(Авторлық афоризмдер – 2)
* * *
Кімнің басында не қайнап жатқанын түн білсін…
* * *
Қамырдың көтерілуі үшін кейде өзіңе ашытқы болуға тура келеді.
* * *
Бір заман: байлар – жаман,
байлар – надан,
Бұл заман: байлар – адам,
байлар – адам!
Бір заман:
кедей – адал, кедей – адам
Кер заман:
сол кедейің жемей надан!
* * *
Жылауықтың бір уақтық күлкісі де жылауға ұқсас…
* * *
Бір үйдің тізгініне ие бола алмай жүріп,
бүтін елді билеуге ұмтылатындар бар.
* * *
Ұлы өзеннің атын жамылса да,
шалшық суға татымайтындар табылады.
* * *
Бұл өмір – қуаныш, қорқыныш…
Ұсынған бал-дәмін сарқып іш,
Таңдарда талмай-ақ қалқып ұш!
* * *
Бір өзі – тәштік, мінезі – бастық
* * *
«Адам көркі – шүберек»,
Сыртың жалған – білер ек.
Ал жан немен көгермек?
* * *
Бір ашу бар – жауындайын өтпелі,
Бір ашуға бүтін ғұмыр жетпеді…
* * *
Керек кезіңде жалпылдай амандасады,
Керек жоқ кезіңде – жағаңа жармасады.
* * *
Дүниенің кеңдігінен не пайда –
қожырайған тамдай үйің болмаса…
* * *
Адам рахаттан арықтаушы ма еді?!
* * *
Жиырмада желігі басылмаған –
қырқында қағынады.
* * *
Әкімдікте істесең – әкеңді де ұмытасың…
* * *
Әншілер екі түрлі:
екіншісі өзі үшін ыңылдайды.
* * *
Терек шайқалса, жапырақтары бірге шулар.
* * *
Ойсыз журналист қойсыз шопанмен тең.
* * *
Қазақ газетті «бабама, яки балама қатысты дүние бар ма?» деп іздейді.
* * *
Аузыңның қиюы кетсе, елге сыйың да кетер.
* * *
Шаңырақ иесіне шайқалған жараспайды.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.
(Жалғасы бар…)