
Арман Қанидің туған жер жайлы өлеңдерінің бір тобы өзі туып өскен Павлодарға арналған. Ақынның туған қаласы жайындағы өлеңдері туралы қаламгердің өмір жолы, шығармашылығымен етене таныс, бір өлкенің әдебиет майданында қаламдары қарулас замандасы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Айтмұхамбет Тұрышев ақынның ел-жер, Павлодар тақырыбындағы өлеңдері туралы «Терең ойдың ақыны» деген мақаласында былай дейді: «…Павлодар қаласының негізі болып саналатын «Казкрайды» кім білмейді? Ақын Арманның сол араның перзенті екендігіне біз қуанамыз. Қазақстанның бір бөлшегін ақын өлеңге қосып жатса, неге қуанбасқа?!. Арман – алысқа сілтейтін ақын. Өйткені жазғандары – халық , ел тағдыры. Махамбетше айтарын ашып айтқан» (Тұрышев А. – «Терең ойдың ақыны» мақаласы «Найзатас» журналы, 2014).
Арман Қанидің «Жұлдызды тұман» өлеңдер жинағында «Кереку жырлары» деген тарау бар. Оған «Казкрай – қазақтар мекені», «Көк базар», «Туған қаламен қайта қауышу», «Жаһанданудың елесі», «Мерейлі шақ» т.б. бірқатар өлеңдері бар. Арман ақынның қала жырлары дала туралы жырлардан мінезі бөлек. Дала туралы жырларында ұлтымзға, қазақы болмысымызға тән сөздер мен сөз орамдары көптеп кездеседі: нағашы жұрт, ата жұрт, қараша үй, майда қоңыр ән, көбік күй, тас емшегін жібіту, таң асыру, қызыл шақа, әудем жер, қызыл іңір т.б. Ақынның қала туралы жырларында қалаға тән қатқылдық бар: мұнда асығыс өмір сарыны байқалады, ескі мен жаңаның түйіскен ортасы «жаһанданудың елесі кезген» Керекудегі көше өмірі, адамдардың мінезі де бөлек. Мұнда асфальт, Казкрай көшесі, базар, базардағы жылпос саудагер, жүкші, үйін жалға берген қожайын әйел, «жәрмеңкесі жабылмайтын Короленко көшесі», «буы будақтаған домналар», супермаркет, билборд, кафе, түнгі сауық және осының бәріне куә Ертіс бар.
Кереку, тұлғаң бөлек, атың ерек,
Жая түс керегеңді.
Өзіңе мен тәрізді ақын керек,
Батыр да керек енді, – деп жылаған батыр ақынның жырларындағы Кереку мотивтерінде уақыт пен тарихтың ізі салған өзгерістер көрінеді.
Тұрғандай-ақ әлемнің назарында,
Тәкәппарлық ойнайды ажарында.
Керекуде өзіңді «Казкрай» деп,
Қастерлейді орыс пен қазағың да, – деп жырлаған көше баласына бұл көшенің әр бұрышы таныс, көнекөз қариялары ыстық. Ақынға ыстық көріністердің күнде өзгеріп, өзгеше сипат алуы оған оңай тимейді. Кешегі қараша үйде тұратын «үлкен үйдің иелері, қасиет сарқылмас киесі, қара орманы» болған Мұхамеджан қарт пен Палуан аталары кетіп, «тоғыз қабат үйлердің арасында адасып қап ақ мешіт мұңаяды» деп, қазақы болмыстың да өзгергені оның жанына батады. Кешегі балалық шағында балмұздақ жеуге келетін , жергілікті жұрт «көк базар» атайтын сауда орны, ондағы түрлі кәсіп иелері: «бір күндік несібесін еттен тапқан қасапшы», «көк шолақ ат жеккен арбакеш шал», «соқыр балшы», «қызыл ақша қызуы бойға шапқан саудагер» , «базаркомға бой бермейтін мінезі шатақ Бөлебай» – бұлардың барлығын осы көшенің жергілікті адамдары жазбай таниды, сағынышпен еске алады. Сол көріністі 90-жылдары «нарықтық экономикамен» бірге келген коммерсанттар ығыстырды.
Соның бәрі көңілден кетпес еді,
Көк базар мен саудагер жоқ кешегі.
Коммерсанттар көз салмас мына жерде
Тұнжырап-ақ тұр енді спорт кешені.
Қаладағы салынып жатқан жаңа сипаттағы құрылыс нысандарына ақын:
Бетон кеуде, тас жүрек құрылыстар
Дәл қазіргі кейпіңнен барады үркіп, – деп, қала келбетінің өзгеруі адам санасы мен құндылықтарының да өзгеруіне әкелетінін ақындық түйсікпен сезіп, ішкі алаңдаушылықпен қабылдайды.
Ақынның Павлодар қаласы туралы жазылған тағы бір өлеңі «Жаһанданудың елесі» деп аталады. 2008 жылы жазылған бұл өлеңде ақынның азаматтық келбеті көрінеді.
Мұрағаттарға қанды тарихты құлыптап,
Қойған соң,
Баба ерлігін ұрпақ ұмытпақ.
Романовтардың елесі кезген Павлодар
Патшаның ұлын әлі де тұрар ұлықтап!.
Бетіме басты-ау айғақтап бодан кезімді,
Биліктің мөрі Павелдің аты тозбаған! – деген жолдарда отаршылық саясаттың салдарын ашық айтады. Отаршылық саясатпен бірге келген орыстандырудың да , одан кейінгі жаһанданудың да адамдардың санасына қалай әсер етіп жатқаны өлеңде тұтас көрінеді. Ол – бүгінгі Павлодардың психологиясы мен менталитеті. Бұл көріністі үйреншікті жағдай ретінде көреді.
Түтіні көкке шапшыған алып зауыттар,
Кафелер, барлар, сауналар, түнгі сауықтар!
Жабайы әуен,
Жалаңаштанған дүние,
Ыршыған билер,
Ышқынған үндер, жарықтар!
Немесе:
Соборда қыз жүр,
Мойнына крест байлаған,
Мешітте ұл жүр,
О дүние жайын ойлаған.Бәрі де жаңа!
«Казкрай» ғана сол қалпы,
Қазақылық пен бұзақылықтан таймаған! – деп, жаһандануға төтеп беріп келе жатқан, қаланың ұлттық болмысын сақтаған казкрайына сүйсінеді.
Павлодар өлкесін жырлағанда , ақын оның табиғаты мен тарихын ғана айтпайды, осы өлкенің өнері мен ғылымына, спортына, өндірісіне, біліміне үлес қосқан адамдарды да бірге жырға қосады. Сол арқылы туған өлкемізді адамдардан бөлмей тұтас қарастырады. Осы орайда ақын лирикаларымен қатар арнау өлеңдерін де бірге қарастыру дұрыс. «Екібастұз» өлеңінде:
Екібастұзда лаулаған оттың өзінен
Ғарыштық ұлы қуатты сезінем.
ХІХ ғасыр да зерек екен-ау, Жердің астына
Зер салған Қосым Пішенбаевтың көзімен!
Қ. Пішенбаев туралы «Ертістің Паводар өңірі энциклопедиясында»: «…Халық арасында «тас тілін білгіш атанған», Орталық Қазақстан мен Павлодар Ертісіндегі көптеген кен орындарын алғаш ашушы. Екібастұз көмір кені (1867) мен Майқайың полиметалл кен орнын (1895) ашу туралы алғаш мәлімдеме жасаған кенші» деген мәлімет бар. Бұл шумақтарда да ақын туған жер тарихының хронологиясын дәл көрсетеді.
Бұдан басқа 1989-1991 жылдары облысымызда ұлттық қайта жаңғыруға үлес қосқан, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына белсене ат салысқан қайраткерлердің арасында Павлодар педагогика институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Ермек Өтебаев болған. Ұстазы жайында ақын осылай толғайды:
Тұлғалар бар біз әлі танымаған,
Жеткенінде бабалар зары маған.
Шортанбайдың аулына қайырылады
Пырақ мінген профессор, ғалым ағам.
Павлодар облыстық музыкалық драма театрында көп жыл жемісті еңбек еткен режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерсайын Тәпенов, журналист Жанат Тұрғанбеков, ақын, жазушы, драматург, журналист Дәуренбеков Мұхамеджан Құрманғалиұлы туралы және тағы да бірқатар жерлес қаламгерлер мен өнер адамдарын жырға қосады.
Казкрайдың суретшісі Әсембек,
Қас шебер ол, айтпасам да «серлеп.
Аруақтардың аты-жөнін мәрмарға
Жазып берер арабша да әсемдеп, – деп замандасының іскерлігіне сүйсінеді.
Арман Қанидің ақындығын сөз еткенде оның суреткерлігін де қоса айту керек. Туған жер мотивтерін оның табиғатының әсемдігінен бөлек қарай аламаймыз. Ақынның «Жағажай» өлеңінде:
Жағаны бетке ап жарысқан,
Толқынның қызық мінезі.
Қиял мен шындық табысқан
Ғажайып әлем бұл өзі, – деп, ақынға шабыт берген, қарапайым жұртқа сүйікті демалыс орны болған Ертіс жағалауын «Ауасы жұпар, құмы алтын, Жұмақ дегенің осы жер!» деп тамсана жырлайды. Оның жағасындағы серуендеген қарттар «Адам ата мен Хауадай», күнге қыздырынған қыздар «сыланып небір сұлуың Сүйдірген күнге денесін» деп, мүлде басқаша ертегідегідей сиқырлы сипат алады. Өлкемізге келген қыс та ерекше: «қаусырды мен ақ өмір Ақбоздың жалындай нұрмен»;
Күз көрінісін:
Көк төсін кернеп баралы сан құстар әні
Шағырмақ бұлтпен найзағай шарпысты-ау тағы.
Сыңсыдың неге, сылқым күз,
Күлімдеп тұрып
Қызғалдақ гүлге салсаң да сарғыштау шәлі? – деген жолдары Абай атамыздың «Күз» өлеңінің салқын да сұлу көрінісін көзге елестетеді. Арман Қанидің туған жер жайындағы өлеңдерінде автордың Отанға деген таза, асқақ сүйіспеншілігі байқалады. Туған жердің табиғаты, оның адамдары, ел мен өлке тарихындағы әртүрлі кезеңдер ақынның ең терең ойлары мен шығармаларына арқау болған деген ой түюге болады. Ақын туған жерін жанындай жақсы көреді, оны өзінің өмірінен бөліп қарамайды. Туған жері – Арман Қанидің тұтас тағдыры. Ақындардың шығармашылығын зерттеу барысында мен тағы да көз жеткіздім: поэзия − керемет, әдемі, ерекше әлем. Ал ерекше әлемді мөлдіретіп оқырманға ұсынатын Арман Қани сияқты ақындар. Ақынның басты мақсаты да өз поэзиясы арқылы адамдардың сезіміне , рухани бай болуына ықпал ету.
Қорытындылай келе, Павлодар облысы мен Павлодар қаласының көрікті жерлері, тарихы, атаулы оқиғалары және есімі елге мәлім тарихи тұлғалардың өмір жолдарын өнеге етуде, жас ұрпақ бойында отаншылдық сезімді қалыптастыруда Арман Қанидің ақындық миссиясы орындалды деуге толық негіз бар. Ақын шығармашылығындағы туған жер тақырыбы өлкемізбен жақын танысуға, қажетті ақпарат табуға, терең мағлұмат алуға және бойымызға ұлтжандылық, туған жерге деген сүйіспеншілік сезім мүмкіндік береді.
Бағдат СИБАНБАЕВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебiнің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.
