Джордж Оруэллдің «1984» атты күңгірт әрі қорқынышты сипаттағы, тоталитарлы жүйені әжуалаған шығармасы әлі күнге дейін өзектілігін сақтап келеді. Перцептивті сәйкестіктер арқылы шығармамен бірден таныс боламыз: екі ойлау жиынтығы (бір уақытта қарама-қарсы ойлаудың немесе тілдің екі жиынтығына сену); шексіз жаңа ұрандар; ой полициясы; диссиденттерді азапқа, үмітсіздікке және жойылуға итермелейтін «Достық министрлігі»; Соғыс отын үрлей түсетін «Бейбітшілік министрлігі»; жұртшылықтың санасын улайтын ұятсыз шығармалар ойлап табатын машина. Оруэлл бұл режимдердің қалай жұмыс істейтініне көзімізді жеткізді.
Енді біз «1984» шығармасын жаңа қырынан оқып көрелік:
Шығарманы оқып отырып, бойымызды билеген қобалжудан қорқамыз да өзімізді салыстырып көреміз, біздің ел және біздің әлем Оруэллдің тозағынан қаншалықты алыс екенін салыстыра ойлаймыз. Бұл әлде әулиенің болжамы деген де ой келеді. Ия, мүмкін, тіпті мүмкін емес. Алайда, ой салады. Әсерленесің. Тың ойға жетелейді. Әлденелерді ескертеді. Практикалық мәні зор. 1949 жылы 8 маусымда жарық көрген бұл шығарма, қирандының ортасында аштықтан қалжыраған, титықтаған, тозған ел үшін тіпті де ауыр.
Адамның басын айналдыратын шығарманың ең бірінші сөйлемі, «Сәуірдің сүйекті қарыған шуақты күндерінің бірі, сағат тілі он үшті көрсетіп тұр» деп басталады. Бұл енді озбырлықтың ерекше сипаттамасы. Басты кейіпкер Уинстон Смит «Ақиқат министрлігінің» цензоры. Елдің қазіргі саяси қажеттіліктеріне және өзгермелі халықаралық одаққа бейімделу үшін ол күн сайын тарихты бұрмалайды. Ол және оның әріптестері, жалпы бақылап басқаруды өз қолына алған «Үлкен ағаның» бөлімшесінде тұтқында.
«1984» шығармасында теледидар экраны барлығын қадағалайды, адамдар бір-бірін аңдып, әшкерелеп отырады. Салыстыра ойласақ, бүгінгі заманауи әлеуметтік медиа да біздің әрбір қадамымызды қадағалап, не сатып алғанымызды және не айтып, не жазып жүргенімізді біліп отыр. Біздің өміріміз бақылаудан тұрады, ол тіпті біздің келесі таңдауымызды болжай алады. Тұтынушы таңдауын имитациялау арқылы, пайдаланушы – нарыққа шығарылатын өнім болып табылады. Ал саяси мақсатпен жиналған бұл деректер қазіргі демократияның шынайы мәнін бұрмалап отыр.S
Оруэлл халықты езіп ұстайтын үкіметтің үнемі жау шақырып тұратынын аңғарған. «1984» романында ол ойдан шығарылған жауды үгіт-насихат, айдап салу арқылы соғысқа қалай итермелеуге болатынын көрсетті. «Екі минуттық жек көрушілікті» сипаттай отырып, ол желідегі бұзақылардың жалған ізгілігін де болжай түседі. Қанды деректі фильмді көруге міндетті болған басқалар сияқты сол ортаға келген Уинстон: «Екі минуттық жек көрушілік, қорқыныштысы – көруге міндеттеуде емес, оған қатыспаудың мүмкін еместігі… қорқыныштан туындаған, біреуді өлтіруге деген лездік талпыныс, қасындағыларды азаптап, қырып-жойып, беттерінен балғамен ұрғың келеді, бұл ой – электр тогы сияқты әр адамды шарпып өтсе керек». Дәл қазір саяси, діни және іскерлік ұйымдардың барлығы адами эмоцияларды жау шақыру үшін пайдаланады. Оруэлл мұндай бұқаралық қозғалыстардың жаппай өшпенділікке әкелетініне адам таңғалартықтай назар аударды. Уинстон да өз ішіндегі өшпенділікті байқайды. Өзіңізден сұраңыз, біз үнемі бірдей психикалық күйде бола аламыз ба?
Енді Оруэллдің керемет диктаторы «Үлкен ағаға» қараңызшы, оның абсурдтылығы мен қорқыныштылығының теңдесі жоқ. Оруэллдің шығармасы 20 ғасырдағы ұлы «измдер» арасындағы күрестен бастау алады. Ол өзі Испаниядағы Азамат соғысы кезінде фашизмге қарсы күреске өз еркімен қатысқан (ол пацифизмді басқалардың есебінен сән-салтанат ретінде көрді) және ол коммунизмнің бос уәдеден басқа ештеңе емес екенін түсінген. Ол қатысқан антисталиндік ұйым, сталиндік фракция тарапынан басып тасталды. Мүміндердің алаяқтығына куә болды. Бүгінгі күні, статистік популизм сияқты «измдердің» сарқыты әлі де бар. Олар халықтың жарасына тұз сеуіп, өшпенділігін өршітуден танған емес. Қазір әлемнің қай түкпіріне қарасаңыз да, билікті ұстап отырғандар «қылышынан қан тамызуға» дайын. Олардың ортақ ерекшеліктері: барлығы оппозициялық күштерді жоюды мақсат етеді, олардың барлығы қарсылықтан қатты қорқады, барлығында инфляцияға деген құлшыныс бар. «Үлкен аға» ғой сатиралық кейіпкер емес, олардың жүрмейтін жері жоқ.
2+2=5
Оруэллдің болашақ туралы бұлыңғыр әңгімесіндегі ең қорқынышты жайт – жүйелі түрде, тілді мағыналық қуатынан айыру. Билеп-төстеушілер тілдегі сөздің түпкі мәнін, оның психологиялық әсерін жоққа шығаруға тырысады. Ол – шындықтың жауы. Тирандар әрқашан шындықты мүмкіндігінше бұрмалап, оны тек иллюзия мен бос қиялға айналдыруға тырысады. Уинстон өзінің бастапқы қарсылық әрекетін, «Үлкен ағаның» бейнебақылауына түспей, өзінің көргендері мен ішкі әлемі туралы күнделік жазудан бастайды. Ол өзінің естелігі әшкереленіп қалса өлім жазасына үкім етілетінін біледі. Ақырында езгіге төзбей, «екіге екіні қосса бес болатынын» мойындауына тура келеді. Ол шынымен «сенің қолқа жүрегіңді суырып алады», «кеудеңдегі жұмыр етіңді өлтіріп, өртеп жібере алады, қақтап қоя алады».
«1984» романындағы террористік пиғылдың салдары – өзіндік сананың жойылуы мен шынайы дүние танымының жойылуына әкеп соғады. Оруэллдің бұл шығармасында күлкілі немесе жұтаң релятивизм жоқ: ештеңені түзету мүмкін емес. Бұл шығармада сипатталған әлем өте қорқынышты, мұнда адамдар қолданатын тілдің аясы өте тар, олардың санасы идеологиямен бұрмаланған.
Тирандық билік әрине «1984» сияқты шығармаларға әдеттегідей тыйым салады, әрине, жасырын баспалар да жоқ емес еді. Үндістан, Ұлыбритания, Қытай, Польша сияқты мемлекеттерде «1984» романын ұнатып оқыған адамдар аз емес. АҚШ-та Трамп билігінің шындығы зерттеле бастаған кезден тартып, осы шығарманы оқығандар саны күрт өскен.
Оруэллдің шығармасын автордың өзінен бөлек қарай алмаймыз. Уақыт өткен сайын, оның көрегендігіне тәнті боламыз. Ол өзіне арнап қойылған мүсіндерді мазаққа айналдырған. Оның көзқарасы феминистердің (әйелдерге емес), вегетариандықтарды және басқа топтардың бүгінгі стандартына сәйкес келмейді. Бірақ оның жүрегі ізгілікке толы. Ол кедейлікке қанағаттанған адам. Тек қоғамдық санамен ғана күресіп өткен. Әріптестеріне қашанда жомарт, мейірімді болған деседі. Ол өзіне ұнамайтын дүние туралы шындықты табу үшін күресіп, дегеніне жетпей қоймайтын болған. Ол тіпті оқырманға өзінің ішкі дүниесінің патологиялық қараңғы тұсын көрсетеді. Өзінің қалың қарға ішіндегі жалғыз аққу екенін де дәлелдеп кеткен.
Біз Оруэллдің талдау жасауымен, нұсқауымен өзгертілген әлемде өмір сүріп жатырмыз. Ол бізге саяси қуғын-сүргін дейтін кесапатқа қалай қарау керек екенін үйретіп кеткен. Әрине, «1984» – қиын-қыстау кезеңді бейнелеген шығарма. Бір білетініміз, Оруэллдің да айтпағы: Білім – күш. Барлығымыз сынақтан өтіп жатырмыз.
Қытай тілінен аударған:
Нұрбек КЕҢЕСБАЙ.