Оқырман назарына ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Aiqara.kz ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Айбек Оралханның Павел Васильевтен аударған өлеңдерін ұсынамыз.

Лубянка. Ішкі түрме

Көк теректер оңды-солды сабылып,
Соңын ала емендер де қозғалды.
Көк көрпештің кебенегін жамылып,
Долы жасын даңғырасын қолға алды.

Көшеттердің көздерінде от – қатер,
Бұлттар көші төсін тауға түйреді.
Күйік шалған шөп үстінде көк нөсер,
Тұяғымен шоқ басқандай биледі.

Көктің көзі ашылып еді қараң бұл:
Бұққан, жыққан ағаш толы алаң тұр.
Болмағандай, болса егер рас мұнда,
Аласұрған осы аспанның астында,
Жермен жексен болар еді адам-дүр.

Ертіс

Биік қамыс, жағалық қияқөлең,
Уқорғасын үммесін зарық керіп.
Елсіз құмнан ұшқан құс қияменен,
Қанатын толқынға ұрар төніп келіп.

Байтағымның өзені бай арналы,
Ағында Ертіс! Күн райы шек пе саған.
Аққайраңды ақтарып, шай арнаны,
Құс пен балық князі – көк қашаған.

Су түбінің күркірі кіршігі жоқ,
Әткеншектей тербелген толқындарың.
Судағы сүңгуірдің кірпігінде от,
Жанары жұлдыздардай жалқындады.

Шыңыраудың құмына сәл көміліп,
Тобыққа түскен шашы, қызыл ерін.
Суасты сандығынан сән көрініп,
Шортан құйрық сұлулар сүзіледі.

Сом алтын сақинадай пері таққан,
Жайна, Ертіс!
Жоқ ұйқы мен күйік дұшпан.
Омырауларын ағыстар кері қаққан,
Ақ саусағын шаяндар сүйіп-құшқан.

Қамысын бұлғап – түрік қылқаламын,
Салтанатпен жаз батты, кіл қарағым.
Жарты кеспек бал толы ыдыстайын,
Бір өзіңе сүйсініп тыныстайын.

Ағында Ертіс, сымбаттым, тұлғалы ағын!

…Кездестік. Ұсынбаймын ұштық өре,
Жүрегімнің сыйлаймын тылсым демін.
Ақ толқын-аққулардың үстіменен,
«Повар-пар» дөңгелегі дүрсілдеді.

Алтын мен жез киініп келе жатты,
Кең кеудесі сисаға оранып ап.
Станица өзенге дедек қақты,
Кемеге күн сап көзі қаранып-ақ.

 

Ол ағысты еңсеріп, баяу жүріп,
Асау толқын жалында шайқалады.
Көз жауын алатұғын аралдардың,
Сәлемдескен дабылы таралған мың,
Кезбе кеме тізбегі байқалады.

Бөшке жауып, трюмге астық төгіп,
Аста-төк тұздың бәрін ақтарыңдар.
Маған сол мол өнімнің шөкімін бер,
Мені осы мол өзенге ап барыңдар.

Сүйгеніммен тағы бір қауышар ем,
Естен шығып айрылу сезім шері.
Есімнен тағы да бір ауысар ем.
Алтын кірпік көзіне рас қарар ем,
Шашының толқынына көзім көміп,
Аптап сүйген білегін жастанар ем.

Өзгені «Кінәлама!» деп күбірлеп,
Ерінін ерінімнен ажыратпай,
Сағыныштың сөліне қану үшін,
Үйленудің уытын тағы татпай,
Баржалар мұң шырағын жетті үрлеп.

Кемелер –
өзендерді жалғаған сандалгерім,
Ал Ертіс қос құрлыққа сәруар дедім.
Күнәнің ауыр жүгін жауып-шайып,
Суыңның сиясына малсын қалам.
Жас орнына бетіме толқындардың.

Тұмса бір тамшылары салсын тарам.

Аударған: Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий