(Авторлық афоризмдер – 6)

 

2019 жылғы маусымдағы жазбалар:

Жаңа дүние ескінің жолын қиятындығы жанға батса да, заманға сай болуды үйретеді.

***

Өзің адал болмасаң, өзгені харам көресің.

***

Арқаны терлетіп, өмір деп жүргендерің алдау ғана болып шықпасын.

***

Өткенімнен сабақ алмай, сүрінген жеріме құлаудан қорқамын.

***

Ең табысты байлық көзі – біздің санамыз! Санамен жұмыс жасауды үйренгенде, табысқа жетеріміз сөзсіз…

***

Қоғамдағы келеңсіз жағдайларға құсқым келеді. Себебі, біз сол ортаның балаларымыз.

***

Егер дін ұстанғаны үшін қаржылай көмек көрсетсе, онда құдайсыздар саны күрт төмендейтін бе еді?!

***

Ақылды әйел – құрсағындағы баласымен сөйлесіп, о бастан тәрбиеге баулитын жан.

***

Оймен соғысатын заманда, шет ел фильмдерін тамашалап өз еркімізбен санамыздың улануына жол беріп жатқан жоқпыз ба?!

***

Қателік жасап көрмеген адамдарды аяймын. Себебі, өмірін заңдарға байлап, қызықсыз сүріп жатқан тәрізді.

***

Өскелең ұрпақты қызықтыру үшін, тарихымызға жақсы «пиар» керек шығар.

***

Ұстазы оқушыларына екі бірдей ақ қағаз көрсетті. Бірін көрсетті де, үндемеді. Екіншісіне «мұқият мән беріңдер» деді. Сол екен оқушылар түрлі жауап берді, бірақ бірде-бірінен «бұл баяғыша ақ қағаз» деген нәтиже болған жоқ.

***

Адамның көзі хатты барынша емес, өзі қалағандай етіп оқытады.

***

Өзіңе деген сенімділік, өзгеге сенім тудырады.

***

Халық білімсіз емес, бірақ бойларында тереңдік жоқ. Сол себепті білімдерін қолдана алмай жүр.

***

Кез келген салаға шығармашылық көзқарас керек-ау. Оның жоқтығы өмірдің бояусыздығын ашады.

***

Білім емес, қағаз қуалайтын кезең болып кетті ме, қалай өзі?!

***

Өзіне сенбейтін адам халыққа қалай сенеді?!

***

Ит үріп мазаңды қашырса, сәті келгенде теуіп жібересің…

***

Өмір тауының тағы бір шыңына өрмеледік.

***

Қағаз елінде қағазбен оқып, білімсіз қағазбен қағаз табу үшін жұмыс істеушілер саны көбейеді.

***

Тек қана құлауды ойламай, әрі қарай тұруды ойланған жөн.

***

Көзі ашық адам үрейден қорықпайды.

***

Өзім адасып, өзгелерді де сол жолға бастағым келмейді.

***

Халық барда, біз бармыз!

***

Жолы басталғалы бері бір түзу жолға түспей келеді. Замандастары таныстарының арқасында тегіс жолмен қасынан зулап өтеді. Шаңдарына батып, тежегішті тағы да басып ол қалады.

***

Адам жаны жаңаға құмар болса да, ескінің сапасын жоғары санайды.

***

Көзін жұмып, болашақта ашқысы келетіндерге таңым бар. Себебі, қазірін түземей, әдемі болашақты қалай көрмек?!

(Соңы)

Добавить комментарий