Туған жердің таулары
Сезімімнің алауы жанып іштен,
Бұлақты аңсап баяғы қанып ішкен.
Туған жерім, топырақ, тау бөктерім –
Саған бара жатырмын сағынышпен.
Тағы көріп таулардың сілемдерін,
Жан жарамды келеді бір емдегім.
Төбесінен қарасам түр-өңдерін,
Жайғандай Хақ жәннәттің кілемдерін.
Ай, күнді ажыратып биіктігің,
Оң жағыңа Ай батса жиып түнін.
Көкке қарай көтеріп жібересің,
Көк жиектің таң ата сүйіп күнін.
Аңдар жортып қыраттың аңғарында,
Топ болып төлін ертіп жандарында.
Абыздың сақалындай салаланып,
Жазда да қар жатады жондарыңда.
Құзыңда арқар, құлжа, бөкен, бұғы –
Киелі аңдар етеді мекен бұны.
Қиясына көз салсаң көрінеді
Қырандардың ұясы екендігі.
Тауың – тоғай, тоғайын гүл көмеді,
Тасқа біткен қынадай түрленеді.
Құм түгілі құлпырып өсімдігі,
Таста гүлдеп тамыры бүрленеді.
Төбеңнен бұлт бурадай төніп кетіп,
Ақ жаңбырға жатады көміп кетіп.
Жарқ етіп күн шығады жарып бұлттан
Оттай боп қайта жанған сөніп кетіп.
Көк майса ауылымның аумағында,
Жүгіргім де келеді аунағым да.
Арманым жоқ алыстан аңсап барып,
Табанымды тоздырсам тауларында.
Меңіреу мұң
Күндейсің!
Сөзің жанымды жаншыды, күнім!
Білмейсің!
Онсызда мені осып келеді қамшы ғұмырым.
Қайтпаспын,
Сөк, қайра, қина қамшылап.
Айтпаспын,
Тұрса да қаным тамшылап.
Ақыл-досымыз,
Ақыл екен ғой – дұшпаным.
Мақұлдасыңыз,
Мысалы қамшы қысқаның.
Әдетте ғашық,
Адал жандарға ұстаным – төзім, ар, иман.
Әдептен асып,
Ақылдан озбау – менің де басты қағидам.
Ұғынам,
Түсінем, тіпті төзем де.
Шұғылам,
Шуақ шашасың мендегі мұңлы кезеңге.
Бағыма балап,
Бас салдым бұлдыр елесті.
Сағына қарап,
Жүргенім жай бір жол ескі.
Көмескі…
Құдай қаласа
Байланып көмескі бейнеңе өзіңнің,
Күнде кешкісін көміліп мұңға көз ілдім.
Сонша ауыр екенін сіз айтқан әлгі төзімнің,
Өзіңізбенен қоштасқан сәтте сезіндім.
Долдана соққан дауылы таудың басылса,
Ақ бұлттар көшіп көкте арлы- берлі тасынса.
Мені ойлаңызшы, мен сізді ойлап отыр деп,
Мені ойлаңызшы, көк аспан шайдай ашылса.
Сары аяз кетіп, сең жүріп судан өткенде,
Сарыала қаз кеп қаңқылдағанда көктемде.
Мені ойлаңызшы, мен сізді ойлап отырам,
Су болып өңір сіркіреп жаңбыр төккенде.
Қырансыз қалар қиясын ойдың мекендеп,
Көп әурелендім қасыңа ұшып жетем деп.
Мені ойлаңызшы, мен де ойлап сізді жүремін,
Жүрегім ытқып шығардай сыртқа тепеңдеп.
Өмірім өтер, ай, жылым, күнім өзіңсіз,
Өтетін болса әр сәтім мәнсіз, сезімсіз…
Ойлашы мені, орала қалсам ойыңа,
Ойлама, бірақ, шарасыз жан деп төзімсіз.
Айыр жолдармен алыстап кеттік біз, білем,
Қимаймын…
Аңсап, сағынам…
Күтем…
Үздігем…
Көрсетпей кетем өзімді, бірақ өзіңе
Күндердің күні көруге барып сізді мен!
Наз
Үмітті үкілеп жүр едім,
Ал сезім шайқасқа шақырды.
Бәрінен қорқатын жүрегім
Дәл қазір ерекше батыл-ды.
Бір затқа айналғым келеді,
Мәңгіге сақтайтын бұл ғалам.
Жалынның жоқ маған керегі,
Өртенсем соңында күл болам.
Ақыры мені өмір жеңеді,
Жолымды жолыңа қоспасам.
Кездескім келмейді, себебі,
Себебі содан соң қоштасам…
Сағынғым келмейді, күткім де,
Сарылып күту де мұң екен.
Санама салмаймын жүк мүлде,
Тыныштық төрінде түнетем.
Пенделік шаршатар берілсең,
Батырып батпақтың құйына.
Түбінде бәрібір жеңілсем,
Еркіндік берейін миыма.
Толғаныс
Сырымды сезініп ұғар кім,
Қияли өмірге құмармын.
Арманға алданып күн көрем,
Мен, бәлкім, ақымақ шығармын.
Боп келем қайсар да, жасық та,
Сеземін жол әлі қашықта.
Сенімдей семсерге сүйеніп,
Шығам да шайқасам ашыққа.
Жетермін жазира көктемге,
Ақ қыстың қырауы кеткенде.
Несіне налимын, өмірдің
Сес-сыны соншалық өктем бе?!
Жоқ емес тағдырға өкпем де,
Жоқ бірақ өш, ашу, кек менде.
Қажеті болғанда, қажетім
Табылар жерден де, көктен де.
Заманның сыры бар сан қилы,
Қанқұйлы ал бірде, ән-күйлі.
Бір сәткі бақытты сағатым,
Біршама уақытты қамтиды.
Құштарлық
Сәби едім есеймеген ерте күн,
Ханшайымдай мен бәріне ерке едім.
Көңілімде күлкі – көктем, ойын – бақ,
Өмірімде болмаушы еді келте мұң.
Бір күнімнен қызықты өтіп бір күнім,
Жайдарлана жаңғырығып жүрді үнім.
Қазіргідей қатал тағдыр талкөйттеп,
Қабағыма түсірмеуші ет кірбіңін.
Артта қалып бақыт болған бұрынғым,
Бағыт түзеп басқа жолға бұрылдым.
Сүрлеулердің соқпағына сүріндім,
Жабырқадым, жасыдым да бүліндім.
Өмір сенің басың – бақыт, түбің – мұң,
Өсе келе соны сәл-пәл ұғындым.
Өткенімді өкініш қып жүргенде,
Тағы бақыт алып келді бұрынғым.
Ой, не дерсің?!
Өтті талай бастан күн,
Жасқадым да мен тірліктен жасқандым.
Қолыма кеп қонды қыран құстай боп,
Арман болып алыстарға қашқан күн.
Жүрек соқты, лүпілдеді нәзігім,
Ол да мұңлы!
Сірә нендей жазығым?!
Сана сарсаң, әлденеге ой әлек,
Шыдамадым… Мен одан да қажыдым.
Мұңын желпіп торкөз тағдыр перденің,
Тұнығында мөлдір зәмзәм зерденің.
Тыншымаған таңда, түсте, кеште де,
Тапты ақыры сезім соңғы ермегін.
Ол – өлеңім, оңашада сырласым,
Ғашық болдым жігіт емес жырға шын.
Таптым солай тілін асқақ тілектің,
Тақтым солай шабытымның сырғасын.
Міне, осылай өрлеп келем мен өрге,
Жыр болмаса жығылар ма ем егер де?
Өмір бойы қызығумен келемін,
Өмірімді өңдеп берген өнерге.