(поэмадан үзінді)
«Шоңды құдай елі үшін жаратқан…»
Мәшһүр Жүсіп
ІІІ
Бейне бір қызықтаған өз бітімін,
Бүркітті* келтіргендей көз қытығын.
Шоңның ауылы шашырай қонып отыр,
Жөкей көлін** жайлайтын жазғытұрым.
Сыртта жазғасалымның сызы қалмай,
Отыз үй отырғандай қызық аңдай.
Сырт қараған адамға жоқ секілді,
Опат іс адам көңілі бұзылардай.
Көк майса сынық сүйем көтеріліп,
Талпынса-ақ төлдің тілі кетер іліп…
Түзу шығып жатқанмен түтіндері,
Ошақтың ортасынан от өріліп.
Ой басып, ашылмай жүр Шоң қабағы,
Тасқа түскен шәулідей шамданады.
«Қалайша қадамымды аңдыды?» деп,
Қайта-қайта ішінен қорланады.
«Ағайынның қайсысы алдағаны?
Әлде, жансыз біреуді жолдағаны?
Бөкейді хан сайлатпау хаттың жайын,
Жеткізді ме қожа мен молдалары?»
Еске түсіп мұндайда толғанады,
Торайғырдың хандықты қолдағаны.
Өз інісін қимайды қиянатқа,
Өзді-өзімен дауласып, долданады.
Ертістен жеткен хабар запы қылып,
Есіктен төрге аттайды атырылып.
Керекуге жөнелткен хат қоржынын,
Төрелер тартып апты қапы қылып.
– Байқаймын, бойыңызға ас батпай жүр,-
деп Айторы тіл қатты жасқақтай бір:
– Тым болмаса май салып, шай ішіңіз,
Дастарханды жиюсыз тастатпай бұл.
Бір ай бойы атқарған ара қонып,
Бекер кетті-ау бұл жолғы талап-ерік.
Қауырт ісін ойлады қатқақтағы,
Ақ құйрық шайды алдына ала беріп…
* Бүркітті тауы – Ақмола облысы, Біржан сал ауданы шебінде орналасқан.
** Жөкей көлі – Ақмола облысы, Біржан сал ауданында орналасқан.
***
Ақпанның соңын ала Нұра жақтан,
Найзатасқа сөз жеткен мына жатқан.
Ұзынқұлақ хабарын тез таратқан,
Ұластырып мінетін лау аттан.
Бөкей төре*** сұлтандар тобындағы,
Жандаралға хат жазып Тобылдағы.
Орта жүзге өзін хан сайласын деп,
Өтінішін жолдапты қолындағы.
«Рубасылар қолдаса оң мынаны,
Россия, әрине, оны хан қылады».
Осылайша орнықты жауап кепті,
Облыс басшысынан Омбыдағы.
Содан бері ру біткен алашапқын,
Сарыарқа төрі боп тұр талас-оттың.
Содан бері Шоң би де күш қосуда-ай,
Бөкейдің бұл жоспарын іске асырмай,
Басына бір мінгізбек ағаш аттың.
Әуелі ол Николайды қасына алған,
Қалам менен қағазын қосып алған.
Губернатор атына хат жаздырды,
Төрені тыю үшін тосып алдан.
Баянтау бауырына басып алған,
Бірінші орыс-казак – осы болған.
Қашқын солдат Шоң биден пана тауып,
Көптен бері Көптікке көшіп алған.
-Миколай, жандаралдың құзырына
былай деп жаз: «Қазақтың қызығына
әбден қанып, тойынып алған хандар,
Халықтың айналған жоқ Қызырына.
Ат төбелі ақсүйек қазақтарға,
Қараша деп қарайды тыжырына.
Баяғыдай хандықтың бедері жоқ,
Бүгінгі сұлтандардың беделі жоқ.
Халықты біртұтас қып біріктірмес,
Хандық билік дегеннің берері жоқ.
Алауыз қылағатұғын ағайынды,
Керауыз хандардың да керегі жоқ.
Хансыз да біздің биік нарқымыз бар,
Алты ру ата жолы салтымыз бар.
Екі жүз елу мыңдай жаннан тұрған,
«Төртұлы» деген тұтас халқымыз бар.
«Төртұлы» құрылтайы мына мені,
Төбе би деп сайлаған дәрпіміз бар.
Бізбенен байланысты шаруалар,
Бөкей төре арқылы қабылданар
деген ойдан аяқты тартыңыздар!»
Арадағы араздық кепті ақтарып,
Алғашқы хат Тобылға кетті аттанып.
Генерал Глазенаптың кеңсесіне,
Керекуден жолданбақ тоқтап барып.
Бұдан кейін Шоң қауырт шұғылданған,
Қарсылық қол жинау еді рулардан.
Ертіс бойлап бастады сапар басын,
Тоғайдың елі болып тұғырланған.
Бәсентиін билері қолдай кетті,
Қазанғаптың қолында сығымдалған.
Ерейменде таймаған серттен ерім –
Қанжығалы Сасық би ерткен елін,
Хан сайлауға қарсы қол қойдырып,
Шоң мырзаға жасаған мәрт көмегін.
Құлболды, Орманшы ауыл-аймағымен,
Қозған да қолдарыңды тарт демеді.
Қаржастарға зор сенім етіп еді,
Сенімге селкеу түсіп сетінеді.
Бөкейдің арбауына шырмалып қап,
Шорманнан сәл шалалық кетіп еді…
Жанғозының бас биі Торайғырдың,
Қарамай-ақ қойғаны беті бері.
Інісі қол қоймаса, – Шоңның ойы,
Тұрсынбайдан мөр бас деп өтінеді.
Амалсыз Торайғырға кісі шапты…
Аздан соң жатты ауылға түсіп атты.
Аршындай адымдап кеп алып адам,
Ағасына рең бермей сұсы қатты,
осып-осып сөйлейтін әдетімен
осы жолы сәлемін қысаратты:
– Ас іздеген адамдай осы, аға, шын,
Біттің бе аңдып боқташақ босағасын?
– Торыжан,- деді Шоң би сәл тоқырап:
– Байыпқа бармай неге қасарасың.
Біздің мақсат – ұлы жол, ұлы мұрат,
Қашанғы хан қараны құлы қылад!?»
Бұл сәтте Торайғыр би сөз саптады,
Бір тізерлеп, бүйірлей бұрылып ап:
– Мұратым – қылу дейсің ханды мансұқ,
Ханды қолдап шығатын жанды жаншып,
Ағайын-туысыңды атқа байлап,
Қолыңмен отырмақ па ең қанды қаршып!?»
Қарашығы шоқтай боп қарыған-ды,
Қаршып ұстап алғандай қолы қанды,
Торайғыр дүр қамшысын жерге тастап,
Қайтадан қарпи қармап қолына алды.
Торайғыр би:
Егер мен мендігімнен айырылсам,
Егер мен елдігімнен айырылсам.
Ендігі көрген күнім не болады,
Елдегі хан, төреден қайырылсам?!
Бұл бағзы дәстүрімнен жаңылғаным,
Бассыз дене болам деп жаным жалын.
Бөкейді хан көтермеу ойыңызды,
Көкейді тескен серт деп қабылдадым.
Сол сертіңіз ұшпаққа шығара ма?
Соның түбін болжайын бұл арада.
Хансыз халық – ертеңі қамсыз халық,
Бастары араз, тілдері шұбарала.
Шоң би:
– Торыжан, бас араздық қарадан ба?
Араздық төрелерден тараған да.
Билік үшін бір-бірін аямайтын,
Төбеттей боп таласып талаған да,
Шыңғыс ханның тұқымы емес пе еді?
Жұртқа жол көрсетуге жараған ба?
Абылай болжағандай бақас, аяр,
Бүгінгі хан мен төре – бақа-шаян.
Бір-бір рудың басында бір-бір төре,
Бұлай елді басқару қатасы аян.
Қалайша көріп жүріп еш білмедің,
Ел басқару жүйесі ескіргенін.
Ханда – бедел, халықта – бірлік болмай,
Танауын Терістікке тестіргенін.
Билік жайлы Шоң бидің ойы басқа,
Бұл жолда бекінгенмін мойымасқа.
Орыстан өнер үйрен, қала көтер,
Осы күнгі майданның жайы басқа…
Торайғыр би:
Едігенің екі ұлы егіз десең,
Мен де сенен ешқашан қара үзбес ем.
Хандарды қаралайтын қарар емес,
Орысқа қарамайтын жол іздесең.
Өнерлі деп отырсың озғын жұрттар,
Орыстың пиғылында құзғындық бар.
Мәдениеттің артында – мәңгүрттік тұр,
Ағартудың артында – азғындық бар.
Мендігімді жоғалтсам – мәңгүрттігім,
Елдігімді жоғалтып, қаңғыртты кім!?
Ормандай Орта жүздің бар билігін,
Билерге берем десең – аңғырттығың.
Ұлт қамын ойлайтын айт амалыңды,
Ұлығы орыстардың саған үлгі.
Ұлттық мінез, рухынан ажыратар,
Ұрпаққа салсаң қала, қамалыңды.
Қашаннан қара қазақ – ханға сауыт,
Халқыңа сор тілеме ханға шауып.
Шежірелі болмысын ұмытқан ел,
Шекарасын күзете алмасы анық.
Осы ғой Олжабайды ойландырған,
Осы үшін Жасыбай да майдан қылған.
Етегін Ерейменнің ен жайлатып,
Баянтаудың төріне жайландырған.
Біртұтас қазақ ұлтын бөлшектеген,
Бұл істі өрескелдік көрсек дер ем.
Кесектік, кеңдік мінез адыра қап,
Кесек ату жұмысын ер септеген.
Сынаптың уытындай ұсақталмай,
Бас-басы би болуға күш ақтармай.
Біртұтас хандығыңды сақтау керек,
Мойыныңды тұзаққа тұсап салмай!»
Торайғыр бұзаутісін бүктеп алды,
Теректей тұла бойын тіктеп алды.
– Мен тоқтадым,- деді Шоң інісіне,
Тегеурінге тап болып күткен әлгі.
Сөз сабақтар ортада қалмай шара,
Сыртқа атылды Торайғыр аңдай сала.
Сығыр майшам жалп етті бір жағына,
Сықырлауық сарт етті маңдайшаға.
Солқ етті Шоңның жүрек тұсы дағы,
Тағы түсінбестікке ұшырады.
Терең ойға берілген биге аян,
Таяқтың екі бірдей ұшы бары.
Шешімін інісіне қоштатпаса,
Ағасы қалай жүрмек асқақ баса.
Тірідей өлгені ғой Шоңның дағы
Ел аузында қаңқу сөз бос қаптаса.
– Едігенің екі ұлы араз жүріп,
Елдің басын қоспақ! – деп оспақтаса.
*** Бөкей төре – 1816 жылы Орта жүз ханы болып сайланған
V
Көк күйме тоқтай сала,
жолындағы
Атаман есік ашып адымдады.
Броневский ауызша рапорт беріп,
Генерал Глазенапты қабылдады.
Сауық пен салтанатты сән етпеген,
Қарт генерал ежелгі әдетпенен.
Бұрынғы адьютантын қысты иықтан,
Кабинетке шақырды ол әдеппенен.
Мәртебелі мейманға атағы – ары,
Кездесудің құрметін атағалы.
Кавказдың коньягымен тост көтерді,
Сібір казактарының атаманы.
Орындап тапсырмасын бастығының,
Капитанның көңілі тасты бүгін.
Онша көп болған жоқ-ты қолға алғалы,
Омбы облысының басшылығын.
Генерал-губернатор кеңесімен,
Айналған осы аймақтың төресіне.
Броневскийді Глазенап бағалайтын,
Офицер деп ойы мен өресі кең.
-Сонымен, – деді: – Семен Богданович,-
Бұрылып бұған барлық денесімен.
– Орта жүзге екі хан керек пе осы?
Ойланып көрдіңіз бе дерекке осы?
Оразмұхаммет ханның ұрпағы дейд,
Бөкейді хан сайлауға себеп пе осы?
Тобылда бұл төреден хат алғанмын,
Барлығын білесіз ғой аталғанның.
Біреуі, сіз, едіңіз бір кісідей,
Бұл қырғыздың тарихын қопарғанның.
Капитан ұшып тұрды сымдай болып,
Генерал: «Отыр!» – деді ымдай қағып.
– Біріншіден, жоғары мәртебелім,
Бұрынғы саясаттан бұрмай бағыт.
Бұратана халықтар жөніндегі,
Ұлы Ресей Империясы еліндегі,
Отарлау саясатын еске алайық,
Он сегізінші ғасырдың шебіндегі.
Жоңғарлардың соғысып табыменен,
Қазақтар күш бермеген жаны берен.
Сол кезде екі бірдей жаугер елдің,
Сырт саясат ойнады сорыменен.
Жусатуды көздеді Патша ағзам,
Жабайыны жабайы қолыменен.
Орыс-жоңғар достығын жарастырды,
От қарумен қамдауын қарастырды.
Көшпенді халықтарды қырқыстырып,
Бірін жойып, бірін қырып тарастырды.
Бізге сол саясатты ұстау керек.
Сыртын мәдениетпен тыстау керек.
Хан-төренің итеріп кеудесінен,
Майқанынан мыжғылап қыспау керек.
Мансапқа таластырып, айдап салып,
Өзара үстемдікке нұсқау керек.
Билердің де қолынан қаға бермей,
Қолындағы бишігін ұштау керек.
Екіншіден,
Орта жүзде екі хан сайран құрсын,
Ордаларын өзара ойран қылсын.
Уәли ханның қытаймен қатысы бар,
Орыстың құшағына қайдан кірсін.
Торғайдай тозып жүрген жат жұрттыққа,
Не істесең де өзіңнің пайдаң білсін.
Бөкейге хандық тағын тигіземіз,
Патша ағзамға мойынын игіземіз.
Қазақты бір-біріне араз қылсақ,
Құл-қамытын кескектей кигіземіз.
Ел емес, бізге қымбат жер байлығы,
Қап тауындай кендерін үйгіземіз.
Азияға жол ашып, Үндіні алып,
Күллі әлемнің көздерін күйгіземіз…
Генерал-губернатор көзі ашығып,
Креслоға шалқалай өзі асылып:
-Сұңғыласың, сен, Семен Богданович!
Сенен артық айта алман сөз асырып.
Осы ойыңды болса егер ұғар кісі,
Уысынан келмес еді шығарғысы», –
деп кертіп жеп жатқандай ен байлықты,
Кеудесін кеулеп кетті құмар күші.
Кавказдағы жорықтан бері қарай,
Броневский Глазенаптың сыралғысы.
Капитан құлақ салып, сай тұр еді,
Генералдың серпілді ой-түмені.
– Өткенде Петорборға барған кезде,
Көңіліме ой түйіп қайтып едім.
Патшаның сүйіктісі Сперанский,
Сонда бір соны әңгіме айтып еді.
«Қазақтар шөлейттегі сексеуілдей,
Тұтасып, бөлінбейді кетсе бүрлей.
Балтаның жүзін салсаң шабылмайды,
Сексеуілге айбалтаң кетпеніңдей.
Қазаққа айла-амалды қылдырмасаң,
Барлық әрекеттерің бұлдыр, босаң.
Бұтарлау сексеуілді оңай емес,
Бір-біріне ұрғылап сындырмасаң».
Сол сөзді бүгін терең қарастырып,
Семен, сен мәнін аштың жарастырып!
Бұларға сырттан қамқор болғансынып,
Бірін-бірге соққан жөн таластырып…
Ресейдің мүддесіне сыйынғаннан,
Қос шенді шетті жайлап, қиыр қонған.
Отаншылдық сертіне адалмыз деп,
Отаршылдық бишігін шиырған жан.
Зиялы боп сезілген сардарың да,
Биязы боп көрінген бер жағында.
Басқыншылық пиғылы бүркеулі еді,
Бакенбардты беттердің ар жағында.
Губернатор жақындап, жіті басып,
Атаманға тағы ауды ықыласы:
– Ал енді Шоң би жайлы не ойың бар?
Хандардан дейді оның құты басым.
Сол биден де хат түскен.
Деген екен:
«Бөкейді хан сайласаң ұтыласың».
Хандарға бағынбайтын бұл кім өзі,
«Шоң! Шоң!» – деп дәріптейтін шікірәсін?
Броневский:
– Далалықтың жетіпті ойына кім?
Мәртебелім, мен де адам айырамын.
Білуімше, бұл бидің беделі зор,
Бар ісі мен жасаған жайы мәлім.
Хан сайлатпау сертінің марқадамын
таппағанмен танымал Арқада мың.
Баянтауда менің бір жансызым жүр,
Баяндап Шоң билердің әр қадамын.
Сөзімнің емес, сірә, бірі жалған,
Ломов деген солдаттың сырын алғам.
Қашқын казак кейпіне еніп барып,
Сүйіндіктің ішіне ол сіңіп алған.
Содан түскен дәйек пен деректерге
Сүйенсем бұл Шоң бізге керек пенде.
Өзі хандық билікке өлердей өш,
Іргесін төрелерден бөлектеуде.
Бұл да түбі өз рөлін атқарады,
Бүтін елді бөлшектеп, електеуге.
Дегенмен, ойлап жүрген дала мұңын,
Мойындаймын бұл бидің даналығын.
Мұндағы елге мәдениет әкелсем деп,
Маусым сайын маған хат салады мың.
Астық егу, тұз өңдеу жайын сұрап,
Қалайды қала іргесі қалануын.
Бір жолы сұрап еді тосын тағы,
Ертіс бойы базары ашылғанын.
Шоңның бұл тілектерін мақұл көрдім,
Тамызда жәрмеңкені тосудамын.
Глазенап:
– Барымызды дейсің ғой базарлайық,
Бұны ұлт достығы деп ажарлайық.
Петерборға Орта жүз хандығына
Бөкейді бекітсін деп сөз арнайық.
Ши шығарып жүрмесін, сенің әлгі
Шоңыңа әлі жіті назар лайық.
Броневский:
– Біз бұл биді тойдырып уәдемен,
Барлығы болады деп көз алдайық…
Ісіміз сәтті болсын!
Сол үшін де тост көтерем.
Томсарып, сазармайық!
«Даланың байлығына кенелетін,
Дақпырт пенен даңққа бөленетін,
Күн тусын!» – деп бокалын көтерді олар,
Күні – күміс, айы – алтынға теңелетін.
VI
Тамыздың тап ортасы тамылжып тұр,
Айнала түз-табиғат аңылжып тұр.
Жаңа ашылған базардың дуы қызып,
Тұсында ерке Ертістің тамыр жұрт жүр.
Ертістің кең жайылған жағасында,
Енсіз жайма, шатырлар нақ осында.
Мал базары, маталар, құрал-жабдық,
Не қажеттің барлығын табасың да.
Қаңтарып қатар-қатар ат-арбаны,
Керекудің кепті көп сатарманы.
Даланың тұс-тұсынан теңін артқан,
Кірешінің көбейді қатарлары.
Асықтай шашыраған шатырлардың,
Көресің көк майсада отырғанын.
Аттап бассаң айқайы естіледі,
«Ананы ал!»
«Мынаны ал!» деп шақырғанның.
Орыстың мұжықтары жайнаңдатып,
Жез самауыр, мыс құман, сайман сатып.
Қазақтар тері-терсек, жүн өткізіп,
Пұлдайтын тай-тайлағын тайраңдатып.
Ісмер қыз-келіншектер күлім қағып,
Иірген жіп, тоқыма, бұлын бағып.
Иіліп үлкендерге сәлем беріп,
Қиылып жігіттерге жымың қағып.
Ортаға үш сирақты мосыны іліп,
Атқосшылар бақырға асып жілік.
Сорпа-суы бұрқ-сарқ қайнағанша,
Әңгіменің қазанын тасындырып.
Айнала ойын-күлкі, әзіл-оспақ,
Алтыбақан сауыққа тез ұласпақ.
Қыбы қанбай саудаға қырсыздардың,
Қаржысы артқандардың қажыры асқақ.
Аз алып, көп берді ме айырмастан,
Казак пен орыстардың байын бас сап,
Қазақтар зәру затын алып жатыр,
Қалқаманның тұзына айырбастап.
Шоң билер базар шетін шолып шығып,
Оқшау үйге тоқтады барып кіріп.
Төбе бидің байқалады бойы менен
Ойына қатар біткен алыптылық.
Дала заңын сақтаған тұлғалары –
Билер ғой бітімді еткен бұл даланы.
Базарды билік айтар төр қылмақшы,
Даулардың шешілетін шырғалаңы.
***
Бір орыс оқшау үйге үңілісті,
Үш қазақ соңын ала кідірісті.
Қауға сақал мұжықтан балта ұрланып,
Үш қазақпен болмақшы бүгін істі.
Төртеуі төбе биге дауын айтып,
Төр алдына тізерлей жүгіністі.
– Сөйле, – деп орысты Шоң нұсқап еді,
– Менің атым Степан ұста, – деді.
Базарға алты балта алып келгем,
Саудам енді қызатын тұста, – деді.
Бұл үш қазақ жаймамның жанына кеп,
Балтамды ұстап көрді қолына бек.
Біреуі мені сөзге айналдырды,
Бұл амал баяғыдан мәлім әдет.
Байқасам назар салып, тіктеп шеткі
Балтамның бірін бұлар үптеп кетті.
Бірақта мұны көрген куәм де жоқ,
Соны ойлап көңілім күп боп кетті.
Балтаны деме оңай істеледі,
Бұған салған еңбегім үстем еді…
Соны айтып ұста мұжық сақалының
Сағал-сағал ұштарын тістеледі.
– Ал енді сендер сөйле, – деген еді,
Үш жігіт: «Алмадық!» – деп шегеледі.
– Үшеуің бір-біріңді танисың ба?
– Танымаймыз. Жолымыз бөлек еді.
Бұлардың кінәлісін анықтайтын,
Ешкім де шүбәлі ой танытпайтын.
Басқа билер аузынан сөз шықпады,
Бір амалы жоқтығы болыпты айқын.
Қиялы шарлап келіп көп қиырды,
Шоң бидің үнсіздігі сап тиылды.
– Үшеуің бір-бір торсық, бес асықтан,
Тауып алып келіңдер! -деп бұйырды.
Сұрағанын әлгілер алып келді,
Барлығы бес асықтан тауып келді.
Шоң бидің бұйрығымен әрқайсысы,
Үш асықтан торсыққа салып берді.
Әбден бойлап бұлардың нанымына,
Әлдебір түсіп дұға сарынына.
Үш торсыққа үшкіріп, бекітті де,
Үшеуін де қайтарды орынына.
Жиналғанның барлығы жөн сұрады,
Жанарынан оқылып сан сұрағы.
– Әрбірің торсығыңды құшақтап жат,
Атқан соң келерсіңдер таң шуағы.
Сол кезде ұрлықшының торсығынан,
Салынған бір асығы кем шығады.
Түн туып, тамам халық тарай берді,
Бидің ісін қызыққа балай берді.
«Торсық пен асық қалай ұры ұстамақ?»,
Төңіректеп кетті сөз талай жерді.
Таң да атты. Төрден билер табылғасын,
– Даугерлерді, – десті жұрт: – қабылдасын!
Алғашқы екі жігіт асық төгіп,
Ә дегеннен талапты орындасын.
Үш-үштен аунады асық алашада,
Кінәсіз екендігі танылғасын.
Жұрдай боп айырылған бар сырынан,
Құдай куә қылғандай қарсы бұған.
Төрт асық жайрап түсті төр алдына,
Үшінші сұр жігіттің торсығынан.
Шоң сонда кәрін шашып шүйілді де,
Қабағы жауар бұлттай түйілді де:
– Әй, жігіт, балта қайда, тап табанда,
Тінттірем қоржыныңды, үйіңді де!
Қос асық қалады деп қорыққансың,
Дегенмін түні бойы миыңды же.
Үш асыққа бір асық үстемелеп,
Көпке аян болып шықты күйің, міне!
Кешу сұрап сол жігіт түрегелді,
Қойдым, -деп бұдан былай: – «бұл өнерді»!
Кәрі бидің қулығын енді ұққан жұрт,
Қайта-қайта бас шайқап, күле берді.
Ұста орыс балтасын қайтарып ап,
Ұры жігіт жақсылап дүреленді.
Базардың бар қызығы тарқағанша,
Ақылын арнады Шоң сарқа қанша.
Бас бидің алдында сан дау шешіліп,
Табысып, татуласты орта сонша.
VII
…Бөкей хан сайланам деп жан ұшыра,
Жұртты жиып жатқанда төр ұсына.
Төбе би тап сол күні төрелер мен
Тағы бір қыр көрсетпек орысыңа.
Бұл Бөкей әбден тиді намысына,
Бір кешірім бермейді сонысына.
Ертіске бастар жолдың бағыты ғой,
Торайғырдың бұрылды қонысына.
Әудем жерде топ шықты алдарынан,
Әнші, күйші бастатқан салдарынан.
Таныды Торайғырдың өзі ғой бұл,
Өнерпазды тастамас жандарынан.
Жаратқанның жолдарын оңдағаны-ай,
Торайғыр – тіні қатты шор қарағай.
Жайлауға елі тегіс орнаған соң,
Сәлем бере шығыпты Шоңға қарай.
Жол ортада сұрасып ел саулығын,
Қайда барып қонғанын қанша ауылының
Тегіс біліп, хабарын алғаннан соң,
-Торыжан, – деп тыңдатты шаршаулы үнін.
-Қойдың ғой соңғы кезде қабақ бермей,
Алаш үшін бір өзің азапкердей…
Торайғыр би:
– Ағаңды Бөкей алып ұрды деген,
Кетер ме ем жұрт көзінен мазақ көрмей.
Баланың ойыны ма ер тіккенің,
«Арыстан айға атылып мертіккенің».
Өнбейтін дауды қуып жүрсің, білем,
Өлмейтін жауды қуып жер түптегі.
Шоң би:
– Ашамай секілденіп бала шапқан,
Бұтақты кім кеседі ағасы отқан!?.
Кім жеңіп, жеңілерін құдай білер.
Таймаса болды санам парасаттан.
Араз қыла алмайды бізді есерлер,
Алайда жолығады жүз кеселдер.
Жақынымның біреуі ізге салмай,
Иіс алмас еді ғой ізкесерлер…
Торайғыр би:
Орағытып, тағы бір қырымнан кеп,
Орынсыз кінәлайсың бұрыннан көп.
Қолды болған хатыңа қатысым жоқ,
Жолды болған Бөкейге жұғынғам жоқ.
Ашық қолдап жүрсем де хан-төрені,
Айыр тіл, аярлыққа ұрынғам жоқ.
Бір әке екеумізге білім берген,
Бір кезде ізіңе бұл інің де ерген.
Сақсынғаның – кәрілік белгісі ме?
Сатқындықтың мен де сан түрін көргем,
Ізгі ойлы ағама мың рахмет,
Ініден мұнафиқтың мінін көрген.
Құлатып көрге көптің қасқа басын,
Уақыт шығарады масқарасын.
Дүние, құнсызданып кеткенің бе,
Азамат арзан сөйлей бастағасын…
Торайғыр тез қосылды топтасына,
Түсінді түс шайысып жатпасына.
Еру топ Ертіс жаққа бұрылғанда,
Төбе би ерік берді ат басына.
Қарагермен көрсетіп көпке бағыт,
Шоң тізгінін қолға алды шетке қағып.
Ауыр сөзге ұрынып қалса дағы,
Ауыр ойдан арылып кеткені анық.
Шоң би айтты:
«Туыс, бауыр, қарындасым,
Орысқа осалдығың танылмасын.
Бөкейге ешкім хан деп табынбасын!
Осы күрес жолынан жаңылмасын!
Енді біздер баратын бағыт – осы,
Төртұлы мұны тегіс қабылдасын!
Заманның қарасын да аласын да,
Заңғар елім еңсере аласың ба?!
Жеріңді Қытай-Ресей талақай қып,
Көкпардың жүргендейміз таласында.
Қарға тамырлы қазақ – біртұтас ұлт,
Қадірін білсек, беріп бағасын да.
Бүлінбесін біздердің іш табымыз,
Алауыздық болмасын арасында.
Төртұлының дәстүрін дәріптейік,
Тарихтың қалмау үшін табасында!
Түйін
Жырымда дәл осынау тасып аққан,
Айналдым Шоң би деген асыл аттан.
Батылы Баянтаудың шыңдарындай,
Ақылы жаратылған жасын оттан.
Азаматтың алқынбас арғымағы,
Ғазауаты түскенде тас уатқан.
Төрт ауыз сөз қалдырдым кейінгіге,
Түлеп ұшып шығатын осы жақтан.
Төбе би жайлы әңгіме тізіп айттым,
Тарихтың қатпарынан төсі батпан.