Қыбыласы даламның қорғанмен тең,
Ымырасы бабамның болған бекем.
Республикам бұл менің – Қазақы ұям,
Қазына мен қасиет қонған мекен.
Республикам бұл менің – қазаққа ұя,
Таусылғанша жырлаймын қағаз, сия.
Мен қалайша шаттанып, шалқымаймын,
Тербетеді даламды ғажап күй, ән.
Бұл далада тұлпарлар дүбірі бар,
Құран оқыр қаридың бір үні бар.
Қазаққа қазық болған бұл даланың,
Қадірін, келер ұрпақ, ұғынып ал!
Жыр, әні жерді ұйытып шарықтаған,
Қыраны көкті жарып қалықтаған.
Қазаққа ұя болар жер шұрайын,
Жау қолынан батырлар алыпты аман.
Қорғанындай көрінер түз даланың,
Томағасын сыпырса мұзбалағым.
Көкбөрілер ұлыса айға қарап,
Көлденең көкаттыдан қызғанамын.
Ғашықпын мен осындай ғаламатқа,
Ғашықтар қызғанышсыз жаралад па?!
Республикам, айбының асқақ болса,
Қазақ аты жайылар бар алапқа!
Айбат ЫДЫРЫСОВ,
Баянауыл ауданы.