Ұлардай шулап Алатауымның бөктерi,
Ұлыды ұлы құзартта тұрып көк бөрi!
Тәуелсiздiктiң қасапханасы тәрiздi
Қанжоса болды Қазақстанның қақ төрi!
Тарихтың тайғақ кешулерi келiп құйылған,
Көк мұздақ алаң алай да дүлей «Құйыннан»!
Құрбандық қылып бозқасқа емес, боздақты,
Бейбақ жұрт боздап тұр ендi Хаққа сыйынған.
Бұрымнан сүйреп, құрсақтан бiреу тепкiлеп,
Қыршын қыз кеттi «Ел аман болсын!» – деп тiлеп.
Керзi етiктердiң өкшелерiнде езiлiп
Көк мұздақ төзiм сықырлап сынып жатты кеп!
Жарадар жүрек жұлқынбай сонда тынар ма?
Жанарлар жалын ыршытты сұрғылт мұнарға!
Алаңнан «Менiң Қазақстаным» әуелеп,
«Елiм-ай» әнi егiлдi абақтыларда.
Санамнан қызыл түнектi бiрден көшiрген,
Ақ бұрқақ күндер кетер ме ендi есiмнен?!
Желтоқсандағы алаңға қаны шашырап,
Кiндiгi ұрпақ рухының сонда кесiлген!
Арман ҚАНИ (1954-2022),
ақын, халықарылық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.