Міне, тағы өзгердім де, бүр аттым…
Данте – «Құдіретті комедия»
Мен кім едім, Тәңірім, мен кім болдым, Тәңірім,
жалғыз бұзған зарлыдай дүниенің көрігін
сандаламын саясыз,
арбаламын аһ ұрып,
ым қағарға ешкімді келтіре алмай шақырып.
Аппақ еді дүние
ақ тарының дәніндей,
алыстадым өзімнен,
аярлықтан шегінбей.
Азабынан жанымның арылатын жол бар ма-ай,
қойыныма сұп-суық жылан салып алғандай,
қуарамын панасыз,
қап шыдамым кетіле,
Ұятымды уыстап лақтырғандай бетіме.
Шоқ, шоқ арман,
шоқ, үміт,
шоқ, сезімдер жықпылы,
мен бір ғаріп еңіреу,
тұзақ ойлар тұтқыны.
жаншыламын мың құлап күмәнімнің шыңынан,
Терістеймін ғұмырды
сосын қайта ұғынам.
Мен кім едім, Тәңірім, мен кім болдым, Тәңірім,
саған бастар жол бұраң
сансырадым, арыдым.
Мен дегенім – Көрұғлы
көр түбінен оянған,
бүршіктерін жел ұрлап, бұтақтарын жай алған.
Тарау-тарау тіршілік, тұтам құйрық бұлғаңы
қамар екен қашанғы
кесір нәпсі зынданы?
Бордай тозып пәктігім
қыбырлайды иегім,
жәрдем етіп тастамас төменге ешкім сүйегін.
Теңіз көрдім жағалы,
толқынынан жеңілген,
Айды көрдім бір түні
өзін-өзі кемірген.
Жаға көрдім жұпыны,
бақалшығы жоғалған.
Қайың көрдім қапалы,
қарауылдай қабарған.
Түнмен жүрдім тұмарлы,
түн «жөніңе қаш!» деді,
Таңмен жүрдім сапарға
таң «жүректі аш!» деді.
Доспен жүрдім жықпылда,
дос ерімді сұрады.
Жармен жүрдім жолсызда
жар кінәлап жылады.
Мен дегенім – Көрұғлы
көр түбінде құмыққан,
кім екенін өмірде
кім болғанын ұмытқан.
маңырақ жад кезбедей шіре салған басына,
Сүйіне алмай досыма, қаһар шашпай қасыма,
қабырғадай жансыздық қантамырға дарыған,
өзім емес отырған
өзім емес арыған,
Өзім емес жауында қалтыраған, жүгірген,
өзім емес «кел!» деген,
өзім емес бүлінген.
Мен кім едім, Тәңірім,
соңы – сұрғылт, жол – күмән,
ере бердім еңіске
бой-бой бұлттар артынан.
Мен дегенім – Көрұғлы
жол іздеген түнектен,
алма жедім кітапсыз, тат суырдым жүректен.
айқұш-ұйқыш бір жүрек
бейне майдан алқабы,
жанып-сөнер мол ойлар түгесілген талқаны.
Көше.
Шу-Шу әуені. Кеше сарсаң, бүгін дал,
Менсіз өтер өмірлер, менсіз солар ұғымдар,
Менсіз жылар жас ару, менсіз билер бозбала,
Менсіз ренжіп жалғыздық
сәл шегінер наздана.
Қорған болам деуші едім барша адамзат үніне,
ораламын деуші едім алғаш сәби тіліне.
бір менімен айналып
тұрар деуші ем ғаламшар,
Міне, отырмын оңаша
қаздай шулап бар аңсар.
Қарайлаймын
түрленген ағашына Білімнің,
әр дарағы ұқсаған таңбасына ғұмырдың.
Қарайлаймын түзілген тұнбасына Танымның,
жету үшін мендағы
жырымдалдым, жаңылдым.
Әне, тұнжыр Саясат
көшкен бірге селменен,
жақын қарап не десем,
бостық екен ол деген.
Әне, көркем Сахна,
ұрандаған бірісі,
жақын барып не десем,
салқын екен тынысы.
Мен дегенім – Көрұғлы
міне, ғұмырдерегім,
мейірім алып келемін
сезім тасып келемін,
Көжек пенен қасқырды тату етіп келемін,
қарлығаш пен жыланды жақын етіп келемін.
алапеске аруды ғашық қылып келемін,
есімсізге есікті ашып беріп келемін.
Өмір менен өлімнің сәуле дедім арасын,
тікенек пен раушанның жау демедім арасын,
инелік пен бақбақтың туыс дедім арасын,
құралай мен мылтықтың достық дедім арасын.
Күлкі менен өксікті екі демей, бір дедім,
Арыстан мен қозыға «құраласып жүр!» дедім.
Терек пенен тамшыға «қандай әсем би!» дедім,
панасыз бір жолшыға «әлем – саған үй!» дедім.
Мен дегенім – Көрұғлы
күндіз бе бұл, түн деймін
Сені ойлаймын жас өмір, неге ойлаймын білмеймін,
үзілгендей бір шынжыр екеумізді жалғаған,
жанар толы жаутаңдық,
кеуде толы арман ән.
О, нәркес шақ! мекенім, түрлендірген жер үстін,
қиқу салған отаны жүректегі бейіштің.
алыстаса сенен жан, алыстар-ау өзінен
қираған төр бөлменің
құлыптарын сезінем.
әйнегінде қалың бу, ернеуінде сауысқан
саңқ-саңқ етіп әуелгі дегбірімді тауысқан:
– Сен қалдырған қараңғы бөлмедегі шылаулар,
түніменен желбіреп, өрмекшісі мың аунар.
Сен келмеген мейірім, сен ұмытқан бала аңсар,
сен сезбеген пәк сұлба, сен тудырған ғаламшар
әлдеқашан тотығып шамшырағы құлаған,
тұңғыш рет адасып қалған шақта тұмадан, –
дейді сұсты кәрлі құс, тұрпаты өңге, қара ала,
сірке суын уыстап тамызғандай жараға!
Мен дегенім – Көрұғлы,
көр түбінен оянған,
бүршіктерін жел ұрлап, бұтақтарын жай алған.
Қандай ауыр бауырлар, көмілгендей шұғылам,
кетілгендей бек рухым жасып дұшпан құмынан.
Менің ұлы Отаным, сәуле іздеген сынықтан,
әлдеқашан өзінің ұлылығын ұмытқан!
О, далалар, еңістер, түбірінде ер қаны,
үнің болсам зәредей, мәртебе екен солдағы!
О, заңғар тау қиыры, дана қаған тәжіндей,
Сәлем саған биіктер, менің албырт кезімдей!
Сәлем саған туған жер, даңқ жамылған дидары,
паң жырымнан шашылар жүрегіме сыйғаны!
Менің ғазиз Отаным, сені ойласам мұңданам,
қилы нәубет кезеңмен басында тәж тұрмаған!
Қарт тарихты қазбалап
тас кеміріп түнімен,
ашуыммен жерге еніп, айбарыммен тірілем!
Қоп-қою түн, тағы түн, мамыр айдың басында,
тұрмын жалғыз гүлзарда, жоқ басқалар қасымда.
Ду-думан жоқ іңірде, жеміс те жоқ бау-бақта,
кеше болған достарым, бүгін бәрі аулақта.
Ауа, міне, босаған, күлкі толған жиегі,
қаңтарылған көшелер төмен түсіп иегі.
Тербе мені о, Гомер, о, Катуллдың сарыны,
О, Вергилий, Овидий, ақындардың алыбы!
Тербе мені о, Данте, әкет алыс тамұқтан,
О, Шекспир, данышпан, босанбаған даңқтан!
Мен ояндым, шешілді, міне, ескі қалыбым,
жар қонғандай сезіндім дүниенің жарығын!
Дала жазық, жер аңыз, тарам-тарам жан шуақ,
аспан нұры алыстан төгілгендей тамшылап!
Алас-алас азап жел, арылмаған алаңы,
бәбісектей жүректе басылмаған бораны!
Алас-алас тұман жыл, кешір мені, әз қалам,
ақтармаған кітаптар, өндір жырлар жазбаған!
Қош, жүзіктей жылдарым, көз қадаймын қызыға,
тік адымдап құлаған өкініштер сызына.
Қош, секундар бұрқағы, қош, еріндер төнбеген,
Қош, раушандар сүймеген, қош арулар келмеген!
О, дірдекті құшақтар, о, шұбырған сайтан ән,
кеттім алыс арбасып мұхиттармен шайқаған.
Оралармын жылдармен, нөсерлермен тай-талаң,
Ораламын сендерге, ораламын қайтадан!
Батырхан СӘРСЕНХАН.