20 қарашада порталда жарияланған «Өлең туралы баян» атты мақала – жас ақын Еламан Қабділәшім шығармашылығы жөнінде жазылған алғашқы кәсіби, кең талдаулардың бірі. Сол сынға орай ақын, жазушы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сайлау Байбосын өз ой-пікірімен бөлісіп, әдеби ортадағы сыншылдық мәселесіне тоқталады. Шығармашыл адамның ең үлкен қажеттілігі – оны түсінетін, естіп, бағалайтын орта екенін алға тартқан Сайлау Әшенұлы Еламан поэзиясындағы суреткерлікті сыншының дәл аңғаруы қазіргі өңір әдебиетінің өсіп келе жатқанын көрсететінін атап өтеді. Бұл пікір алмасу – Ертіс-Баян өлкесінде бұрын-соңды болмаған жаңа әдеби серпіннің белгісі. Әдебиетті алға сүйрейтін де осындай шынайы пікір, шығармашылыққа жанашыр көзқарас. Сол арқылы қаламгер бойындағы табиғи талант жетіліп, әдеби орта «толыққанды» күйге енеді. Порталымыз өңір қаламгерлерінің арасындағы осы мәдени диалогты назарға ұсынып, қазіргі әдеби кеңістіктегі пікір үндестігінің маңызын айшықтамақ.
«Өлең туралы баян» сын мақаласын оқыған соң… біз де бірер ауыз пікір қостық
… Менің айтайын дегенім, Айбектің Еламан поэзиясы жөніндегі пікіріне қатысты бірер сөз. Оқыған шығарсыздар, аталмыш мақаладағы мына бір сөйлем сыншы пікірінің, оның айтар ойының кілті іспеттес екен: «Өнер адамын құртатын нәрсе – қасақана елемеу, өнерді құртатын дүние – немқұрайдылық», – дейді Айбек. Рас-ау дейсің! Шынында да бұл барлық уақытта (әдебиет пен өнер пайда болғалы) кез келген шығармашылық тұлға үшін аяққа тұсау болып келе жатқан жайт. Кешегі кеңес уақытында жазғандары еленбей, өзінен таланты төмендер бәйге алып, атақ иелініп жатқан оқиғалар талай мықты қаламгерлердің өлеңіне ғана емес, өміріне де балта шапқанын білеміз.
Кезінде Мұхтар Шаханов орыс ақыны Евгений Евтушенкоға арнаған «Түсінісу теоремасы» атты белгілі балладасында:
«Түсінісу секілді бір көк тұман,
Сол көк тұман тудырады көп күмән.
Бір жас дарын көтерілсе мінбеге,
Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам», – деп тегін жазбаса керек. Сондықтан, шама келсе бір-бірімізді түсініп, бір-бірімізді әспеттеуіміз керек деп ойлаймын. Әдеби орта сонда ғана дамып, қалыптасатын сияқты.
Кез келген қаламгерге баға беретін тек қана әдеби орта, өзінің әріптестері, сосын көзі ашық оқырман қауым екені белгілі. Мысалы, базарда сауда жасап тұрған адам, болмаса кеңседе отырған шенеунік ешқашан сенің шығармашылығыңа пікір айта алмайды, түсінбейді және оған қажеті де жоқ. Шығармашылық тұлғаны мақтайтын да, даттайтын да – өзінің әріптестері, сыншылар, ақындар, жазушылар. Сондықтан түйіндеп айтар болсақ, қаламгерді өсіретін тек табиғи таланты ғана емес, сондай-ақ, түсіне білетін ортасы екен. Яғни өсімдік үшін құнарлы топырақ, күннің сәулесі қанша қажет болса, ақын мен жазушы үшін шығармашылық орта сонша қажет деген сөз.
Шығармашылық адамның жаны өрмекшінің тінінен де нәзік. Ол қашанда қолдауға, қолпаштауға зәру. Кезінде қазақ әдебиетінде талай таланттарды жетелеп жүріп өсірген Әбу Сәрсенбаев, талай ақынның жыр жинақтарына, өлең топтамаларына алғы сөз жазған Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев секілді аға буын өкілдері осыны жақсы түсінсе керек. Олар «мына бала түбі күні менен озып кетеді-ау» деген пенделік ойға берілмей, жас таланттарды қолдай білген.
Ертеде оқыған мына бір дерек есіме түсе береді. Орыс поэзиясының аса көрнекті өкілі Сергей Есенин өзінің алғашқы өлеңдерін алып, Рязаньнан Мәскеуге барып, Александр Блокқа көрсеткен екен. Сонда өзі дворян ұрпағы, өзі атақты ақын Блок жас жігітті жатсынбай, оның дарынды ақын екенін бірден мойындап, зиялы қауымның басын қосып банкет беріпті. Сол банкеттің үстінде: «Өмірге орыс поэзиясының Чеховы келді!» деп жария еткен екен. Талантты түсіну дегеннің озық үлгісі осы шығар деп ойлаймын.
Айбек сыншы өз мақаласында Еламан ақынның: «Несіне сыр бүгемін, мен шынында кім едім? Тергегенде жалғыздық, жетсе болды жігерім», – деген жолдарын атап өтіпті. Осы «жалғыздық» пен «мұң» деген ғасырлар бойы ақын біткенге серік болып келе жатқан түсінік. «Мыңмен жалғыз алыстым» (Абай), «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» (Мұқағали). Шынында да ақын деген қашанда «көп ішінде бір жалғыз». Неге жалғыз? Айнала толы халқы бар, дос-жаран, отбасы бар. Бірақ ақын – жалғыз! Жалғыз болатын себебі, ақынды екінің бірі түсіне бермейді. Түсінбейтін ортаға сырың мен мұңыңды қалай айтасың? Сосын барып ол мұңы мен шерін ақ қағаздың бетіне төгеді, жан құпиясын соған ашады. Ақынды түсінетін – қаламы мен қағазы ғана. «Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, менің нәзік жанымды кім түсінер?!» (Мұқағали). «Жалпы мақтап, жаны қалмай жатса да, ешкім бізді шын түсінген жоқ бірақ» (Есенқұл). Айбек мақаласын оқып отырып, осындай ой кештік.
Қазақта «жүйрікті аяқ алысынан таниды» деген сөз бар. Сол секілді, шын ақынды, шын талантты бірер шумақ өлеңінен-ақ байқап, оның ой өрсін, шығармашылық қарымын аңғаруға болады. Баяғыда, жетпісінші жылдары болса керек, (ол кезде баламыз) «Жалын» журналында мәшһүртанушы ғалым, марқұм Сәрсенбі Дәуітовтың бір топ өлеңдері Әбділдә Тәжібаевтің алғы сөзімен басылды. Сонда Әбекең: «Бәріңіз де оқып көріңіздерші, Сәрсенбіде ақындық сөздер аз емес», – деп жазғаны әлі есімде. Сол секілді, Еламанда да «ақындық сөздер» аз емес екен. Оның біразын Айбек өз мақаласында келтіріпті. Мысалы, «Қайталамай ешкімнің де өлеңін, қайталамай ешкімнің де өлімін»; «Жазамын!» – деп мен-дағы ерте шерлендім, жазу ғана – жалғыз жолы өлмеудің…»; «…Баянсыз тіршіліктен баян іздеу – Жалғанда Өлең дейді мұның атын» деген секілді тіркестер анау-мынау ақынның аузына түсе бермесі анық.
Аталмыш мақаланың бір ерекшелігі, Айбек сыншы сөз соңында жас ақынға кәсіби тұрғыдан біраз ескертулер жасапты. Бұл да дұрыс. Себебі, кейінгі жылдары әркімдер жазып жүрген «сыни» мақалалар кілең мақтап-мадақтаудан тұратынын білеміз, сыннан гөрі жарнамаға көбірек ұқсап кетеді. Ал, Айбек осы шеңберден шығып, ақынның қайсыбір кедір-бұдырлау шумақтарына сыни көзқарасын білдіріп, дұрыс пікір айтады. Бірақ автор бұл ескертулерді көңіліне алмай, керісінше, одан дұрыс қорытынды шығара білуі керек деп ойлаймыз.
Бұл турасында біздің айтарамыз, ешбір ақынның өлеңдер жинағы кілең шедеверлерден тұрмайды. Қашанда нашары мен мықтысы араласа жүреді. Ортақол өлеңдер мақтаулы деген ақындарымыздың да көбінде кездеседі. Ол – заңдылық. Егер бір кітапта ел есінде қалатындай 20-30 өлең болса немесе бір топтамада мықты деген 2-3 өлең болса, ол ақын үшін үлкен жетістік деп білем.
Сонымен, Айбек мақаласын оқығасын, осындай бірер ауыз сөз қосқанды жөн көрдік. Оны біреу қабылдар, біреу қабылдамас, дегенмен, әркімнің өз ойы, өз пікірі бар екенін ескеру керек. Біздікі де сол…
Құрметпен,
Сайлау БАЙБОСЫН
