И.Бунин (1870-1953) – орыс классикалық әдебиетінің алтын ғасырын түйіндейтін толағай тұлға, оны жүз жылдықтар тоғысындағы сөз сүлейлерінің соқталысы деуге болады. Әдебиеттанушы Георгий Адамовичтің «Бунин – тіліне Толстой мен Тургеневтің өзі риза боларлық жалғыз орыс жазушысы» дегені бекер емес. Өйткені, оның шығармашылығы поэзия мен прозада кең өріс ала бастаған модернистік ағымдарға жат, тіпті белгілі бір дәрежеде қарсылық сипатта қала берді. И.Бунин эмиграцияда жүріп әлем әдебиетінің озық үлгісі саналатын «Арсеньевтің өмірі» романын, «Қараңғы аллеялар» мен «Митиннің махаббаты» жинақтарын жазып қалдырды.
Назарларыңызға әйгілі жазушының «Антонов алмалары» әңгімесін ұсынамыз.
Антонов алмалары
І
Мырза күздің мамыражай күндері еске түседі… Қасиетті Лаврентий мерекесімен межелес, тамыздың жуан ортасында жауған жылы жаңбыр күздік егуге құдайдан қалап алғандай қолайлы тиіп еді. «Лаврентий күндері боз жауын сіркіресе, су мөлдіресе, алдағы күздің жайдары, қыстың жайлы боларының болжалы». Сосын мизамшуақта сайын даланы сілбілеген өрмекші мизамы да мол түсті. Бұл да жақсылық нышаны: «көлеңкеде көктеген шалғын да күздің қияпатты боларын аңғартады».
Тап бүгінгідей есімде… тымық… таңертеңгілік саф ауа; саржағалдана сарғайып, қураған, селдіреген алып бақтың, үйеңкі өскен саяжолдың алтын жалқыны; жер-көкке шашыраған жапырақтардың жұтаң жұпары; балауса Антонов алмалары мен балдың иісі, күздің иісі. Ауаның мөлдірлігі сонша, бар екені сезілмейді, адамдар дауысы мен арбалар шиқылы аулақтан анық естіледі. Бұл – өнім жинаушы мещанның мұжықтарды жалдап алып, арбаға алма тиетіп жатқан әбігері, тәтті жемісті түнімен қалаға жеткізу қамы. Бір-біріне тізбектелген арбалы керуен ұзақ жолға тек түн ауа аттанады; жұлдызды аспан астында, артылған жүктің үстінде шалқалап жатып, шайыр иісі сіңген жұпар ауаны құшырлана жұту, кірешілер сампылын, көліктердің сықырын есту де – бір ғанибет. Алма тасып жүрген жігіт жұдырықтай жемістің шырынын шашырата, бірінен соң бірін кірш-кірш опырады; қалыптасқан қағида солай: байекең қолын қақпайды, қайта:
– Тойғаныңша же, бал шайқаған бармағын жалайды!» – дейді.
Жанға жайлы, сабат таңның тыныштығын тұтаса өскен теңбіл бақтың түкпірінен сайраған тоқ сайрақтардың тәтті әуезі мен сағағынан үзілген алманың күбіге күмп-күмп құлағаны ғана бұзады. Жасыл желегі селдіреген баудың ішінен соқыр соқпақтың сорабы білінеді. Жалғыз аяқ жол төбесі сабанмен жабылған үлкен жаппаға апарады, мұнда бақ иелері жаз бойы шаруасын күйттеген еді. Айналадан, әсіресе, баудың осы бір тұсынан алманың иісі ерекше аңқиды. Жаппаның ішіне төсеніш тасталып, төсек қойылған, іргеге сыңар ауыз мылтық сүйелген, сыртта сағалдана тотыққан жез самауыр, бір бұрышта ыдыс-аяқ жиюлы тұр. Жуыр маңнан шағын жөке, жәшіктер, көр-жер, тозығы жеткен ол-пұлдар, қазып орнатқан жерошақ-пеш байқалады. Мұнда түстік асқа май шыжғырылып, кешқұрым самауыр қайнайтын, сосын ағаш арасынан шұбатыла көтерілген көк түтін бақ ішіне жайылатын.
Мереке күндері жаппаның төңірегі тәп-тәуір жәрмеңке, ағаш арасынан салтанатты киімдердің сан алуанын көресің: сарафан киген бұла бойжеткендер, малына киініп, баттана боянып, тұла бойларын иіссумен жұпарлаған байбатша қыз-келіншектер. Бәрінен өзгеше сыланса да ұйқылы-ояу беті салбырап, қонымсыз киінген ауылнайдың жуан балтыр, жүкті қатыны бордақыланған холмогор сиырындай маңғаз. Төбесіне «қос мүйіз» – бұрымын шоқайта түйіп, әлденеше орамалмен қабаттаған басы ересен зор; аяғына кигені қысқа қоныш темір тағалы етік, әйтеуір қара жерді нық басқан топас тұрыс. Мақпалдан жеңсіз көкірекше киіп, иініне ұзын жамылғы іліпті, ақшыл-көк жолақ салынған қызыл-қоңыр белдемшесінің етегі алтын зермен жарқырата өрнектелген.
Оны көрген мещан: «Іскер көбелек!» – деп таңдана бас шайқайды: – Мұндайлар азайып барады…
Биязы, жұмсақ матадан тігілген ақ жейде мен тізеден жоғары шолақ шалбар киген балалар екеу-үшеуден жалаң аяқ, жалаңбас ағылып келіп жатыр. Олар алма түбіне байланған сабалақ жүнді иттен көз тайдырмайды. Біреуі тиын-тебен төлеп, енді бірі жұмыртқа беріп сатушыдан алма алады. Базаршылар көп, сауда қызу жүріп тұр. Көксау бағбан иығына жамылған сүртігін қаусырынып, сары сақтиян етігін сықырлатып, алшаңдай басып, тым-ақ көңілді жүр. Оның «қамқорлығында» әрі кекеш әрі пысықай, нақұрыстау інісі бар, өзімен бірге тұрады. Екеуі саудаларын әзіл-қалжың араластыра жүргізеді, кейде тіпті томашадай «Тула» сырнайын сарнатуға да әуес. Кеш түсіп, күн батқанша, баудың іші адамға толы, жаппаның маңынан ойын-күлкі, шулаған үн, билеген жұрттың дүбірі естіліп жатады.
Кешке қарай күн райы салқындап, жер бетіне шық тұрады. Қырманда қарабидайдың, балғын сабан мен топанның иісін қолқаңды қаптыра жұтып, алма бағын жағалай серуендеп, кешкі асқа тәбетің тартып ораласың.
Ақшамдағы алагеуімде ауыл үстінде жаңғырыққан әр дыбыс, әр қақпаның ашылып-жабылғаны анық естіледі, бәрі де етене таныс.
Қараңғылық қоюланып келеді. Әне, бау ішінде алау жанып тұр. Отқа тасталған шие бұтақтарынан өзіне тән иіс бұрқырайды. Қараңғы бақтың қалтарысында ертегі-аңыздағыдай ғажап көрініс: кәдімгі тамұқтағы от-дозақ! Жаппаның жаны – қып-қызыл жалын, айнала – қара түнек, қара ағаштан қашағандай әлбіреулердің сұлбасы алауды айнала қозғалады; олардың алып көлеңкелері бау ішіндегі әр ағашқа өрмелейді; енді бірде ағаш атаулының бәрін ауқымы әлденеше аршын қара қол көлегейлеп, демде құбылған от-жалын екі аяқты пендеге ұқсас қос діңгектің суретін сала қалады; енді бір сәт осы қара жамылғы алма ағаштарынан сусып түсіп, сонау жаппадан басталған ұзын көлеңке саяжолды көктеп, аулаға тіреліп, тұтасымен ғайып болады…
Іңір қоюланып, үркер туа ауылдың жарығы өшеді. Аспан зеңгірінде зүбәржаттай жалтылдап, Жеті Қарақшы көрінгенде көңіл құрғыр қайтадан бау ішіне жетелейді. Қураған жапырақ пен қуарған шөптесінді түртіне басып жаппаға жетесің.
Ол жердегі алаңқай анағұрлым жарық, төңірек анық көрінеді, тас төбеңде Құс жолы ағараңдайды.
– Мырза, бұл сенбісің? – дейді біреу қараңғы түкпірден тіл қатып.
– Менмін, әлі ұйықтаған жоқпысыз, Николай?
– Бізге ұйықтауға болмайды. Уақыт біршама болса керек? Жолаушылар пойызы да келе жатыр…
Құлақ тосып, жерді солқылдатқан пойыз дүрсілін тыңдаймыз, діріл шуға айналып, пойыздың дабысы үдеп, рельсті ұрған дөңгелек тарсылы барынша күшейіп, төңіректі дүр сілкіндіреді, бақтың тұсына келгенде ащы ышқынып, үні бірте-бірте әлсіреп, ұзай береді, біраздан соң жер жұтқандай тыныштық орнайды…
– Николай, біздің мылтық қайда?
– Әне, жәшіктің жанында.
Сүймендей ауыр сыңар ауыз мылтықты көкке қарата «барқ» еткізіп басып қаласың. Өңешінен атып шыққан қызыл жалын әуе пердесін қақырата тіліп, жұлдыздардың жарығын сөндірердей, қас-қағым сәтке көз-құлақты тұндырып, лек-лек жаңғырығы сілтідей тынған саф ауаны толқытады.
– Әп, бәрекелді! – дейді мещан. – Қорқытыңыз, қорқытыңыз, сес қылған жөн, мырзам, әйтпесе, тіпті сұмдық! Үйіндінің іргесіндегі бүкіл алмұртты сілкілеп, тағы да сыпырып кетіпті…
Қара аспанды аққан жұлдыздардың ізі айғыздайды. Көзіңнің алдыңды тұманытқанша, түпсіз қара көкке ұзақ қарайсың да қара жердің қадірін сезесің. Қолдарыңды қос жеңіңе сұғып, ищай деп тітіркеніп, өзің тұрған алаңнан үйіңе жүгіре басасың. Шыққа малынған дала, тәніңді тітіреткен салқындық… жарық күн, жалған дүниеде ғұмыр кешкен қандай ғажап!
ІІ
Хош иісі бойды сергіткен алақандай антоновканың өнімділігі – берекелі жылдың белгісі. Егер антоновка шығымды болса, дәнді-дақылдар да бас тарып, ауыл тұрғындарының да тұрмысы түзеледі. Сондай ырысты жыл болғаны есімде…
Құлқынсәріден қораз шақырып, мұржалардан қара түтін сыздықтай көтерілгенде, баққа қараған терезені айқара ашсаң, алқызыл таңғы рауан көгілдір тұманның әр жерінен сығалай бастағанын байқайсың. Сосын атыңды ерттеуге пәрмен беріп, өзің ағынды суға жуынуға жүгіресің.
Жағалаудағы бұта-қарағанның жапырақтары түгел желге ұшып, жалаң сояулары көгілдір көк аспаннан ескен өкпекке өкпелей сыңсиды. Ойпаңға құйылған мұздай салқын, шыныдай мөлдір судың ағысы ауыр секілді. Түнгі ұйқы маужырын сол мезетте-ақ шайдай ашады; шайынып алып, ертеңгілік дастархан басынан табыласың; көппен бірге қара нан мен ірі түйіршікті тұз сепкен картопты қарбыта салып, ерттеулі атыңа қонған соң, бозала таңнан аңсарыңды аударған аңшылық-саятқа шығып бара жатқандағы жан рахатын сезінесің.
Күз – ежелден негізін жоймай келе жатқан ғұрыпты мерекелер мезгілі. Халық көңілді, етек-жеңін жинап, алдын ала дайындалған. Жаңа қоныс жылдың басқа мезгіліне қарағанда айрықша жасанған. Жыл өнімді болса, кішігірім алтын төбешіктей қырман үйіледі, таң ата өзенде қаннен-қаперсіз қаздар қаңқылдаса, демек, ауылдың тұрмысы тым нашар емес. Жаңа қоныстың айтарлықтай ерекшелігі: тұрғындары денсаулық – зор байлығымен даңқы шыққан. Қоныстағы қарияларымыздың кез келгені еңсегей бойлы, ірі денелі, әлпеті ақсары құстай аппақ болатын. Сөздеріне құлақ түрсең еститінің мынау: – «Иә, Агафья да сексеннің үшеуі келді». Келесі бір сөздер былай өрбиді:
– Панкрат, сен осы қашан өлесің? Жасың жүзге жетіп жығылған шығар?
– Не десеңіз де қалауыңыз білсін, байеке?
– Жасың нешеде деймін?
– Анығын өзім де білмеймін, байеке.
– Ал, Платон Аполлонович есіңде ме?
– Неге болмасын, есімде, айдай анық білемін.
– Білсең сол, сенің жасың жүзден аспаса кем емес.
Байдың алдында қазықтай қақиып тұрған ақсақал әлденеден ұятты болғандай күмілжиді: «Қайтейін енді, айыптымын, өлмей өңмеңдей беріппін». Ол Петровкада сарымсақты салпылдатып жей бермесе, бүгін де тірі жүрер ме еді. Бәйбішесі де есімде, есік алдында еңкеңдеп, ентіге басып, басын әнтек шайқап, орындыққа қос қолымен сүйеніп, ойға шомып, әр нәрсені есіне алып отыратын. Әйелдердің айтуына қарағанда, кемпірдің сандыққа сақтаған қазына-дәулеті мол, соны қам қылып қамығатын көрінеді. Ал өзі естісе де естімегендей: уайым меңдеген қабағын мұң басып, алысқа көз тігетін де басын екі жаққа сілкілей, бірнәрсені есіне түсіре алмай дал болатын. Белдемше-паневасы – өткен ғасырдан қалған ескі көздей, кебісі – марқұмдар підиясынан кигендей, мойыны – сары ырғайдай кепкен, канифас матадан тігілген көйлегі әрдайым аппақ – «осы қалпымен табытқа салса болғандай-ақ». Үйінің кіреберіс маңында үлкен тас жататын: өз қабіріне қоятын құлпытасты өзі сатып алған, періштелер мен айқыштар кестеленген, дұғалықтар жазылған әдемі ақ кебінді де алдын ала пішіп қойған.
Қоныстағы қарт адамдардың сырт тұрпатына сай баспаналарының көбі ата-бабаларынан мұра болып қалған кірпіш үйлер еді. Савели, Игнат, Дрон сияқты байлар бір-біріне жалғастырып салған кең аулалы үйлерде тұрды. Бұның себебі: қоныста үйленіп, отбасын құрған баласын енші бөліп аулақ жіберу модасы болмайтын, жігі ажырамаған тұтас бір әулеттер де бар-тұғын. Мұндай үлкен отбасылар: бал араларын ұстайтын, ауыр жүкке жегетін айғырларымен мақтанатын шаруасына мәттақым адамдар-тын.
Қырманда қарауытып үйілген қарасора, оның масақ-талшықтарын құрғататын және кептіретін қора-жайлардың төбесі қалқаяды; темір есікті қоймаларда кенеп маталар, жіп иіргіштер, тігілген жаңа тондар, жез шеңберлермен шегенделген местер, жалтырата жез қондырған ат әбзелдері, қамыт-сайман сақталатын. Қақпалар мен шаналарға күйдіріп айқыш таңбалары басылған. Кейде маған шаруақор мұжық болу кісі қызығарлықтай кәсіп көрінетін. Таңертеңгі бұлтсыз ашық күні ауыл ішінде ат үстінде кетіп бара жатып, әр тарапқа ой жібересің; маялап пішен дайындау қандай керемет, астық соғу, қырмандағы қызыл дән үйінділерінде жатып ұйықтап дем алу, ауылдан естілген әуезді әнді тыңдау; күбідегі сумен жуынып, таза шалбар мен көйлегіңді, темір тағалы былғары етігіңді киесің. Ең бастысы – келбетті, кербез келіншегіңді қасыңа алып, жұрттың бас қосқан мерекелі дастарханынан дәм татқаның… ақыр аяғында сақалы қауғадай қайын атаңа жетіп барғаның, ағаш табаққа салып алдыңа қойған қой еті мен ыстық сорпаны қамырымен қарбытқаның, бал қосқан боз сыраны көбігін бұрқырата жұтқаның… Жасаған Иеден бұдан артық нәсіп сұрау күпірлік шығар…
Тым әрі де емес, берітініректе, менің есімде қалғаны орташа дворяндық жүйенің дәулетті байлары мен ауқатты шаруаларының ерекшеліктері мен ортақ ұқсастықтары да бар еді. Айталық, қоныстан 12 шақырым қашықтықта тұратын Анна Герасимовна тәтемнің өзіне қараған меншікті қожалығы болды. Осы үй-жайға жақындаған соң-ақ айнала төңірегің көңіл сергітіп, рахат сезімге бөлейді. Жетегіңе алған қарғылы иттерің болғандықтан, атыңнан түсіп жаяу жүресің, асыққың да келмейді. Кең жазира өте көңілді, төбең – бұлтсыз ашық аспан, күн қоңыр салқын. Сауыры теп-тегіс сайын даладағы бар тіршілік алақанға салғандай көз алдыңда. Түпсіз терең көгілдір аспан! Жауыннан кейін арбалардың соңынан түскен із көлбей құлаған күннің сәулесімен шойын жолдың рельсіндей жылтырайды. Күзде себілген дәнді-дақыл көтеріле көктеп, қаулап өсіп, төңірек жасаң тартқан. Саф ауада аулақтан қаршығаның үні шаңқ етіп естіліп, тына қалады. Айқын көрініп, алысқа созылған телеграф діңгектеріне тартылған сым күй аспабының күміс ішегіндей ашық аспанның бедерінде жалтылдап көрінсе, ал оған қонған күйкентайлар нота қағазына түсірілген қара нүктелерге ұқсайды.
Крепоснойлық құқықты мен білген де емеспін, көргем де жоқ, бірақ оның жұқанасын Анна Герасимовна тәтемнен ғана сездім. Ауласына кіре бергеннен-ақ сол дәуірдің иісін сезінесің, әлі өзгере қоймаған, бәрі жанды қалпында. Қожалықтың аумағы шағын, қоныс-жайы ескірген, бірақ берік, айналасын жүз жылдық қайыңдар мен жеміс-жидек ағаштары қоршаған. Қара еменнен қашап салынған аласа құрылыстардың бәрі мығым, бөренелерден шебер қиылып, төбесі су бөгелместей сабанмен жабылған. Үлкендігі мен көлемі жағынан кемдігі жоқ кең сарайдың сырты қарайған, оның соңғы бекзадалары – қаусаған кәрі шал, иіні бүкірейген Дон-Кихотқа ұқсайтын зейнеттегі аспазшы. Аулаға кіріп келген бетте бұлардың барлығы өзіңе құрмет көрсетіп, иіліп тұрады. Ақ басты атшы күймежайдан ат әкелуге бара жатып, сені көріп бас киімін алады да аула ішінен жалаңбас жүріп өтеді. Ол – тәтәмнің форейторы, қазір жеке тасымалдаушы, қыста шанамен, жазда дөңгелегі темірмен құрсауланған солқылдақ арбаға мінгізіп алып жүреді. Әдетте мұндай арбаны поптар мінетін. Тәтемнің бау-бақшасы ішінде сайраған сан түрлі бұлбұл құстарымен, алмасымен әйгілі; ал үйі әдемі шатырымен атағы шыққан. Бағзы баспана ауланың төрінде, баудың жанында орналасқан, жөке ағашының бұтақтары оны құшақтап жататын. Үй-жай жатағандау, аса биік емес еді, сондықтан ғасырлық ғұмыры сезілмейтін де. Уақыт өзі қарайтып та қатайтқан биік шатырының астынан құдды ауладағы көрініске көз салатындай. Маған сол үйдің қасбетіне жан біткендей көрінетін: дәл бір үлкен қалпақтың астынан қадалып қараған қос терезе – кәрі кісінің шүңірек көздеріндей жауын мен күннің әсерінен өңсізденген. Тойынған көгершіндер шатыр жақтауына қонақтап, мың сан торғай шатырдан шатырға ауыса ұшып-қонатын. Көгілдір аспан астындағы ұяда құстар өзін жайлы сезінетін.
Үйге кіріп келген адамды әуелі алманың иісіне, содан кейін қалғандарына елітетін. Кепкен қызыл ағаштан жасалып, ою-өрнектермен безендірілген, алтын жалатқан үй жиһаздары көздің жауын алады. Үй бау-бақша ағаштарының қалың ортасында тұрғандықтан, қызметшілер бөлмесінен бастап, залдың, қонақ жайдың іші күңгірт, қоңыр салқын. Терезенің жоғарғы жақ шынылары көгілдір, ашық жасыл түсті. Айнала тып-тыныш, тап-таза. Ағаштан жасалған қымбат жиһаздар – үстел, орындық, кресло, жиектемесі алтын зермен безендірілген айналардың көптен бері орнынан қозғалмағаны көрініп тұр.
Міне, жөтелгені естіліп тәтем де шығып келеді: ол әрі шағын әрі шымыр денелі, қасындағы адамдар секілді емендей қайратты кісі. Әлеуетті иығына парсы шәлісін жамылған. Аяғын маңғаз басқанмен, жылы жымиысы мен ықыласы сырт келбетіне үйлесіп-ақ тұр. Сөз желісі әулеттің тарихына қатысты естеліктерден желі тартып, қолдағы барды құнттап ұстай білу жайына ойысқанда дастарханға алдымен алмұрт, антоновка алмасы және алманың алуан түрі келе бастайды. Алуан дәмді, ащылы-тұщылы тағамдар, қуырылып бұқтырылған қой және тауық еті, әртүрлі сусындар тартылады, күрең-қызыл, қышқыл квас көздің жауын алып, жұтындырады. Бау жақтағы терезе самалдығы көтерілген, ол жақтан көңіл сергітер леп еседі.
ІІІ
Соңғы жылдары помещиктердің сөніп бара жатқан рух қоламтасын – саятшылық қана көсеп-көсеп, қоздатып қоятын.
Бұрын Анна Герасимовнаның үй-жайы сияқты қожалықтар көп болатын. Жартылай бұзылғандары да болды, бірақ әлі де арқасын кеңге салып, өмір сүріп жатқан жиырма десятина бау-бақшалығы барлары да кездеседі. Аумағы ауқымды болғанмен кейбіреулер көңіл толарлық тіршілік жасай алмады, бүтін қалпын сақтамағандар да болды. Рас, мұндай қожалықтардың кейбірі осы уақытқа дейін бар, алайда, оларда өмір жоқ… Салтанатты мерекелерде үш ат парлап жегілмейді. Ат жарысына қатыстыратын бәйге бермес жүйіріктері де жоқ; аң аулауға қосатын төбет пен тазы да аз. Жоқтан бар жасап, барды ұқсататын мұрагер-помещик, бұл дүниеліктің иесі, менің марқұм аңкөс қайынағам Арсений Семеныч те жоқ, оның өнерлі ісін жалғастырып, көзіндей сақтайтын шәкірт те қалған жоқ, әйтеуір бұрыңғы жер иесінің аты бар да, заты жоқ.
Қыркүйектің соңғы күндерінен бастап біздің бау-бақша, қырманымыз жалаң тартып, жел желексіз ағаштарды күнұзақ жұлқып-шайқап, таңның атысынан түн қараңғысына дейін жауған жауын толастамай төгеді де тұрды. Кешке қарай оқта-текте жер бауырлаған бұлттардың арасынан күннің сәулесі шашырайды. Ол баяу ескен самалдың өтінде кіреукелене қозғалған бұтақтар мен жапырақтардың қалқасынан жарқ-жұрқ ете қалады. Солтүстікте қорғасындай ауыр бұлттардың арасынан әрі ашық, әрі салқын, сұйық көгілдір аспан жарқырайды. Ал әлгі бұлттардың ар жағында таудың ұшар басы ағараңдайды. Терезе алдында тұрып ойға батасың: «Құдай жақсылығын беретін шығар!» Жел әлі басыла қоймаса да, ауа райы ашылатын секілді. Ол ағаштарды шайқалтып, үй мұржасынан бұдақтаған түтінді төбедегі бұлтқа айдап, ұқыпсыздың ұйпалақтанған шашына ұқсатты да қойды. Бауыры жер сызып, жеделдете жүзген түтін тектес бұлтты тұман күнді көлегейледі. Көгілдір көкке көңіліңді бағыттаған ашық саңылаудың сәулесі сөніп, жабылып қалды да баудың іші ала көлеңкеленіп, көңілсізденіп, жұтаң тартты, жауын қайта себелей бастады… Сараң сырғыған тамшылар баяу басталып, бірте-бірте қарқынын үдетті де соңы дауылды нөсерге айналып, көзге түртсе көргісіз қараңғылыққа ұласты. Адамды абыржытар ұзақ түн басталды.
Жаңбырдың қамшысына жонын тосып, зардабын тартқан бау-бақша жалаңданып, жүдеп қалды. Дымқыл жердің бетіне қобыраған жапырағынан айрылған бау ағаштары кесімді мерзіміне келіскен қылмыскердей үнсіз мүлгиді. Десе де қазан айының қысқа жылымығына жылынған бақ қандай әсем десеңізші, бұл ашық күндермен қош айтысар күз мерекесінің соңы. Алғашқы қар ұшқыны жеткенше, бірлі-жарым жапырақ бұтағына ілініп тұра бермек. Жасыл түстен қарақоңыр өңге ауысқан бау шыны көк аспан астында жылт еткен күн жарығына жылынып, жарқырайды. Соқаның түрені тиген егіс алқабы лезде қарайып, күздіктің жасыл күлтесімен төңірек қайта жасаңданған.
Міне, аңға шығар сәт туды!
Мен өзімнің Арсений Семенычтың үй-жайында болғанымды еске алып тұрмын. Оның темекі түтіні қаптаған үлкен үйінің залындамыз. Адам көп, бәрінің жүзі желді күнге тотыққан, кигендері ұзын етекті жағалы киім мен ұзын қонышты былғары етік. Тоя тамақтанып алған соң алда тұрған аңшылықты қызу талқылап дуылдасуда, бірақ түскі тамақтан кейін де жұрт арақтан тартынған жоқ, тауысып ішіп отыр. Даладан шыққан керней әуеніне иттердің қыңсылы мен үргені қосылып, ызғын-шу. Арсений Семенычтың сүйікті қара тазысы үстелдің үстіне шығып алып, ыдыстарды тұмсығымен қағыстыра, қалған тамақты, қоян етін тұздығымен қоса жалап жеп бола беріп еді, кенет «қаңқ» етіп ытқып кетті, ыдыс-аяқтар жерге құлап түсті. Арсений Семеныч кабинетінен атыла шықты да залдың ішін құлақ тұндыра жаңғыртып, револьверін атып-атып жіберді.
– Мүлт кеткенімді қарашы! – деді ол, көзін ойнақшытып.
Ол – еңсесі көтеріңкі, бойшаң, ашаң жүзді, кең жауырынды, иіні тік, бойы сұңғақ, жылтыраған тағы көзді, жылпос мінезді кісі, сықпыты сұлу сығанға ұқсайтын. Үстінде қызғылт көйлек, барқыт шалбар мен аяғында ұзын қонышты етік. Иті мен қонақтарын атылған мылтық даусымен үрейлендіріп алып, соңын әзілге жыға әндетті:
Дон жылқысын ерттеп мінер кез келді,
Сыңғырлаған мүйіз керней асынып! – деді де дауысын қаттырақ шығарып: – Алтын уақытты босқа жібермейік!
Арсений Семенычтың саят шерігін көрген жас күнім көз алдымда: «Қызыл шоқы», «Шулы арал» сияқты аттарының өзі аңшыны шабыттандыратын жерлер есіңе түсіп, сағыныш сезімге бөлейді. Ылғалды, салқын ауамен кеудемізді кере дем алып, қара орманның ішіне жіберілген иттердің үнін тыңдаймыз. Қызу қанды, күшті, жатағандау қазанаттың тізгінін тарта ұстап, ер үстінде отырған өзіңді ерітіп құйған қорғасындай тақымдағы тұлпарыңмен біртұтас сезінесің. Ол пысқырады, өзін бөкен желіске жібер дегендей ауыздығын үзіп-үзіп алады, киіздей тұтасқан ағаш жапырақтарын тұяғымен сыра сыпырады. Әнтек шыққан әлденеше дыбыс шыңылтыр ауада ағаш арасына айқын таралады. Аулақтау жерден иттің үргені естіледі де орманның тұс-тұсынан бірінші, екінші, үшінші болып әрі қарай кезекпен жаңғыра жалғасқан үндер шәуілге ұласып, орман ішін жаппай дүрліктіріп кетеді. Күтпеген жерден атылған мылтық даусынан шу тынады да:
– Сақтан! – деп ашынған дауыспен әлдекім баж ете қалды.
– «А, сақтай гөр!» – ішімдіктен басының іші мең-зең болғандардың санасына үрейлі бір ой сап еткендей. Темір бұғауды тас-талқан етер қуатты күшпен атым оқтай зымырайды, оның шабысынан ағаштар бұлдырап, кейін қалып жатыр, тұяғынан бетіңе бүріккен сазды балшықты сыпырып, орман ішінен шыққанда, жасыл-шұбар алаңда ішектей созылған иттерді көресің; астыңдағы қазанатыңды қамшылап жіберіп, қашқан аңның алдын кесе-көлденеңдеп қайыруға ұмтыласың. Ақыры, басқа бір аралшыққа өтіп кетіп тізгін тартасың, есі шыға үрген иттер тобы көзден таса болғанша тұрасың да, әбден ақ көбігі шыға аласұрған атыңнан түсіп, орман алқабының мұздай ауасын армансыз жұтасың. Аңшылар мен тазылардың дауысы алыстай береді, айналаңда тек өлі тыныштық салтанат құрады. Дүбірлі шу қарасы үзіліп барып, олжалы оралып келе жатады. Арлан қасқырдың терісі алынғанша, арқа басы көбік болған аттың тері құрғап, қазан айының соңғы күндеріндегі таза ауамен тыныстап, орман ішінің қоңыр иісін көмейлей жұтасың. Түн де жақын. Ымырт мезгілі… қоналқыға қайтар уақыт келген.
Саяттан соң иттерді жинау – өз алдына бір әлек. Ағаш ішінде тартылған кернейдің дүркін-дүркін сарыны, шулаған адамдар, ұрыс-керіс, айғай, иттің үргені, ырылы… Қараңғылық қанатын жайған соң аңшылардың бір тобы бейтаныс, сұр бойдақ помещиктің үйіне беттейді. Дүбірлі топты шам, майшам, шырақ жаққан қызметшілер дәстүрге сай қарсы алып, қабылдау рәсімін жүргізді…
Мұндай қонақжай көршінің үйінде аңшылардың думандатып жатуы бірнеше күнге созылатыны заңды. Таң ағара кетіп, ымыртта оралған тобырдың жүздері өңсіз, киімдері былғаныш, үсті-басынан аттың тері мүңкиді. Аңшылық өмір көрінісі – мереке-думан, әдептен тысқары, қалай болса солай тамақтанып, араққа сылқия тойғандардың түсініксіз дырдуы. Олар бөлмеден бөлмеге өтіп, бір-біріне азуы ақсиып, еденді қанға бояп жатқан қасқырларды қалай аулағандары жайлы қызыл кеңірдек болып әңгімелеуде.
Үйдің бір бұрышында кереует тұр, тұсындағы қабырғада ілулі мылтық. Бұл заттардың иесі – жасы келіп өмірден озған помещик шал. Ол аңшылықты, шаруашылықты жан-жақты ұқыпты ұстаған ұлағатты адам болған деседі.
Арақ пен тамақтан кейін шаршаудың тәтті рахатын сезінесің. Бұл – балбыраған балаң ұйқы; айналадағы адамдардың дауыстары су астындағыдай еміс-еміс естіледі. Жел қаққан бетің ашып, алаулайды, көзіңді жұмсаң – бүкіл жер шыркөбелек айланып, буының босап ала жөнеледі. Бір бұрыштағы, ескі бөлмедегі жұмсақ қауырсынды төсекке жантайғаның сол, көз алдыңда иттердің отты елесі жалтылдайды, бүкіл денең сал болғандай салдырайтыны сонша, осы лампадасы бар бөлмеде аты әртүрлі аңыздарға арқау болған қария өмірінің соңғы күндерін өткергенін, тіпті, дәл осы кереуетте жан тәсілім еткенін де ұмытасың. Бүгінгі ырду-дырдудан оңаша марқұмның соңғы демі үзілген төсек-орын да үнсіз.
Саяттан соңғы ұйқыны ұзартып алып, аңшыларға ермей қалғандықтан, орныңнан тұрғың келмейді. Үй іші тыныш. Бір күнгі бос уақытыңды тыныштықта өткізгенің… Қызметшінің баяу жүріп-тұрғаны, пештегі отынның маздап жанғаны естіледі. Асықпай киініп алып, баудың ішіне барасың, ылғалды жапырақтардың арасынан табылған бір алманы қолыңа аласың, неліктен екен ол айрықша дәмді, өте нәрлі болып шығады. Үйге кірген соң былғарымен тысталған, мұқабасы сарғайған, бүлінбес үшін арнаулы дәрімен иістелген кітапты – атадан қалған мұраны қолыңа аласың. Кейбір парақтың бетінде қауырсын қаламмен түсірген жазбалар бар. Бір бетін ашып оқыдым: «Көне және осы заманғы философтардың ой пікірлері – ақылдың түсі және жүректің сезімі»… Өзің еріксіз ынталанып кітапқа қызыға түсесің. Бұл – «Дворянин-философ», бұдан көп жыл бұрын баспадан шыққан аллегория. “Дворянин-философ» кітабында уақыт пен ойлау қабілетіне ие бола отырып, адамның ақыл-санасы қандай дәрежеге көтеріле алады деген желіде әңгіме өрбітіледі, ол өз қонысының кеңістігі аясына әлемдік ойлар жоспарын шақтауға ниет қылады”… Ізінше Вольтер мырзаның сатиралық және философиялық шығармаларына кезігесің және мейірімді мәнеріне тоя сусындайсың:
«Елбасы ағзамдарым! Он алтыншы ғасырда Эразм ақымақтықты мадақтаған…. Ал, Сіз, маған ақыл-ойды бәрінен де асыра мақтауға әмір бергеніңіз не?» Одан кейін Екатерина заманындағы ескілікті романтикалық уақытқа, альманахтарға ауысасың… Қабырға сағаты ішінен басын шығарып алып, бос үйде жалғыз отырған сені кекеткендей көкек көңілсіз көкектейді. Жүрегіңнің түбінде там-тұмдап тәтті, таңғажайып бір қамығу қабыздайды…
Міне «Алексистің құпиясы», міне «Виктор немесе Ормандағы сәби». Қалайша мұңлы азапқа салыну сияқты сүйікті ескілікті сөздер көзге түседі: «Жарқабақ пен емендер», «Жарық ай мен жалғыздық», «Елес пен бұлдыр ой», «Раушан мен лилия», «Аусар балақайлардың бұзақылығы», «Людмила мен Алинаның сүйіріктей қолы»… Міне, Жуковский, Батюшков лицеист Пушкиннің есімдерімен шыққан журналдар.
Түн жарымын білдіретін дабыл соғылды. Ауылдастардың көңілді әуендері, күндізгі у-шу киелі үнсіздікке орын берді. Миымыздың жоғарғы қабатына ұйқы өзінің қара қанатын жая бастайды. Ол мәңгірткен қиялды… армандарды да аулақ қуады… Көңілсіз пішінмен әжемді есіме аламын: оның клавикорда ойнаған полонезін, «Евгений Онегинді» оқып бергенін. Қиялыңдағы ескілікті өмір жанданып алдыңа келгендей… Жақсы қыздар мен әйелдер сол уақытта дворян үй-жайларында тұрды. Олардың ақсүйекке тән сұлу да момын бейнелері салынған портреттер қабырғадан үңіледі: сол күнгі әдемі шаш қойыстары, әйелдік нәзіктікпен аялы көздеріне ұзын кірпіктерін мұңлы әрі сұлу құлатқаны, бәрі-бәрі үйлесіп тұр…
IV
Помещик ауласынан антоновка алмасының иісі де сезілмей жоғалып барады. Күні кеше ғана сияқты еді, жүз жыл уақыт зымырап өткендей. Қоныстағы кәрі-құртаң өмірден озған: Анна Герасимовна да о дүниелік болды. Арсений Семеныч атылып өлді… Шағын ғана шаруа баққан құбатөбел тіршілік иелері пайда болды. Бірақ шағын ғана шаруасы бар кедейлік те – жақсы өмір.
Міне, мен ауылыма енді оралып тұрмын: күздің ұзақ күні, көгілдір, бұлыңғыр күн. Таңертең ерге салт қонып, керней мен мылтығымды, жалғыз итімді ертіп далаға беттедім. Желді күні мылтықтың ұңғысы уілдейді, ұшқындаған қиыршық қар бет шымшылайды. Күн ұзақ, құлазыған жазықта қаңғып келіп, қарның ашып жаураған соң, үйге ымырт жабыла оралғанда жылылықтан жаның жадырып сала береді. Мұржадан бұдақтаған түтіннің иісі ауланы кезеді, тіршілік лебі сезіледі. Ақшамда үй ішін қара көлеңке алғанда шам жақпай әңгімелескенді ұнататын сол бір сәттеріміз әлі есімде. Үйге кіріп келгенде қосәйнек салынғанын көріп, ауыл қыстың қамына шындап кіріскенін байқайсың. Жалшының жайында пеш жағылса, мен бала кезімдегідей, үйінді буманың үстінде отырып, ошақтағы жалынға, терезеге қараймын, күн сәулесінің ымырт түсе ыдырағанын аңғарам. Ас қамдау бөлмесіне өттім. Бөлме жарық, адамдар бар, қыз-келіншектер орамжапырақ турап жатыр, олардың қимыл-қозғалысы мен дауыс ырғағы үйлесім тапқан, иірімді, көңілді-мұңлы әндердерді кезек шырқауда… Кейде шағын шаруалық иесі, көршім келіп, мені өз үйіне шақырып әкетеді…
Шағын қожалықтағы өмір де жақсы. Шағын шаруа иелері ерте тұрады. Төсегінен ширақ көтеріліп, арзан темекіні жуан қылып орайды да түтінін бұрқырата шегеді. Қарашаның бозарып атқан таңғы сәулесі жұпыны кабинеттің қабырғалары мен кереует үстіндегі түлкінің өңделген терілеріне жарқырай түседі. Қиық жағалы көйлегінің етегін ышқырланбаған, кең шалбар киген, дембелше денелі байдың айнадан үңілген өңі татарға ұқсас. Дәліз жақтан қыз күнінен бері аспаз болып, даяшылықта жүріп қартайған мосқал әйелдің қорылы естіледі. Қожайын қалаған уақытында дауыстап:
– Лукерия! Самауыр! – дейді.
Етігін киіп, бешпетін иығына жамылып тысқа шығады. Есігі жабық сенекте иттің исі аңқиды. Қыңсылап, шәңкілдеген иттерге күле қарап:
– Өшір үндеріңді, – деп, бау арқылы қырманға беттейді. Жартылай кесілген қайыңды алаңға бағыт алған қожайынның етігі суықтан семіп, қарайған жапырақтарды қаудырлатады. Астық кептіретін жайдың арқалығында кекілдерін күдірейтіп қара тағандар қонақтап отыр…
Аңға шығуға таптырмайтын күн! Алаң ортасында аялдаған қожайын күзгі далаға, бұзаулар қаңғып жүрген күзгі жасыл егістікке көз алмастан ұзақ қарайды. Екі ит аяғына жанасып, жанынан кетпейді, далаға алаңдап, аңға сұранып тұрғандай. Не істеу керек бұлармен. Аң қазір шалғай түзде, орман ішіне кірмейді. Себебі, жел көтерген жердегі жапырақтың суысылынан сақсынып, орманға беттемейді. Әй, сәтсіз сандалған тазылар-ай!..
Кептіргіш ішінде астық бастыру басталды. Ақырын қозғалып барабан зуылдайды. Астық бастырғышты табан тіреп айналдыра тартқан аттар еріне ілбиді. Дәл ортада оңды-солды айналып тұратын орындықтағы айдаушы шабан бурылды қамшылап алады да: «Қыздар шапшаңырақ қимылдаңдар!» – деп айқайлады. Әйелдер ширақ қимылдап, тасымал жәшікті, сыпырғышты қоса алып жүр.
– Құдай береке берсін! – деп бірінші буманы айналма тегершікке тастағанда оны қалақшалар гулете жоғарыға ала жөнеледі. Барабанның дауысы барған сайын күшейеді. Қырман ішінде қызған жұмыстың сарыны біртұтас үйлесіп, астық бастыру ісі жағымды үнмен жалғасып жатты. Қырман иесі, қожайын қақпа алдында қызылды-жасылды, ақ-сары әртүрлі орамал тартқан, көйлек-көншектері түр-түсімен құбылған, қолдары епсекті қыз-келіншектердің сыртынан бақылап тұр. Сыпырғы, тырма, сабан ұстаған байыпты әйелдердің сөйлеген сөздері тұтасып, қалыпты бір өлшеммен барабан гуіліне, ат айдаушының даусы мен ысқырығына қосылады…
Қақпа алдында тұрған қожайын ара-тұра далаға көз салады…
Иә, әлі-ақ қырау түсіп, айнала тегіс ағарады, қараша қайта қар қапалақтары анық.
Алғашқы қар! Тазылар болмағандықтан, қарашада саятқа шығар ешкім жоқ. Қыс түскен соң ит жүгірту басталмақ.
Шағын шаруалы достар бір-бірімен қайта табысып, соңғы табыстарын құрастырып тоя ішіп, күнұзақ қарлы далаға қаңғып кетеді. Ал, кешқұрым аулақтағы хуторда бас қосады. Түн қараңғысында алыстан жылтыраған сол үйдің терезесі көрінеді. Төбесінде түтіні жүзіп, жанған шырақтың әлсіз сәулесі шалқиды, күйі келтірілген гитара үні әуелейді…
Іңір туа құтырынған долы жел,
Қақпамды менің айқара ашып желігер…- деп, жиынды топтың ішінде гүрілдете әндеткен кеудесі көріктей, жуан дауысты біреуді тағы бірі жалғастырып әкетеді:
Қақпаны ашты, құйын ойнап жүгірді,
Жолды басты, қарды әкеліп үйірді.
Қисыны келсін келмесін киліге қосылып қылжақтаған, түсініп болмайтын ақымақтық дастаны… көңілсіз ән әлдекімнің алдағы жақсылықтан үміті үзілгендей, қамырық күйге түскенін сездіргендей…
1900 жыл
Орысшадан аударған: Нұрғали АЙТУЛЛИН.