Америкалық жазушы Оливер Генри (шын есімі – Уильям Сидни Портер) 1862-1910 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол – әңгіме жанрының хас шебері. Қаламгердің шығармалары оқырмандарды астарлы әзілмен және тосын түйінмен қызықтырып, тартады. Бір туындысын оқығаннан кейін келесі әңгімесімен де танысқыңыз келеді. 1899-1910 жылдар аралығында небәрі 11 жыл шығармашылықпен айналысқан жазушының көзі тірісінде 11 әңгімелер жинағы жарық көрген. Оқырман назарына жазушының әңгімелерін ұсынамыз. Ағылшын тілінен аударған: ақын, жазушы, аудармашы Алпамыс Файзолла.

   

КАКТУС

Уақыттың ерекшелігі – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің бір-бірімен тығыз байланыста екендігінде. Мысалы, ажал дариясына батып бара жатқан адамның көз алдынан бір сәтте бүкіл өмірі дөңгелеп өтетіні даусыз; сол сияқты, бір адамның қолғабын шешіп жатқан қас-қағым ғана сәтте тұтас бір махаббат хикаясын еске алатынына сену де қиын емес.

Пәтеріндегі үстелдің жанында бойдақ Трайсдейл қазір осы халді кешіп тұр еді. Үстелдің үстінде қызыл қыш құмырада көзге ерекше көрінетін әлдебір жасыл түсті өсімдік өсіп тұрған болатын. Бұл – ұзын тікен жапырақтары самал желмен ұдайы тербеліп, қараған адамды еліктіретін өзіндік тартылыс күші бар, кактус өсімдігінің бір түрі еді.

Трайсдейлдің досы, қалыңдықтың ағасы, буфеттің жанында өзіне назар аударылмай, мән берілмей қалғанына шағымданып тұрды. Екеуі де сәнді киімде болатын. Олардың шекпеніндегі ақ ленталар күңгірт пәтерде жұлдыздай жарқырайды.

Трайсдейл асықпай қолғабын шешіп жатқанда, соңғы бірнеше сағаттың жанды қинап, жүрек ауыртар сәттері есіне түсті. Оның мұрнына әлі де шіркеудің жанына қойылған гүл шоқтарының жұпар иісі келетіндей, құлағына мәдениет сақтап, әдептен озбай, сыбырлап сөйлескен мыңдаған дауыстар естілетіндей. Әсіресе, Оны (ғашығын) өзге ер адаммен некелестіріп жатқан дін қызметкерінің саңқылдаған үні жадынан өшпей, жанын ауыртады.

Соңғы кездері Одан қалай айрылып қалғанын түсінуге тырысып, өзін ауыр ойлармен іштей мүжіп, жегідей жеу Трайсдейлдің үйреншікті әдетіне айналып үлгірген-ді. Ғашығынан біржола айрылғанын түсінген үмітсіз шақта есеңгіреп тұрып, ол өзінің шынайы бет-бейнесін, нағыз болмысын көрді. Осы уақытқа дейін адамға көрік берер әшекейге балап тағынып жүрген екіжүзділік пен өзімшілдік, шын мәнінде, ешқандай да әшекей емес, бар болғаны ақымақтық екенін ұғынды. Өзінің жан дүниесі өзгелер үшін ақымақтықпен «әшекейленгенін» ойлағанда, ол ұяттан өртеніп кете жаздады. Оның жан сарайының сауыты атаққұмарлық пен тәкаппарлықтан жасалған болатын. Ал ғашығы мұндай жаман қасиеттердің бәрінен таза еді. Бірақ Одан неге айрылды?!..

Ол (ғашығы) неке қию рәсіміне жиналған қонақтардың арасымен алтарьға (шіркеудегі үлкен үстел) қарай ақырын адымдап келе жатқанда, Трайсдейлдің бойын арсыз да арзан қуаныш биледі. Өйткені, ол ғашығының жүзінен көңілсіздік пен тұрмысқа шыққалы жатқан ер адамға деген салқындықты көргендей болды. Алайда бұл ең ақырғы әлсіз үміті де ақталған жоқ. Қолынан ұстаған күйеу жігітке қалыңдықтың сезімге толы нұрлы жанармен қарағанын көргенде, Трайсдейл қыздың жүрегінде өзіне орын қалмағанын анық түсінді. Бір кездері қыз осындай бақыт пен шаттыққа мас болған көзқараспен оған да қараған еді ғой… Ол шақта Трайсдейл бойжеткеннің өзіне өлердей ғашық екеніне сенімді-тұғын. Ал қазір оның соңғы тіреуі құлаған менмен көкірегі күйреп, қирап қалды. Неге бәрі осылай аяқталды?! Олардың арасында ешқандай да ұрыс-керіс, жанжал болмап еді ғой.

Ғашығы екеуінің қарым-қатынасы күрт суыған соңғы бірнеше күнді Трайсдейл осымен мыңыншы рет ой елегінен өткізді.

Қыз Трайсдейлді ер азамат ретінде құрметтеп, үнемі жоғары бағалап, көтермелегенде, ол өзін патшадай сезінетін. Көңілі баланікіндей таза, аққудай адал бойжеткеннің арқасында Трайсдейл бақыттың тәтті буына мастанды. Қыз жігітті аспани құдірет пен дарынға, ерекше қасиетке ие деп есептейтін. Ал жігіт ғашығының мұндай кіршіксіз көңілін – не гүл, не жеміс беруге қабілетсіз шөлдің жаңбыр суын қомағайлана жұтқанындай қабылдады.

Қабағы түнеріңкі Трайсдейл қолғабының соңғы тігісін ажыратып жатқанда, тым кеш түсінген ұшқарылығы мен өзімшілдігінің бір мысалы есіне түсті. Бұл – ол ғашығына өзінің патшайымы болуға ұсыныс жасаған түні орын алған оқиға еді. Трайсдейл жанын ауыртатындықтан, сол түні оның қандай сұлу болғанын, толқынды бұйра шашын, мөлдіреген бейкүнә жанарымен қиыла қарағанын, нәзік үнін ойламауға тырысты. Бірақ дәл сол шақта оның сөз бастап, сезімін білдіруіне түрткі болған осылар еді. Әңгіме барысында ғашығы:

– Маған капитан Каррутерс сіз испан тілінде ана тіліңіздегідей сөйлей алатыныңызды айтты. Мұндай жетістігіңізді менен неге жасырғансыз? Сіз білмейтін, сіз меңгермеген бірдеңе бар ма өзі?! – деген-ді.

Каррутерс не деген ақымақ десеңші! Трайсдейл кейде клубта ескі сөздіктерден оқып алған Кастильяндық мақалдарды айтқанына қарап, сүйсініп, оның испан тілін «меңгерген» қабілетін әсірелеп, асыра мақтап, жалпақ жұртқа жайып жүреді.

Бірақ қыздың назды сүйсінісінің тәтті буы Трайсдейлге майдай жаққаны соншалық – бұл «айыптауды» ол еш қарсылықсыз қабылдады. Сөйтіп, аңғал бойжеткен испан тілін «меңгергені» үшін оның басына лавр тәжін кигізгенде де қарсылық білдірмеді (лавр тәжі – құрметтің, атақ-абыройдың, жеңістің символы). Алайда «алтын басты» Трайсдейл осы лавр тәжінен сәл кейінірек өзіне өкініш болып қадалатын өткір тікенді байқаған жоқ.

Трайсдейл өзінің бүкіл «ұлылығын» қыздың аяғының астына тастап, сезімін білдіргенде, мәңгі бірге болуға ұсыныс жасағанда, ол жүзі бал-бұл жайнап, қалай қуанып еді десеңші! Жүрегіндегі дірілден бойжеткеннің торға түскен құстай бүкіл денесі дірілдеп еді-ау. Қыздың ғашық жанарынан келісімді қапысыз көргеніне жігіт сол кездегідей қазір де ант-су іше алады. Дегенмен, қызға тән ұяңдықпен ғашығы тура жауап бере алмай, «Мен сізге жауабымды ертең жолдаймын» деді. Ал өзін жеңімпаз, қыз жүрегінің жаулаушысы сезінген жігіт жымиып, күлімсіреуі арқылы ертеңге дейін күтетінін білдірді. Келесі күні ол өз пәтерінде қыз жауабын тағатсыздана күтті. Түс кезінде қызметші есігінің алдына қызыл қыш құмырадағы ерекше өсімдік – кактусты қойып кетті. Өсімдіктің үстінде әлдебір түсініксіз тілде жазылған аты ма, жоқ әлде ғылыми атауы ма – әйтеуір бірдеңе жазылған заттаңбадан (этикетка) басқа ештеңе болған жоқ. Хабар да жоқ, хат та жоқ. Түн ортасы ауғанша күтсе де, қыздан жауап келмеді. Ал өзі іздеп баруға жігіттің намысы жібермеді. Екі күннен кейін ғашықтар бір қонақта жолықты. Олар әдеттегідей сәлемдессе де, қыз жігітке әлдебір жұмбақ ынтықтықпен қарап отырды. Ал ғашығынан мән-жайды түсіндіруін күткен Трайсдейл өзін сыпайы әрі паң ұстады. Содан соң бойжеткен әйел жаратылысына тән сезімталдықпен түсін күрт суытып, безірейіп отырып алды. Міне, осылай екеуінің өмір арнасы екіге бөлінді, жолы екі айрылды. Жігіт қандай қателік жасады?! Кінә кімде?! Жуасып қалған Трайсдейл өркөкіректігінің қирандыларының арасынан осы сұрақтарға жауап іздеді. Әттең, егер де…

Кенет бөлмедегі досының саңқ еткен дауысы оның ойын бөліп жіберді:

– Трайсдейл, саған не болған өзі?! Тойға жай қонақ болып қатысқан адам сияқты емес, өзің үйленіп, бостандығыңнан өмір бақи айрылғандай көңілсізсің ғой. Маған қарашы, мен сарымсақтың жағымсыз иісі мүңкіген, банан мен тарақанға толы кемемен Оңтүстік Америкадан 2000 миль жүзіп келдім. Жалғыз ғана кішкентай қарындасым бар еді, ал енді ол жоқ. Өзімді кінәлі сезініп, еңсемнің түсіп кеткенін қарашы. Қой енді. Өзіңді ар азабынан құтқаратын бірдеңе таңда.

– Жоқ, рахмет. Мен ішпеймін, – деді Трайсдейл.

Кенет қалыңдықтың ағасы:

– О, сәлем, ескі танысым! Мына кактусты қайдан тауып алғансың, Трайсдейл? – деп таңдана айқайлап жіберді.

– Бір досым сыйлаған, – деді Трайсдейл, – бұл түрін білетін бе едің?

– Өте жақсы білемін. Бұл – тропикалық түрі. Пунтада күн сайын жүзін көретін шығармын. Мұндағы заттаңбада (этикетка) аты жазулы екен. Испанша түсінетін бе едің, Трайсдейл?

– Жоқ, – деді Трайсдейл миығына ащы мысқыл келіп, – бұл испанша жазу ма?

– Иә. Испандар мына ұзын тікен жапырақтар созылып, адамды өзіне баурайды деп сенеді. Мұны «Ventomarma» деп атауы сондықтан. Бұл атау біздің тілімізде «Кел де мені алып кет» дегенді білдіреді.

 

БАҚБАҚ ГҮЛ СЕЗІМ*

Бұл наурыз айының тамаша бір күні еді.

Әңгіме жазарда хикаяны ешқашан бұлай бастамаңыз. Бұл – қаламгерлік қиял мен жаңашылдықтан жұрдай, таптаурын әрі құрғақ кіріспе. Бұдан құнсызырақ кіріспе болуы мүмкін емес. Бірақ бас кейіпкер құсалы болғандықтан, әңгімеленгелі отырған хикаяны осылай бастаймыз. Өйткені, оқырманның сана-сезімін әзірлеп алмасақ, жаны түршігуі мүмкін.

Қолында ас мәзірі бар Сара жылап отыр еді.

Пияз ашығандықтан немесе жан тебірентер әсерлі кино көргендіктен, жанары жасқа шыланды деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бар жорамалыңыз қате. Сол себепті, әңгімені одан әрі жалғастырайық.

Сара «Шуленбергтер үйі» мейрамханасына жұмысқа тұрды. Мейрамхана қызметкері күн сайын кешқұрым Сараға ертеңгі күні дайындалатын тағамдар тізімін алып келеді. Ол машинкамен теріп, 21 үстелге ас мәзірін әзірлейді. Ақысына күніне үш мезгіл тамақтанады, сондай-ақ мейрамхананың қызыл кірпішті ғимаратынан қожайын бір бөлмені баспана етіп берген. Бұл келісімшартқа Сара да, мейрамхана иесі де дән риза. Бірі ішер ас, тұратын жайдан тарықпайтынына, бірі тұтынушылардың мәзірде қандай ас бар екенін біліп отыратынына разы.

Биыл көктем кешікті. Наурыз айы келсе де, жердегі қар ери қойған жоқ. Көктем мезгілі болғанмен, қала әлі қыс ызғарының құшағында. Көшеде музыкалық аспаптарымен «Сол бір ғажап жаз күнінде» әуенін орындайтын жігіттер желтоқсан айындағы көңіл-күйінен әлі арыла қоймапты.

Көңілі мұңға толы Сара терезеден далаға қарап отыр. Бүкіл әлем оған: «Көктем келді, Сара, таңғажайып көктем келді! Сен неге мұңаясың?» – деп тұрғандай. Ғимараттың артқы бөлігінде орналасқан бөлме терезесінен Сара келесі көшедегі фабриканың тас қабырғаларын көреді. Көзі сонда болғанмен, көңілі де, ойы да, ну орманды, жұпар аңқыған гүлдері бар көк шалғынды далада.

Сара өткен жазда ауылға барғанда, бір шаруаға ғашық болған еді.

(Хикаяны ешқашан бұлай жалғастырмаңыз. Әбден жауыр болған әдеби әдіс болғандықтан, оқырманды жалықтырып аласыз. Әңгімемізді одан әрі жалғастырайық).

Саннибрук шаруа қожалығында екі апта болған Сара кәрі шаруа Франклиннің Уолтер есімді ұлына ғашық болған-ды. Ғашығы Сараға көк шалғынды дала кілемінде сезімін білдірді. Сол жолы бақбақ гүлдерінен жасалған тәжді кигізіп, Сараның қоңыр шашымен сары гүлдердің үйлесім тапқанына балаша қуанып, сүйсініп еді. Екеуі көктем шығысымен отау құрмақ боп уағдаласты. Шаттық пен қуанышқа толы, бақытқа мас болған күндер еді ғой, шіркін! Сара жұмысын жалғастырмақ боп қалаға қайтты да, уәделескен көктем мезгілін асыға күтіп жүрген-ді.

Кенет әлдекім есікті қақты да, бақытты күндерді аңсап, арман әлемін шарлап кеткен тәп-тәтті қиялы быт-шыт болды. Қызметкер ертең дайындалатын тағамдар тізімін әкелген екен. Сара ас мәзірін машинкамен тере бастады. Бүгін әдеттегіден өзгеше тағамдар тізімге еніпті. Жаздағы айдын бетінде жүзіп жүрген су жәндігіндей, Сараның саусақтары машинка пернелері үстінде еркін қозғалады. Ол сорпалы тағамдарды, құрғақ тағамдарды, тәттілерді рет-ретімен жазып шықты. Салаттар тізімін көргенде, өзіне ие бол алмай, жылап жіберді. Жанарынан мөлт-мөлт тамған жас жүзінен сорғалап, машинкаға ағып жатты.

Иә, Уолтерден екі аптадан бері хат алмаған Сара салаттар тізімін көргенде, жылайтын жөні бар еді. Өйткені, онда «Бақбақ гүлдері мен қайнаған жұмыртқа» деп жазылыпты. Жұмыртқаға емес, бақбақ гүліне көңіл аударыңыз. Уолтер тәж жасап кигізген алтыннан құнды бақбақ гүлдер! Махаббат ұғымының хабаршысы, өткен ғажап күндерден естелік – бақбақ гүлдер! Сараның бақбақ гүл сезімі оның жан-жүрегін ғашығымен қыдырып жүрген көк шалғынды далаға алып кетті. Алайда көп ұзамай Сара зорлана ойын жинақтап, көз жасын тыйды. Ас мәзірін теру керек болғандықтан, Манхеттеннің көңіл құлазытар тас көшелеріне қайта оралуға мәжбүр болды.

Сағат алтыда қызметкер кешкі асты әкелді де, дайын тұрған ас мәзірін алып кетті. Тамақтануға кіріскен Сара бір күрсініп алды да, ыдыстағы бақбақ гүлдерін бір шетке ысырып қойды. Махаббаттың киесіндей болған бақбақ гүлдерді аузына салып, тісімен шайнап, мылжалауға жүрегі дауаламады.

Жеті жарымда көрші бөлмедегі екі адам жанжалдаса бастады. Көмір қызуы бәсеңдегендіктен, жарық қуаты да әлсіреді. Ғимараттың артқы ауласынан мысықтардың дауысы шықты. Осындай белгілерден кітап оқитын уақыт болғанын ұққан Сара екі тізесін кеудесіне тигізіп отырып, оқи бастады. Кенет алдыңғы есіктің қоңырауы шалынды. Сара кітабын қойып, елең ете қалды. Қызметші әйел есікті ашқанда, самбырлай сөйлеп ішке кірген бір жігіттің даусы естілді. Сара қолындағы кітабын тастай сала ұшып тұрып, есікке қарай жүгірді.

Иә, сіздің жорамалыңыз дұрыс.

Бұл келген Уолтер еді. Сара есікті ашқанда, асыға басқан Уолтер ентігіп баспалдақтан көтеріліп келе жатқан-ды. Бірін-бірі көргенде, екеуі қандай қуанышты сезімде болды десеңізші!

– Неге хат-хабарсыз кеттің?! – деді Сара өксігін баса алмай.

– Нью-Йорк – алып шаһар. Мен мұнда бір апта бұрын келіп, сенің бұрынғы мекен-жайыңа іздеп бардым. Алайда өткен сәрсенбі күні көшіп кетіпсің. Полициямен қосылып, іздемеген жерім қалмады!

– Мен саған хат жазып едім ғой.

– Ешқандай да хат алған жоқпын.

– Сонда мені қалай таптың?

Жас жігіт көктемдей таза, риясыз пейілмен жымиды да:

– Бұл кеште «Шуленбергтер үйі» мейрамханасына тамақтануға келдім. Жүрегім әлденені сезді ме, салат жегім келді. Салаттар тізіміне көз жүгірткен кезде орнымнан ұшып түрегеліп, мейрамхана қожайынын шақырдым. Ол маған сенің қайда екеніңді көрсетті.

– Қайдан білдің сонда?

Уолтер қоржынынан бір парақ ас мәзірін шығарып, Сараға көрсетті. Ол сол күні машинкамен бірінші терген мәзірді бірден таныды. Көз жасы тамған үстіңгі оң жақ бұрышында әлі де дақ бар екен. Бақбақ гүлдерден тәж киген ғажап шақтарды еске алып отырып, салаттар тізіміне былай жазып қойыпты: «Сүйікті Уолтер мен қайнатылған жұмыртқа».

 

* «Бақбақ гүл сезімнің» түпнұсқадағы атауы «Ас мəзіріндегі көктем мезгілі» («Springtime on the Menu»)

 

Ағылшын тілінен аударған: Алпамыс ФАЙЗОЛЛА.

Добавить комментарий