***

Таныстардай есімі ұмыт болған,

күндерім көп көңілге күдік қонған.

Түн дегенің – уайымның толқындары,

Шайқап кетер ойларды тұнып тұрған.

 

Түнгі ойлар жүректі жалап өтіп,

Сыпырады-ай жаныңның жара бетін.

Жарығындай көліктің

терезеден

бір жарқ етер

өмір де барады өтіп.

 

Ажырамай шаттанар, күрсінер шақ,

Сөздерімнен, байқасам, ісім алшақ.

Өмірде де кинодай музыка ойнап,

не сезіну керегін түсіне алсақ.

 

Түсіне алсақ, бәрін де өмірде біз,

Түспей тұрып қоңырқай көңілге күз.

Қайда бастап барасың соқпақ тағдыр,

Қайда қалып барасың төгілген із?!

 

Әрісі не өлімнің, берісі не,

Бір әйтеуір келерміз келісімге.

Оған дейін сүреміз бұл өмірді,

Жауыр болған әңгіме желісімен…

 

***

Батыс,

өлген күндердің қабір басы,

Бақсы далам дұғаңнан жаңылмашы.

Жаназада тұрғандай сүмірейген,

– Ей, бейшара үйлердің қабырғасы,

Сендер жалғыздығымның тағдырласы…

 

Мұң аралас иіс бар күзгі демде,

Елітеді тылсым күй бізді бөгде.

Қара жолдар жұтылып фасадтарға,

Тұман мезгіл кешегі ізді көмген.

Өткеніме неліктен үздігем мен?!..

 

Жаңбырда да мінез бар

қалада бұл,

Көңілге бір жауатын, далаға бір.

Өтіп жатыр қасымнан солғын өңдер,

Іштерінде бұлқынған қара дауыл.

Тек үнсіздік

дейтіндей жарам ауыр…

 

Үніне де құстардың қаяу сіңген,

Мына бір хәл бітпейді-ау таяу күнде.

Қар аралас жаңбыры қарашаның,

Себелеуде жаныма баяу түнде.

Менікі құр мәні жоқ ояу сүлде!

 

***

Өткен өмір түсім бе ең, өңім бе едің?

Көргем таңның көзіңнен төгілгенін.

Үйлесімсіз күндердің әуендері,

Құлақ күйі келмеген көңілдегі үн.

 

Жалқы мұңым жазылмай кешкі демнен,

Жаңа өзімді таппадым ескі реңнен.

Уайым бұлтқа батады қызарыңқы,

Бөлісе алмас ойларым ешкімменен.

 

Күлгін кештің біткенде қапырығы?

Қарға түндер төгеді қақырығын.

Мұңаймауға себеп көп шындығында,

Өмір, өлім бәрі де тақыр ұғым.

 

***

Қала да бүгін тыныш тым,​

Шарпымай жанды жыр ұшқын.

Бір жақын жүрек шығар ма ед,

Артынан мына бұрыштың.

 

Жүргендей құдды көк тіреп,

Бізден де дәурен өтті көп.

Сұрғылтым бұлты өмірдің,

Жаңбырын жатыр төккілеп.

 

Иланбас жерде иланам,

Үй менен сыртқа сыймағам.

Құдай да маған бес тиын,

Аздаған иман қимаған.

 

Көшенің басы, аяғы,

Сыраханалар баяғы.

Қажыған кезде бәрінен,

Құшағын кімдер жаяды…

Добавить комментарий