Бір өлең – бір әлем

Сен кеткелі…

Бақыт ортақ бұйырмас бізге, білем,

Үзілген жапырақпыз желге өкпелі.

Жаураған жасыл бақтай күзде күрең,

Тек мен суық боп кеттім сен кеткелі…

 

Сен кеткелі қаншасы келді-кетті,

Саған ұқсас…

Жоқ! Мүлдем, ұқсамайды!

Жаураған жасыл бақты жел жүдетті,

Үзілген жапырақты кім санайды?

 

Сен кеткелі…

Күн – дода, тағдыр – күрес,

Жоқ іздеген жақтырмас жоқтаушыны.

Тереземнің сыртында – жаңбырлы кеш,

Тамып түсті бір жылдың төрт маусымы.

 

Сен кеткелі…

Суықпын.

Күз бе – себеп?

Бар күнәні артсақ па күзге керім?

Кетуші едік, қалғандар іздесе деп,

Сен кеткелі ешкімді іздемедім.

 

Сағынбадым. Сүймедім.

Сен кеткелі…

Жынды адамға айналдым, емшіге бір.

Мәңгілікті еске алып, енді өтпелі

Өмірге аяқ бастым.

Сенсіз өмір…

Добавить комментарий