(Авторлық афоризмдер)

Әр сөзді таңдап, талғап, тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік. Әсіресе, қоғам арасында кездесетін, күнделікті боямасыз өмірде көзіміз жетіп жүрген дүниелерді аз сөзбен, афоризммен жеткізе білу – үлкен өнер. Ұлтымыздың ұлы қаламгері, жерлесіміз Мұзафар Әлімбаевтың шарапаты демеген болар, ақынның алдын көріп, батасын алған біздің әріптесіміз Нұрбол Жайықбаев сөз маржанын теріп, ой шалымы кең, қысқа қайырымды нақыл сөздерді жанынан шығаруға талпынып, қалам тартыпты. Сөз қадірін терең түсінетін оқырман үшін бұл афоризмдердің берері мол деп ойлаймыз. Төменде журналист Нұрбол Жайықбаевтың бір топ  айшықты ойларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

***

 Қыпша белдер үшін қырықпышақ болған қазақпыз…

 ***

 Өтірікті қанша құрасаң да, шындықтай әсерлі шықпайды.

 ***

 Күнде-күнде шабыста болсаң, күнге қарайтын шамаң болмас.

 ***

 Қазір – ой мен түйінге емес, бой мен киімге қарайтын ақылсыздар заманы.

   ***

 Көк дуалды үйі бар, төбесі көк тіреген көкелердің көк иті де көкке қарап ұлиды екен!

  ***

 Пендеге өзінің жасағаны – ерлік, өзгенің жасағаны кемдік болып көрінеді.

 ***

 Қыздың еркелігі мен жүйріктің асаулығы – құрыққа түскенше ғана…

 ***

 Аузыңды ашып аңқылдап күлсең, «аңқау екен» деп ойлайтындар бар.

 ***

 Тырмысқан бала түбі Шыңғысхан болады.

 ***

 Інісі бардың «жұмысы» бар.

 ***

 Қазақта «жер мен жесір дауы» бұрыннан келеді. Енді дін дауы шықты…

 ***

 Сүйілмеген қыздың ернінен даланың жұпар иісі аңқиды.

 ***

 Арақ пен өсек есіктегі құл мен тақтағы патшаны теңестіреді.

 ***

 Біреуге бас қайғы, біреуге – рейтинг…

 ***

 Бастыққа қол көтерсең, қолың емес – басың кетеді.

 ***

 Ой соңынан қуалап,

Кәлләміз жүр домалап –

Жердің өзі домалақ…

 ***

 Бұрынғы заман: ақыл айтқан – данышпан,

Бүгінгі қоғам: ақыл айтқан – ақымақ.

 ***

 Беті қызарып беталды жүретін бетсіздер көп.

 ***

 Бір кезде көз қызыққан құлын мүсін едің,

бұл кезде жан шошитын құр бір сүлдерің –

Бір демде өте шығатын өмір-ай!

 ***

 Жасыңда ұя басқарсаң, ұлғайғанда ордада отырасың…

 ***

 Біреулер кендірді тісімен қырқып жүрсе,

Біреулер тендерді «күшімен» ұтып жүреді…

 ***

 Кімнің ұпайы түгел – көп іс өндіргеннің бе, көлгірсігеннің бе?

 ***

 Футболшылардың арманы – «Милан»,

Қыз болғырлардың арманы – Билан.

***

Тегі Иваннан болса да, жүрегі – иманнан.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

(Жалғасы бар…)

Добавить комментарий