Pavlodar, KZ
Ясно

Баянауылдық қаламгер, Қаражар мектебінің ұстазы Төлеш Сембековтің «Баяндағы тектіліктен  бір баян» деп аталатын кітабы жарық көрді. Баянауладан шыққан тарихи тұлғалар арқау болған жаңа кітапта атақты би Шорман Күшікұлынан бастап, әйгілі археолог Кемел Ақышевке дейінгі айтулы тұлғаларға қатысты өмір көріністері жыр тілінде баяндалады. Кітап жасөспірімдер мен мектеп оқушыларына, өлкетанушы-зерттеушілерге, сондай-ақ ата шежіреге, ел тарихына қызығушылық танытатын барша қауымға арналған.

Кітаптың алғы сөзін үздік өлкетанушы, тұңғыш «Елім-ай» сыйлығының иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Құрманов жазған. «…Арқаның салыстырмалы түре аядай ғана өңірінен көптеген әйгілі тұлғалардың шығуының не сыры бар?» деп сауал тастаған алғысөз иесі ойын былайша сабақтайды:

«Көнекөздер мен зерттеушілердің пайымдап тұжырымдауынша, бұл – осы өңірде билік құрған ықпалды ел ағаларының заманға сай дұрыс жұмыс жүргізуінің арқасында туындаған жетістік. Қазақ хандығы құлаған соң Патшалық Ресей ХІХ ғасырда ел мен жерді отарлай бастады. Бодандық қамытын киген елдің бұл қиыншылықтан құтылатын бірден-бір мүмкіндігі – білім алу екендігін жан жүрегімен сезінген ел иесі Мұса Шорманов болды. «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек», – деп орыстың тілі, білім-ғылымы туралы Абай айтқандайын, ендігі жерде жаңаша білім-ғылымға ұмтылу үшін оқып-тоқу қажеттігін түсініп қана қоймай, нақты жоспары әрекет еткен Мұса Шормановтың үлгілі қадамдары өз жемісін берді. Тіпті Батыс Сібірдің орталық қаласы Омбыға түрлі шаруамен келгенде елдің адамдары әркімнің босағасында жаутаңдап жүрмеуі үшін Қошке әулетін қала шетіне көшіріп апарып орналастыруының өзі көрегендік емей немене?».

Біздің бабалар осындай, олар батыр, ақын, ғұлама болған деп құр кеуде керу мен кеуде қағудан ештеңе ұтпасымыз анық. Тек олардың бізге қалдырған өшпес, өлмес өнегесін бойымызға сіңіру арқылы ғана өзіміздің кім екенімізді, кім болып қалмағымызды анық білмекпіз. Осы мақсаттан қолына қалам алып, ел есінде сақталып қалған деректерді жалықпай жинақтаған автор өзінің туындысында даңқты бабалардың салып кеткен асыл үлгісін ұстанған айтулы азаматтарды да жырына арқау етеді. Міне бұл кітапта осы тарихи дүниелер жырланады. Түсінген адамға мұнда құнды дүниелер баршылық.

Жаңа кітаптың кіріспе жырын оқырман назарына ұсынамыз.

Тарихи толғау

 

Біздің ел қай заманнан қазақ еді,

Тарихты білгенімше жазам енді.

Түбі түрік, сұрасаң ұраны «Алаш!»,

Батыр, билер отаны қазақ елі.

 

Алаш деп атқа қонған ерлер болған,

Қазаққа қашандағы қорған болға.

Жырлайын батырлардың бек істерін,

Естісең істер бар көңіл толған.

 

Көз салсаң өткен талай ғасырларға,

Тұлға боп туған елге саф ұлдарға.

Ел үшін туған ерлер аз болды ма,

Тіл жетпес сөз арнауға асылдарға.

 

Керей, Жәнібек шыға білген тар жолдан,

Қазаққа алғаш осылар еді хан болған.

Елдікті аңсап өмірі өткен ерлер ғой,

Солардан қалған қасиетті хан ордаң.

 

Қасымнан қасқа, Есімнен ескі қалған жол,

Тәуке хан еді ұстанып өткен дара жол.

«Жеті жарғыны» елі үшін шығарып,

Қазаққа бейбіт өмірді өткен арнап ол.

 

Бұдан соң Әбілқайыр таққа келген,

Басқа елдер көз алартып шанша берген.

Қиын кезде Ресейге бодан болып,

Бір саясат жатыр ма антта берген.

 

Ақтабан шұбырынды, Жоңғар шапты,

Осылай әрбір жақтан жаулар қапты.

Мың өліп, мың тірілген қайран қазақ,

Қайрат қып сан соғыстан тірі қапты.

 

«Бөлінбей ел болсын, – деп

бұдан былай»,

Үш жүздің басын қосқан хан Абылай.

Төле би, Қазыбек пен Әйтеке би

Хандықты қуатты ғып қылған сондай.

 

Ақылшы Бұқар жырау Абылайға,

Істеген әрбір ісі таңғалмай ма.

Болжаған жорықтарын күні бұрын,

Әулие Бұқар баба осындай да.

 

Арылтып елін, жерін жаумен мұңнан,

Іргелі беделге ие хандық құрған.

Қазаққа хан Абылай қорған болып,

Қарсыласқан жауларын жойып қырған.

 

Дүние сап хан Абылай өтті өмірден,

Би болып бас басына кім көрінген.

Бөлініп ыдырады тағы қазақ,

Жауға да керегі сол енді төнген.

 

Россия баса беру қазақ жерін,

Ата қоныс жайлауын асқар белін.

Басталып ұлт-азаттық көтерілісі,

Қол бастап Кенесары батыр ерім.

 

Соғысып Кенесары қазақ үшін,

Сарп етіп бар ғұмырын, ақыл күшін.

Бодан болмай барады енді қайда,

Бірлік болмай қазағым шашылды мың.

 

Сол Ресей империя қуаттанған,

Бекініс қала салып әрбір маңнан.

Бас-басына билігін көріп отыр,

Осы сәтті күткендей қазақтардан.

 

Жетісіп отыр еді қай бір ауыл,

Бітіре қоймас енді саяңа гүл.

Орта жүздің баласы орда тіккен,

Сарыарқаның төсінде Баянауыл.

 

Мүмкін ол орыстарға көнбей келді.

Айтайын ақылы артық асыл ерді.

Қазаққа нәубет төнген заманында,

Қарадан хан боп шыққан Шоң би еді.

 

Әр жерге аға сұлтан төре ұрпағы,

Жарлық сол ақ патшадан келді тағы.

Тек хандардың ұрпағын би сайлату,

Қазаққа қандай нәубет екен тағы.

 

Осылай төре ұрпағы дараланбақ,

Меншік болып қалғандай бабадан тақ.

Төртуылдың туын Шоң қолдан бермей,

Баянтауда ел бастаған қара қазақ.

 

Патшалығы Ресейдің болды ордаң,

Енді елге болады кімдер қорған.

Қазағымның басына күн туғанда,

Елдігіңді сақтаған Шоң би, Шорман.

 

Айдаболдан Шоң шығып елдің басы,

Қазаққа дара жолмен үлгі шашты.

Бала би боп жайылған елге аты,

Қаржастан Шорман шығып ізін басты.

 

Жұртын қорғап Олжабайлар

кешегі өткен,

Ел бастаған батыр еді Сәти неткен.

Баянауыл туғызған Шорман бидің,

Атағы алты Алаштай елге жеткен.

Төлеш СЕМБЕКОВ.

Добавить комментарий