
Бүгін түс көрдім. Түсіме марқұм Қадыр Мырза-Әлі кірді. Ол: «Қазақ сорласа – тексіздігінен емес, терсіздігінен сорлайды», – деді де жоқ боп кетті. Бұл Қадыр ақынның сөзі ме, әлде менің сөзім бе – білмедім, ең бастысы халықтікі болсын деп хатқа түсірдім.
***
Ақсақалдық – жұртқа айтар ақылын әуелі өзі тұтыну.
***
Бірде бір досым қонаққа шақырып, отбасыммен жолға шықтым. Адасып, дәулеттілердің сәулетті үйлерінің ауданына сүңгіп кетіппіз. Әр үйдің ауласының сыртындағы күзетшілерді көріп әйелімнің айтқаны: – «Иттің қызметін адамдарға жүктеген заман-ай!». – «Е, бұл – итін адамға күзеттірген заман ғой!», – дедім өтірік күліп…
***
Былайғы жұрт әдебиеттегі біздің буынды «Кері ағыс» деп жүр – сарыуайымшылдығымыздан. Өтінемін, мені бұлай атамаңыздар. Мен «кері ағысқа» кері ағыспын.
***
Туған жер дегенде, оған «кіндік қаны тамған жер» деген тіркестер қоса жазылып, тіпті бұл тіркестер «туған жердің» синонимі ретінде де қолданылып жатады. Бала өмірге келгенде кіндік қаны тамған жер «туған жер» аталып, ол жер «ит байласа тұрғысыз» болса да адам үшін дүниедегі ең ыстық құтмекен саналады. Міне, қанның құдіреті деген – осы.
Сол сияқты, қазақта «Қыз жат жұрттық» деген де сөз бар. Қыз қалай және қашан өз жұртын табады?.. Әрине, тұрмыс құру арқылы. Онда да жәй ғана тұрмысқа шыға салып солжұрттық болмайды, ұяттау болса да ұлт мұраты үшін айтайын, барған жеріне өзінің қасиетті қанын тамызу арқылы болады. Қыз барған жеріне қанымен бірге өзі де сіңеді. Міне, қанның қасиеті – осы.
Біз бір нәрсені көңіл көзінен таса қалдырып бара жатқандаймыз. Ол – қан мәселесі. Егер тамырыңыздағы қаныңыз қазақтың қаны болып, тұла бойыңызды шымырлатып, жүрегіңізді соқтырмаса, онда, қазақтың ұлттық құндылықтарына бас қатырып қайтесіз? Егер қазақтың қаны қалыңдығыңызды не болашақ жарыңызды таңдау сәті туғанда өз қанын қалап, аңсары ауып тұрмаса, онда, әлгі ұлттық құндылықтардың бәрі де Сізге бір тиын. Онда, Сізден қазаққа қаны тартпайтын, қаны басқа болған соң жаны жат, тәні бөтен бір дүбәра туады да әңгіме етіп отырған қазағыңыздың қазанын былғайды. Қазан былғанған соң арғы жағын ойлай беріңіз…
Сонымен, «қазақ» «қаза» болмауы үшін ең әуелі қанын сақтауы керек. Онсыз бәрі бекер. Қазақтың қаны таза күйінде болашаққа аттанар болса, бүгінгі ұрпақтың ұлттық борыштың алдындағы, ата-баба аманатының алдындағы атқарған ең бір жемісті еңбегі осы болар еді.
***
Мен биік тұлғалардың тағдырын асқақ таулардың тағдырына ұқсатамын. Таулар қашанда төбесінен бұлт арылмай, суық қарды көрпе етіп жамылып, өздері қалтырап жаурап, қардан еріп пайда болған суды жерге нәр етіп сыйласа, тұлғалар да барлық кесапаттарға өздерін кедергі, тосқауыл етіп қойып, елге тек жақсылық сыйлауға тырысады.
***
Егер жүрегіңе Отан сыймаса, ол жүректі жұлып ал да итке таста.
***
Бабам қазақ болмаса, атам қазақ бола ма? Атам қазақ болмаса, әкем қазақ бола ма? Әкем қазақ болмаса, мен қазақ болар ма едім? Мен қазақ боп тумағанымда, бұл фәниде бақытты ешер ме едім?Ұрпағым қазақ боп қалмаса, көрімде өкірермін…
***
Кей сәттерде тұлпарлардың бәйгесіне есектер төрелік жасауы мүмкін. Сондықтан, жарыстың бәрі де әділетті болмайды. Бірде тұлпар талантын тап басып тануға есектің өресі жетпесе, енді бірде оның есекпиғылдан аса алмауы да ғажап емес.
***
Қазақтың, басыңа бақ қона қалса, «Анау – біздің рудың баласы!», «Мынау – біздің жақтың азаматы!» деп мақтанатыны бар. Қошеметтеріне мың алғыс. Бірақ, олар сол арқылы рушылдық, жершілдік дейтін мысық-пиғылды оятып, жікшілдікке жол салып жатқандарын аңғарар ма екен? Сондықтан, мен шығармашылық өмірбаянымның ешбіріне туған облысымды да, ауданымды да көрсетпей, «Қасиетті Қазақ Топырағы» деп жазатын болдым. Кейбіреулер: «Сенің кіндік қаның тамған жер – тарихқа бай киелі аудан ғой, онымен мақтануың керек қой», – дейді. Ал олар мен үшін Қазақ Жерінің бәрі туған жер болғандықтан, бәрі де киелі екенін білмейді-ау.
***
Түбіміз – түрік, бірақ түрік емеспіз; дініміз – Ислам, бірақ араб емеспіз. Біз сан ғасыр бойы данагөй ата-бабалары салып берген сара жолы бар «қазақ» деген халықпыз. Егер осы жолдан бір елі ауытқитын болсақ, сол сәттен бастап-ақ басымыздағы бақ та ауа бастайды.
***
Журналист:
– «Ақындар ауылда туып, Алматы-да өледі» деген сөз бар. Осы сөзге қаншалықты қосыласыз?
Серік Сейітман:
– Мәселе ақындардың ауылда туып, Алматыда немесе Алматыда туып, ауылда өлетінінде емес шығар. Қазақ ақыны қай түкпірде туса да, қазақтың сөзін сөйлеп, қазақтың алақанында өлсе, сол – бақыт.
***
Мақсатым – тырнақ астынан кір іздеу емес, өсіп кеткен тырнақты алып тастау.
***
Руым да, рухым да – қазақ!
***
Қазақ радиосы Астанаға көшеді дегеннен көшке еретіндердің қатарына қарашаңырақтың қызметкері ретінде өзімді тіркеттім. Бұл хабарды естігеннен бастап достарым мен ағайын-туыс, бауырларым: «Арқаның қысы қатты ғой, жаныңды қинап қайтесің?!», – деп жанашырлық танытып жатты. Мен: «Әй, ата-бабам табиғаты қатал екен деп сол жерді қорғамай өткен жоқ қой. Ал олар аманаттап қалдырған жерден бейбіт заманда мен қашсам, сонда ол жер қай қазаққа керек болмақ?!» – дедім-дағы, әйел, бала-шағамды отарбаға салдым да тартып кеттім.
***
Қазақтың атқамінгендері шетелдерге ресми сапармен шыққанда, өздерімен бірге Мемлекеттің Туын, Әнұранын апарады. Ал менің Мемлекеттік Тілдің де Мемлекеттік рәміз ретінде барар күнін көксеп, көңілім жай таппайды.
***
Қарынның боғынан мидың боғы былық та жиіркенішті. Екеуінің бір ерекшелігі – қымбат тамақ жесең де, арзан ас ішсең де қарынға барып, боққа айналатыны белгілі. Ал ми, керісінше, арзан нәрсе ойласаң ғана боқтың мекені болады. Қарындағыны қуу – оңайырақ, мидағыны үркіту – қиынның қиыны.
***
Әкем мені бала кезімнен қариялардың қолына су құйғызып, етік жаматып, тоқым тіктіріп, ұстара ұстатып үйретті. Және өзінің шашын алғызып болған соң: «Шаш аларың көп болсын, Шаштай дәулет берсін», – деп батасын беруші еді. Сол кездерде алақан жайып, бет сипағаным болмаса, бұл батаның байыбына бара бермеппін. Кейін, өсе келе жазу үстеліне отырар әр сәтімде әр шығармамның шоқтығы осы қос тармақтан пәс болмауы үшін көп ізденіп, терең толғанатын болдым.
***
Жаман атты жүгенсіз мінсең алып қашады, жайдақ мінсең көтенжауыр қылады. Кейбір пенделер де сондай.
***
Бала шағымда астымда күрең қасқа ат болды. Жануар жетім өскен құлын еді. Қолбала болған соң, жабағы кезінен әкем екеуіміз арба жегіп үйреттік. Дөнен шыққан көктемнен бастап үйірге қостық. Арба тартқан атта қайбір қауқар болсын, үйірге түскен алғашқы күндерде, жыл сайын, көрінген айғырға таланып, бие-байталдарын беріп қоятын да сәл көкке тойынып әлденіп алған соң, кезінде өзін талаған айғырларды шетінен шиқанын шығарып шайнап жүріп, үйірін қайта тартып алушы еді. Жылқы тектес деп жүрген қазағымның қалтасын ғана ойлаған қазіргі талай ұрпағының Отанына деген махаббатты қасқа айғырдың үйіріне деген махаббатымен салыстырайын десем өзімнен өзім ұялам…
***
Сиырдың басындағы мүйіз – аттың аяғындағы тұяқтың тырнағына да татымайды.
***
Асықты атам да ойнай алар – жараса ма?..
***
Адам үшін ақшаны аямаспын, ақша үшін адамды сатпаймын. Себебі, менің жақсылығымды түсініп, адамгершілігімді бағалайтын ақша емес, адам ғой.
***
Алтынға ұқсағанымен, мыста қорғасындай салмақ жоқ.
***
Бос уақыты бар адам – ең бақытсыз адам.
***
Төменетектілердің көбі «Еркек – бас, әйел – мойын» дегенді айтып, азаматтарына «бізсіз ешқайда бұрыла алмайсыңдар» дегендей сыңай танытады. Басты бұратын мойын екені рас. Бірақ, мойын бастың бұйрығынсыз бұрыла алар ма?!.
***
Меніңше, нағыз сатқын – құстар: ауа суыта бастағаннан туған жерін тастап, жылы жаққа ауып кетеді. Сонда, ызғардың беті қайтып, күннің көзі сынбаса, олар туған жерге оралмай, асқар белі мен шалқар көлін жетімсіретпекші екен ғой…
***
Арман адамды жетелесе, адам арманды жетелеуі керек. Адам болмаса, арманның арман болуы; арман болмаса, адамның адам болуы мүмкін емес.
***
Қазақта «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тәмсіл бар. Осыған аса келісе бермеймін. Рас, Абай айтқандай, аз-кем табылатын шығар. Әйтпесе, қазақтан көп тозған дәстүрді көріп отырғаным жоқ. Қайта бізде озық дәстүрлерімізді ұқсата алмау басым. Қазір осындай өліара кезеңде әр қазақ перзенті ұлт қайраткері болуы керек. Ол үшін әр қазақ оқымысты болмаса да тарихи сауатты болуға тиіс. Сосын, әр қазақ отбасы бесіктегі емес, белдегі баласының болашағына немқұрайлы қарамауы керек. Бұл дегеніміз – қазақтың болашағына немқұрайлы қарамау деген сөз. М.Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» десе, мен «Ұлт болам десең, құрсағыңды түзе» деймін. Әйтпесе, біз қазір тіл бойынша екі-үшке бөлініп кеттік деп жүрміз ғой. Ал діл бойынша, рух бойынша қаншаға тармақталып кеткенімізді бір Құдай ғана біледі. Соның бәрі де алдымен қазақ тарихын парақтамай, яғни алдымен қазақ боп қалыптасып алмай тұрып, түрлі діни, мүдделік ағымдардың құрығына түсіп қалып, жақсы мен жаманның ара-жігін айыра алмай жүргендер. Қазіргі қазақтың қасіреті деп осы сынды жайларды айтуға болады.
***
Ата буын: «Біз бұрын ұлтшылдықпен күрессек, енді ұлтсыздықпен күресуіміз тиіс» деп тамаша айтқан. Бірақ, біз ұлтсыздықпен «енді» ғана емес, тіпті, өмір бойы арпалысып, тұмсығын бұзып өтуіміз керек.
***
Кірпінің үсті толған қылыш болса да ол қаруын тек қорғаныс үшін ғана пайдаланады. Тым қатыгезденіп бара жатқан адамдар ең болмаса кірпіден сабақ алмай ма екен?!.
***
Қызметте жайлы болған жақсы, жайылып кеткен жаман.
***
Қақпан – аңшынікі, ал қақпан қапқан аң – көлденең көк аттылынікі. Қазақтың аңшылық дәстүрі бойынша олжаны кім де кім бірінші көрсе босатып алып, бауыздау қанымен қақпанның тілін қандап, орнын бос қалдырмай, шаппасына бұйым қыстырып кетуші еді. Ұлттық санамыз бен төл болмысымыздың өзгеріп кеткені сонша, соңғы уақыттарда қандастарымның көпшілігі көрген олжасының орнын бос қалдырмау былай тұрсын, оны тіпті қақпан-сақпанымен қоса қылғытып жібергісі кеп тұрады. Бұл – біздің ұлттық қадір-қасиетімізге де, мемлекетіміздің әл-ауқатына да қарсы жасалып жатқан ең қауіпті шабуылдардың бірі.
***
Кейбір «төбешіктер» өздерін «тау» санап, асқақтап, «жерге» мұрынын шүйіріп, миығынан күліп қарайды. Олар өздерін сол «жердің» көтеріп тұрғанын білсе екен.
***
Қанша аспандасаң да бойыңнан Жердің қасиетін жоғалтпа. Өйткені, құлаған күніңде бауырына басып, құшағына алатын түп төркінің – Жер.
***
Жақсы адамның жаны Күн сияқты: шуағы жалқыға емес, жалпыға бірдей шашырайды.
***
Кейде мен фәниде емес, бақида ғұмыр кешіп жүргендей сезінемін. Қуанышты сәтім болса, жалған өмірдегі сауапты, ал мұңайған кезім болса, күнәлі істерім үшін Тәңір-Тағаланың тағайындаған тарту-таралғысы деп қабылдаймын.
***
Бар мақсатың ішу мен тышу болса, аштан өліп қалғаның артық.
***
Соқырлар құлақпен көрсе, саңыраулар көзбен естиді. Ал кейбір адамдар көз-құлағы сау бола тұра, замананың дидарын көре де, үнін ести де алмайды.
***
Бетін бұлт басатын кездер болғанымен, Күн мәңгі сөнбейді.
***
Адамның ғұмырын қамшының сабына балап жатамыз. Неге? Мен үшін қамшының сабы біздің ғұмырдан әлдеқайда ұзын сияқты. Әсілі, адам ғұмырын сіріңкенің бір тал шырпысына теңеген жөн. Тұтана сап сөнген шырпы – туа сап шетінеген нәресте, ал ұзақтау жанған шырпы – көп жасаған қарт секілді. Қанша ғұмыр кешсең де ізгіліктің шамын жағып, адамдықтың қазанын қайнатып кеткенге не жетсін…
С.Сейітманның «Домбыра» кітабынан (Алматы: «Хантәңірі», 2014) алынды.
