Күрескер ақын Арман Қанидің өлеңдерінде кең байтақ Қазақстан, еңселі Едірей, бағаналы Баянауыл, биікке қанат қақтырған Павлодар қаласы жиі көрініс береді. Ақынның өлеңдерінің бір ерекшелігі ол осы тақырыптағы өлеңдерін «ата жұрт», «нағашы жұрт», «туған қала» деп жалпыдан жалқыға, жинақтықтан даралауға көшеді. Оған себеп – ақынның әжесі Кәсіп   Жаяу Мұсаның қызы болғандықтан, қасиетті Баян елін – нағашы жұрт, аталары Қазыбек бидің ұрпағы болғандықтан, Қарағандының Едірей жерін өз жұрты санайды. Көпшілік өлеңдеріне  Баян елі мен Едірей өлкесі мен табиғаты бірге арқау болады.

Ақын «Туған жер төсінде» деген өлеңінде:

Сағыныш оты маздарда,

Үшқараны аңсап, шарқ ұрып,

Ілесіп қайтқан қаздарға,

Едірейге ұштым алқынып.

 

Есілге  де ауып аңсарым,

Кеудемді тостым тасқынға.

Көкшенің жұттым кәусарын,

Қара нөсердің астында.

 

Шаттықтан жүрдім масайып,

Көгілдір Ертіс кешінде.

Еркелей алсаң несі айып,

Туған жеріңнің төсінде?  – деп, шабыттана жырлайды. Жырдағы  Көкше, Есіл ұғымдары қалың көпшілікке таныс болғанымен, ақын көңілінің Едірей мен Үшқараға асығуы атамекен ұғымының оған қаншалықты қымбат екендігін көрсетеді.  Жырдағы Едірей өлкесі табиғатының сұлулығымен ғана емес, иісі қазаққа танымал тарихи тұлғаларымен де ерекшеленеді. Ол туралы Республикалық «Қаз дауысты Қазыбек би» қорының Қарағанды облысындағы өкілі Мейірман Елубайұлы «Ortalyq Qazaqstan» газетінде шыққан «Едірей биіктері» деп аталатын мақаласында : «…Ағашты, шілікті орманның екі жағын бойлай қос қапталдағы жартасты тауға дейін кең жазық, мал жайылымына ыңғайлы, қысы жылы, бораны аз, жанға да, малға да жайлы, шаруашылық үшін өте қолайлы қоныс. Едірейдің биігінен көз жанары жеткенге дейін қазақтың кең байтақ жері, түстігінде Арқалық, батысында Қызылтау, терістік батыс бетінде Үшқара мен Қалмаққырған әртүрлі қашықтықтан, бірі анық, бірі мұнартып көрініп тұрды. Қасиетті үш бірдей бабамыздың ата қонысы, талай дүлдүл тұлғаның кіндік қаны тамған жер», – деп сипаттайды.

Ақынның атажұртқа арнаған «Ата жұрт», «Едірей», «Үшқара», «Едірей сынды шаңырағың көк тіреп» деген, нағашы жұртына арнаған «Баянауыл», «Қауышу», «Жиен», «Еркелік», «Егіз әуен екі жұрт», «Кемпіртас» т.б.  бірнеше сериялы өлеңдері бар. Соның бірі – «Егіз әуен, екі жұрт» өлеңі.

Ер жігіттер «Елім!» деп егілмей ме?!

Ер Тарғынның киеміз кебін кейде.

Бір бүйрегім нағашы жұртқа бұрса,

Бірі тартар ата жұрт Едірейге.

 

Дос –жарандар қайырылып қарар десек,

Қараша үйде адымдап, санар есеп…

Енді еріксіз кеудемнен атойлайды

Егіз әуен: «Ақ сиса», «Қаракесек!»

Ақын екі жұртына еркелей үн қатқанымен, аталары Мәди мен Жаяу Мұсадай талай рет әділетсіздікке қарсы шыққанын  тілге тиек етеді:

Қара көзім асусыз қара шыңға,

Қанталамай ашусыз қарасын ба?!

Еркелетіп қойған жоқ мені өйткені

Егіз әуен, екі жұрт арасында!

…Бейқам ойды қос әнмен сан бұзды үнім,

Қособада көрімді қаздыр бүгін! –

деген жолдарда  атадан балаға берілген  тектілік, күрескерлік рух жатыр.

Ендігі кезекте, Баянауыл  әуендеріне тоқталайық. Арман Қанидің туған жер жайлы өлеңдерін шартты түрде «дала әуендері» және «қала келбеті» деп екіге бөлуге болады. Ақын «нағашы жұртым» деп танитын Баянауыл өлкесі жайлы бірнеше өлеңдері бар. «Жігерлендіру» өлеңінде «Жыр ұялар Баянның әр тасында, Жыраулардың рухы жүр дәл қасыңда» немесе  «Жиен» өлеңінде «Кенде емессің жырауға, батырға да, Жетпейтіні бір жиен ақын ғана», «Қансыраған Шойынкөл жағасында Жасыбай да жиенің еді сенің», – деп бір сырдың ұшын шығарады.

Сабыр таппай жүрегім алас ұрып,

Жеттім саған, Баян тау, нағашы жұрт!

Шабыттанып тұрмысың

Белдеуіңде

Шамырқанған бұлтыңды таң асырып?, – дейді ақын. Ал, «Найзатастың баурайын дүркіретіп, Андыздайды аламан ғасыр зырлап!» –  уақыт көшімен қаншама тарихты бойына бүккен  Баян жері сыр ақтарады.

Оның  туған жер жайлы өлеңдерінің қайсысын оқысақ та, тұнып тұрған тарихқа, дала аңыздарына  куә боласың. «Баянауыл» өлеңін оқығанда, Баян елінің бүкіл тау-тасы, шыңы, өзен-көлінің географиялық картасы, халқымыздың өткен  өмірінің  хронологиясы тұтастай көзіңе елестей қалады. Суреткерлік тіліне тәнті боласың.

Жас сұлудай жасанған жайнап өңір,

Жасыбайда жатыр-ау қайнап өмір!

Сабындыдан төгіліп ақ көбік күй,

Ақбеттаудан ән есті майда қоңыр.

 

Көкірегімді күйдіріп қызулы жыр,

Мойылдыда моншақ сыр үзілді бір,

Әудем жерге ұзады Кемпіртастан

Қызғалдақ гүл, қыз Баян, қызыл іңір…

 

Сырғаларда сыңғырлап кеткен үнге

Іңкәр болып қалдым ғой бөктеріңде,

Қызыл шақа күн аунап бара жатыр

Тас емшегі жібіген  Ақкелінге.

Осы шумақтағы  Жасыбай, Сабындыкөл, Мойылды, Кемпіртас, Ақкелін, Ақбет, Торайғыр – барлығы туған жеріміздегі  тарихи сыры терең,  қасиетті атаулар.

Табиғаты әсем Баянауылдың шың-құзы, тау-тасы, өзен-көлдері туралы аңыз-әфсаналар көп. Соның бірі – Ұлттық парктегі ең танымал тас – Кемпір тас, оны туристер Баба-Яга деп те атайды. Бұл тасқа байланысты халық аузында екі аңыз бар. Біреуінде жергілікті халықтың асылтұқымды жылқыларын ұрлаған жалмауыз кемпірдің тасқа айналуы болса, екіншісі –  соғыстан оралмаған жалғыз баласын зарыға күте, тасқа айналған ана туралы. Осы табиғат тамашасы туралы ақынның  «Кемпіртас» деген өлеңі бар. Жалғыз ұлынан қапыда айырылған Арман ақын  тасқа арнаған арнауын өз басынан өткен трагедиямен байланыстырады.

Кірпігіңде тұрса әлі жас байланып,

Дінің қатты екенін растайды анық.

Көкжиектен бір сәт те көз аудармай,

«Әй, кейуана, кеттің-ау тасқа айналып.

 

Жанарыңнан сорғалап алқызыл таң

Жан дүнием менің де сан бұзылған!

Жайыңды ұғам, тас кемпір,

Себебі мен

Сен секілді айрылғам жалғыз ұлдан, – деп ішкі шерін Кемпіртасқа төгеді.

Ақын өлеңдерінде өлкеге аты мәлім аузы дуалы билері мен  ақындарын, тілшісі мен өнерпазын, қариясын бүкіл болмыс-бітімімен, табиғи мінезімен  көз алдыңа әкеледі.

Өзегімде егіліп «Елім-ай» ән,

Тебіренсем өзіңе тегім аян.

«Ақ сисамен» ақ саумал сезімімді

Сапырып-ақ жібердің , сері Баян! – деп, өнер кеніші болған атақты Баян елінің бүгін де өз өнерпаздарымен танымал екендігін: «Беу, жігіттер» әнімен бебеу қағып, Қалармысың соңымда, беу, Баян тау?!  – деген жолдарында аңғартады. «Үш жүзге аты мәлім»  Жаяу Мұса ән эстафетасын Баянауыл жұртшылығына танымал «Беу, жігіттерге» бергендей әсер қалдырады.  Өлең жолдарында аты аталған «Беу, жігіттер» жайында «Ертістің Паводар өңірі энциклопедиясында»: «Баянауыл ауданы мәдениет үйінің халық ансамблі, 1986 жылы ұйымдастырылған. 2001 жылы халық ансамблі атағы берілген» деген мәлімет берілген.

Қасиетті мекеннің тарихы мен тамашасын кейінгіге жырдай қылып жеткізетін оның ақындары.

Толқын ұрған Торайғыр жағалауын,

Желпіп өтті қанаты шағаланың.

Тас кітаптан жырлады тарихыңды

Балтабай мен Сүлеймен ағаларым, – деп баянауылдық ақындар Балтабай Сыздықов пен Сүлеймен Баязитовті қасиетті өлкенің бір бөлшегі ретінде жырға қосады. Туған өлкенің өнерпаз елі, қазыналы қариялары, тарихы тұтасып, ел де жер де бір бүтінге айналып кеткен. Елді жерден, жерді елден бөліп қарау мүмкін емес. Олай болса, туған  жер тақырыбындағы өлеңдерінде ел тарихы мен жер тарихын тұтастықта қарастыру – ақын өлеңдеріне тән белгі, ерекшелік деген тұжырым жасаймыз.

 

Бағдат СИБАНБАЕВА,

Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебiнің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Добавить комментарий