Тәуелсіздік бұлағы

Сонау ілкі заманнан-ақ, қаһарлы,

Тәуелсіздік – асқақ ұғым атанды.

Күлтегіннің бүгілместен тізесі,

Көк Тәңірден бата алды.

 

«Түн ұйықтамай, күндіз мүлдем күлмеді…»,

«Я еркіндік, я болмаса мүрдемді…

қалдырыңдар,

Ит пен құсқа жем қылып,

Сөгілгенін көргенінше іргеңнің!».

 

Ұлық арман болашаққа бастаған,

Ұлы күндер!

Мұз төсеп, қар жастанған.

Әр самалдан тәуелсіз леп есетін,

Сондағы арман – ғазиз арман, басқа арман.

 

Сусып кетіп қайта оралды сынап-бақ,

Қанды күндер қалды артымда жырақтап.

Сусынымды мен қандырып жатырмын,

Өзің ішкен, Тәуелсіздік-бұлақтан.

 

Осы күнге жетпегенмен Күлтегін,

Төныкөктің ақын атты ұрқы едім.

Мен ешқашан, ноқта-жүген кимеспін,

Өйткені мен – Тарпаң едім, жылқы едім.

 

Тірілерге ескерту

(Хан Кененің монологы)

Мәңгі құл боп өтеміз бе дегенде,

Көк Тәңірден аян жетіп төменге.

Көк байрағым көтерілді тебемде.

Ақсарбас, Науан, ақсарбас!

 

Басты жоқтар ұл тумастай көрініп,

Кеткен едім өз-өзімнен жерініп.

Тірі ме едің шынымен-ақ, өлі үміт!

Ақсарбас, Науан, ақсарбас!

 

«Ақыр соңы бір арманға тоқталық!» –

Осылай деп қырылып ек көп халық.

Арман қайта оралыпты, бақ болып.

Ақсарбас, Науан, ақсарбас!

 

Ынсап кетсе ұлыс пенен ұлықта,

Ел іргесін сөксе егер де мұжықтар.

«Басы жоқ!» деп, басынбасын қазақты,

Бассыз денем тіріледі, ұмытпа!

Ақсарбас, Алаш, ақсарбас!

 

Тәуелсіз ұлдың тілегі

Гүлден де нәзік, мәуелі,

Жырдан да сұлу әуені.

Ауадан жеңіл, аялы,

Алтыннан қымбат, кәделі.

 

Басыңда тәждей, бұл – ұғым,

Махшар таңындай, ұлы күн.

Шырылдап қорғап өтермін,

Шыққанша сірі сіңірім.

 

Анамдай сүйдім, үздігіп,

Атамдай арда ізгілік.

Құдайым мәңгі сақтағай,

Қазақтың Тәуелсіздігін!

 

Еркіндік елдің жүрегі,

Аруақты арда күреңі.

Тәуелді енді болмайық –

Тәуелсіз ұлдың тілегі!

 

Тәуелсіздік

Осы ұғымның жете алмастан парқына,

Осы күннің бойлай алмай даңқына –

Өтпесе екен, кетпесе екен болашақ,

Жүреледім болашақтың алдына.

 

Осы күнді сезінген бар, бас ұрып,

Осы күнім болмаса екен асылық!

Осы күні Алматыда, бей уақ

Рухымыз қалды күлдей шашылып.

 

Осы күннің мәнін түйсін, сырын ұқ,

Соққан талай, дауыл, боран жылымық.

Осы күннің, бодауы боп бір кезде

Кене ханның кеткен басы жұлынып.

 

Кеше ғана күлге айналып ұлы үміт,

Кеше ғана бордай тозып ұлы жұрт.

Сай салада, қына басқан сүйегім,

Ай далада ақ табан боп шұбырып…

 

Мұртты тажал қалқып жеді қаймақты,

Мұрты мысық, тышқаншылап ойнапты.

Бесігіңді түзе деген, тектімді,

Бесатардың ұңғысына байлатты.

 

Айта берсем ат көтермес мұң-зарым,

Кешір бізді, шаһит кеткен ұлдарым.

Кешір бізді, шала-жансар рухым,

Кешір бізді, бір естілмей сынған үн.

 

Байқалмайды тағы бұлдыр көз ұшым,

Байтақ далам тарылмасын өрісің.

Бір білерім – шыққыр жаным садаға,

Тәуелсіздік – деген жалғыз сөз үшін.

 

Бодандықтың бұзылған күн сеңі шын,

Бұл бақыттың ұрпақ көрсін жемісін.

Болу керек әрбір ерің құрбандық,

Тәуелсіздік – деген жалғыз сөз үшін!

 

Рухты аңсау

Бір Құдай болған сырласы,

Алаштың рухы сынбашы!

Тексіздер қалсын көр болып,

Құлагер-қаным, тулашы!

 

Еміндей болған жалбыздың,

Әлемге мен де жалғызбын.

Қоп-қою қанды тарихым,

Қаншама басты алғыздым.

 

Қасқайып тұрып кесілген,

Бабалар неткен есіл ең!

Тік тұрып мен де өлейін,

Серт қылып соны өсіп ем!

 

Бөрінің беріш азуы-ай,

Ұлтымның темір қазығы-ай.

Өтті ғой ерен есілдер,

Жазығы қайсы, жазығы-ай!

 

Қан құсам, кейде ызадан

Ұяттан жанам, қызарам.

Қайырылғын қайта өр рух,

Заманмен бірге ұзаған…

 

Көп болды күнім күн емес,

Көп болды үнім үн емес.

Еңсеңді көтер, Алты Алаш,

Езілер уақыт бұл емес!

 

Көзімнің болған қарасы,

Егемен елім, Алашым!

Толағай болып көтерем,

Қазақтың мұң мен наласын!

 

Қызғыш құс

Тұғыры оның асқар-ды,

Ғарыштан ұлы жол алған.

Еркіндік дейтін құс бар-ды,

Қанаты желден жаралған.

 

Ен дала оның – шаттығы,

Бұғаудан биік тұратын.

Сайраса – жұмақ бақ қылып,

Зарласа – тозақ қылатын.

 

Әр дауыл, боран, ауыр-сын,

Аспаннан келер күш оған.

Жұлынса жалғыз қауырсын,

Өлетін сол құс құсадан.

 

Кісен мен зорлық жүрмейді,

Кетеді көкті қақ тіліп.

Керіліп мәңгі тұр дейді,

Кеудесін желге қақтырып.

 

Қастерлеп, баптап, аяла,

Мейірге әр кез шөлдейді.

Бақыт деп оны бағала,

Басыңа қона бермейді.

 

Қол бармас байлап матауға,

Қадір тұт, ұста ғарышта.

Еркіндік – деген атауға.

Тіршілік мәңгі борыштар!

Бақберген ДАРИҒА,

ақын, Ертіс ауылының тұрғыны.

Добавить комментарий