Адам азаттығын анық сезінбей құлдық психологиядан арыла алмайды.
***
Адамдар өздерінің жыртқыш емес екенін дәлелдеумен келеді. Бірақ оған өздерінен басқа ешкім сенбейді.
***
Ар диктатурасынсыз заң диктатурасы орнамайды.
***
Адамдар заңнан қорықпайды, заңгерден қорқады.
***
Адам – ажалдың тұрақты нысанасы.
***
Азаматтық позиция – адамдық пен адалдықтың қорытылған қосындысы.
***
Тойханалар қазаққа сенеді, қазақ кредитке сенеді.
***
Ойыңа келгенді ойланбай айтпа, ойға түйгеніңді айт.
***
Біздегі кемшіліктердің иесі де, жауаптысы мен авторы жоқ. Тек оны көріп, білетін халық қана бар.
***
Біздің дөкейлер өзінің заң алдына барғанын қаламайды, заңның өзінің алдына келгенін қалайды.
***
Өмірде биікке қанатымен шыққандардан гөрі сатымен шыққандар көп.
***
Ұлтын сүйген топтың сөзін емес, көптің сөзін сөйлейді.
***
Әділет әрқашан кешігіп жүреді.
***
Әдемілік айнаға мұқтаж емес.
***
Дәуір – уақытқа тәуелді, дана – ақылға тәуелді.
***
Өмірді түсіну үшін маман болу шарт емес, адам болу шарт.
***
Коррупцияның өз тілі бар. Ыммен сөйлейді және цифрды жазумен жауап береді.
***
Арың – сенің барың, соны бағалай білу – бағың.
***
Коррупцияның паспорты болмайды, поролі болады.
***
Ұлттық идеалогияны тұтататын – зиялы қауым, қолдайтын – билік, лаулататын – халық.
***
Баға көтерілген сайын жемқорлық жоғарылап барады.
***
Өтірік озып жүреді, шындық кешігіп жүреді.
***
Талғамың болмаса, таңдай да алмайсың.
***
Басыңа қонған бақты ұшырып алмау үшін қанағатшыл болу керек.
***
Халықтың сөзін сөйлеу үшін әуелі халықтың өзін тыңдау керек.
***
Ұстаздан – ұлағат, шәкірттен – шапағат.
***
«Алақай» деген – әдемі сөз, «Балақай» деген сөз – мәуелі сөз.
***
Ұлттық идея – ұлттық намыстан тамыр алады.
***
Ойың әдемі болмай, сөзің әдемі шықпайды.
Жинақтаған, Рашит БЕКТЕМІРОВ,
«Ақсақалдар тағылымы» ҚБ мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Май ауданының Құрметті азаматы.