Оқырман назарына ақын Ерлан Аманқожаұлы аударған қытайдың көрнекті ақыны Бэй Даоның өлеңдерін ұсынамыз. Ақынның өлеңдері еркіндік, жалғыздық, махаббат және өмір философиясы сияқты терең тақырыптарды қозғайды. Бэй Даоның шығармаларының метафораларға бай, терең мағыналы құрылымы қазақ тіліне көркем аударылған. Ақынның күрделі ойлары мен нәзік сезімдері аудармашының шеберлігі арқылы қазақ оқырманына жақын әрі түсінікті жеткізілген. Мысалы, «Арал жырлары» мен «Жауап» сияқты туындыларда адамның табиғатпен байланысы мен ішкі толғаныстары ерекше сезіледі.
Ақын Бэй Даоның шын есімі – Чжао Чжэнькай. 1949 жылы Пекинде дүниеге келген. 1978 жылы достарымен бірге Пекинде «Бүгін» әдеби журналын құрды. Ол – «Бүгін» поэзия мектебінің маңызды өкілі. 1987 жылдан бастап Еуропа, Америка және Гонконгтың бірқатар университеттерінде оқытушы немесе резидент-жазушы болып қызмет атқарды. Оның шығармалары 30 тілге аударылған. Бэй Дао бірнеше беделді әдеби марапаттардың иегері, соның ішінде Швеция PEN клубының әдеби сыйлығы, АҚШ Гуггенхайм сыйлығы және Македониядағы Струга халықаралық поэзия фестивалінің ең жоғарғы марапаты – «Алтын тәж» жүлдесі бар. Сондай-ақ, ол Америка Өнер академиясының өмірлік құрметті академигі болып сайланған. 2009 жылы ол әлемдегі ең ықпалды халықаралық поэзия фестивальдерінің бірі – Гонконг Халықаралық Поэзия Түнін құрды. Ал 2018 жылы Гонконг Поэзия Фестивалі Қорын ұйымдастырды.
Арал жырлары
1
Қалың тұман, жүздің мұңнан хабарсыз,
Желкенің жоқ – айыбың.
Қалықтайсың айлы түнде алаңсыз,
Тұрақ таппай қайығың.
Бұндай жолдың байлауы жоқ кім-кімге,
Аялы жоқ өте шығар бұл түнде.
2
Белгісі жоқ,
Жоқ шекара сызығы,
Жартастарды толқын сүйіп жаңғырған.
Өткен дәурен салып кеткен ізі құр,
Аса қымбат естелік қып қалдырған.
Жағажайда балалықтың еліне,
Ай сәулесі шашылып,
Алыстағы киттердің демінен,
Субұрқақтар атылып.
3
Шағалалар шарқ ұрады,
Қағып тынбай қанатын,
Қорқынышты естіледі дарақы үн.
Акация жапырағы құрсын тек,
Балалардың жүректері дүрсілдеп,
Өзі құйттай мамыражай әлемнің,
Шырқын алған қорлығын-ай бәлемнің!
4
Көкжиектің көзінде сағым ойнап,
Бұлдырады дүние салып ойнақ.
Төңкеріліп шағала түсті құлап,
Жапырақты ыстық қан құшты жылап.
Атылған оқ аяусыз, мүлде суық,
Жасырынды қараңғы түнге сіңіп.
Бұл аймаққа баспаңдар енді қадам,
Еркіндік жоқ, өшумен өлді қараң…
Құм бетінде қаламсап қауырсынды,
Тарылады тыныс ауыр, сырлы.
Ол тұтқын маусымдық жел самалына,
Жағалау, кеме, жаңбыр бағанына.
Емес кеше, ертеңгі шығар күнде,
Дәл қазіргі мезгілмен сыңар мүлде.
Жұмбақ өлім,
Жазып қалдыр артына бір дәлелін!
5
Толқындардың шоқтығына жабысқан,
Қауырсындар жалтырайды алыстан.
Төбешікке балдырғандар жасаған,
Теңіз суы лап қояды тасадан.
Суық күнде қаңыраған бақшадай,
Мұңлы сәуле төгер көкте асқақ ай.
6
О, пальма ағашы,
Сенің үнсіз тұрысың,
Сілтегенің опасыздық қылышын.
Тағы бір,
Дәуреніңнің өтіп кеткен шағы – бұл.
Желге қарсы желбіретіп туларды,
Соңғы сызған шекараның орыны,
Балалардың жүрегінде тұр мәңгі.
7
Түн,
Қарсы алды желменен,
Тонар енді
Қарақшылар аңдып жүріп жем жеген.
Кілем жайып қадамына жүз үміт,
Мөлдіреген мың сан көзе тызылып!
8
Аспаным бар былғанбаған күнәмен,
Сол аспанмен бақыттымын сірә мен.
Естідің бе, қасіретті бұл әуен,
Тас түнекке арбап бізді тұр әне!
Тост
Бокалыма мөлтілдетіп түн құйдым,
Шамы сөнген, тербелісі-ай сырлы үйдің.
Бұлтқа жетіп асфальттың сызығы,
Көкжиекпен тұтасады қызығы.
Жел тоқтаған,
Есіңде ме кеше қатты ашулы,
Тәубемізге келтіргені жасынның.
Жаңғырығы баспалдақтан ары асып,
Жоғалады қою шаңға жанасып.
Мылтық пен гүл күреседі қас-қағым,
Алсам деумен махаббаттың аспанын.
Жаз да өтті, тары пысты,
Ел мұңсыз
Қамыс қалпақ киіп алып келді үнсіз…
Ерте піскен жемісті аңсап мезгілсіз.
Жанарыңда мейірімді түн қандай,
Өлімді де елеме деп тұрғандай.
Қою тұман бұл ара…
Қарсы келген пойыздардай мұбада,
Ешкім бізді тоқтата алмас сірә да!
Жауап
Пасықтықты серік қылар оңбаған,
Тектілердің құлыптасы – ізгілік.
Аспанда алтын образын сомдаған,
Өлгендердің көлеңкесі тұр күліп.
Мұз дәуірі кеткенімен құрып тым,
Мұз құрсанып жатыр дүние неге осы?
Көрінгенмен кеңстігі ұмыттың,
Ажал-теңіз, сан мың желкен елесі…
Бүл дүниеге жазылғалы тағдырым,
Арқан, қағаз, көлеңкеде – тынысым.
Сездім бәрін сотталудан сәл бұрын,
Оймен оқып үкімімнің дыбысын.
Оқы кәні!
Ей, дүние, хатымды,
Тірілгендей мың сайыскер хас тұлға…
Жүз бірінші камерада ақырғы,
Дүбір берсін аяғымның астында…
Тәңір көкте болғанына сенбеймін,
Найзағайдың жанғанына сенбеймін.
Көрген түстің жалғанына сенбеймін,
Өлім үнсіз қалғанына сенбеймін.
Теңіз-мұхит бұзып өтер бөгеттен,
Ашты суын көкірегіме тұндырып.
Құрлық сонда биіктесе кенеттен,
Пендедегі өлер еді мың күдік.
Өзгерістер, тоқтамайтын күрестер,
Аспанға көп жақұт көздер қадады.
Ол болашақ толқынына ілескен,
Адамдардың үміт толы жанары.
Бейтаныс Арал
1
Түсті желкен,
Ұлы теңіз жағасы,
Мұнаралар – қатал қыстың ағашы.
Бірақ көктем самалы есті, қарашы.
2
Қирандылар – қыста көшкен дәурені,
Өткен күнін еске алады сәулелі.
Баспалдаққа қалғаныңда сүйеніп,
Сөйлеп ескі тұтқалардың сүйегі,
Жатыр, әне, бірсарынды күй өріп.
3
Шаңқай түсте ғажаптарға бай аумақ,
Көлеңкелер өз орнында аялдап.
Әр бұрышта,
Тұз бетінде суықпенен кешегі
Естеліктер сағым ойнап көшеді.
4
Түу алыстан қаралық,
Көрінеді бар дүние ағарып.
Көкжиек – ол палуба ғой қалқыған,
Тыныштықтың торын жайған жалпыға.
5
Қызыл құсың,
Қолыңдағы сырлы шыт,
Сонау Жапон теңізінде жүрді ұшып.
Шағылысқан от сәулесін шашқанда,
Сеніменен көлеңкені бөлінген
Жетелейді еш тәуелсіз аспанға.
Боран борап кетпесе осы болмай ма?
Бірақ мәңгі бір қалыпты жел қайда?
Бәлкім, бізді шақырады шалғайға.
Суылынан қанаттың
Суық үні естіледі садақтың.
6
Қайтса судың кемері,
Қалың толқын алтын кілем үстінде
Көбікке орап қою түнді төгеді.
Сынған ескек, қалмаған жіп керегі.
Балықшылар сүйреп тырдай
Сүлдесін,
Дауылды күн құлап қалған мінбесі
Тұрғызады ғибадатхана іргесін.
7
Бір топ бала дүрлігіп,
Қияқтанып туған айды жүр қуып.
Бір шағала көлбей ұшып жолыңа,
Бірақ сенің қонбай кетті қолыңа.
Қытай тілінен аударған: Ерлан АМАНҚОЖАҰЛЫ.