.
Ақыл-есі орнында,
Бар айыбы – тілі жоқ,
Әлденені әйтеуір ымдайтын да жататын…
ІІ
Естімейді құлағы,
сөйлемейді – тілі жоқ,
Бұла өскен бірақ та байдың ерке баласы.
Кемтарлығы болмаса,
Тазы ит, құсты түсініп,
жануарды ұғатын
алғыр,
ашық санасы.
Тар замана тарттырған
тауқыметті не түрлі,
Бұлардың да басына қара бұлтты үйірді,
Бай-бағлан деп әкесін жер аударды қиырға,
Жасөспірім балаға қосшы болу бұйырды.
Малды жайғап,
жайлайды,
Сыпырады қораны.
Содан кейін кешкісін абақтыда от жағады.
Естімейді құлағы,
сөйлемейді –
тілі жоқ,
тудырмайды күдік деп сонда алып қалады.
Басқа салған тағдырға
үнсіз ғана көнеді.
Шаруасы жоқ басқамен,
бар білгені –
тірлігі.
Бірсыдырғы күндері өтіп жатты осылай,
Осылайша уақыт сынап сынды сырғыды.
ІІІ
Тасыр-тұсыр дыбыстар,
Дүңк-дүңк еткен адымдар,
Бір топ адам сау етіп кіріп келді тосыннан.
Болды ғой деп бір сұмдық,
бойын үрей биледі,
Шәукен кіре берісте отын жарып отырған.
Жүрістері тым суыт,
Түксиеді түрлері,
Анық көрді жүздерін алаулаған жалыннан.
Жақ, – деп, – отқа мынаны,
Тастап кетті алдына
әлденені әкеліп қаттап қапқа салынған.
Сау етіп кеп,
сау етіп шығып кетті қайтадан,
Тек біреуін осында бақыла деп қалдырды.
Қазан ұрған ызғарлы күздің суық кеші еді,
Жел де шықты терісінен,
қап-қара бұлт төніп кеп,
төкті қарлы жаңбырды.
Не болғанын түсінбей,
Аңтарылып аз тұрды.
Бұйрық қатты, – жан тәтті,
қапты ақтарып қарады.
Бірі толған қолжазба,
бірі толған кітапқа,
Ұқпаса да ой түйді дүние деп бағалы.
Әкеп қап-қап қағазды төкті пештің алдына.
Қайтсін,
жүрген бір міскін,
тұрған түк жоқ қолында.
Күзетем деп қасында қалған адам жайланып,
бойы жылып,
жайғасты бұрыштағы орынға.
Арасында бір салып мына жаққа көз қырын,
Сырт киімін,
етігін шешіп қойды жанына.
«Не істер дейсің,
өртейді,
жақпай қайда барады»,
деп ойлады,
сонан соң кірісті ұйқы қамына.
Ала қағаз,
көп кітап таудай болып үйілді.
Танымайды әттең хат,
әттең оқи алмайды.
Қайтсін,
жүрген бір міскін,
тұрған түк жоқ қолында,
Ал бұйрықты тағы да істемеске болмайды.
Бума-бума қағазды
пешке салды дірілдеп,
Қызыл тілі жалаңдап,
жалмаймын деп от тұрды.
Жалын бірден кемірді қолжазбаның бұрышын,
Көзді ашып-жұмғанша жанып кетті,
жоқ қылды.
Тағы бірін тастады,
Тағы жұтып әкетті,
Жақты осылай қаншасын,
кетті осылай қаншасы.
Жазулары әртүрлі,
Қалың,
жұқа,
қара,
көк,
Қаншама сан кітаптың шықты парша-паршасы.
Салайын деп жатқанда
кітаптарды тағы отқа
Арасынан кенеттен сусып түсті бір сурет.
Қолына алды жалма-жан,
жүзі таныс жан көрді,
Аңтарылды сол ма деп,
болмаса егер,
бұл кім деп.
Көзі жетті ақыры,
Суреті де ап-анық,
Шеті сәл-пәл бүктелген,
артында бір жазу бар.
Ойға толы мұңлы көз қарап тұрды қадалып,
Жо-жоқ,
жаға алмайды,
жібермеді жағуға ар.
Ұйықтап жатыр түк сезбей,
оянатын түрі жоқ,
Бұрыштағы орынға көз тастады ақырын.
Ішігінің астарын сөгітіп кеп жіберіп,
Екі бүктеп суретті
тығып қойды жасырып.
…Өртей берді тоқтамай,
Жана берді лапылдап,
Сезді іші қылп етіп,
бір сұмдықтың болғанын.
Аждаһадай от лаулап, жалын тілі жалаңдап,
Жаға берді барлығын.
Өртей берді қалғанын.
ІV
Іс те бітті,
жұмыс та,
жапты есікті жалма-жан.
Жан-жағына қарайлап,
үйге қарай асықты.
Ұлын күтіп жұмыстан есік ашқан шешесін
түксиген түр,
боз өңі қатты-қатты шошытты.
«Ауыра ма бір жерің?
Әлде біреу тиді ме?
Шүберектей бозарып өңің қашып кетіпті».
Ұлы ымдап бешпенттің жыртық жерін көрсетті,
Қойнындағы тігісін төрт елідей сөгіпті.
Алып шықты содан соң тығып қойған суретті,
Түсіндірді шыж-быж боп
қайдан,
қалай тапқанын.
Кемсеңдейді иегі,
өксіп-өксіп ымдайды,
кімдер неге келгенін,
нені неге жаққанын.
Шешесі де «алдалап»,
Жанарына жас алды.
Суретті алып қолына басты сәл-пәл аптығын,
Сосын төргі бөлмеде тұрған ашып сандығын,
Ақ матаға оралған алып шықты ақтығын.
Кебінге орап суретті
қайта салды орнына,
Бетін сипап содан соң дұға оқыды күбірлеп.
Қарап тұрған ұлының арқасынан сипады,
Жөн болды деп бұл ісің,
дұрыс болды мұның деп.
V
«Қарадың ба дұрыстап,
Өртеді ме барлығын,
Қалмады ғой ештеңе,
басқа пәле болмасын.
Әлгі өртеген сақаудан көз жазбаған шығарсың,
Тексердің бе дұрыстап
қойны-қоныш дорбасын?».
Деді бірі түксиіп,
Жауап берді қарауыл:
«Ол кітапты не қылсын,
ештеңе де алмады.
Бәрі дұрыс,
бұйрықты орындадым бұлжытпай,
Қап-қап қағаз-кітаптан тіпті күл де қалмады».
«Сақ болайық сонда да,
Сақтық барда, қорлық жоқ.
Бірдеңесі қап қойса,
ояды ертең төбеңді.
Тінту керек қораны,
сосын тұрған үйін», – деп,
Апыр-топыр барлығы солай қарай жөнелді.
VІ
Тасыр-тұсыр дыбыстар,
Дүңк-дүңк еткен адымдар,
Кешегілер тағы да кіріп келді кенеттен.
Атқақтайды жүрегі алқымында тұрғандай,
Келді екен бұлар деп
енді қандай себеппен?
«Қалып қойған жоқ па екен,
жасырмап па ештеңе,
Бәрін қара дұрыстап, тексер қуыс-қуысты,
Тексеріңдер мұны да,
үсті-басын тінтіп шық», –
бұйрық берді біреуі,
қалғаны іске кірісті.
От жағатын қорада
Күйе басқан,
жұпыны
не бар дейсің ақтарар,
қарайтын көз тоқтатып.
Орындықты аударды,
шелектерді төңкерді,
Таба алмады ештеңе, тінтетін жоқ басқа түк.
Бірі барып Шәукеннің
Қойны-қоншын тексерді,
Онда да жоқ ештеңе, дәнеңе де таппады.
Шешкізді де етігін,
сілкіп-сілкіп қарады,
Одан да түк шықпады,
соныменен тоқтады.
«Жақсы,
мұнда түк те жоқ,
бәрі таза,
кетейік.
Тексерейік енді үйін,
солай қарай барайық.
Бастадық қой әйтеуір,
көңіліміз жайлансын,
бәріне әбден дұрыстап көз жеткізіп алайық».
Шәукен түсті алдыға,
үйіне жол көрсетіп,
Ышқынады қара жел, күн де әбден кешкірді.
«Тауып алса, не болмақ,
Көріп қойса, қайтеді?»
Жүрегінің дүрсілі өз-өзіне естілді.
Әрең басып келеді ілбіп екі аяғын,
«Қашып қайда барамын,
сыпырады терімді..»
Сүйретіліп солайша
әрең келе жатқанда,
Әне үйі де алыстан қарауытып көрінді.
VІІ
Тасыр-тұсыр дыбыстар,
Дүңк-дүңк еткен адымдар,
Соққылайды қоймастан сындырардай есікті.
Мұнысы не,
кім келді,
неге сонша қағады,
түсіп еске кешегі іс одан сайын шошытты.
Ашты есіктің күршегін
Сақтықпенен, ақырын:
алдында тұр баласы, қасында топ адам бар.
Итере сап,
сау етіп, баса көктеп кірді ішке,
деді сосын біреуі:
«Түк қалтырмай қараңдар!»
Алашаны жердегі
алып ұрды бұрышқа,
Көрпелерді жиналған жай түскендей жапырды.
Үйдің ішін жан-жақтан астаң-кестең қопарды,
Шешесі мен баласы тағат таппай отырды.
Сандықты ашып біреуі
Апыл-ғұпыл ақтарды,
Кебінді алып қолына енді қарай бергенде,
Атып тұрды кейуана,
қатқыл үнмен саңқ етті:
«Тиме,
менің ақтығым,
оранамын өлгенде!»
Болсын қанша тасбауыр,
Болсын қанша оңбаған,
Кәрі ананың сөзіне селт етті ме жүрегі,
Кебінге бір қарады,
салды сосын орынына,
Бұл не деген құдірет,
бір жасаған біледі.
Таппай ақыр ештеңе,
Апыр-топыр шықты үйден,
Солға қарай беттеді тінтімекке қораны,
Шешесі мен баласы сандықты ашып жалма-жан,
Бір өлімнен қалғандай
бір-біріне қарады.
VІІІ
Жылдар өтті жылыстап,
Уақыт өтті зымырап,
Тынышталған секілді болды сәл-пәл заман да.
Айтылмайды дегенмен,
Айта алмайды ешкім де,
Қала берді жабулы сол жабылған қазанда.
Бір серпілтіп ел ішін,
Дүркіретіп даланы,
Шыңғыстауда жүз жылдық тойы өтті Абайдың.
Көптен салмай ат ізін кеткен Мұхтар келді деп,
Бұл оқиға көп уақыт жүрді аузында талайдың.
Қырға барып, құс атып,
Сергітпекке көңілін,
Елдің бір топ адамы алып шықты Мұхтарды.
Көздегені мүлт кетіп,
ду етті көп дуадақ, –
қанжығасы бос қайтты ұшырып ап құстарды.
Мұның бәрін сыртынан
Шәукен байқап қалады,
Аңшылардың ісіне кейіп санын соғады.
«Ертең қайта келіңдер,
Атты алысқа байлаңдар,
Жасырынып жатыңдар,
Алдарыңа дуадақ өзі келіп қонады».
Өзі келіп бұларға,
Ымдап бәрін ұқтырды.
Ертеңінде барлығы айтқанындай болады:
Әкелмейді аттарын,
жасырынып жатады,
алдарына дуадақ өзі келіп қонады.
Мұхтар сонда сүйсініп,
Қатты разы болады:
«Бір керемет жан екен құстың тілін білетін.
Өзі сөйлей алмайды,
көкірегі сайрап тұр,
ымдап-ақ та жеткізді бізге бүге-шігесін».
Аттанарда сонан соң
Алматыға қайтадан,
өз үйіне шақырды бір топ елдің адамын.
«Өздеріңмен Шәукенді бірге ерте келіңдер,
біздің үйден дәм татып,
ол да болсын қонағым».
ІХ
Ұзақ күтті бұл күнді.
Қобалжыды,
толқыды.
Басып-басып қояды оқтын-оқтын кеудесін.
«Алып шығып оңаша
тапсырамын қолына,
бірден барып өзіне табыстаймын келгесін».
Барлық қонақ жиылды,
ет те келді ортаға.
Қанша әңгіме айтылды, бәрі ұйып тыңдады.
Шәукен тұрып орнынан,
қарады да Ахатқа,
екі көзі жәудіреп әлденені ымдады.
Әкесінен аумайтын,
бойы ұзын,
тұлғалы,
салмақты да сабырлы қалған тұяқ асылдан.
Айтпағы бар екенін ұғынды да жанына
өзі барды,
«Не үшін шақырды екен тосыннан?»
Кінәсі бар адамдай,
жалтақтайды жасқанып,
Иегі сәл кемсеңдеп,
көзін төмен түсірді.
Ақ матаға оралған әлденені қойнынан
алып шығып
басты да бауырына аялап,
дір-дір етіп Ахатқа
«Ала ғой», – деп ұсынды.
«Қайран қара нарым-ай,
Қасиеттім мұқалмас!»
Көре сала суретті қоя берді өкіріп.
Бірін-бірі құшақтап,
солқ-солқ етіп жылады,
Беріштенген шер-мұңның көк түйіні шешіліп.
Жиналғандар түсінбей
аңтарылып аз тұрды,
сосын көріп суретті көздеріне жас алды.
Алғыс айтты Шәукенге,
бір қуанды,
бір жылап,
өшкендері жанғандай сөніп қалған қашанғы.
Х
Әлденені айтпақ боп,
Әлденені ымдайтын,
Түсінбейтін ешкім де,
қиын бәлкім ұғуға.
Анау үйде тілі жоқ бір қария тұратын,
Мұршалары жетпейтін мүмкін мойын бұруға.
«Арам» дейтін сияқты,
Бірақ кімді? –
Беймәлім.
Ұқтыра алмай шыж-быж боп кемсеңдейтін иегі.
Бар айыбы – тілі жоқ,
Ақыл-есі орнында,
Мына дала сияқты дархан еді жүрегі.
Ешкімменен ісі жоқ,
Тек айтқысы келетін.
Бір шындықты білді ме әлде жанға бататын.
Ақыл-есі орнында,
Бар айыбы – тілі жоқ,
Әлденені әйтеуір ымдайтын да жататын…
«Дегелең» кітабынан.
