Маргерит ЮРСЕНАР

 (1903-1987)

Франциялық модернист әйел-жазушы, ақын, романист, драматург, аудармашы.

Франция академиясы, құрылғанына 300 жыл өткенде, мүшелігіне қабылданған тұңғыш әйел-академик.

 

Басы кесілген Әйел-Құдай – Кали

 

Адам шошырлық Әйел-Құдай Кали Үндістан жазығын кезіп жүр…

Ол – бір уақытта оңтүстік және солтүстік жақтан бірдей көзге шалынады, кейде  ғибадатханалар мен жайма базарлардан да оны көріп қалатындар бар. Ол жүріп өткен сайын әйелдердің өне-бойы қалтырап, ерлер есік тырмалап қалады, жаңа туған сәбилердің өзі оның есіміне қанық. Ол қорқынышты болғанымен, өте сұлу: денесі талдырмаш, ақындар оның тіп-тік бітімін банан ағашына теңейді. Оның дөңгеленген қос иығы күздің жаңа туған айы тәріздес, толықсыған қос анары енді-енді қауыз жарған гүл бүршіктеріндей, ырғаққа бейім қос балтыры бала пілдің мұрыны сияқты, биге басқан аяқтарын жаңа көктеген балауса дерсің. Оның ауызы – өмір сияқты сүйкімді, көздері – өлім сияқты тұңғиық. Оның сұлу көлеңкесі кейде қола түстес түнде пайда болса, кейде күміс сәулемен көмкеріледі; кейде батқан күннің жез шапағымен оранады, тіпті, кейде шаңқай түстің алтын шуағымен құйынады; әлбетте, ол өзінің осынау сұлулығынан ләззат алады. Десе де оның жүзіне күлкі үйіріліп көрген емес, жіңішке мойнына гергофадан жасалған алқа таққан, бет реңі денесінен де аппақ, тұп-тұнық әрі қайғылы жанары ойнақшып тұрады. Бозғылт жүзінен таңғы шықтай мөлдіреген жас кеткен емес.

Кали айтарлықтай қасиетке ие емес. Ол париялар мен тұтқындардың арасында жасырынып жүргендіктен, құдайын жоғалтып алған, алапес жұқтырған адамдар сүйген беті де секпілденіп, шұбарға айналып кеткен; ол солтүстіктегі түйешілердің бөрткен қаптаған кеудесіне жатады, суықтың әсерінен болар, айтылмыш түйешілер өмірі жуынған емес; ол соқыр қайыршылармен бірге бүрге мен бит басқан төсекте ұйықтайды; ол Брахманнан кетіп, тексіз деп саналатын адамдармен, кір-қожалақ қайыршылармен, өлік жуатын төмен сатыдағы адамдармен бірге жүруді қалады. Өлік өртейтін отындардың қара қошқыл көлеңкесінде жартылай жанған мәйітті құшақтап жата кететін әдеті де бар. Ол жуан әрі дөрекі қайықшыларды, малдан бетер таяқ жеп жүріп жұмысқа жегілетін негірлерді де шетке қақпайды. Оның басы олардың терісі жалбыраған иықтарына сүйкенеді де жүреді. Суық суға зар болып жүрген қызбалар сияқты, қыстақтың мына басына бір шығып, ана басына бір шығып, қасіретке толы құбылыстардан жұбаныш іздейді.

Ол аяқ қоңырауын жын тигендей, орынды-орынсыз шалдырлата береді, бірақ  жанарынан жас құрғап көрген емес, сүркейлі ауызымен ешкімді сүймейді, өзін құшақтаған адамдардың бетіне кірпігін де тигізген емес, бет-әлпеті айдан да бозғыл.

Кали бұрын Индра бейішінде ашылған лотос гүлі сияқты жақұттың өзіне әр беріп тұрушы еді. Оның жауһар жанары таңғы нұрмен таласа жарық шашып, бүкіл әлем онымен бірге тыныстайтын. Кали гүлдей құлпырғанымен, өзінің сұлулығын сезінбейтін, ол қанша кіршіксіз болғанымен, өзінің кінәсіз екенін түсінбеді.

Айсыз қараңғы түннің бірінде қызғаншақ құдай мен бір жұлдыз тіл біріктіріп, Калидің әрекетін бақылады. Нәтижесінде, шатырлаған найзағай Калидің басын шауып түсті. Таңғаларлығы – кесілген бастан қан шапшымай, жарық сәуле шашылды. Құдайлар екіге бөлінген мәйітті шыңырауға лақтырған күйі тозақтың ең терең жеріне бірақ түсірді. Онда құдайдың құдіретін сезінбеген немесе оның нығметіне бөленбегендер бұғынып алып жылап жатады екен. Кенеттен соққан суық жел аспаннан түскен жарық сәулені бір нүктеге шоғырландырып барып, енді ғана қараңғылана бастаған жұлдызды аспанға шашып жіберді. Сол-ақ екен, таудың ұшар басы бір қабат ақ нұрмен көмкерілді. Сиыр басты, жылқы денелі құдайлар мен көп қол, көп аяқты құдайлар жарқыраған сәуледен көздері бұлдырап, ештеңені көрмей, ары-бері сабылумен болды. Дәл осы сәтте абыржып қалған қызғаншақ құдай өзінің үлкен қателік жасағанына өкінді.

Өкініш арқалаған құдайлар дүниенің жотасын басып өтіп, өлі адамға толы, тұманды тұңғиыққа бірақ түсті. Олар тозақтың тоғыз қабатынан өтіп, лаймен қаланған түрмелерді кесіп өтті. Рухтар ар сотына тартылып, өздерінің қателіктері үшін бармақтарын тістеді; құдайлар енді алаулаған өрт құрсаған зындандардан өтті, ал аруақтар нәпсінің арбауына түспей, жасамаған қателіктері үшін қайғырды. Құдайлар пенделердің күнә жасауға келгенде қиялдарының шексіз екендігін, бақытты өмір сүрудің рақатын сезіну мен қателесу үшін де айла керек екендігін біліп, қайран қалды. Мәйітхананың түпкіріндегі лас тоғанның ішінде лотос гүлі сияқты Калидің басы жатыр, жайылған қара шаштары ағаш тамырлары іспетті су бетіне жайыла жалбырайды. Құдайлардың құдайы оның қасиетінен айырылған басын қолына алып, оның денесін іздеуге кірісті. Көп өтпей, жағада жатқан бассыз денені көзі шалған құдайлардың құдайы оның басы мен денесін біріктіре салып еді, Әйел-Құдай қайта тірілді. Ол мәйіт, әсілі, Брахманда шоқынып отырған жас жігіттің ойын бұзбақ болып, өлім жазасына кесілген жезөкшенікі еді. Қаны әбден сарқылғандықтан, мәйіт кіршіксіз көрінеді. Сондай да сәйкестік болады екен, Әйел-Құдай мен жезөкшенің сол жақ жамбастарында ұп-ұқсас мең бар еді.

Кали содан бастап Индра бейішінде жайқалған лотос гүлі бола алған жоқ. Оның анау қасиетті басы өзге бір тәнге иелік етіп жүр, ал ол тән жын-жыбылысты көксеп, аймалауды аңсайды, долыханаға барғысы келеді, өйткені олар дәл сол жерде ұятты әңгімелерді көсіле айтып, жасыл түстес терезе перделерінің арасынан клиенттерді сығалай күтетін. Ол балаларды және қарттарды арбап, жастардың тотальды ханшайымына айналды. Сондықтан күйеулерінен құмары қанбай, өздерін жесірге санайтын қалалық әйелдер Калидің денесін – өртенген өліктен лаулаған жалын деп білетін. Ол – індегі тышқаннан да лас, атыздағы аққалақ сияқты сүйкімсіз. Оның тән құмарлығы ұстағанда өзінің ішкі ағзаларын бір-бірлеп, ашкөздікпен ақтарып жатқандай сезіледі. Оның қолы бал қорабы секілді, тиген ақшаны сіміріп ала қояды. Жезөкшенің денесі Әйел-Құдайдың әбден қорланған басын иемденіп, Бенаресеннен Капилоуэйге, Бангалордан Шринагарға тоқтамай сабылып жүргенімен, оның мөлдір жанарынан бір уақыт болса да жас кеткен емес.

Бір күні таңертең, Бенаресенде шылқа мас болған Кали, арып-шаршап долыханалар орналасқан көшеден шығып келе жатқан кезде, бір ақымақ тыңайтқыш үйіндісінің қасында ауызынан сілекейі ағып, асықпай-аптықпай тамақ жеп тұрған болатын. Калиді көзі шалған ол тұра ұмтылып, қуа жөнелді. Ол жете бергенде Кали де жүгірісін баяулатып, жол бойына шешініп жата кетті…

Ақымақ еркек кетісімен, ол өзі барып көрмеген тағы бір қалаға бет алды. Бір жас бала оған өзімен түнеп шығуды өтінген еді. Сол сәтте балаға екі тастың арасында бір жылан шабуылдағалы тұр еді, Кали оған ескерткен де жоқ. Оның барлық тіршілік иесіне деген өшпенділігі соншалық, олардың көзін жоюды ойлағанның өзіне кәдімгідей масайрап қалады. Кейбіреулер оның мүрде қасында адам сүйектерін ұрғашы арыстанша шайнап тұрғанын көрген. Ол адам өлтіруге келгенде, аналық жәндіктердің аталық жәндіктерге көрсеткен пиғылындай, бір аунап тұрып өзінің жаңа туған баласын өлтіре салатын жабайы мегежін сияқты деуге де болар еді. Оның қолынан өлген адамдардың барлығы дерлік – онымен ойнас жасаймыз деп ажал құшқандар. Шиедей қызыл қан жұққан ауызынан құшхананың күлімсі иісі шығып тұрады, десе де өлгендер оның құшағынан жылу тауып, ып-ыстық кеудесі олардың қайғы-қасіреттерін ұмыттырып жіберетін-ді.

Кали бірде орман арасынан бір ақылманға жолығып қалады.

Ол малдас құрып, кос қолын біріктіріп алған, арықтығын – өлік өртейтін ағаш па деп қаласың. Оның қаусаған кәрі немесе жалындаған жас екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Арық адам барлығын көріп тұрғанымен, ілініп әрең тұрған денесі өзгенің көзіне әрең шалынады. Шеңбер формасындағы жарық сәуле оны айнала қоршап тұр. Кали мәңгілік ұйқыға кетудің алдында тұрғандай, мәңгілік ұйқыда – бар тіршілік тоқтап, адамзат байыз табады, өлім мен өмір де мағынасын жоғалтатын нағыз бақытты сезінеді, барлығы елеске айналатын сын сағаттар келіп жетеді. Калидің жаңа ғана сезіне бастап, лезде ауаға айналар ойы – құрсағындағы өмір есігін ашқалы жатқан сәбидің бұлқынысы сияқты еді.

Анау мейірімді ақылман жолдан өткен Калиге қолын бұлғап, бақыт тілеп қала берді.

Кали оған: «Менің кінәсіз басым ұятсыз денеге жалғасып тұр, мен нәпсіге құмармын, кейде тіпті құмар да емеспін, мен қасіретке тап болдым, бірақ қам-қайғысызбын, тірі жүргім келмейді, бірақ өлімнен қорқам», – деп мұңын шақты.

«Біз барлығымыз да бір бүтін адам емеспіз. Барлығымыз да құрамалымыз, көлеңкеміз бен көзге көрінбейтін рухтарымыздың қосындысымыз. Неше ғасырдан бері біз бірде жылап, бірде күліп келеміз», – деді ақылман.

«Мен бұрын Индра бейішінің Әйел-Құдайы едім», – деді қазіргі жезөкше.

«Ол кезде сен бөгде істердің әсерінен бойыңды аулақ ұстаған жоқсың, сенің гауһардай асыл денең қазіргідей қан сасыған бақытсыздықтың көлеңкесінен тыс болған жоқ.»

«Мен бәрінен жалықтым», – деді Кали.

Осы сөзді естіген ақылман Калидің шаң басқан шашына саусағын тигізіп тұрып: «Нәпсі құмарлық – саған нәпсінің алдамшы екенін түсіндірді, өкіну – саған өкініштің түкке жарамайтынын сезіндірді. Сабыр ет, сабыр! Шалыс басуда барлығымыздың үлесіміз бар, барлық дүние сұлу болмағандықтан, шынайы сұлулық өзінің бар екенін сезіне алады, ал фанатизм – мәңгілік өшпейді…».

 

Қытай тілінен аударған: Нұрбек КЕҢЕСБАЙ.

 

Добавить комментарий