Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен, ақын Константин Луниннің «Қазақ даласының қаһармандары» кітабы жарық көрді. «Қазақ даласының қаһармандары» – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ сарбаздарының ерлігіне арналған жыр-дастандар жинағы. Ақын өлеңмен сол күндердің рухын жеткізіп, ерліктің ұрпақтар санасында мәңгі сақталатынын көрсетеді.
Кітаптың негізгі поэмасы 106-ыншы Қазақ ұлттық кавалерия дивизиясының ерлігін баяндайды. 1942 жылдың наурызында Ақмолада құрылған дивизия маусымда Харьков маңында фашистердің танк дивизиясына қарсы шайқасып, ауыр шығындарға қарамастан, ерлікпен күресті. 1942 жылдың тамызында дивизия таратылса да, оның ерлігі қазақ тарихында мәңгі қалды. Кітапта, сонымен бірге, Рейхстагқа алғашқы Қызыл туды тіккен Рақымжан Қошкарбаевтың ерлігіне және Мәншүк Мәметоваға арналған балладалар бар. Акын Мәншүктің балалық шағы, жауынгерлік жолы мен ерлігін шебер суреттейді. Мәншүк 1943 жылы ерлікпен қаза тапты, ал 1944 жылы оған Кенес Одағының Батыры атағы берілді.
Бұл кітап – туған жерін қорғаған батырларымыздың рухына тағзым етіп, олардың есімін мәңгілікке жаңғыртатын әдеби мұра. Автордың туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан, редакторы – ҚР мәдениет қайраткері Мейрам Нұғыман.
Оқырман назарына ақынның «106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының қазасы туралы балладасын» ұсынамыз:
106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының қазасы туралы баллада
Жоғарғы Бас қолбасшылық ставкасының Оңтүстік-Батыс майданының қолбасшысы,
Харьков шабуыл операциясының жетекшісі, маршал С.К.Тимошенкоға жолдаған хабарламадан:
«Егер біз елге Харьков маңындағы майданда болған алапат опат туралы хабарлаған болсақ,
онда Сізді қатаң жазалар еді» – И.В.Сталин.
Харьков шабуылы операциясы барысында Қызыл Армияның ірі тобы ауыр жеңіліске ұшырады.
Қоршауда қалу салдарынан әскери құрам шығыны 170 мыңнан астам адамды құрады.
106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы 1942 жылғы наурызда Ақмола қаласында (Астана, Қазақстан) құрылды.
Мамыр-маусым айларында Харьков (Красноград) маңында, Харьков облысында (Украина)
қиян-кескі шайқастарға қатысты, тамыз айында дивизия таратылды.
106-шы Қазақ Ұлттық Атты Әскер Дивизиясын еске алуға арнаймын.
1
Төл тарихтың білгіріндей бал ашып,
Өткен шақтың қайшылығын, таласын,
Әттең, анық, біле алмаймыз шындықты,
Жалған қиял арасында адасып.
Өткен күннің босатпайды жүгін ел,
Өткен шақпен «ойнап жүрміз» – тірілер.
Архивтерді ашқан сайын өзіңнің,
Бұрынғыны білмейтінің білінер.
Төрт жасымда мені де өрті шарпыған,
Соғыс жайлы көп оқыдым артынан.
Елдегі Ердің көбін білем деуші едім,
Батырларды шыққан халық қалпынан.
Ғаламтордан таптым дерек мен бүгін:
Атты қазақ жасағының ерлігін,
Айтқызбаған екен, әсте, жасырып,
Айпара ғып алмау үшін, әсілі,
Қабілетсіз қолбасшылар кемдігін.
Матросовтың ерлігімен аттас дер,
Дүр далалық дивизияға топтасты ер.
Жау танкісін жайратуға жалаң төс,
Жалаң қылыш жұмсап шапты атты әскер.
Кей оқырман өлеңімді әсіре
көріп айтар
шындық па деп, осы, не?
Сын таққандар жырдың соңын оқысын,
Сойылдарын соқпай тұрып төсіме.
2
Ақмолада. Қырық екінші жылдары…
Кеңес елі болған кез жау құрбаны.
Мәскеу түбін дұшпан қолы талқандап,
Барлық күшін бас қалаға бұрғаны.
Дәл сол жылы ортақ Отан тағдыры,
Қыл үстінде тұрды азаттық таң нұры.
Жойылардай шақ туғандай тарихтан,
Жат жұрттықтың құлы болып қарғылы.
Жоғарғы жақ сонда еске алды дерегін,
Қазақстан елдігінің еренін.
Қазанаты дүбірлеткен қыр төсін,
Азаматы жау қашырған өр елін.
Бұйрық шықты дивизия құрсын деп,
Атты әскер жігіттерден тұрсын деп.
Бабалардың ерлік рухын тірілтіп,
Майдандағы күшке қуат құйсын деп.
Қарағанды, Павлодар, Қостанай,
Облысынан Ақмолаға көш аттап.
Мыңдаған ат, жауынгерді жинады,
Атты әскер дивизиясын жасақтап.
Мұрағаттан мұның ізі табылды,
Ескі құжат айтты, ағынан жарылды.
Үш мың қылыш, төрт мың ерге 102
винтовка тек, бермепті өзге қаруды.
Жылқы ғана жеткілікті… ер жанға-ай
жаяу қалу – жаннан безу болғандай.
Ерге қонған ерлер елді қорғауға
Атқа үстінде аттанды қан майданға-ай.
3
Дивизияны аттандыру алысқа
Қиын шаруа, емес және жол қысқа.
Ақмола әлі сол көктемді ұмытпас,
Он эшелон тиеп қазанаттарды,
Азаматтар жолданды сұм соғысқа.
Майдың гүлі шешек атып, жер көктеп,
Жігіттерге мініс аттар ермек боп,
Күлімдеген көк аспанның астында
Бейбіт мезет тұрды маңды тербеп көп.
Соғыстағы кейбір мезет – алданыш,
Әсіресе, гүлді көгал, тал, қамыс…
Ара ұшып… қолыңда гүл… ал кенет,
Оқ ысқырар, жарадар ғып, қандап іш.
…Харьков түбі таң рауаны тамаша,
Состав тоқтап… түсу қиын болды аса.
Не күтіп тұр, қандай тағдыр, не жағдай?
Елестете алмады ешкім оңаша.
Майдан шебі күйреп, жаулар күш алып,
Шегінуде еді бөлімдер тұсалып.
Қансыраған Қызыл жалау қан төкті,
Сіңіре алмай қабарды жер түсі анық.
«Ұрысқа кір! Бірден!» – деген бұйрық,
Атты әскерді эшелоннан үйіріп,
Тұтқиылдан шабуылға шақырды,
Жер тарпыды аттар шылбыр шиырып.
– Ал, жігіттер, қыннан қылыш суырғын!
Қыр жылқысы, жер танабын қуырғын!
Жауға өзінің қанын ішкіз, себебі,
Қондыгер жұрт кіндігінен туылдың!
Салт аттылар қарғын-селдей қаптасып,
Жалы жалын, танауынан от шашып,
Айбаты асты қазанаттың айқаста,
Азаматтың қайраты одан кетті асып.
Қайқы қылыш жау телпегін мылжалап,
Үрей сіңген көк тамырын қидалап,
Зеңбірегін тастай қашты сонда жау,
Жаннан кешкен атты жасақ қудалап.
Неміс шебін бұзып-жарып, қырғанда,
Қарсыластың құты қашып тұрды онда.
Архивтегі хат-хабарды сөйлетсек,
Жойқын шайқас болған еді бұл маңда.
***
… Бір аялда фашистің
жазған хаты, әрпімен,
Танысқаннан түсіндім
дивизияның дәрпін мен.
«Қазақтар – бір жын-пері,
рухы асқақ, алапат,
Мінген аты – мір оғы,
мықты біздің танкіден.
Тірі шығу бұл маңнан
мүмкін емес бізге енді,
Қош, Фатерланд! Кеш бізді!
Қалмас бізден із-белгі.
Геббельстің өтірік
сөздеріне алданып,
Соғыс ашып сорлаттық
Ресей жерін, ізгі елді».
…
Бұлар тағы тап берсе,
Паулюс штабы шебіне,
Берілер еді барлығы
генералдың шенінде.
Дивизия полктері
шабуылын үдетсе,
Тізе бүгер еді жау
Барвенковтың дөңінде.
4
Отан үшін оғыландар ойқастап,
Қылышының жүздерінен жай тастап,
Дала рухты, батыр текті дүрлерім,
Қасық қаны қалғанынша шайқаспақ.
Жеңіс жақын, жаудың құты қашыпты,
Штаб жаққа жас шабарман асықты.
«Қолдау қажет! Орындалды бұйырық!» – деп,
Бірақ майдан штабы үндемей тосылтты.
Штабтағылар қосымша күш жоқтығын,
Жау қауіпті, танкісінің көптігін
білген еді. Қарымта ұрыс салса олар,
Қоршауға ап, шығармасын тек тірі.
Солдат өлімі оларға санақ түзгендей,
Рота мен полк шығындарын тізгендей.
Құрсауында қалды дивизия қауіптің,
Шеңбер-қоршау шебін кім бар үзгендей!?
Геббельстің азғындары рупордан,
– Тұтқынға түс, аяқ құш, – деп жұтынған…
– Әйтпесе өлім құшасыңдар барлығың,
Мүрдем қауып, ізсіз-түзсіз ұмытылған.
– Ал, жігіттер, – деді Нұрқан политрук, –
Арзу сөзің асқақтасын болып рух.
Қор етпейік батыр баба аруағын,
Шешімге кел. Жауға өт, әйтсе жарып шық!
Жауап біреу. Жарқылдады сапылар,
Көкке сермеп: «Аттан! – десті аттылар.
Соңғы ұрысқа лап қойды сарбаздар,
Жауыз жаудың аранына тап бұлар.
Жусан иісі жалдарынан бұрқырап,
Жирен, торы аттар алға ұмтылад.
Құрыш танкі қалқасына тығылып,
Қалшылдады фашист иттер қыңсылап.
Ессіз ерлік осы емес пе, оқырман,
Қылышпенен танкілерге атылған.
Солай болған, мойындамай мұны әсте,
Әскери өнер көрсе де оны ғапылдан.
Тағдыршешті әрекетті істерде,
Әкең, анаң, жарың және бостандық,
Таразының тең басына түскенде,
Тән сипат бар мұнда тылсым күштерге.
Ерініңнің сыбырласа кемсеңі,
Сөзі олардың – Алла ләмі еңселі.
Енді өзің өзің емес, ғарыштың
бөлшегісің, ажалсыз әлем бөлшегі.
Темір мен темір тістеседі азынап,
Ат пен адам, ет пен сүйек ажырап.
Оқ ысқырып, жан ышқынып, аққан қан
араласып, мотор үні бажылдап.
Жан түршігер жаһаннамда шашып шоқ,
Сол тозақы телімдерден қашып тек,
Танкілерін тастай салған фашист көп,
Көзі ақиып, есалаңдай басып бет.
5
Тек жеңіске жету үшін қырғынға
Айдап салған өз әскерін құрдымға.
Пирр Жеңісі секілденді бұл шайқас,
Оның құнын білер, бәлкім, кім мұнда.
Ал Паулюс ше? Сталинградтың түбінде,
Батырлардың көрген сәтте-ақ түрін де,
Армиясын тегіс тізе бүктіріп,
Тұтқынға да өз еркімен жүгінген.
Ал қоршауды бұзу емес аз қайғы?
Қазақтардың дивизиясы азайды.
Ар жалауын жықпай, баба даңқымен,
Сиреп шықты, тартып талай сазайды.
Орын алған үрейлі істің кемдігі,
Маза бермей «суайттарға ең ұлы».
Санайтұғын қатарлары солардың
Солдаттарды зеңбіректің жемтігі.
Тірі шыққан от-тозақтың өзінен,
Дивизия таратылды тезінен.
Аз батырды полктер мен ротаға ап,
Шепті бұзу шеттелді тарих көзінен.
Далалықтар дивизиясы даңқты,
Болмағандай мұрағатта шаңытты.
Қанды майдан түсіне енген тірі ерлер,
Қазір келмес көшке жүгін артты.
Шайқас орны ескерткішсіз ал онда,
Мәңгілік полк сөз жүзінде қалар ма?
Төрт мың қазақ батырының мүрдесі,
Еш белгісіз жатыр осы алаңда.
Сұмдық па осы? Соғыс – сұмдық, зобалаң,
Лирикалық түлкі бұлаң жоқ оған.
Сол жотада ескерткіш тұр эстондық
солдаттардың сом тағдырын сомдаған.
Ал қазаққа жоқ. Ат-сойын таппайсың,
Мұрағаттар мылқау, кім бар жоқтайтын?
Ауылдардан аттанған ер жігіттер,
Жат ел жерін қорғап қаза тапты айқын.
Эпилог
Уақыт басқа. Бүгін ғұрып басқаша,
Өзге оқиға алмасты іспен астаса.
Ұмытылмас өткен өмір – сан жара,
Ұйықтатпайды таңға дейін қастаса.
Үрейлі ойдан жауап іздеп, талдап мың,
Бал мен уын сұм жылдардың мол таттым.
Шыжғырады жанды сұрақ: «Қайталай
алар ма едік сол ерлігін солдаттың?».
«Иә! Олар сүре алмаған өмірден
қарыз алған мына, біздер» дедім мен.
Танкілерге жалаң қылыш сермесіп,
Хайп жиып емес, сүйіп елді осы,
Азаматтың әлгі ерлігін Арға жақ,
Күн туса егер қайта әр қазақ!
Көк байрақты қорғар туса кез кенет,
Жан дүниетанымменен өзгерек.
Атқа қонып аттанар ек тағдырдың
Салғанына мойын сал боп төзбе деп.
…
Ғаламшарды ғазауаттар сілкілеп,
Сұм сүргіндер аспан-жерді сүргілеп,
Жер-жерлерде халық зардап шегуде,
Соғыс – ажал тыныштықты тілгілеп.
Сауалдарға малданбастан мазмұнсыз,
Барлығымыз ұқсақ парыз сөзді үнсіз.
Әр азамат жауап берсін өзі іштей,
Әлем үшін соғыс кешкен кез құнсыз.
Ақиқатын айтсам, шыннан бас алмай,
– Не істеймін, – деп тұрса біреу, рас сондай.
– Бейбітшілік үшін күрес, сен, дер ем,
Жер шарымыз мәңгі бейбіт жасардай!
Табиғаттың тамаша күйі шын тассын,
Күн менен жан шуағы артып, қыр ассын.
Бар халыққа БЕЙБІТШІЛІК, БАҚ орнап,
Ғасырлардан ғасырларға ұлассын.
…
Қала ішін серуендеймін жайлана,
Туған халқым, таныс дауыс айнала.
Жігіттердің жылы жүзін көремін,
Қазақшалап сөйлегенін қайда да.
Нық сенемін, даңқ арайын саялап,
Халқым менің ұмытпайды аялап.
Есте сақтап әр батырдың есімін,
Ерлік ісін қайталауға даяр-ақ.
Шейіттердің рух-жүзін жарық қып,
Ұлықтауға даңқын күшті сарп қып,
Тұрғызамыз зор ескерткіш еңселі,
Пирамида-үштағаннан алып қып.
Тағанында өшпес алау лаулатсаң,
Мәңгі естелік белгісіндей, ол – мақтан.
Бізге азат өмір сыйлап, жан қиып,
Қазақстанға бейбіт әлем орнатқан,
Мәңгі тағзым, салт аттылы солдаттар!
Ескертпелер: «ең ұлы суайттар» – 106 кавалериялық ұлттық қазақ дивизиясының өліміне кінәлі маршал Тимошенко, генерал Баграмян, әскери кеңестің мүшесі Хрущев.
Сапы (шаппа) қазақтың қылышы, казак-орыс қылышының (шашка) атасы.
* Иозеф Геббельс – 1933 жылдан 1945 жылға дейін Германияның үгіт министрі.
* Шеңберлеп қоршау – жау әскерлерінің толық қоршауы, одан шығудың жолы жоқ.
Қазақ тіліне аударған: Айбек ОРАЛХАН