(Авторлық афоризмдер – 1)

«Aiqara.kz» ақпараттық агенттігі бұған дейін белгілі журналист Нұрбол Жайықбаевтың авторлық афоризмдерін жариялаған болатын. Оқырманың қызығушылығын тудырған бұл жобаны жалғастыруды жөн көрдік. Бүгіннен бастап жазушы Жақсыбек Шанышқылының күнделік парақтарындағы оймақтай ойларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Қаламгер бұл жазбалар туралы былай дейді: «Күнделікті ойлар дәптері. Бұл ойлар – көкейімде жатқан сөздер. Басқа елдің сөзіне ұқсап жатса, сәйкестік болар. Олардың бәрін зерттеуге бүкіл өмірім де аздық етер. Басты мақсатым – қағаз бетіне түсіру, өз-өзіме әр өткен күнім үшін есеп беру, сол күннің мағынасын түйіндеу».

 

2014 жылғы желтоқсандағы жазбалар:

 

Өмір естеліктері көше шамдары сынды, жүрген сайын өзіне қызықтыра жарқырай береді екен.

***

Бұл буын соғыс көрген жоқ, оның иісін де білмейді. Сондықтан өмірді қалай бағалауды білмейді.

***

Өлген адам өз жаназасында жылапты.

***

Өмірде қадірсіз болған жанның, өлген соң қадірі білінеді екен.

***

Ол өлгенде ғана соқыр көзден жас ақты.

***

«Әйел психологиясын зерттеп білмей, үйленбеймін», – деді ол. Сөйтіп өмірден бойдақ болып өтті.

***

Еңсесі биік тауды да талқандап жатқан қоғамнан не күтеріміз белгісіз? Біз қоғамға не әкеле алатынымызды кім біледі?

***

Денем жас болса да, санам өле бастаған секілді…

***

Өмір жүректі кейде жылатып, кейде жылытқанымен қызық.

***

Табиғат құбылысынан өзге, әр адамның өз ішінде табиғат мезгілі болу керек.

***

Қараңғы көшеде шамын жағып келе жатқан машина сынды өмір көшесімен зулап барамыз. Алдымыздағы екі метрді болжап көріп, қалғанын болжай алмаймыз. Не болса да еңсемізді құлатпай, арман атты нұрымызға сенуіміз керек!

***

Осы күнге дейін ертегілер мен мифтерге сеніп келген екенмін, шындық көз алдымда тұрғанын енді көріп жатырмын.

***

Қазіргі заманда біздің қоғамда өз мүдесін ойламайтын жандар азайып барады, яғни тобырлық сана басым болып тұр.

***

Әрбір жазылған, жазылып бітпей қалған шығармаларды дүниеге келтіруге кеткен ғұмыр сағаттарыма өкінбеймін. Кейінше біздің өмірлеріміз ауысатынына сенемін.

***

Халыққа таң қалам. Керек жандарды тірі кезінде аяғынан шалып, барынша құлатуға хәрекет жасап, қарасы жоғалған соң, ескерткіш орнатып, өтірік мақтауды жаудырады.

 

Жалғасы бар…

Добавить комментарий