Бақыт
Бақ – тым сезімтал құс. Ол кез келген адамның басына қонады: ұя салмаққа – мәңгіге! Бірақ сен оны: тұрлаусыз сезіміңмен, тұрақсыз сертіңмен, қалыпсыз мінезіңмен үркітіп жібересің – мәңгіге! Сосын Бақты: «Баянсыз» деп кінәлайсың кеп…
Қырт пен ит
Білмей күлген қырттан, көрмей үрген ит артық!
Нәпсінің батпағы
Өзің өзгермей, өмірің өзгермейді. Өзіңді өзгертуге тырыспасаң, Құдай саған жәрдем-қолын ұсынбайды. Ондай күнде, нәпсінің бағзы батпағын малшылай түсесің, ал шайтан сені одан сайын қамшылай түседі!
Сезім мен сенім
Сезімің тұрлаулы, Сенімің тұрақты болмаса, өмірің мұратты, көңілің шырақты болмайды. Ондай күнде, тас түнек түрмеден қап-қараңғы қабірге қалай өтіп кеткеніңді білмей қалуың әбден мүмкін!
Адам
Ұшты талай қона беріп Бақ құсы,
Сан шатқалдан өттім тісін безенген.
Көргенде иттер кеп тұрады қапқысы,
Содан Адам екенімді сезем мен!
Ақыл
Ғафылға жүгірсең, – жолың жабық,
Ақылға жүгінсең, – жолың жарық!
Ұрлық
«Уақытыңды ұрлаушылар – жазасыз ұрылар» деп Наполеон айтпақшы, біздің көбіміз ұрылармыз! Бос сөздерімізбен, бостекі жиындармен, мағынасыз басқосулармен, ысырап тойлармен адамдардың уақытын, сол арқылы өмірін ұрлап жатырмыз. Бұл ұрлықтың Тәңір Тағаладан болатын жазасы тым ауыр екені ойымызға кіріп те шықпайды.
Етегіміз далақтап, көзіміз алақтап, тіліміз салақтап тартып барамыз… – бір жаққа! Сол ұрланған уақыттың есесіне – Отаныңа, отбасыңа, қара басыңа, руханиятыңа қаншама игілікті істер атқаруға болар еді…
Үш тамыр
Желкедегі кесір-тамыр желге тартады, шынтақтағы кесел-тамыр жерге тартады, жамбастағы мешел-тамыр көрге тартады. Осы үш тамырдың тартылыс күшін жеңе алған адам ғана бар күшін елге сарқады!
Зекет
Ақылдың зекеті – ілім, тілдің зекеті – зікір, рухтың зекеті – махаббат.
Түн тылсымындағы сауал
Сергей Есенин 1913 жылы, досы Г.А.Панфиловқа жазған хаттарының бірінде: «Печальные сны охватили мою душу. Снова навевает на меня тоска угнетенное настроение. Готов плакать и плакать без конца… «Скучные песни и грустные звуки» не дают мне покоя…», – деп жазады…
Өтежан Нұрғалиев марқұм да: «Түнде кабинетті кілттеп алып Елдосты тыңдап еңіреп жылаймын… Тоқтай алмай үш сағат еңіреймін! Қыздарым сыртымнан: «Папа Родинасын сағынып отыр», – деп мені мошқайтын көрінеді… Қайдан білсін, олар менің түбімде қандай құрдым қасіреттер мен тілсім сағыныштар жатқанын?!», – дейтін маған оңаша сырласқанда…
Иә, ақынды зариғаптырып жылататын Түп-Иеге деген түпсіз аңсар ғой! Көз жасына сөйтіп шомылған шайырлардан ғана шын шаһқар дүниелер туады. Ал Сіз соңғы рет қашан жыладыңыз?
Дұға
Егер мен өзімнің белімнен дүреген ұрғын-ұрпақпен жат тілде шүлдірлесетін болсам, онда менің тілім байлансын! Көзім ойылсын! Екі дүнием ойран болсын! Елден бөлек үйім күйсін! Маған келген апатқа қарап, дүйім қазақ есін жисын! Әмин!
Ақиқат айнасы
Егер шенеусіз Билік пен кенеусіз Байлыққа ие болған адам малғұн-мастық пен шайтан-шаттыққа бой алдырса, Келешектің іргесін бекітіп, Болашақтың мінбесін биіктетудің орнына шыныдан шаһар салдыра бастайды. Жүрегін настық, буынын мастық алған бейбақ қырық құбылған шыны-шаһар – ібілістің айнасы екенін ұқпайды. Ол айнадағы өзінің «аспара» бейнесін қызықтаймын деп жүріп Құдайдың ғаламатын да, халықтың аманатын да тарс есінен шығарады. Ақырдемде оған осыған дейін «дос» болып келген лағин-шайтан таспен ұрып әлгінің шыны-шаһарын күлпарша қылады. Сол кезде алдында – ешқашан қирамайтын, ергізде бүлінбейтін, екідүниеде кірлемейтін Ақиқаттың айнасы тұрғанын көреді. Өзінің хас масқара кеспіріне көзі түскен әлгі міскіннің жүрегі тарс етіп жарылып кетеді…
Жүрек
Жүрек – жаралану үшін жаралған. Жараланған жүрек – «фәнә-тілек», сағат санап жаңалана, сафтана береді. Одан әлемге барақатты сәуле тарайды. Ал қараланған жүрек – қара түнек, сәт санап қаралана, таттана түседі. Одан дүниеге пәлекетті әуре тарайды!
Жүрек-шырақ
Мемлекетті Ұлттың күллі Кие-Қасиетіне – тілі, ділі, дініне жөһіттің дүрбісімен кекіріп, түкіріп қарайтын тасжүрек билеп отырса, онда елдің ертеңі тастүнек деген сөз! Ал тастүнекті түретін әр қазақтың кеудесіндегі жүрек-шырақ қана! Ол шырақты тек қана өз тілі, өз дінімен жаға алатынын әр қазақ әр сәт есінде ұстасын!
Тазару
Тән-моншасында сүйегіңді қыздыра алмасаң, бойыңды кірден тазарта алмайсың; жан-моншасында жүрегіңді қыздыра алмасаң, ойыңды кірден тазарта алмайсың.
Баға
Құдай Тағала азаматты Ұлтына деген махаббатының өлшемімен ғана бағалайды.
Көрсоқыр
Сенімі соқыр міскін өзгенің сенімінен сәуле көре алмайды. Сондықтан өз тілін түзеп, өз ділін күзетудің орнына басқаның дінін түзей қойғысы келіп діңкесі құрып тұрады.
Ер
Ермін десең, Хақтың жолында – аттың жалында бол! Олай болмасаң, боқтың қамындағы көп еркектің (самец) бірісің.
«Қайғы»
Күллі дүниенің «ворлары» мен Қазақстанның қарлары бірігіп Қазақ ұлтының рухани, дүнияуи қазынасын қабаттап тонап жатыр! Ал сен болсаң, әлі жүзің мен руыңның «қайғысында» жүрсің. Қандай қайғылы «қайғы» еді!
Жексұрын құлық
Біздің соншалықты сорлап қалғанымыздың бір белгісі, тайғанақтықты ақылдылық, сатқындықты саясаткерлік деп есептейтін болып кеткенбіз. Ал мұндай жексұрын құлық тек қана мемлекетті діңкелетеді, Ұлттың есесін кетіреді…
Жұпар
Адам ылғи оқумен болса, Рухани өсуден қол үзбесе, оның Жүрегі бүр жарады! Ал бүр жарған Жүрек күллі ғаламды жұпарға бөлейді!
Майдан
Ұлы жобамша, маған әлемжелі, қалтафонмен жететін хабарлардың 99 пайызы жағымсыз не ауырлық әкеледі. Демек арман, мақсат, үмітім 1 пайыздық шек-шеңберде өмір сүріп жатыр деген сөз. Бұл – менің Ұлы Әлемім Қазақ ұлтына да төтен қатысты. Ендеше Кеңістіктер ашу жолында мігірсіз майдан ғана тұр алда! Болмаса – жоғалу…
Тәмсіл
Бақа би болсын десең, көліңді аздырып, балықты құрт;
Шата би болсын десең, еліңді аздырып, Халықты құрт!
Тарихи көркем шығарманың парызы
Тарихи көркем шығарма тарихтың өлі көшірмесі емес. Оның хас Парызы – тарихи айғақтарға сүйене отырып, Ұлттың сынған сүйектеріне қазысылау жасау һәм семік шалған тамырларына жан бітіру.
Үш ұғым
Қазақ: «Ұят болады!» деген ұғыммен әбес қылық жасамаған, оғаш сөз айтпаған; «Обал болады!» деген ұғыммен тірі жанға қиянат қылмаған; «Сауап болады!» деген ұғыммен тек ізгілікке ұмтылған. Міне, үшбу үш ұғым – руханияттың өзегі-тін. Бұл ұғымдар телғабыс түсіп, айқұшақ қаппаған жерде Құдайдың діні жоқ! Ал қазіргі қазаққа «дін үйреткіштерде» мұның бірі жоқ!
Бір ғана іс
Адам бір ғана іспен тұрақты айналасуы керек. Ол – ділінің дүкенін құрып, тілінің тікенін жұлып отыру ісі.
Қияли ертегі
Біз, яки бүгінгілер – бағзы заманның іргесі Иманмен, қабырғасы Сеніммен, шаңырағы Үйлесіммен орнатылған сән-салтанаттан тұратын ордаларын күйретіп алып, далада қаңғып қалғандармыз. Ал тамырдан кесілген міскінге – бағзы замандар жайлы айтылған ақиқаттың бәрі қияли ертегі, әдемі аңыздар ғана болып естілуі заңды.
Өмір
Рухың самғағанда – Құдайға жалғанасың, нәпсің шырмағанда – ылайға былғанасың. Осы екі шектегі арпалысты «өмір» дейміз. Бұл шектен тыс, бұл арпалыста жоқ жандар адам емес, яки олар өмір сүріп жүрген жоқ!
Түнгі тәмсіл
Бүтін адам – біріктіреді, түтін адам – бүліктіреді.
«Қорек»
Тарихты танымаған адам – өтірікпен, өзін танымаған жан өсекпен қоректенеді. Ал ол «қоректер» – Жүректі өлтіретін у.
Шырақ
Өмір – біреу, өкініш – мың! Жалғыз жүректі мың өкініш қан-талауға салғанда, қайда қашарыңды білмейсің. Алайда сол қызыл қан Шындықтың қызғыш шырағы сықылды екен: жаныңды әуреге салғанмен, тіліңді тәубеге келтіреді, жолыңды сәулеге толтырады…
Адал тер
Жұтқан жемің арам болса, шыққан терің адал емес! Ал қасиетті топырақты тек қана адал тер көктете алады!
Қасиетті парыз
Егер көпшілік – иманға ұйып, ақыл мен парасатқа ғана бағынса, онда ол Халыққа айналып, яки Құдайдың бір Есіміне ие болады; ал іші-тысы, ісі-күші түгел арам ібіліси арандатушылардың аранына құласа, онда қара тобырға айналып кетеді. Қара тобыр – қара топан, ол жолындағы гүл түгілі тауды да шайып-жайпап өтуі бек мүмкін! Сондықтан топанды құрықтап – жер мен гүлді суаратын арыққа, тобырды ырықтап – Ер мен Пірді туа алатын халыққа айналдыру – қасиетті парыз!
Кешегі байлам
Балалау күнімде біздің үймен қоңсы отырған Мамыртай Сүйіндік деген қарт:
«Қыранның төбесінде қарға ойнаған,
Бұл заман қай-қай заман, қандай заман?
Пілге үріп кетегінде шәңкілдеген,
Дауысы қанден иттің сондай жаман!», – деген өлеңді ылғи айтып отырушы еді…
Ешқашан итақай итовичтер, яки зәндемич қандендер мен көпекич мөкейлер үрді екен деп, тұмсығынан ұрып қаңқ еткізіп жүрмеңіз. Өйткені олардың көр-көкірегі Сенің басыңа қонғалы келе жатқан Бақтың сәулесі мен жүрегіңді шайғалы келе жатқан Хақтың тәубесін «көріп» қояды. Олар өзіне ергізде жуымайтын сол Жарықты қызғанып шәуілдейді ғой. Сондықтан үре берсін бейбақтар!
Қазақтың қамы
Қазақтың қамынан төменгі «қайғылардың» бәрі – арамшылықтың ісі!
Дұрыс іс
Қартайғанда ішім тыныш болсын десең, жас шағыңда ісің дұрыс болсын!