Қазақтық жолы
Мен о баста Еркіндік боп жаралдым,
Шексіздіктің түкпірінің түкпірін
кездім-дағы Ұлы Рух боп оралдым,
көкірегіне көшпендідей мықтының.
Содан менің азат Жаным ғажап бір
көктей өтіп төрткүл дүние тарапты,
Ғаршыменен шектесетін ғаламға симай қалып,
шимайланып тағдыры,
Азаттығы ай мүйізді пырақ мініп қанатты,
Қара жердің қыр арқасын қажап жүр.
Сол – менмін, Жан мен Рухы, Еркіндігі табысқан
Қарға тамыр қазақ дүр!
Солай менің мендік жолым басталған,
Жаратқанның әмірімен аспаннан,
Рух болып, Жан-Нұр болып түстім де,
Көк түркінің маңдайына мөрленіп,
Тағдыр болып жазылдым.
Сосын: кіндік байлап Алтайға,
Отыкенді атандырып орта аймақ
Бөрілі байтақ болып созылдым.
Ұмай ана ошағының алауы боп шалқыдым,
шартарапты шарпыдым.
Тәңіріден басқа ешкімге бас имеген,
Құдіретті бабаларым жалпы кім:
Арғұн, хас сақ жарағының жарқылы ем.
Тізеліні бүктіріп, азулының алп-алп
ұшырған иманын.
Ашбөрінің алдаспаны арқылы мен,
Еуропаға еркіндікті сыйладым.
Хан Шыңғыстың, қият-қыпшақ қосынын,
Көтере алмай қара жер қайысқанда төсі мұң
Қаперінде кайтадан құлақтанар қос ұғым.
Қанды сүтін қақтап беріп көкбөрім,
Қасаптаған жасығын.
Оқ қылқандай шаншылса,
сол оқтан тамыр тартып шынардай
шымқай көкке беттедім.
Қан жусандай егілсе,
сол жерге түп-түп жусан
Ұлыс болып көктедім.
Кейін, қан майданда ұмыт қалған бабамның
қалқанын шаңырақ қып төбеге,
Шашыраған жебесін уық қылып көбеге,
Дулығасын еттім дөдеге.
Шаншып кеткен найзасын кереге қып алдым да
Өз ордамды салдым да,
Қазақ атандым да кең даламды кездім мен.
Еркіндігім желге аян Алас ем
Тәңірсізді төңірегінен бездірген.
Мен – қазақпын, ар алдында аласа ем,
тек кұдайға қараша ем.
Кара жердің шер төсіне жазылған,
Шежірелі тарихыма қара сен!
Шексіздікке шұбырғанда шындығың,
Ши шығарып шиқандамақ кімді кім?..
Шыңыраудан шымыр-шымыр ой ішсем,
Досым-ай!
Көңілім аспандап, көтерілмей кейде кейістен,
Тел тарихымның түйсігім түртіп ашар түндігін
осылай!
Азаттық жолы
Даламнын дүр мұңы күпті ғып,
Қаламның ұшына тіреліп.
Тамырын танымай түпкілік,
Тирандар бағына гүл егіп,
Кеше біз кім болып жүр едік?
Түркілік тарихтан тұл едік,
Тектісін тәрк еткен құл едік.
Жат қолдан қырылып жанымыз,
Жартаста көктеді қанымыз.
Қып-қызыл қынадай қасым боп,
Жосадан жер түгел түнеріп,
Отаршыл ұлттардың тісінде тәслім боп,
Ғасырдың ғарасат жібіне күрмеліп,
Ардың да алдында кірледік.
Амалсыз! Амалсыз!
Әйтпесе бөрілік сарыны,
Қалыбын қашаған түзге кеп,
Ілкіден сыр айтсам үзбелеп,
Іргеңді бекіткен дүр сынды.
Алдаспан арларын қайраған,
Арбасқан жауларын қанжоса қылатын,
Жағадан алғанның желкесін шайнаған.
Біз –
Тұранның тұрғыны атанған,
Ұлардың сүтімен шөл басып,
Ұмайлық ошақтан от алған,
Алтайды төсеген табанға,
Ашина түркінің ұлы едік.
Төрткүлдің тағаны таймасқа,
Тыныштық төркінін тіледік.
Қайранмын!
Ортасын сан кешкен ойранның
Мен бүгін тағы да өткеннің,
Дарақшы қазығын айналдым.
Қарақшы ғасырда сөзі ұтқыр,
Баяғы әдеттен, болмыстан безіп құт
Жерұйық іздеген жылдармен
Төрі тұйық жолдарға кезіктік.
Арабтық арбаумен тыстағы
Қытайдың құрытпай қыспағы,
Танытпай тексіздік ұшқары,
Түтінім теріске ұшпады.
Түгел еді төрт бірдей құбылам,
Бөлінбей Түркінің іш табы.
О, Ұлы түз!
Ұлы аспан!
Ұлы аумақ!
Мыңқолдың мұңына бұлаулап,
Керейден көшті де күн аулақ,
Найманым шалғайға шығандап,
Қыпшақтың қолында бұғау қап,
Жұртын сан жаңғыртқан бұл елім,
Жерінде мың ұрпақ мың аунап.
Сананың түбіне сыз ене,
Көнеден көрсеңіз ой бағып.
Осылай тұрдық біз тізеден,
Түркіден қазаққа айналып.
Кешкені тайғақ жол,
Басында таныс бақ.
Айналып біз жүрдік ажалды арыс хақ.
Қарсы алдан қазақтық шықты да үй тігіп,
Қайтадан қауымым қан кешті қоныштап,
Еге боп калдым деп есен-сау Тұранға,
Өрілді осылай өмірдің жыры алға.
Бас иді алдымен бабамыз Аллаға,
Табынды құранға.
Қатарын көбейткен жеткенде елдікке,
Қайтадан ұлт қамы ұласты ұранға.
Қалмақты күйретіп,
Жоңғарды сиретіп,
Қажырым жетсе де қамсауға,
Біз түстік жуандау жемсауға.
Жалақтап шықты ғой қағына,
Қасапшы секілді тағы да
Қаншелек қасірет қарсы алдан.
Осылай отар боп тел өлкем,
Өзіме жау болып көлеңкем,
Танымның таңына таңба сап,
Орысқа құл болдық. Аңдасақ
Өң емес, болғандай түс бәрі,
Қанатын сындырып құс қалың.
Қоштасып туған жер-суымен,
Қайылсыз кім білер ұшқанын.
Басқа мұң салды сан, әттең-ай,
Дос қолын ұсынып дұшпаным!
Үш ғасыр кесеме білінбей,
Үш басты айдаһар тіліндей,
У құйды сайтандай сарыңыз.
(Ұлттықты жоғалту үшін де,
Құлдықты еркіңмен алыңыз!)
Сусылдап сөз жебе қылшаны,
Суытар бойыңды бір сарын,
Ақ патша соңында сенделіп,
Қызылдар қолында жусадың.
Кеңістік көз жасын Кеңестер сезбесін,
Түсініп болған соң түзелді өз бетің.
Туған соң айымыз,
Оқ жонып ойымыз.
Әкесіз коғамның анасын жоқтадық,
Бодаусыз қазақтың бабасын жоқтадық.
Боданды алаптың баласын жоқтадық.
Тәуелсіз қазақтың таласын жақтадық.
Коммунизм улаған көкірек аршылар.
Көзімнен жас емес қуаныш тамшылар.
Еркіндік емшекке ерінді тостық-ау
Ақыры… ақыры…иә, Алла, бере гөр!
Азаттық сүтінен бізге де бар шығар!
Күндерде күрсініп,
Түндерде тыныстап,
Кеңестік одақтың көрінен анталап,
Біз шықтық төбеге тәуелсіз ту ұстап,
Қазақтық ғасырын ақ таңға арқалап.
Айбек ОРАЛХАН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.