Оқырман назарына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабділәшімнің Хабырыыс Ондороостан (Гаврил Андросов) аударма өлеңдерін ұсынамыз:
Ұста
(еркін аударма)
Ұста досым, бабалардың
құпиясын сақтаған.
Кеудедегі жан-алауды,
Көрігінде баптаған.
Белгі салып күшті, көне,
Қалмаған еш іркіп бой.
Чочур Мыран * үстіменен,
Қалықтаған бүркіттей.
Дем алмастан түніменен,
Шашқанынша таң арай,
Елемей еш ыстықты да,
Ызғарға да қарамай,
Бір сәт кірпік қақпастан,
Сыр ашады темірге,
Қолы тыным таппастан,
Еркін жазбай белін де,
Ұста терін төгеді…
Қорғанбай да нөсерден,
Пана іздемей қардан да,
Қорықпастан кеселден,
Түршікпестен зардан да,
Бораннан да ығыспай,
Көсеуімен от үйді,
Қайнаудағы құрыштай,
Шынығады, бекиді.
Бойы мұңнан айықпай,
Туласа да көңілі,
Теңіздегі қайықтай
Шайқалса да өмірі,
Ұста жаны тым еркін…
Ұста терге малшынды,
Төсте темір жаншылды.
Соққан сайын тарихтың
Сан қатпары аршылды.
Жарқ-жұрқ етіп от шашты,
Төске тиген балғасы.
Ағаштарға тіл бітті –
Көне күннің жалғасы.
Бедерледі күмісті,
Өрнек салып түймемен,
Саусағымен темірді
Саз балшықтай илеген.
Алдындағы жансызды
Кейіпке сап не түрлі,
Тірілтеді әр беріп,
Айысыт Құдай ** секілді.
Қолындағы бұйымға
Құяды да жан нұрын –
Болашағын болжайды,
Айқындайды тағдырын.
Менің ұста досым-ай,
Бабаларға осылай
Жасап алып құлшылық.
Төс пен балға жігінен
Жаратады тіршілік.
* Чочур Мыраан – Якутск қаласы орналасқан Туймаада алқабындағы қасиетті таудың атауы.
** Айысыт – якут мифологиясындағы қамқоршы періште, адамдарға балалардың жанын сыйлайтын құнарлылық құдайы.
Таатта өзенінің рухы
(еркін аударма)
Жаратқанға тым жақын һәм
арнасы
толтырылған Тәңір төккен нұрменен.
Таатта* – менің тамырымның жалғасы,
Ең әйдік сөз, ең әйбат сөз – бұл деген.
Көрсетемін оған құрмет әр кез мен,
Тағзым етем басым жерге тигенше.
Жағасында ой кешеді жан-кезбем,
Әлсіз тәнді ғажайып бір күй көмсе…
Өткен күннің жаңғырығы – тұнық үн,
Көлеңкесі қыр соңымда бүгіннің.
Толқындардың шабыт сыйлар сыбырын
Жарылқаушы сөздері деп ұғындым.
Кулаковский…
Ойунский…
Алампа…**
Осы даңқты есімдердің қуаты
Сиқырлы күш сыйлар сата*** желіндей
бой желпісе, ой шығады бүр атып.
Сол бір қуат – құдіретті сенімдей.
Саха-Ураанхай **** жұрты атанған кезеңнің,
Ұлылықпен, ірілікпен бағы асты.
Өмірге нәр беріп тұрған өзеннің
Арғы бетін таба алмай көп адастым.
Мен Тааттадан көз алмаймын: сыр бақтым,
Ол толғағы жеткен Ана сияқты.
Жанарында бір қарас бар жұмбақ тым –
мөп-мөлдір, пәк, таза, ұяң, ұятты.
Жанды менен жансыздардың талайын
Аймалаған қасиеттім, қадірлім.
Атқан таңның шұғыласын, арайын,
Қабылдаймын тартуы деп Тәңірдің.
* Таатта – Таатта ұлысындағы өзеннің атауы.
** Анемподист Иванович Софронов, Алексей Елисеевич Кулаковский-Ексекюлях, Платон Алексеевич Ойунский – якут жазба әдебиетің негізін қалаушылар, ХХ ғасырдың басындағы саха халқының рухани көшбасшылары, Таатта жерінің тумалары.
*** Сата (екпін екінші буынға түседі) – сиқырлы күштің әсерінен туындайтын жел, дауыл.
**** Саха-Ураанхай – саха халқының ежелгі атауы.
Сұлу
(еркін аударма)
Сұлуым менің, қашайық жұрттан шалғай тым,
Ол ғажап мекен тек біздің ғана жанға айқын.
Кетейік бірге алыстан алыс жыраққа,
Қуғыншылардың қолы да жете алмайтын,
Ойы да жете алмайтын.
Осынау қиын сапарда:
Жар-құз,
Орманды,
Өзен-көл,
Көпір,
Асамыз терең орларды.
Ізімізге ешкім түсе алмасын деп жаны ашып,
Жел сыпырады біз басып өткен жолдарды.
Махаббатқа еріп, жалыны мәңгі сөнбейтін,
Батылдыққа еріп, қызғаныштарға көнбейтін,
Қашайық бірге тағдырдан мынау қатыгез,
Екеуімізді мүлдем қосқысы келмейтін.
Қолымнан ұста, аққуым менің, жаны – арай,
Тосқауылдарды кедергі деп те санамай,
Екеуіміз ғана нұр құшар жаққа кетейік,
Достасқанға да, қастасқанға да қарамай.
Аударған: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
(«Мұздақ мұң» кітабынан алынды)