Бағдат ДҮЙСЕНОВ,
ҚР ҰҒА Шығыстану институының Түркітану бөлімінің аспирантурасын бітірген. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкері. Ғылыми ізденіс жұмыстарының тақырыбы: «ХІІІ-ХІҮ ғасырларда жазылған мәмлүк қыпшақтары жазба ескерткіштерінің тілі». Ғылыми зерттеу мақалалары халықаралық конференциялар жинақтарында және ғылыми баспасөз беттерінде жарық көрді.
Мәмлүктер мемлекетінде жазылған қолжазба мұраларының тілін зерттеу түркітану ғылымының қыпшақтану саласының бүгінгі таңдағы өзекті мәселесі. Қазақ және тағы басқа түркі тілдерінің тарихын тану үшін ортағасырдағы Мысыр мен Шам мемлекеттерінде жазылып қалған жәдігерліктерді танып-біліп, баршаға таныту бүгінгі күннің талабы болып отыр. Әйтсе де бұл жадыхаттардың ғылыми айналысқа түспей, қалыс қалып келе жатқан тұстары көп. Бабалардың басқа елде өз тілі мен ділін сақтап, мемлекеттік деңгейде ұстап құрметтеуін бүгінгі күні үлгі тұтып, рухани азыққа айналдыру ұрпақ парызы.
ХІІІ ғасырда Мысырдың мемлекет басына Мәмлүктер (араб тілінде «мүлік, құл, бас бостандығы жоқ адам» деген ұғым береді) келеді. Мәмлүктердің басым көпшілігі моңғол шапқыншылығы кезінде тұтқынға түсіп, Дешті Қыпшақ даласынан Мысырға сатылған құлдар. Мәмлүк қыпшақтары ХІІ-ХІІІ ғасырларда Айуб әулеті үстемдік құрған көне Арабстан (Мысыр, Шам, Месопотамия, Оңтүстік Аравия) әскерінің алдыңғы сапты жасақшылары болған. Бұл қыпшақ құлдар Мысыр мен Шамды 250 жыл бойы билейді. Олар, ХІІІ ғасырда Айуб әулетінің ең соңғы тақ мұрагері Сұлтан Тұран-шахты өлтіріп, сарайда төңкеріс жасап, Мәмлүк мемлекетінің алғашқы билеушісі Айбек болады. Айбек алғаш таққа отырғанымен, Мәмлүк мемлекетінің негізгі іргетасын қалап, абыройын асқақтатқан –әл-Малик аз-Захир Рух-ад-Дин Бейбарыс сұлтан болды. Бейбарыс шамамен 1223 жылдары Қара теңіздің солтүстік жағалауында, Қалқа түбінде орыс-қыпшақтардың моңғолдардан жеңілген жылдарында дүниеге келген. ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдары басқа әскери тұтқындармен моңғолдар құлдыққа сатып жіберген. Бейбарыс Айуб әулетінің сұлтаны ас-Салих Наим ад-Диннің басыбайлы құлы болып барады. Ол Ніл өзенінің бір аралында басқа да сатылған құлдар сапында әскери соғысу тәсілін, әдіс-айлаларын өте жақсы меңгереді. 1250 жылдары Айубтар әулетінің қолбасшысы ретінде Франция королі Людовик ІХ крест тасушыларына аямай соққы беріп, ерлігін көрсетеді.(1)
Бейбарыс мемлекет тізгінін түзу ұстай алмаған Байғуш пен Қотыздан кейінгі бахрейттердің төртінші сұлтаны. Ол туралы М.Симашко: «Победитель монголов и крестоносцев, кипчак по происхождению, воин по призванию, раб и султан по положению, по прозвищу «Абуль-Футух» (Жеңімпаздар әкесі)» деген болатын. Оның «Мысыр елінің әкесі» деген де лақабы бар.(2)
Жалпы, тарихта мәмлүктер билеген тұсты екі кезеңге бөліп қарау қалыптасқан: 1) 1250 -1382 жж. 2) 1382 -1517 жж.
Батыстың тарихшылары мәмлүктерді әскери бөліміне қарай «бахри» және «бурджи» деп атайды. Бертінгі ислам тарихшылары «түркі» және «шеркес» кезеңдері деп қарастырады. Мәмлүк мемлекеті өзінің құзар шыңына Қыпшақ сұлтандары билік жасап тұрғанда жетіп, Шеркестер сұлтандығында құлдырау кезеңін бастан кешіргені тарихи шындық болып отыр. Мәмлүктердің арқасында араб-ислам өркениеті моңғолдар мен крест тасушылар кесапат-зауалынан аман қалды. Мысыр мен Шам елі ең жоғарғы мәдени және ең бір керемет саяси дәуірлеу тұрғысынан алғанда түркілер (қыпшақтар) сұлтандығына қарыздар.(3)
Мәмлүктер кезеңі Мысыр мен Шам елі үшін аса жоғары дәуірлеп даму заманы болды. Оған Ислам әлеміндегі төңкеріс те сайма-сай келді. 1258 (656 х.ж.с.б) жылғы Бағдат халифатының құлауы, моңғол шапқыншылығы әсерінен кезіндегі ислам мәдениетінің ірі орталығы болған Бағдаттың талқандалуы, Мысырға мықты-мықты деген ғалымдардың моңғол езгісінен қашып келіп, оны паналап, орталыққа айналдыруына бірден бір себепкер болды. Батыста, Испанияда мұсылмандық билік ыдырап, көптеген ғалымдар Андалусиядан әсіресе, Кардоба мен Мысырға қашып келді.(4) Өз еңбектерінен тарихи деректемелер мен құжаттарға сүйене отырып жазған арабтың тарихшысы –Амин әл-Холи «арабтардың қыпшақ тіліне деген қызығушылығы Мәмлүктердің билікке келуінің әсерінен» деп куәлік етеді. ХІІІ-ХІV ғасырларда түркі тілін үйренуге деген құлшыныс Мысыр мен Шам елінде түркілердің көптігінен, сонымен бірге қыпшақтардың да санының артуынан болуы керек. Әкімшілік, іскерлік, елшілік қарым-қатынастың барлығы қыпшақтардың өз ана тілдерінде жүргізілген. «Қыпшақ сұлтандарына хаттама-хабарлар көбінесе түркі тілінде жазылып, жіберілген.»(5) Мысыр мен Шам елдерінде билік құрған мәмлүк қыпшақтары сан-алуан ұлт пен ұлыс, тайпалардан құралғанымен барлығы ортақ түркі (қыпшақ) тілінде сөйлесіп, түсініскен. Ол кезде «түркі тілі» мен «қыпшақ тілі» синоним ұғымдар ретінде қолданылған.(6)
ХІІІ-ХІV ғасырларда Мысырда және Шам елінде түркі (қыпшақ) тілін үйрену өте үлкен құштарлыққа ұласқан. Өйткені, мемлекеттің билік сатысында қыпшақ сұлтандарының отыруының орасан зор әсері болды. «Кезінде тіпті араб зиялыларының арасында түркі тілін білудің өзі жоғары мәдениеттіліктің, зор білімпаздылықтың белгісі болған. Арабтарда «Түркіше білмеген, Алладан қорықпаған» -деген мәтел сөз бар. من لا يعرف اللغة التركية وان لم يخف الله /мән лә йә`рифа әл-луғата-ттүркийа уә ан ләм йәхәфа Алла/» (7) Сондықтан, сол тұста арабтарға қыпшақ тілін үйрету үшін, арабша-қыпшақша сөздіктер мен грамматикалық еңбектер көптеп жазылған.
Жалпы, Қазақстанда танылып жүрген мәмлүк қыпшақ ескерткіштерінің тізімі мынадай көріністе болып келеді:
1.Терджуман түрки уа араби («Түрікше-арабша тәржімә»). Авторы белгісіз. Қолжазба 1245 жылы Мысырда жазылып біткен. Қазір Алманияның Лейден қаласында сақтаулы тұр, 76 беттен тұрады, 2,5 мыңдай сөз бар. 1984 жылы М.Т.Хоутсма кітап етіп бастырып шығарған. Қазақстанда профессор Ә.Құрышжанов «Исследования по лексике «Тюркско-арабского словаря» атты ғылыми монография жазған.
- Китаб әл-идрак ли-Лисан әл-атрак («Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап»). Авторы Асир ад-Дин Абу Хаян Мұхаммед ибн-Юсиф әл-Гарнати. 1312 жылы Каир қаласында жазылып біткен, 3500-ге тарта қыпшақ сөзі бар. Қолжазба Түркияда сақтаулы тұр, ең алғаш Мұстафа бейдің бастыруымен Ыстамбұлда жарық көрді. 1931 жылы А.Джафароғлы қайта бастырып шығарды. 1936 жылы В.Избудак Ыстамбұлда үшінші рет бастырды. Әбу Хаян еңбегінен Өзбекстанда Н.Расұлова, Қазақстанда М.Мәженова, 2005 жылы Е.Есбосын кандидаттық диссертация қорғады.
3.Китаб булғат әл-мүштақ фи-л-лұғат ат-түрк ва-л-қыпшақ («Түркі және қыпшақ тілдерін жақсы үйрену үшін жазылған кітап»). Авторы Джамал ад-Дин Мұхаммед Абдуллаһ ат-Түрки. Қазір Францияның Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұр (Париж). 71 беттен тұрады. 1958 жылы Варшавада А.Зайончковский бастырып шығарған. Өзбекстанда Р.Файзуллаева, Қазақстанда 2000 жылы С.Боранбаев, кандидаттық диссертация қорғады.
4.Китаб ат-тухфа әз-закийа фил-лұғат ат-Түркийа («Түркі тілі туралы ерекше сыйлық»). Қолжазба Ыстамбұлдағы Баязит мешітінің Валидин Ефенді кітапханасында сақтаулы тұр. 91 парақтан, яғни 182 беттен тұрады. 1945 жылы Б.Аталай түрік тілінде бастырып шығарды. 1968 жылы С.Муталлибов өзбек тілінде бастырды.
5.Әл-Қауаниин әл-куллийа ли-Дабт әл-лұғат ат-түркийа («Түркі тілдерін үйрену үшін жазылған толық құрал»). Авторы белгісіз. 1928 жылы Рифат Білге Ыстамбұлда аударып, алғы сөзін Ф.Көпүрүлзаде жазды. 1937 жылы С.Телегди неміс тілінде бастырып шығарды. Қазақстанда 1995 жылы С.Дүйсен кандидаттық диссертация қорғады.
6.Аш-Шүдүр ад-дахабийа вал-қита әл-ахмадийа фил-лұғат ат-түркийа («Түркі тілі туралы жазылған алтын тізбе»). Авторы Молла ибн-Мұхаммед Салих. Қазір Ыстамбұлда сақтаулы тұр. 1949 жылы Б.Аталай бастырып шығарды (8).
Бұл айтылғандардан басқа да мәмлүк қыпшақтары тілінде жазылған еңбектер баршылық. Осы аталған еңбектер ғылыми грамматикалық, лексикографиялық сөздіктер сияқты зерттеулер. Ал, одан басқа мәмлүктер мемлекетінде жарық көрген мұралардың қатарында біршама поэтикалық шығармалар, діни немесе философиялық трактаттар кездеседі. Олардың кейбірі осы күнге дейін сақталған да, біразы жоғалып кеткен. Сақталып аман қалғандарының өзі Еуропаның ірі қалаларындағы кітапханалар мен Түркия, Мысыр, Шам, Араб мемлекеттерінің мәдени орталықтары мен кітапхана, мұражай, сарайларында сақтаулы. Сондықтан да, бұл жәдігерліктердің жалпы саны қанша екені әлі нақты анықталған емес. Әйтсе де, осы күні ғылыми ортаға танылып жүрген жадыхаттардың тілі мен тарихынан әдеби, мәдени ерекшеліктерінен диссертациялар қорғалып, халқымыздың тарихи, рухани мұрасына айналуда.
Мәмлүктер мемлекетінде қыпшақ тілін үйрену үшін жазылған бүгін біз нысанға алып отырған қолжазбаның бірі – كِثَابُ ألدُرَّةِ ألْمُضَـِيَّةِ فيْ أَللُّغَةِ “أَلتّرْكِيَّةِْ عَلَى اَلْتَمَامْ وَالْكَمَالُ «Китаб ад-Дурра ал-мудийа фил-луғат ит-түркийа ала ат-тамам вал-камал» – (Түркі тілдерінің толық және тәмамдалған інжу-маржан кітабы). Қолжазба Италиядағы Флоренцияның Лоренция Медичи кітапханасында сақтаулы тұр. Ол 24 парақтан (48 беттен) тұрады, көлемі 21,5 х 15 см қалың қағаз, биіктігі шамамен 5 см. Таңбалары араб жазуы дәстүрінің кең тараған түрі «насх» жазу үлгісімен жазылған. Мәтіндегі арабша сөздер қара сиямен, қыпшақша сөздер қызыл сиямен жазылған. Әр бетте 15-16 жол жазу бар. Бір жолында 4-5 сөз орналасқан. Сөздер жоғарыдан төмен қарай, бағанамен түзілген: үсті арабша, асты қыпшақша сөздер. Авторы белгісіз.
Ең алғаш 1964 жылы поляк ғалымы, белгілі түркітанушы Ананиаш Зайончковский «Народы Азии и Африки» журналында мақала жазған болатын (9). Оның айтуынша, «Китаб ад-Дуррамен…» аттас тағы екі қолжазба ескерткіштері бар көрінеді. Олар Ыстамбұлдың Топ-Капы Сарайында сақтаулы тұр. Оның бірі түркі жазбалары қорында сақталып, авторы Абу-Хаийан ан-Нахви деп жазылған. Түрік ғалымы Ф.Е.Қаратай «Fena kopya ve yanisli dolu» деп суреттейді, яғни нашар көшірілген, қателері көп дейді.(10), бірі –парсы қолжазбалар қорында сақталған, ХІV ғасырда (940 -1553 жылы) (11). Әйтсе де, бұл ескі ескерткіштерде қыпшақ лексикасының материалдары өте аз, көбіне-көп түрік-осман диалектісінде жазылған (9).
Әлемдік түркологияда «Ад-Дурра ал-мудийа фил-лұғат ат-түркииа» («Түркі тілі туралы інжу-маржан») атты қолжазбасы туралы америка ғалымы О.Притцак «Die anderen (verlorengegangen) Werke von Abu Haiyan waren… «ad Durra al-mudiya…», яғни, Абу Хаийанның тағы бір (жоғалып кеткен) еңбегі «ад-Дурра ал-мудийа …» деп атап өтеді (12). Түрік ғалымы Бесім Аталайдың бастыруымен 1949 жылы Ыстамбұлдан қазіргі түрік тіліне аударып шыққан еңбектерінің бірі Молла Салихтың ХVІІ ғасырдың басында жазған «Аш-шадур ад-дахабийа вал-қита ул-ахмадийа фил-лұғат ат-түркийа» атты шығармасында «Китаб ад-Дурра …» сөздігі туралы айтылып өтеді. Бұл еңбектің алғы сөзіне Бесім Аталай Молла Салих өз еңбегінің соңында Абу Хаийанды көргенін ескертіп, ол туралы мынадай баға бергенін айтып өтеді: «Алла оған жар болсын, ол өз еңбегін өте жақсы жазған, бірақ, бұл кітап татар тілінде жазылған. Қазіргі уақытта түрік мемлекеттерінде бұл тіл пайдаланылмайды, ол тілді Татарияда және Кефеде қолданады». Сөйтіп, Молла Салих «ад-Дурра ал-мудийа…» аттас Абу Хаийанның еңбегі болғанын айтып өтеді, бірақ, оны «Татари тіл» болғандықтан пайдаланбадым дейді (13). Сонымен бірге, «Turk dil Kurumu» сериясымен жарияланып, аударылған «Диван лұғат ат-түрк» кітабының алғысөзінде Бесім Аталай «ad-Durra al-mudiya…kitab bize kadar gelmemistir» -«Китаб ад-Дурра… кітабы бізге жеткен жоқ» -дейді.
«Ислам энциклопедиясының» түрікше басылымында Медждут Мансуроғлы Абу Хаийанның төрт еңбегі бар деп жариялайды:
- Kitab al-idrak li-lisan al-atrak,
- Zahr al-mulk fi nahv al-turk,
- al-Afgal li lisan al-turk,
- ad-Durra al-mudiya fi lugat at-turkiya.
Мансуроғлы Абу Хаийанның өлген жері Matahsara-да дейді (14). Ал, өзбек ғалымы Н.А.Расулова Абу Хаийанның еңбегін зерттеген кандидаттық диссертациясында басқа энциклопедистердің айтуынша, Абу Хаийан Гренадаға онжылдық саяхатынан кейін қайтыс болған дейді (15). Дегенмен, бұл жәдігерліктердегі аттас Абу Хаийандікі деп отырған «ад-Дурра ал-мудийа…» қолжазбасын флоренциялық жазба ескерткіші деуге болмайды (16).
Қыпшақтанудың ірі маманы, поляк ғалымы Ананияш Зайончковский 1965 жылы өзі редактор болған «Rocznik Orientalisticzni» атты журналында «Chapiture du Vocabulaire arabi-kipchak «ad-Durra al-mudiya…»» атты мақаласында «Китаб ад-Дурра…» сөздігіне аударма жасап, қолжазбасының факсимилесін береді. 1965-1969 жылдары аралығында арабша-қыпшақша сөздіктің мәтіні мен түсініктемелерін, аудармаларын аталмыш журналында жариялап тұрады (17).
«Китаб ад-Дурра ал-мудийа…» сөздігі туралы Қазақстанда 1970 жылдары ғылыми ортаға ең алғаш таныстырып, тырнақ алды ой айтып, ғылыми айналысқа түсірген қыпшақ тілдерін зерттеуші ірі ғалым, профессор Ә.Құрышжанов болатын. Сонымен қатар, 1984 жылы ҚазССР ҒА «Хабарлары» журналында К.Д.Таужанованың жариялаған мақаласында келелі пікірлер айтылып, алғаш зерттелуі жайлы, әлі Отандық түркітануда зерттелмеген қолжазба екендігін атай келе, болашақ қыпшақтану ғылымының үлесіне қалдырады (16). Қыпшақтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты С.Ж.Дүйсеннің «әл-Қауаниин әл-куллииа ли-дабт әл-лұғат ат-түркия» атты диссертациясы мен «Қазақ тілі» энциклопедиясында жарық көрген ортағасыр жазба ескерткіштері қатарында аты аталып өтеді (18).
Мәмлүктер мемлекетінде жазылған бұл арабша-қыпшақша сөздік осындай тиіп-қашты аты аталғаны болмаса, Қазақстанда және т.б. ТМД елдерінде, шет елдерде де арнайы ғылыми талқыға түсіп, диссертация қорғалған емес. Ал, халқымыздың тарихын тану үшін, түркі тілдерінің қыпшақ-оғыз топтарының ерекшелігін айырып анықтау үшін бұл еңбекті және т.б. жазылып қалған асыл мұраларды тілдік тұрғыдан, тарихи тұрғыдан зерттеу өте маңызды, әрі келешектің келелі ісі.
Әдебиеттер:
- «Куманы, половцы, кипчаки и казахи», А.Тажутов., А., 1998 г.
- Хроника царя Кавада., М.Симашко., А., 1968 г.
- Абу Хаян «Китаб аль-идрак»., Ф.Көпүрүлзаде., Ыстамбул., 1931 ж.
- Ал-Азхар, его история и развитие., издательство Бакуфов, изд-во «аль-Ша`б»., Каир., 1964, стр.219.
- Связи между Нилом и Волгой в ХІІІ-ХІҮ в.в., Амин Холи, ИВЛ, 1962г, стр. 29.
- К изучению средневековых памятников тюркской письменности ХІ-ХІІІ в.в.., А.Зайончковский, «Вопросы языкознания»-М, 1967 г.
- Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері., Л.З.Рүстемов, А, 1982, 11-б.
- Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштердің тілі., Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов., А, 1971, 53-56 беттер.
- Новонайденный арабско-кипчакский словарь из Государства Мамлюков., А.Зайончковский, журнал «Народы Азий и Африки», М, 1965 г.
- Karatay F. E. Topkapi Sarayi Kutuphanesi. Turkce yazmalar katalogu.,c.2.Istambul, 1961, s. 19, n. 2036, elyazi numarasi, H. 1688.
- Karatay F. E. Topkapi Sarayi Kutuphanesi. Turkce yazmalar katalogu., Istambul, 1961, s. 113, n. 296, elyazi numarasi, R. 1886, yap. 120-139.
- Pritsak O. Das Kiptschakische.- Philologiae Turcica Fundamenta. Wiesbaden, 1959, t.1, s.74-75.
- Molla Salih. As-suzur-uz-zaehebiyya vel-kitau Ahmediyye fil-lugat it-Turkiyye, Ceviren. Besim Atalay, Istambul, 1949, s.VI. T. Blochet. Catalogue des Manuskripts Turcs. Bibliothegue Nationale., t.I., Paris, 1932.
- Islam ansiklopedisi, cilt 29, Istanbul, Maarit basimevi, 1945, s. 30-31…
- Н.А. Расулова. Исследование языка «Китаб аль-идрак ли-лисан аль-атрак» Абу Хаийана. (Морфология, лексика и глоссарий). канд. диссертация, Тошкент – 1969, стр. 10-14.
- К.Д Таужанова. Несколько предворительных замечаний…, «Известия» , АН КазССР, серия филологическая, Алматы, 1984, №2.
- Zayaczkowski A. Chapitre chjisis du Vocabulaire arabe-kiptchak ad-Durra al-mudia fi-l-lugat at-turkiya.,-RO., 1965, t. XXIX, z.1, p.39-98., RO, 1965, XXIX, z.2, p.67-116., RO, 1969., XXXII, z.2, p.19-61…
- С.Ж. Дүйсен. «Түркі тілінің толық жүйеленген жинағы» (мазмұны, графикасы, орфографиясы, фонетикасы)., канд. дис. автореф. – Алматы, 1995., және «Қазақ тілі» энциклопедиясы., 1998 ж.