(Интернет иірімдеріндегі жазба)

Зейнет жасына дейінгі зымырап өткен жылдары Зоя мектепте мұғалім болып еңбек еткен-тұғын. «Быламық жейін деген асым ба еді?» дегендей, енді көкбазарда көкөніс сатып, күнделікті ас-суы мен тірлік талаптарына қажетті дүниелерін айыруға мәжбүр. Зейнетақының аздығы оның сауда жасап, пұл табу пейлін оятып, базардың бір бұрышына сүйреп әкелген еді. Отбасым жұтамасыншы, тарыққанына демеу, қамыққанына медеу болайын деген аналық болмысынан кез келген салмақты қайыспай көтеруге бейілді жанның жанашырлық сезімі бірден байқалып тұратын. Тарыққан мен қамыққан демекші, отбасына түскен ауыртпалықтың бір ұшы қызымен тікелей байланысты. Күйеу баласы ай-күннің аманында әлдебіреумен әуейі болып, ақыры төріне басқа әйелді «қондырып» тынды. Сүйгенінен осындай соққы алып, амалы құрыған, жан дүниесін өрт шалып, қапа болған қызы соңында баласын жетелеп, анасына қайтып оралды. Содан бері Зоя қайтып келген қызы мен жиеніне көмек-қолдау жасауды құлдыратқан емес.

– Мам, сенің алдыңда қатты ыңғайсызданамын. Тәулік бойы тыным таппай, бау-бақша мен базардың арасында шапқылап жүргенің, – деді бір күні қызы Эля. – Демалғаның дұрыс қой.

– Ештеңе етпейді, қызым. Кеудемде жаным, бойда күш-қауатым барда сені мен жиенімді далада қалдырмаймын. Көмектесемін. Өздерің де сырт қалмай, шаруаға араласып жүрсіңдер ғой. Тіпті, бау-бақшамыздың жартысынан астамын екі күн ішінде-ақ өңдеп тастадыңдар емес пе?! Жалғыз өзімнің қолымнан келмес еді бұл, – деп жауап қайырды кейуана қызына. – Әне-міне дегенше оқу жылы да басталғалы тұр. Лесяға жаңа аяқ киім сатып алу керек. Мектебіне ескі киіммен бармайды ғой ол енді…

Осылайша олар өзара көмекке иек артып, ептесе-септесе өмір кешіп жатты. Өздерінің көштен қалмайтындарына, күндердің күнінде Алланың алқауына ие болып, сәулелі салтанаттың шамы жағылатынына, татымды да шат-шадыман тірлікке қол жеткізетіндеріне аса сенімді еді. Әлбетте, татымды тірліктің кілтін қолға алу үшін Эляның да «басы істеп кетсе», жалғыз жүріп жапа шегіп, қиналмас еді…

Бірде таңертеңгілік Зоя Федоровна сауда жасауға аттанды. Базардағы орны да қолға бақ құсын қондырғандай қолайлы-ақ болатын. Өйткені дәл осы нүкте әрлі-берлі жөңкілген тұтынушыдан арылмайды және өзге саудагерлердің де көзқұртына айналып үлгерген. Бұрынғы мұғалім Зояның нәпақасы мол дерлік осы сауда нүктесіне сырттай қызығып, жұтынып жүргендердің қатарында ескі танысы Людмила да бар. Не керек, үйінен базарға аяңдай басып жеткен Зоя не дерін білмей, қаздиып тұрып қалады. Өйткені өзіне үйреншікті сауда орнын әлгі ескі таныс – Людмила иеленіп алыпты.

– Тым ұзақ ұйықтайтының не? Айыпқа бұйырма, сенің нүктеңе мен орнығып қойдым. Енді мына заттарымды қайта жинап-реттеу үшін екі-үш сағат уақыт кетеді. Ал уақытты ақшаға сатып ала алмайсың, мұны өзің де білесің. Уақытылы ақша жасау керек. Сондықтан бүгін саған басқа орын іздеуге тура келеді, – деді Люда беті бүлк етпестен.

Зоя бұл қылыққа бола ұрыс-керіс шақыруға ұмтылмады. Табан астында тап беріп, шу көтеру оның табиғатына тән емес еді. Әудем жерге тауарларын жайғастырып, саудасына кірісіп кетті. Шамалыдан соң, маңатына барлай қараған ол қапталында сауда жасап отырған Таняны тани кетті. Танымағанда ше, аулада күнде көрісіп жүрген көршісі ғой ол.

– Күйеу балаңның жайы қалай? Қайтып келген жоқ па? – деп сұрады Таня.

– Келген жоқ, – деді Зоя күрсініспен терең тыныс ала. – Енді оның өз өмірі бар.

– Осы күннің жастарына отбасы, бала-шаға деген еш қажет емес. Әркім өзі үшін ғана өмір сүргенді ұнатады, жалғыздықты қалайды. Менің тентегім де әлі үйленген жоқ, сол баяғыша ұшып-қонып, тау-тасқа секірген қалпы жүр ғой, – деп әңгіме өрбітті көршісі.

Саудагер әйелдер өзара әңгіменің ауанына беріліп, түске дейінгі уақыттың қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалды. Түстен кейін базар беткейін бетке алып келушілер қатарынан жүрісі күмәнді, киінісі қызықтау жас жігіт баршаның назарын өзіне қарай аударды.

– Отырып шыққан біреу секілді ғой мынауың… – деді адуын мінезді, ащы тілді Люда. Мұны естіген саудагердің барлығы енді «киінісі қызықтау» жігіт жаққа үрейлене әрі оның бас-аяғына барлай көз тікті.

Бейтаныс адам Зояның сауда нүктесіне қарай адымдап барады. Көкөніс алдына жақын келіп, әлденені іздегендей, қолын қалтасына бір салып, бір алып тұрды да:

– Тәтей, қалтамда бақыр тиын да қалмапты. Ақшам жоқ. Алмаңыздың бірер данасын қарызға беремісіз? – деп сұрады сатушыдан.

– Еее, сол да сөз болып па, тәйірі! Ақшасыз да, қарызсыз да ала бер, онда тұрған не бар дейсің… Осындай жігерлі жас жігітте неге ақша жоқ? – деп Зоя таңырқаған кейіпте әлгі жігітке жауап қатты.

– Жаза өтеу мекенінен шығып, енді үйіме бет алып бара жатырмын, тәтей. Қорықпаңыз, мен зорлық қылған, кісі өлтірген қылмыскер емеспін. Тек боқмұрын баладай алданып қалып, әйелден оңбай опық жеп, ұрынған жанмын. Соның салдарынан түрменін төрінен табылуға тура келді…

– Саған көмек қолын созатындай ағайын-туыстарың жоқ па еді, не? Үйіңе жалғыз кетіп бара жатқаның қалай?

– Бар ғой. Тек оларға хабар беріп, қоңырау шалу мен үшін ыңғайсыз. Тосын сый секілді ойламаған жерден жетіп баруды қаладым.

– Еліңе дейін әлі ұзақ жол жүресің бе? – деп сұрады әйел.

– Ульяновскіге.

– Ұзақ сапар, алыс жол екен!

Сотты болып, жазамды өтеп шықтым деген жігіт рақметін жаудырып, өз жөнімен кете берді. Базарға қарсы беттегі алаңда вокзал бар еді. Әлгі жігіттің жүргізушімен шүйіркелесіп тұрғанын Зоя алыстан байқап қалды. Сәлден соң жігіт көкөніс нүктесіне қайта келді де:

– Тәтей. Өтінемін, маған қарызға ақша бере тұрыңызшы. Әйтпесе, жуық арада үйіме оралуым екіталай болып тұр. Қам болмаңыз, бұйыртса табыс тауып, қарызды міндетті түрде қайырамын. Серт етейін, – деді жүректі жаншып жіберер жалынышты үнмен.

– Қанша? Тым көп ақша қажет пе?

– Бір мың!

Зоя көп ойланып-толғанып тұрмастан, мың сомдық купюраны ұстаған қолын соза берді. Бұған сырттай куә болып, көз алмай қарап отырған өзге саудагерлер таңданыс танытты әрине. «Соншалықты ақшаны бейтаныс адамға ұстата салған мынауың ақымақ па өзі» деп, өзара сыбырласып-күмбірлесіп кетті.

– Мына тұрған жер дейтін емес. Соншалықты алыс жолды жаяу-жалпылап жүре алмайтының аян. Қажет сомаңды ала ғой, – деді ол.
– Көп рақмет! Мен міндетті түрде қайтарамын! – деп, әуелде салы суға кеткендей жадау көңілде тұрған жас жігіт дем арасында шаттанып, алғысын жаудырды.  – Менің есімім Паша. Сіздің аты-жөніңіз қалай, тәтей?

– Зоя Федоровнамын – мен.

– Рақмет сізге, Зоя Федоровна!

Жарылқаушы тәтесіне жақсы сөздерін үйіп-төгіп, ол автобусқа қарай жүгіре жөнелді.

– Зоя, сен неткен ақымақ едің! Ол саған көк тиын да қайтармайды! Жылтыраған жылы сөзіне есің кетіп, алданып қалғаныңды кейін түсінесің, – деп кейіді Таня көршісі.

– Адам болған соң, бір-бірімізге жәрдем жасап, көмектесуіміз керек. Тасбауырлық танытатындай ессіз айуан емеспіз ғой енді, – деп ақталғандай үн қатты Зоя.

– Сен оны адам деп тұрмысың?! Сотталған адамның опа таптырары шамалы. Осыны білмей сені не қара басты?!

Таняның шаншудай қадалар сөзіне қолын бір сілтеген Зоя үйіне қайтуға жинала бастады…

Демалыс күндеріне қарай Эляның қызуы көтеріліп, төсекте жатып қалды. Анасы бақшадан түрлі шөпті жинастырып әкеліп, оларды қайнатып, қолынан келгенінше қызын емдеп бақты.

Кешкілікте жиені әжесіне еркелей келді де, Зояның қолынан жұлқылап:

– Әже, маған ертегі оқып беріңізші, – деп үн қатты. – Әрине, жаным, оқып беремін ғой, – деп, қария жиенінің өтінішін орындауға ден қойды.

Сыртта жаңбыр жауып тұр. Үй ішінде тыныштық. Пешке отындыққа салынып, маздап жанған ағаштың пырт-пырт еткен дыбысы ғана тыныштықты бұзып қояды. Эля кешкі астың қамымен дастарқан жасап жүр.

Отбасы болып дастарқанға отырып, алдағы астан енді ала берген әлдекім есік қақты.

Қазір келіп қалады-ау деп сырттан күтіп отырған ешкім жоқ. Бұл кім болды екен деген сұрақ таңданыстағы Зояның да, Эляның да көкейіне ұя салған. Бір-біріне қарайды. Осы сәтте:

– Рұқсат па екен? – деп бейтаныс ер адам есіктен кіріп келе жатқан еді. Бет-жүзіне зер салып, дауысын еске түсіріп үлгерген Зоя келген адамның кім екенін бірден танып:

– Пашамысың? – деп таңырқай тіл қатты.

– Иә, Зоя Федоровна, бұл – мен. Қарызды кешіктергенім үшін сізден кешірім сұраймын. Соңғы уақыттарда басымнан небір жағдайлар өтті. Сіз туралы ойлауға да мұршам болмай қалды.

– Әлгінде кіріп келгеніңде-ақ мен сені көзіңе қарап бірден таныдым ғой! Әйтпесе, мына шыттай түріңнен мүлде танымай қалатын едім, – деп күлді Зоя. – Сақал-мұртыңды алып, келісті болып киініп, тіптен өзгеріп шыға келіпсің. Сымбатыңа қараған адам сүйсінеді екен.

Зоя мен қонақтың өзара әңгімесін:

– Келіңіз, біздің кешкі асымыңыздың дастарқанына жайғасыңыз. Әңгімені үстел басында жалғастырарсыздар, – деген Эляның именшектеу шыққан дауысы бөліп жіберді.

Дастарқан басында Паша өзінің өмір тарихын әңгімелеп, темір тордың арғы жағына не үшін тап болғанын айтып берді. Әділетсіз үкімнің салдарынан үш жылды қапасты өткізуге тура келген!

– Шүкіршілік. Қазір меңгеруші деген бұрынғы лауазымыма қайта орналастым. Барлығы қалыпты арнаға түсуде. Алда-жалда қажеттілік туып жатса, маған емханаға келуге қысылмаңыздар. Қолдан келгенше көмек көрсетуге аянып қалмаспын, – деді ол сөзінің соңында Эляға аса бір ілтипат-ықыласпен көз тастап.

… Бір аптадан соң ендігі көзге таныс болып кеткен жеңіл көлік Зоя үйінің алдына жүйткіп келіп тоқтап, гүл ұстаған Павел түсе берді.

– Қызым, терезеге қарашы! Сені гүлмен көмкеруге жігітің келді, – деп дауыстады анасы шымылдықты түріп тастап, сыртқа ерекше сүйсініспен көз тіге. – Қара да тұр, жақында үйлену тойын да өткізетін болармыз?

– Солай ма? Ендеше біздің де қөштен қалмай, Алланың алқауын иеленіп, сәулелі салтанаттың шамын жағып, татымды да шат-шадыман тірлікке қол жеткізгеніміз ғой бұл, иә?! – деп Эля кішкентай Лесяны кеудесіне мейірлене қыса күлімсіреді.

Орыс тілінен аударған – Асыл ӘБІШЕВ.

(Сурет ғаламтор желісінен алында. Авторы – Валерия Лаврова)

Добавить комментарий