Баянауылда ақын Рахат Қосбармақтың “Баянауылдай ел көрдім” атты жыр кеші өтті. Жай өткен жоқ. Көкірекке ұялаған саз бен сөздің үнін, сары белдің самалындай ескен рухты ала келді. Аудандық мәдениет үйіне жиналған қалың жұрттың жүзінде – ризалық, көзінде – сүйіспеншілік, жүрегінде – ел мен ерге деген құрмет тұрды.
Кешті ақын Еламан Әшім жүргізді. Рахаттай рухты ағасының жыр әлемінде тербеліп кеткендей: «Өлең дегеніміз күй емес пе еді, үн емес пе еді, тереңге сүңгіп барып, қайта суыртпақтап шығаратын мұң маржандары емес пе еді? Рахаттың өлеңдері – теңіздің тұтас тынысындай. Әр шумағынан шындықтың лебі, әр тармағынан даланың демі сезіледі», – деп тебіренді.
Жыр кешінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің айтқаны да жүрекке жетті.
– Көп жағдайда әр өңір өз ақынын өз еншісіне ғана жазып, бауырына тартып, иеленіп алуға бейілміз. Бірақ шын ақын – бір ауылдың ғана емес, бүкіл қазақтың жүрек үні. Оның жыры – ұлттың ортақ мұрасы, сөзі – халықтың жан айқайы, – деді ол. Міне, осы сөздің астарында ақиқат жатыр.
Кеш барысында қазақтың қара домбырасы әлденеше сөйлеп, ақын өлеңіне жазылған әндер орындалды. Сонымен қатар Айбек Оралхан Рахат ақынның шығармашылығы туралы баяндама жасады. Оқырмандарға осы баяндаманың толық мәтінін ұсынамыз.
«ОҚЫҒАМ ЖОҚ» ДЕМЕ, ІНІМ, РАХАТТЫ ОҚЫ…
(Р.Қосбармақтың поэзиясы мен позициясы туралы)
Қазақтың әдеби ортасында да, оқырман жүрегінің елеусіз түкпірінде де бір қоңыр сөздің көлеңкесі көшіп жүр. «Қаламгерлер бір-бірін оқымайды екен… Оқыса да толымды пікір, әділ сөзін айтпайды… «Оқығам жоқ» деп жылы жаба салады» деген. Бұл сөз көкірекке кірбің ұялатар, рухани санамыздың көкжиегін көмескі тарттырып, ардың сөзін сөйлейтін әдебиет атты киелі әлемге деген ілтипатты шым-шымдап шегінтіп, бейуақта естілген беймәлім бір үндей бүйірден түртеді.
Кейде ойлайсың: егер Мұхтар Әуезов Бейімбет пен Жүсіпбекті «оқығам жоқ» десе ше? Егер Мағжан Жұмабаев Абайды «оқымағам» десе ше? Егер Әбіштің өзі Мұхтар Мағауинді, Ілияс Есенберлинді, Шыңғыс Айтматовты «білмеймін» десе не болар еді?! Тіпі оғаш қой. Әдебиет өзгені оқудан, қаламгерлік өз қатарын танудан басталмай ма!?
Біз, кейінгі толқын, ағалардың сөзін іздеп оқимыз. Қажет болса астын сызып оқимыз. Біреуінен – тереңдікті үйренеміз, біреуінен – ірілікті, біреуінен – сыршылдық пен сілкіністі, енді біреуінен – ар алдындағы жауапкершілікті көреміз. Бірақ соның бәрінде өмірмен бетпе-бет келіп тұрған Адамды көреміз, ақынды (жазушыны) ғана емес, заманның көзіне тура қарап сөйлейтін, келешек ұрпаққа өміршең ой айтатын Азаматты көреміз.
Сондай сойы бөлек ақындардың бірі – Рахат Қосбармақ. Ақынның «Біздің ұрпақ» атты өлеңі бар. Сөзімізді сабақтауға сеп болғандықтан, ә дегеннен задына зер салып отырмыз. «Ұрпақ» сөзі – жай ұғым емес, тұтас концепция. Ол – тағдыр, ол – миссия. Күлтегіннің «Ілгері – күншығысқа, кейін – күнбатысқа» деп, ел шетінде шерікпен қатар шаншып түсер сөз найзасын ұстағаны да ұрпақ үшін. Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегені де ұрпақ үшін. Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деп, дүниені дір еткізіп, серт ұстағаны да ұрпаққа бағытталған.
Ал енді ХХ ғасырдың орта ширегінде дүниеге келіп, кеңестің көлеңкесі мен тәуелсіздіктің шуақты шағын қатар көрген толқын – Рахат ақын айтқандай, бір ғана буын емес, екі дәуірдің белесінде туған ұрпақ.
«Біздің ұрпақ – сәбидей аңқау ұрпақ,
Сәбиіңе сәл бұрыл, қартаң ұрпақ!
Мына сіздер секілді мықты ұрпақ бұл,
Және сіздер секілді жалтаң ұрпақ».
Бұл – әр буынның өз орны мен міндетін сезінуі. Ақын жырлаған тұтас образ – түйсікпен берілген ұрпақ портреті.
«Біздің ұрпақ – тағыдай тарпаң ұрпақ,
Дала мінез, дария, дархан ұрпақ…».
Ақынның бұл жердегі сөз сұрыптауы – қарапайым поэтикалық риторика емес, ұлттық мінездің поэтикалық архетипі.
«Тағыдай тарпаң» деген тіркес – көз алдымызға сақ дәуіріндегі тұлпардай тарпаң, еркіндікке үйренген, рухы семсердей дем тартқан бейнені әкеледі. Отарсыз буынның ішкі арманын аңғартады. Ал «Дала мінез» дегені – географиялық өлшем емес, рухани кеңістік. Себебі қазақ үшін Дала – жай кеңістік емес, тағдырдың тоқсан тараулы мектебі. Қуануы да, қорғануы да, үмітін де, өкінішін де осы кеңістіктен алып үйренген ұлт үшін «дала мінез» деген – тұтас өмірбаян.
«Біздің ұрпақ – атылған асау ұрпақ,
(Қарт тарихтың қайла-тіл, қашауын тап!)
«Келер ұрпақ, не болар келешегің?» –
деп біз үшін кім енді бас ауыртад?!».
Ақын бұл жерде ұсақ уайым емес, өзімен замандас ұрпақ атынан келер буынның тағдырына алаңдайтын, ізашарларды іздейді. Қайраткерлік азайған заманда ұрпақ сабақтастығы жалаң ұран, жадау үмітке айналғандай көрінеді. Мұнда тіс жара бермейтін түйткіл бар.
Келешекке қалатын сөз қай буыннан туады?
«Біздің ұрпақ!
Несіне жалтаңдайсың?!
Заман жүгін зорықпай тартар қайсың?!
Жаманатын ағаның арқаламай,
Аманатын ананың айта алмайсың».
Ақын өлең оқып отырған жоқ, аманат сөз айтып отыр. Қара сөзбен айта алмағанын қара өлең арқылы жеткізеді. Мұндағы «жаманат» пен «аманат» әншейін рифма ма? Жоқ. Бұл – әдеби-тарихи категориялар. Бірі – арттағы ағалардан қалған салмақ. Екіншісі – анадан дарыған қасиет. Екеуін тең ұстай алмаса, ұрпақ ұғымынан айырылу – оп-оңай.
Ақын «Біз кімбіз?» деген сауалға жауап іздейді. Өткен буынның күрсінісін, келер буынның үнсіздігін де қатар сөйлетеді. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы жалған құрметке құрылмайды, жүректен жүрекке жалғасады. Сондықтан, Рахат Қосбармақтың өлеңдерін «оқығам жоқ» деп орағытпай, «оқыдым, жүрекпен оқыдым» деп айтуға әбден лайық.
«Жырымды менің оқыңдар…» – дейді ақын.
Бұл өлең – қалғыған рухты түртіп оятатын жүрек сөзі. Бүгінгі аласапыран дүниенің шуы мен шаңына тұншығып қалған көңілдің көзін аршымақ ниет.
«Жырымды менің оқыңдар –
Көкала түйдек кеудемнен керуен көшкенде,
Тұнып бір қалған ауадай тымық кештерде.
Алғаусыз жанды тербеген алау-сағыныш
Арқадан соққан ақ самал болып ескенде.
Жырымды менің оқыңдар –
Дала пейілімен иіген сәтте түз-анам,
Құшағын ашып, құрсауын жазса құз-аран.
Жидеден шапқан қақсауық қара домбыраның
Қайың тиегі қақ бөлінгенде ызадан».
Рахат ақынның “Жырымды менің оқыңдар…” деген сабырлы да, сәулелі де үнінде қазақ жанының тұңғиығынан бұрқ еткен көне сарын жатыр. Бұл үн кешегі Асанқайғының жерұйық іздеген зарынан да, Бұқардың ханға айтқан ақылынан да, Махамбеттің атойлаған датынан да ада емес. Жыраулар дәстүрінің жалғасы іспетті. Сол әруақты ерлердің рухымен бүгінгі ақынның ішкі тілдесуі. Бұнда қуатты лириканың лебімен қатар, мәдени жадының дірілі бар. Ақын өзінің жеке болмысымен шендестіре жалпы бір ұлттың кешіп келе жатқан рухани күресін алға тартады. Жай ғана “менің өлеңімді оқыңдар” деп мөлиіп тұрған жоқ. “Бізді ұмытып бара жатырсыңдар ма?” – дейді. Және бұл ұмыт қалудың зілі – жекелеген ақынның емес, бүтін бір дәуір қаламгерлерінің сағын сындыру қаупімен үндес.
«Ала бұлттардың арасында бір күн аунап,
Түстікке қайтса тырналар тобы тыраулап…»
Ала бұлт, тырна бейнесі астарында мифтік сана жатыр. Қазақ ұғымындағы тырна – сағыныштың, арманның, өткенге оралу мүмкіндігінің символы. Ал ала бұлт – өмірдің бұлдыр өткені мен көмескі болашағы. Ақынның поэтикалық политрасы көзге елестейтін пейзаж бен көзге ілінбейтін ішкі рухани аураны шебер суреттейді.
«Ақиық болып жаралады ғой ақындар,
Көре алмайтұғын көкірегі түнек соқырлар
Орақ-тілімен ормандарды өртер отым бар,
Шыға алмай кеткен шоқтығы биік шоқым бар…».
Шумақта жеке басының эмоциясынан гөрі, дарын деп аталар дүйім жұрттың өкініші, талант пен бейталант тартысы – бәрі тоғысқан. Рухы жалғызсырағанда ақын осылай өзін өзі қайрап, қайраттана жырласа керек, оны көп ішіндегі жалғыздар жақсы түсінеді. Сондықтан да ақын жырын оқы деп жалынбайды: өзіңнің ішкі рухани тұзың шөліркеткенде, шыдатпағанда оқы деп ант-өсиет айтады.
«Жырымды оқы!
Көкірек толы қыстығып мұңмен көркеуде,
Жыларман болып, жынданар сәтің келгенде…»
Ақын өз өлеңін қайрат дарытар шуақ ретінде ұсынады. Жазылған жыр – жасанды пафос емес, рухани қажеттілік. Қазақтың шерлі жүрегіне арналған шипа, адасқан көңілге арналған үміт сәулесі. Осы тұрғыдан алғанда, Рахат Қосбармақ – өзіне дейінгі жыраулар мұрасының шырағын өшірмей жеткізуші, соны заманға лайықтап сөйлетуші сана иесі. Оның жыры – не жалғыз жүректің ішкі талықсыған үні емес, не сұлу сөзбен кестеленген бос әуез емес – ол, ең алдымен, рухани контексті кең шынайы поэзия. Сол кеңдікте ғасырлар көшінің дүбірі, жылаған ана, елеңдеген бала, сағым қуған сағыныш, ұмыт қалған ұлт, үнсіз кеткен ұлы ата-баба үні бар.
Ақын “жырымды оқыңдар” дегенде өзін емес, соларды таныңдар, соларды тірілтіңдер, солардың мұңын мұңдаңдар, жоғын жоқтаңдар деп тұрғандай. Рахат Қосбармақтың поэзиясына үңілу – бір адамның жырын оқу емес, бір ұлттың жан уілін тыңдау. Ал ондай жанды ести білу – тек есті оқырманның ғана еншісі.
Өлең – адамның өзінің шын болмысына айналатын сәт сирек. Ал ақын – сол болмысты тіл мен тағдырдың от-жалынында пісіріп, ұлттың жүрегіне көшіруші. Оның даусы – біреуге үн, біреуге үнсіздік; біреуге шер, біреуге шырақ. Бірақ қай кезде де ақынның жыры – өзегіндегі рухани анттың көрінісі.
Осы терең толғаныстың жалғасын ақын “Әке қабірі басындағы ант” атты өлеңінде береді. Мұнда біз ақындық кредоның сыртқы декларациясын далдаламай, ішкі серттің биік рухани формасын көреміз. Жырындағы Әке – тарих. Топырақ – тамыр. Серт – ұрпақ алдындағы ұстаным.
Ант пен Ар, Топырақпен серттескен тарпаң ақын былай дейді:
«Армысың, Әке!..
Арманым аз-ды аймалап қазір бір сүйсең.
Өлеңімде де өмір сүріп сен жатырсың,
Тірісің, Әке!
Жүрегімде де жүрсің сен!..
«Адам бол» деуші ең әрдайым,
Аман болсам тек, адам болуға серт берем!
Міне, бұл жол –Рахат Қосбармақ поэзиясының рухани өзегі. Ақын өлеңді атақты болу үшін жазбайды, Адам болу үшін жазады. Даңққа жету үшін емес, борышын қайтару үшін жазады. «Адам болуға серт берем» –деген тармақпен ол поэзиядағы азаматтық, рухани, адами позициясын бекітеді. Ендеше, Рахат Қосбармақ поэзиясы – бүгінгі күнді ғана емес, ертеңге деген адамдық сенімді де көтеріп келе жатқан рухани қуат.
Жыр – жарықтың жалауы. Ал ақын – ғайыптан нұр құятын, жан бөлмесін жарықтандыратын сәруар сана. Осы бір сырлы да тұңғиық ақиқатты Рахат Қосбармақтың «Күн» атты лирикалық туындысынан айқын көреміз:
«Ақ моншақтар жанардан ыршып таңда,
Айналайын көңілім, тыншып қалма.
Құлыншағым кеудемде кісінейді,
Тұлымшағын көтеріп Күн шыққанда.
Күн келеді нұр сыйлап бар адамға,
Қызыл найза лақтырып далаларға.
Нұрдан жаралғанымды сезінемін –
Жарқын жүзді жалқын нұр жалағанда.
Қолтығында бұлттардың Күн де аунаса,
Қайтер едік жүректер нұрланбаса?!
Қайтер едік – егерде жақсылардың
Көкірегінде бір-бір сәби-Күн болмаса?!.».
Жазылғанына бірнеше онжылдық өтсе де, бұл өлең поэтикалық жарқылы мен ішкі рухани салмағынан титтей де айырылмаған. Күн жүректі адам немесе рухтың сәулесі туралы жыр десе болады. Өйткені мұнда ақын күнді жырласа да, адамның ішкі күнін, табиғатты жырласа да, кісілік қасиетті суреттейді. Өлең бойындағы әрбір шумақ, әр тармақ – адам мен жарықтың арасындағы үнсіз сырласу.
«Құлыншағым кеудемде кісінейді» – деп ақын кеудесінде шапқылап жатқан тіршілікке, еркіндікке, шабытқа, жарыққа құмар арынға алғыс айтады. Абайша айтқанда, жүректің көзін ашып, хақтың сәулесін ішіне түсіреді. Адам өзіндегі жарықты ояту үшін күнтекті жүректің тіл қатуын күтеді. Көкірегіндегі сәби-Күн – адамдықтың өлшемі. Өлеңнің философиялық өзегі: бұлт та, күн де – уақытша, аспан – өткінші, бірақ адам жүрегіндегі сәуле – мәңгілік. Сәби-Күн –метафора ғана емес, ақынның адамға қойған моральдық талабы. Сондықтан бұл жолдар ақынның адамға деген сенімі, рухқа деген мінәжаты.
Поэтикалық сәуле мен адамдық сәуле – егіз ұғым: Адам ішіндегі жарық өшсе, сыртқы жарық неге керек? Сәуле сырттан келмейді. Ол көкіректен тұтанады. Ақын соны айтып отыр.
Әдебиет – ардың ісі десек, ақын – сол ардың күзетшісі. Ал Рахат сол күзетте тұрған шайырдың бірі. Оның кешегі Баянауыл сапарынан жазылған өлеңдер топтамасы – сөзбен жазылған шежіре. Тау мен тасқа тіл, шөп пен бұлтқа жан бітірген. Ақын өлеңінде метафора – мәйек, аллитерация – әуен, эпитет – асқақтық. Осының бәрі бірігіп келіп, өлеңді сөз өнерінің ең жоғарғы сатысына көтеріп тұр. Ақын тілімен табиғатты ғана емес, адам жанын да сөйлетеді.
Ел мен ақын – екі бөлек дүние емес, біте қайнасқан бүтіндік. Ақын деген кім? Ол – тірлік шуын шумақ-шумақ өлеңге айналдырып жүрген шабытты пенде ғана ма? Әлде елдің жүгін арқалап, ғасырдың үнін жеткізетін жауапкер тұлға ма? Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын. Бірақ Рахат Қосбармақтың поэзиясы мен позициясына үңілсек, бір нәрсеге анық көз жетеді: ол үшін ақын – халықтың Ар-Ұжданы, сөзі – серті, жыры – жанпидасы.
Ақынның кей-кейде өзін-өзі жүгендеп отырады, ол – ел алдындағы адалдығы.
«Жасық жырды “атыма кір келер” деп,
Жазбаймын мен,
Жазсам да, жарияламан…».
Осында өлең десе өзінің де, өзгенің де қабырғасын сөге білетін сүлейлік мінезі мен бұлтармас бірбеткей поэтикалық принципі жатыр. Біз оны жазу үшін туған жазарман емес, жазғанына жауапты тұлға ретінде танимыз. Тек сөзге емес, елге адал болудың өлшемі – осы. Қаламды қаңтару – қолға салынған кісен емес, ұяттан туған рухани тежеліс. Ақын жасық жырдан қашпайды, жауапсыздықтан қашады. Себебі ол: «аты кірленсе, елінің де рухы лайланатынын» біледі. Бұл – поэзиядағы жеке амбициядан ұлт мүддесін жоғары қоюдың үлгісі.
«Тамырында – атаның абыз қаны,
Таңдайында – жусанның сағыз дәмі…» лирикалық образы – ұлттың жаратылыстық сипаттамасы. Жусан – жұртымызды иісімен баураған, дәмімен дәргейлеген қасиетті шөп. Оны таңдайда сақтау – жадыда сақтау, ұлттың рухын жүректен жоғалтпау деген сөз. Бүгінгі поэзияда солып, сиреп бара жатқан сол тамырды таныту әрекеті. Ақын тектік санасына арқа сүйейді, дәстүрлі дүниетаным дейміз мұны. Рахат Қосбармақ өз бойындағы өнер қасиетін Адайдың бес жүйрігінен, Бекет абыздан алады, жүрегіндегі ел мұратын жусанмен ұштастырады. Демек, Маңқыстау жыраулық мектебінен өткен Рахат үшін ақын болу – мұрагерлік миссия.
«Маған дұшпан – еліме атылған оқ,
Ар-намысын қорғаймын ақын да боп…».
«Бөлінетін елімнен болсам егер,
Қара жерге тірілей көмің мені!».
Мұнда ақынның азаматтық ұстанымы тайға таңба басқандай анық. Бұл – парламент мінберінен емес, поэзия мінберінен айтылған саяси тұғырнама. Оның саясаты – еліне деген шексіз сүйіспеншілік. Ақынның позициясы – бейтараптыққа баспайды, белсенділікке бағыттайды. Ол қорғалайын демейді, «қорған боп қалайын» деп сөйлейді. Мұнда Рахат Қосбармақтың ақындығы ұранға емес, ұятқа сүйенеді. Елдің мүддесі – оның жеке жетістігінен жоғары. Бүгінгі заманда бұл ерлікпен пара-пар қасиет. «Алаш» әдеби сыйлығын алып тұрып әріптестеріне тастаған үндеуі соның көрінісі емес пе еді.
«Ақынның әркез тіл ұшында ғой жыр-әні,
О, Далам менің – қанаттылардың тұрағы!
Сағынам сені осынау алып жүрекпен,
Көкірегім менің Сағыныштардан тұрады!».
Рахаттың даланы аңсауы – дара тақырып. Бұл дегенің туған жерге перзенттік сағыныштан бөлек болмыстық түпнегізге ұмтылыс. Даланы сағыну – ұлтты сағыну. Себебі қазақ үшін дала – тек мекен емес, мінез, дәстүр, ғұмыр кешу формасы. Ақын даланы “қанаттылардың тұрағы” деп бейнелеуі – ұлы кеңістікті еркіндікпен теңестіру. Ұлттық құқық пен поэтикалық этиканың тұтастығы «Дала заңын Дала ұлынан сұра сен…» жолдарынан аңғарылып, қазақ философиясының өзегіне бойлатады. Жұртымызда жазылған заңнан бұрын, жазылмаған дала заңы болды. Ол – әділетке, ар-ожданға, ұят пен ынсапқа негізделген моральдық кодекс. Ақын осы заңның поэтикалық жаршысындай сөйлейді.
«Күйкілікке күйіп-піспе күбініп,
Ерге керек емендейін ірілік.
Жарлығына балап соны жазмыштың,
Үйрене біл жалғыз сөзге жығылып.
Өс санаңа сара сөзді сіңіріп,
Жалғыз жая жемегейсің жырылып.
Көппен бірге көже ішу де – көп бақыт,
Аспан-жердей – ұсақтық пен ұлылық.
Арды сатпа, ала жіпті аттама,
Ана арманын аяғыңа таптама.
Намысыңды наннан биік қадірле,
Жүрегіңе жүгін әркез тек қана!
Күңіренбе, жиғызбайды күйік ес,
Семсерменен шешілмейді түйін еш.
Жұдырықтай, жұмыр жердей жүрекке
Бабаңның бар қасиетін жиып өс!»…
Осыдан аңғарылады: Рахат поэзиясы тек лирикалық емес, этикалық поэзия. Ол тек тәртіпті де, тәрбие мен танымды да жырлайды. Бірақ құрғақ дидактикаға ұрынбайды. Бұл – жыраулардан қалған ұлы дәстүр. Рахат соны заманауи поэтикамен сабақтастырып отыр.
Қарапайым тірліктің философиясы
«Көппен бірге көже ішу де – көп бақыт…»
Ақын төремен табақтас болмай, халықпен қатар отыруға құмар. Бұл –«көппен бірге» болуды арман ететін ұлтшыл рухтың бейнесі. Рахат үшін ұлы болу – ұлтпен бірге болу. Ақын болу – биіктен сөйлеу емес, бұқараңды биікке шығару, ел мұратын иығыңа жүктеу. Рахат Қосбармақ поэзиясындағы азаматтық үн – бұл ұраншылдық та, айқай да емес, асқан жауапкершілік, өлең арқылы отқа түсіп, еліңді өрттен сақтау. Оның азаматтық позициясы – қанша қасірет жүк болса да, “Елім!” деп бас көтеру. Әбіш Кекілбаев айтқандай, «ақын – ардың иесі». Ал Рахаттың жыры – сол ардың айнасы.
Біз ұлттың жан дүниесін айтқанда көбіне тілге, дәстүрге, музыкаға сілтеме жасаймыз. Бірақ ұлттың болмысын одан да тереңірек танытатын бір ғажайып бар ол – жылқы. Жылқы – қазақ үшін тіршілік тірегі де, тірі рухтың өзі де. Оның жүрісінде – ұлттың мінезі, кісінеген үнінде – еркіндік сарыны, шабысында – тарихтың екпіні бар. Осы тұрғыдан алғанда, Рахат Қосбармақтың «Күрең» және «Мінген де аты қаракер ме екен…» өлеңдері – қазақ жанының рухани картасын көз алдымызға жайып салады. Бұл жырлар – ұлттың жан сырын жырлап өткен көшпелі дәуір поэзиясының жауһарларына тең.
«Құйғытсам, шіркін, құлдилап жонда бірер күн,
Құйрық-жалына маздаған шырақ-от іліп…»
Өлең осылай басталады. «Күрең»: еркіндік пен елестің, тәуелсіздік пен тарпаң танымның жыр-елегі. Әр қазақтың генетикалық жадына жазылып қалған осы еркіндік инстинкті ақын бейсанадан суырып алып, поэзия тілінде қайта сөйлеткен.
«Күміс үзеңгі күнге шағылып,
Күреңнің
Күлдір де-күлдір кісінесі тербеп жанымды…»
Мұнда реалистік суреттен гөрі акустикалық поэзияның үні естіледі. Кісінеген жылқы дауысы – есті құлаққа еріген майдай жағатын дыбыс. Ол – арғы қазақтың тынысы, көне даладан күмбірлеп жеткен көне сарын. Ақын осы дыбысты тірілте отырып, поэзияны акустикалық кеңістікке айналдырып отыр.
Ал өлең соңындағы елес:
«Түсіме жиі еніп жүр күміс ер-тұрман,
Түсіме жиі еніп жүр сол бір күлік ат…» – жай ностальгия ма? Бұл – ар алдында ұйқы беріп, қайғы алған сана; ұрпақ пен өткеннің арасындағы үзіліп қалған байланысты қалпына келтіргісі келген ақын жанталасы. Естен кетпейтін елес – ұлт жадының өзегінде сөнбеген шоқ. Сол қозаны Рахат дарын демімен үрлеп отыр.
«Мінген де аты қаракер ме екен…» – жыраулық поэзияға жаңаша жан бітіру. Өлең құрылымы толғауға құрылған. Ақын атың жайын сұрап отырған жоқ – өзі кім еді, қайдан еді, қайда кетіп барады – соны іздеп отыр.
«Мінгенім – қызыл ма екен, қылаң ба екен,
Қызығып тәмам елім тұрар ма екен?!»
Мұнда ұлттық танымдағы «ат» – тағдырдың символы. Мінген аттың түсі – өмір жолының бояуы. Ал «елдің қызығуы» – ақынның өз орнын, өз мұрасын іштей бағамдауы.
« Тартқаным – «Ақжарма» ма, «Адай» ма екен,
Аузыма алқалы топ қарай ма екен?!
Беу, жалған, қызы да көп, қызығы көп,
Дариға-ай, сені қиып қалай кетем?!
Үкілі домбыра ма – ұстағаным,
Үзілтіп салған сазым, құштар әнім?!
Баянсыз тіршілік-ай, байлауы жоқ–
Жүзіндей қылпылдаған ұстараның».
Поэзиядағы күй сарыны Ілияс Жансүгіровтен кейін де сан рет түрленді. Рахат ақын ән мен күйді ұмытып бара жатқан қоғамға поэзияны домбыра үніне айналдырып ұсынып отыр. Бұл жерде күй эстетикалық элемент қана емес, тұлғаның ішкі күйі. Ақынның өмірден сезген ділінің дірілі – “Ақжарма”, ал күйзелісі – “Адай”.
«Бір күні мен де өтермін,
Бұл өмірге
Тәңірмен тартысуға келіп пе екем?!»
Ақын өмірді жеңуге құмартпайды, оны түсінуге келгендей. Түсіне келе, сабырға оралады. Өлең біртіндеп үкімнен – ұғынуға, ашудан – аңсауға қарай ойысады. Егер поэзияны ұлттың рухани ауа-райы десек, Рахат Қосбармақтың бұл өлеңдері – көктемнің алғашқы күркірі секілді. Жаңбыр жаумағанымен, найзағай ойнап тұрғандай. Таза, терең, әрі сесті – себебі оның сөзі ессіз емірентпейді, есті оятады.
«Өлең – мен үшін қару да, құрал да емес, тек қана Өлең! Ал Өлең – өмірдің өзі». Пікірдің иесі – Рахат Қосбармақ. Бұл оның поэзияға көзқарасы. Ақын үшін өлең – жалаң сезім немесе жалт-жұлт еткен форманың ойыны емес, жанын жалаңаштап, жаралы жүрегін жасырмай ұсынуы. Осыны түсінбей, өлеңнің ішіне кірмей, поэтикалық «менді» тану мүмкін емес. Оның поэтикалық «Мені» – жаралы жүрек, ұлттық жан.
«Жел тербеген жеті нотам бар еді,
Әр пернеде жеті мақам бар еді:
Күбіртке күй, бірі – ән, бірі – зар еді.
Ол туған кез атам заманнан да әрі еді,
Оған жалғыз Жаббар Құдай жар еді.
Мен туғанда қып-қызыл-ды дүние,
Қайғы – аппақ, ал сағыныш сары еді.
Сезім-қылын шертіп көрші әуелі,
Желіде боздаған жетім ботам бар еді,
Құлағың сап, тыңдап көрші сен оны».
Ақын өз өмірін, тағдырын жеті нотаға, жеті пернеге теңейді. Жеті ырғақ – жан тербейтін ұлттық саз. Әр мақам – тұлғаның басынан өткен сезім, елдің тартқан зарын жеткізер үні.
«Мен туғанда қып-қызыл-ды дүние,
Қайғы – аппақ, ал сағыныш – сары еді…». Ақын поэтикалық бояу арқылы өз ішкі әлемін, өмірді қабылдау палитрасын ашады. Қып-қызыл дүние – кеңестік жүйе, қайғының аппақтығы – ақтаңдақ жылдар, азаптан ағарған шаш, сары сағыныш – қазақ даласының уылжып піскен күзіндей сарғайған сағыныш. Шымыр шумақтары шешесінің тоқыған алашасындай, шексіз кеңістікке тартылған өрнектей, көке асылған кемпірқосақтай көз тартады.
«Жеті қабатты көктей өткен жебем-жыр,
Кеудем менің – бесінші мұхит, берен жыр.
Шешем тоқыған алашаның өрмегі:
Шексіз сызық, шиыр-шиыр өрнегі,
Сен білмейтін сегізінші бояу – Өлең-дүр».
Сегізінші бояу – Өлең-дүр. Міне, басты метафора. Адам жеті түсті саралайды. Бірақ ақын – сегізінші бояуды көреді. Бұл – жай бояу емес, рухани таным, сезімнің түсі, тек жүрекпен ғана байқалатын бояу. Бұл бояу – өлеңнің өз түсі. Ақын оны тануға шақырмайды. Ол тек: «Құлағыңды сал», «Сезіміңді түр» дейді. Өлең – ол ғылым емес, сезімнің сәулесі. Түсіну емес, түйсіну керек.
«Маңдайымда – ғасырлардың әжімі,
Таңдайымда – Тәңірінің жазуы;
Қауызымда – қарашығы дүниенің,
Ауызымда – аталардың азуы;
Көкірегімде – көне заман күңгірі,
Көмейімде – сахараның саз-үні;
Топырағымда – толған тарих, балбал тас,
Жапырағымда – Жаратқанның фазылы;
Көсегемде – бабалардың батасы,
Пешенемде – періштенің азығы;
Кең дүниені кешіп келе жатырмын
Кездескенше кесе соқпақ жазымы».
Осы жолдар – тұтас ұлттың рухани генетикасын жырлайды. Ақын өзінің тәнін – уақыттың денесіне, сөзін – Тәңірдің тағдырына айналдырып жібереді. «Топырағымда – толған тарих, балбал тас» дегені поэтикалық “меннің” геологиялық тереңдігі. Ақынның бойы – дала, тіні – тарих.
«Сазбет қоғам салып кеткен әлегін;
Күлтегіннің көзден аққан жасы боп,
Нұр-тегімнің заманға айтқан зары едім»
Ақынның «мені» – зардың тілі, сын айту емес, заманға мұңын айту. Қоғамдағы жара – ақынның жарасы, елдегі әділетсіздік – ақынның іштей өртенуі. Күлтегін мен Нұр-тегім – падиша өнердің патшаға дат айтуының дара өрнегі. Екеуінің арасын жалғап тұрған да ақын. Ол сөздің хатшысы емес, шашылған құндылықтың жоқшысы.
Өлең – ақиқаттың өз үні. «Сегізінші бояу» – ұлттың, уақыттың, ұмыт болған шердің үні.
«Сөз – бәрінен ерен-ді,
Оған қарсы қоясың сен нені енді?!
Астана елді ауызына қаратқан
Алмас қылыш Ақын деген – кемел-ді.
Ел бұйдасын, сөз тізгінін ұстаған
Шешендердің шеніне кім теңелді?!
Өксіктің де зоры еді ғой – бұл Өлең,
Өмірдің де соңы – осы Өлең-ді.
Тағдырымның бәрі – өткінші, бәрі – құм,
Тарихымды жатыр бүгіп кәрі құм.
Шағыл-жырым шалдығып бір жығылған –
Самғап барып, Самға шөккен сары мұң».
Ақын өз өлеңінде өзіне баға бермейді. Ол өз бойына халықтың арманын, ананың аңсауын, бабаның батасын дарытып, оқырманның алдында жалаңаш жанымен, адал жүрегімен қасқайып тұрады. Ақынның ақиқаты – ащы, шындығы – жалаңаш, сондықтан оған көпшілік тура қарай алмайды.
«Сам құмы» толғауы және жыраулар дәстүрі
«Сам құмы» өлеңінде жыраулық поэзия дәстүрі: рухани сабақтастық пен көркемдік үндестік жатыр. Қазақ әдебиеті тарихында жыраулық поэзия – аламан рухтың, елдік сана мен тектілік желісінің алтын арқауы. Жырау – сөз жаратушы, халық жадын сақтаушы, болмыс пен тарихтың шежіресін жырмен кестелеген рухани көшбасшы. Осы асыл дәстүрдің сарыны Рахаттың поэзиясында жалғасын тапқан.
Мыңжылдықтың жадында мың қыстаудың жұрты болып жатталған Маңғыстауда, теңізге иек артып, құмға арқасын сүйеп туған Рахат Құсайынұлы – толағай тұлғалар түлеген топырақтың төл перзенті. Қазыналы қарт Каспийдің көкжиегінен бой көтерген руханияттың бір тұтқасы. Сөздің жұпарын бала күнінен танып өскен ол – бүгінгі күннің жырын кешегідей шежірелеп, ертеңгі күннің үмітін бүгінгідей сезіндіре алатын сирек талант. Оның қаламынан туған әр жол – Маңғыстаудың маң даласындай кең, шындық пен ардың қорытпасындай сом, ал үні сонау сүлейлер мен жырлаулардан қалған сүрлеудің жаңғырығындай.
Сам құмы – ақынға алтын сандықтай қымбат қазына, кіндік кесіп, туып-өскен қасиетті мекені.
«Садағаң кетейін, Сам құмым!
Сарайым, алтын сандығым!».
Өлеңде тарих та бар, тағдыр да бар, рух та бар, тіл мен сана тұтастығы да бар. Аталмыш толғауды құм топографиясын құдіретті бояумен түрлендіре суреттеген жад картасы десе болады. Кең тынысты лирика қазақ поэтикасының архаикалық фольклорлық қабатын еске салады. Осы тұста жыраулар поэзиясымен туыстық табиғаты аңғарылады.
«Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақ ала ордам қонған жұрт…»
Қазтуған жыраудың «қонысқа» арналатын пафосы – рудың киесін, кеңістіктің қасиетін түгендесе, «Сам құмы» осы пафосты жаңғыртып, «құмның құмбыл тірлігін» микротізбектер арқылы (өлеңде құмның әрбір қоға-шөбі, аң-құсы, дыбысы мен сыбдыры түгел аталып, ерекше бейнеленеді) санаттап береді. Қазтуғандағы экспрессивті әсірелеу «жұрт» ұғымын зеңгірге көтерсе, Рахат үшін «құм» – тотем. Екі мәтінде де кеңістік – этникалық меннің метафорасы: қоныс жоғалса – киенің іргесі сөгіледі. Себебі жер – бүкіл елдің киесі.
«Кіндігімді кескеннен,
Кірімді жуып өскеннен;
Кінәмшіл мынау дүниенің
Кілтін бұрап шешкеннен
Саған байланған тағдырым.
Шалқалап жатқан шағылым,
Шашаусыз жиған лағылым,
Шалдардан қалған сары құмым.
Өмірдің бір-бір белесі –
Өзіңде өткен әр күнім».
Шалкиіз жырау адамның ар-намысын, батырлық мінезін алдыңғы орынға қойып:
«Арғымақтың баласы аз оттар да көп жусар,
Азамат ердің баласы аз ұйықтар да көп жортар», – деп толғаса, «Сам құмында» да табиғат бейнесі арқылы осы тектес мінез көрінеді. Қоянның орғығаны, арланның жүрісі, қарсақтың қашқаны – бәрі тіршіліктің қайратын, серек құлақ сәйгүлік мінген ер азаматтың жаудан жүрегі қайтпас сайгездігі мен намысы суреттеледі.
«Орғи-орғи жүгірген
Ор қоянның шабысы-ай!
Қарғи-қарғи қашатын
Қарсақтың жортақ қағысы-ай!
Алп-алп басқан алшаңдап
Арланның аяқ алысы-ай!
Ащыағардың арнасын
Айнала біткен қамысы-ай!
Жалпиған жазық жондарың –
Өгіздің тері талысы-ай!
«Таудан мұнартып ұшқан тарланы»,
Жаудан жүрегі қайтпас арланы,
Аудан аман шыққан ардағы,
Баудан басы босаған сардары.
Абадандарым азулы,
Асыл да туған ар жағы».
Асанқайғының дүниетанымы – жерұйық іздеу, «Таза мінсіз асыл тас – су түбінде жатады//Таза мінсіз асыл сөз – ой түбінде жатады» дей отыра ой түбіне шомса, «Сам құмында» автор жерұйықты сырттан іздемейді; жерұйықтың шартын іштен табады.
Сақ, үйсіні, сарматы,
Сары орыстың солдаты,
Қытайы мен Ұрымы,
Қырғызы мен қырымы,
Қызылбас пен қыпшағы,
Миллион көші, мың саны,
Жөйіті мен жоңғары,
Қазағы мен қалмағы.
Қаншасының кәлласы
Қара жеріңде қалмады.
Сенде туып, сенде өлген,
Сегіз ұжмақ бесігінде тербелген
Перзенттің жоқ-ау арманы!
Пенденің жоқ-ау арманы!
Доспамбет жырау кең даланы сапар сарынымен бейнелеп: «Айнала бұлақ басы тең, Бүлдіргеннің басы жем…» – деп жырлайды. Оның толғауында табиғат – жол үстіндегі серігіне айналады. «Сам құмында» да кеңістік қимыл-әрекет арқылы көрінеді: қалың киік жүйткиді, құм жыланы суылдайды, байғыз жылайды. Мұнда әрбір қимыл – өмірдің жалғасып жатқан ырғағы.
Көкбөрісі көкке ұлып,
Көк байрағын көкке іліп;
Көненің тыңдап баянын,
Көзінің жасын төктіріп;
Айшылық жолды шектіріп,
Атанның белін шөктіріп;
Аңызаққа жүзін өптіріп,
Аңқасын әбден кептіріп;
Өзегіне от кіріп,
Өңешіне шоқ кіріп;
Сағымға сіңген арманын
Садақтан атқан оққа іліп;
Қара жердің қабатын
Қақ айырып алатын;
Құмның жарып тереңін
Құйылған алтын зереңім –
Ұлы жолдың бойына,
Ұласпаның ойына
Қуалай қонған көп құдық.
Керуен сарай, Сам шаһары, құдықтар – бәрі өткеннің ізі. Көш жолы – рух жолы, құм құдығы – жад құдығы. Құмды қастерлеу – халықтың жадын қастерлеу. Жырауларда бейне іріленіп, жалпылама берілсе, «Сам құмында» ұсақ детальдар молынан, әр өсімдік, әр жан-жануар жекелей сипатталады. Бұл – туған жерді энциклопедиялық дәлдікпен түгендеу болса керек.
Рахат Қосбармақтың «Сам құмы» – ежелгі жыраулар дәстүрін жалғаған қазіргі толғау, бағзы поэзиясының бүгінгі тынысын, бүгінгі толғамын танытатын рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі. Қазтуғаннан қалған қонысқа деген сағыныш, Шалкиіз айтқан мінез өлшемі, Асанқайғының терең ойы, Доспамбеттің кең дала ырғағы – бәрі осы өлеңде бар. Бірақ ол бәрін жаңаша өріп, туған жердің табиғатын егжей-тегжей суреттеп, құмды өңірді халқымыздың тарихы мен тектілігінің белгісіне айналдырады.
«Қанына тартқан қайсарлық,
Жанына қонған жайсаңдық…
Қазаққа ғана тән – Тектілік!»
Ақын – жыраудан қалған «көмбе сөзді» қазіргі тілге көшірген, ал «Сам құмы» – сол көмбенің үстіндегі жаңа ғасырдағы рухани жыр салтанаты. Жырау – халықтың рухы десек, ақын – сол рухтың жаңғыруы.
Рахат Қосбармақ – осы үндестіктің ірі өкілі.
Айбек ОРАЛХАН